Психология и социология/8. Педагогическая психология
Ертай Х., «Әлеуметтік жұмыс және
әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының оқытушысы
Жосалбаева Г.М., СР-21к тобының студенті
Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті, Қазақстан
ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДАҒЫ
ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС МАМАНДАРЫНЫҢ РӨЛІ МЕН
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ (ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛ МЫСАЛЫНДА)
Қазақстан
Республикасында соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан
ажыратылған, яғни олардың қамқорлығынсыз
қалған балалардың жағдайы көпