ИСЛАМ ДІНІНІҢ ТАРАЛУЫ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНИ-ТАНЫМДАРЫ
Мырзабаев
К.Қ.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университеті
Дінтану кафедрасы
2-курс магистранты
Қазақстанға
исламның енуі, таралу деңгейі туралы мәселе әлі
күнге дейін толық шешімін таппаған. Ислам дінінің
түрлері мен көріністері сан алуан сипатқа ие.
Халықтық немесе басқаша айтқанда, тұрмыстық
исламды (ресми исламнан өзгеше) сипаттайтын діни синкретизм (кұбылыстардың
о бастағы тұтастығы) канон (ереже), қалыптардан
әр түрлі ауытқуға жол берілді. Қазақстан
жеріне сонау VIII ғасырда енген ислам тек XIX ғасырда ғана
еліміздің барлық аймақтарында берік орнықты дей аламыз.
Қазақстанда діни өмірдің өзіндік ерекшеліктері
исламның республиканың басқа аймақтарымен
салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының
өміріне неғұрлым терең бойлап енуіне ықпал етті.
Соған қарамастан, Қазақстанның діни өмірі
оның барлық аймақтарында да исламның өзара
ықпалы мен әрекеттестігі және қазақтардың
тұрмысында күні бүгінге дейін кездесетін
мұсылмандыққа дейінгі сенім-нанымдардың
көріністері нәтижесінде қалыптасқан сан алуан діни
синкретикалық қалыптарымен сипатталады.
Кез-келген мәдени дәстүр өзінің шырқау
шегіне жеткеннен кейін, рухани жағынан жүдеп, ыдырай
бастайтындығы белгілі. Олардың өміршең элемменттері
жаңа, анағұрлым жетілген дәстүр ауқымында
трансформацияға ұшырайды. Тәңіршілдік және
басқа да көне діндер мен ұғымдардың шектеулі
мүмкіндіктері айқындала бастаған кезде, түркі тайпалары
басқа балама жоқ бола бастағандықтан, амалсыздан
буддизмге, христиандыққа, манихейлікке ауысты. Сөйтіп
тарихымызда түркі христиандар, түркі буддистер пайда бола бастады.
Бұл процестердің белгілі бір прогрессивтік маңызы да болды,
өйткені діни сана-сезім кеңейіп, оның этикалық
мазмұны күшейе түсті. Бірақ осы аталған
діндердің барлығы көне түркі
қоғамының сапалық жағынан
жаңғырудағы терең қажеттіліктерін
қанағаттандыра алмады, қоғамды моральдық
жағынан сауықтыруды қамтамасыз етпеді. Осы орайда,
түркі халықтары исламның артықшылықтарын
көре біліп, өз таңдауларын соған қарай
бұрды. Себебі, ислам діні – бүкіл адамзатқа үндеу
ретінде келген ұлы дін болып табылады. Ортағасырлардағы
Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениетінің
өркендеуінде ислам дінінің тигізген ықпалы айырықша
мол. Ислам өзінің негізгі қағидаттарын
қатаң сақтай отырып, Орталық Азияға және
басқа да шалғай өңірлерге тарады, дегенмен біз
діннің таралған аймақтағы мәдениеттердің
ерекшеліктерін ескере отырып дамығандығын да атап өтуге
тиіспіз.
Ислам дінінің пайда болуы, оның ұлы өркениетке
айналуы мен кең көлемде басқа аймақтарға
таралуының тарихи қажеттіліктерден туғандығын,
әрі оның бүкіл адамзат үшін прогрессивті маңызы
болғанын тарихи зерттеулерден байқауға болады. Сол себепті де
ислам дінінің «таңқаларлықтай мәдени
шығармашылығы» тиісті бағалануы керек [1, 5-6 бб.].
Араб жаулап алушылығы қарсаңындағы Шығыс
халықтарының мәдениеттері мен ескі діндері терең
дағдарыс үстінде болатын. Орталық Азия оның ішінде
қазіргі Қазақстан территориясында мекендеген түркі
тайпаларын алар болсақ, олардың арасында ислам дінінің
таралуына тарихи алғышарттар сол кездің өзінде
пісіп-жетілген. Ежелгі қазақтардың ислам дінін
қабылдауындағы басты себеп – олар ұстанған
діндердің рухани және әлеуметтік жағы адамдарды қанағаттандыра
алмадығанда және ескі сенімдердің исламмен жарыса алмауы
басты негіз болды. Адамның рухын көтере алмайтын отқа сыйыну,
аруаққа сыйыну, табиғатқа сыйыну, тағы
басқа наным-сенімдер мен діндердің ислам келгенде
қаншалықты негізсіз екені анықталды. «Бақсының
безектеуі мен жануарлардың киелілігі, ислам ғылымымен
танысқаннан кейін өзіндік қасиетін де, маңызын да
жоғалтты».
Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, ежелгі
қоғамдық құрылымдарда әлеуметтік
әділеттілік пен теңдіктің жеткілікті түрде болмауы
түрлі топтардың экономикалық қуатына қарай
бір-бірінен тым алшақ тұруы, олардың әлеуметтік
әділеттілік пен ынтымақтастықты уағыздаған,
яғни белгілі мағынада демократияшыл сипаттағы
мұсылмандықты қабылдау тағы бір себеп болды. Ежелгі
халқымыздың ортағасырлардағы басқа халықтар
сияқты қатал гуманистік көзқарасқа қайшы
келетін үкімдерінің де болғаны рас, олардың
қатарына ер адамы өлген әйелді күйеуімен бірге
көму, әйел құқықтарының
тапшылығы және т.б. қатал тәртіптер жатқызамыз.
Демек, ислам түрлі негізсіз ырымдарды жаңсақ сенімдерді жоюда
маңызды қызмет атқарды.
Қазақтың байырғы тайпаларының арасында ислам
дінінің жетістікке жетуі Орталық Азия мен шығыстық
Саманилер билік құрған кезеңнен (ІХ-Х ғғ.)
басталады, яғни шамамен 820 жылдан 1000 жылға дейінгі тарихи
кезеңді қамтиды. Саманилер түркілермен бірде бейбіт, бірде
соғыс жағдайында болып келді. Олар мұсылмандықты желеу
етіп, әлі де болса ислам дініне енбеген түркілерге қарсы
жорықтарды ұйымдастырып жатты. Қарлұқ
қағандығының дәуірінде негізінен Оңтүстік
Қазақстан жерінің аз ғана бөлігінде араб
үстемдігі орнап, бұл аудандардың халқы «дін
жолындағы күреске» қатысты. Мұндай соғысқа
қатысу мемлекет тарапынан салықтан босатылу сияқты
ынталандырулар алып отырды. Дегенмен Саманилердің бұл
жорықтары тек шекаралас аймақтарға ғана
ұйымдастырылды. Мауереннахрда ислам көпшілік дініне
айналғаннан кейін, мұсылмандардың қоныс аударуы
басталды. Нәтижесінде Сырдарияның төменгі ағысында
мұсылман қалалары Жент, Янгикент т.б. қалалары пайда болды [2,
70-71 бб.].
Ортағасырлық Қазақстан территориясында ислам
дінінің таралуының одан әрі жалғасуы Қарахандар
билігінің дәуіріне (Х ғасырдың аяғы – ХІІІ
ғасырлар) жатады. Қарахандар ислам дінін тұңғыш
рет мемлекеттік дін деп жариялаған мемлекет. Мұсылман дінін
қабылдап, жаңа мемлекет құрған Сатұқ
боғра хан көп ұзамай ислам діні мемлекеттік дінге айналдырды.
Енді мұнда бұрын соңды болмаған оң
өзгерістер байқала бастады.
Қарахан мемлекетінде мұсылманшылықтың мемлекеттік
дәрежеге жетуінің арқасында қалалық
мәдениет гүлденіп, сәулет өнерінің Айша бибі,
Алаша хан күмбезі, Әулие ата мазары, моншалар және су
құбырлары сақталған. Түрік тілі алғаш рет
ғылыми түрде қолға алынып, М.
Қашқаридың «Түрік тілінің сөздігі»
және Ж. Баласағұнның «Құтты білігі»
жарыққа шықты. Бұл, ислам өркениетінің
түркі тілдерінің жанашыры болғанының белгісі.
Мұсылмандықты мемлекеттік дін еткен Қарахандықтар
әулиетінің билігін барша ғалымдар оңды бағалауда,
мәселен, отандық зерттеушілердің бірқатары:
«Қарахан әулеті тұсында түрік этносының ой санасы
өседі, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға
бастайды... Қарахан дәуірі сапалық жағынан
қоғамның барша саласындағы жаңа кезең боп
табылады. Тек моңғол жаулаушылығы тұсындағы ауыр
күйзеліс қана қоғамның дамуға бет
алған табиғи процесін үзіп тастады», - деп әділ
бағалаған [3,89-91 бб.].
Х ғасырда ислам дінін оғыз халқының бір
бөлігі қабылдады. Ал қыпшақтардың жаңа
дінді қабылдауы ХІV ғасырда ғана толық аяқталды.
Осыған қарап біз түркі тілдес тайпалардың исламдануы
біркелкі болмағандығын, әрі бірнеше ғасырларға
созылғандығын байқаймыз.
Қалай дегенмен, VІІІ-Х ғасырларда қазақ
халқының ежелгі бабалары –түркілер арасына кеңінен
таралған ислам діні басқа діндердің тәжірибесінде
мүлде жоққа шығарылған жоқ. Бір
құдайшылық идеясына бет бұру әлемдік халықтардың
барлығына құдыреті жүретін заңдылыққа
айналды. Орталық Азияға жаңадан келген Ислам діні мен
тәңірге табыну біршама бейбіт түрде және
қайшылықсыз тоғысты. Адамгершілік пен имандылық,
әділеттілік пен теңдікті бойына сіңірген ислам дінінің
басым түсуі тарихи заңдылық болатын. Алайда, ислам діні
өзінен бұрынғы түркілер сан ғасыр бойы табынып
келген Тәңірі дінінің ең жақсы
қағидаларын бойына сіңіріп, қазақ
халқының дәстүрлі діни санасына жаңа дін ретінде
емес, қалыптасқан нанымның жаңаша формасы ретінде ғана
енді.
ХІІІ ғасырда моңғолдар жаулап алушылық
жорықтары басталады. Осы кезеңде қазіргі қазақ
жерін мекендеген тайпалардың жағдайы аса қиын болған.
Дегенмен баршаға белгілі Шыңғыс ханның саясаты дінге
озбырлықты көздеген емес. Сондықтан да ислам дінін
ұстанушылар бөлек езгіге ұшырамады десек те болады. Ал ХІІІ
ғасырдың екінші ширегінде құрылған Алтын орда
билеушілерінің барлығы Беркеден бастап исламды қолдады, ислам
дінін насихаттап, әрі оның таралуына жағдай да жасады [4, 58
бб.] келтіріледі. Мұсылман діні біртіндеп ақсүйектер арасында
ғана емес, көшпелілерге де кеңінен тарай бастады. Сол
кезеңдегілердің пікірінше, ХV ғасырдың екінші
жартысында Моғолстан халқы түгелдей дерлік мұсылман
дінін қабылдаған. 1348 жылы хан сайланысымен ислам дініне енген
Шағатай Тоғлық Темір Моғолстанда ислам ислам дінін
таратуда ерекше рөл атқарды. Мұхаммед ханның
тұсында моғол тайпасының басым көпшілігі мұсылман
дінін мойындаған. Дегенмен, бұл исламның түпкілікті
орнауына жағдай жасай алған жоқ. Себебі
түркілердің байырғы сенімдерінен арылу процесі өте баяу
жүрді. Оған олардың дәстүрлі жерлеуінің тек
ХVІІ ғасырда ғана ислам ғұрпымен алмасуы дәлел.
Қазақстанда исламның таралуы едәуір дәрежеде
суфизммен байланысты болғаны белгілі. Суфизмнің идеялары мен
элементтерінің исламға дейінгі жергілікті нанымдар мен діндерге
жақындығы оның қалың халық топтары арасында
кең таралуына мүмкіндік берді. ХІV ғасырда
мұсылмандарға дейінгі түсініктер, діндер,
ғұрыптар қазақтардың діни өмірінде
маңызды рөл атқарды. Дегенмен, қағанаттар
дәуірінің өзінде исламмен қатар тәңіріні
жоғарғы құдай деп санаушылық түбегейлі
жойылған жоқ. Жоғарғы құдай
тәңірі көк идеясы көптеген түркі
халықтарының, соның ішінде қазақтардың
ата-бабаларының да дүниеге көзқарасында оларға
исламның енуінен көп бұрын патриархалдық-рулық
құрылыстың ыдырай бастауы мен
париархалдық-феодалдық қатынастардың тууына байланысты
пайда болды [5, 249 б.].
Байқап отырғанымыздай, қазақ халқының
кейінгі ортағасырлардың өзінде, яғни біртұтас
этнос болып қалыптаса бастауының алғашқы
сатысында-ақ діни танымдарының біртұтастығы мен
біркелкілігі болған. Исламға дейінгі ежелгі дәстүрлер
мен ислам дәстүрлерінің ұштасуы және
олардың өзара ықпалдастығының нәтижесінде
қарастырылып отырған кезеңде қазақ
қоғамының нақты діни өмірін сипаттайтын мейлінше
ерекше синкретикалық дін нысандары біртіндеп қалыптаса бастады.
Осыған байланысты, ХІV-ХV ғасырлардағы қазақ
халқының идеологиялық өмірінің өте
маңызды жағын зерттеу барысында В.П. Юдин
«шыңғысшылдық» деген ұғымның синкретизміне
үлкен мән берген. «Шыңғыс ханның
шыққан тегі, оның руы, оның ата-бабалары туралы
аңыздар... адамзаттың шыққан тегі туралы
мұсылмандық көрінісіне енгізілді. Мұсылмандардың
тарихи шығармаларында адам баласының шығу тарихы,
әдетте, адамның жаратылуынан және пайғамбарлар
тарихынан басталғандығы белгілі. Ол Оғыз туралы аңыздар
циклімен, Шыңғыс хан руының гениалогиясымен және
көшпелі дүние руларының, тайпалары мен
халықтарының одан кейінгі тармақтарымен толықтырылды» [4].
Осындай дүниетаным және діни синкретизм қарастырылып
отырған кезеңдегі Қазақстан аумағындағы
діни өмірдің өзіндік ерекшелігін сипаттайды.
1.
1. Қазақ
мәдениеті тарихының очерктері. Оқу құралы. –
Алматы: ҚазМӨҒЗИ, 2005. – 300 б.
2.
М. Ж.
Бұлұтай. Ата-баба діні? Түркілер неге мұсылман болды? –
Алматы, Білім, 2000. – 504 б.
3.
Жолдасбайұлы
С. Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы:
(Ерте дүниеден ХҮІ ғасырға дейін). - Алматы: Ана тілі,
1995. -176 б.
4.
В. П. Юдин. Орды:
белая, синяя, золотая //Чингиз-наме, C. 16.
5.
Қазақстан тарихы (Көне заманнан
бүгінге дейін). Бес томдық. Т.ІІ. –Алматы: «Атамұра», 1998. –640 б.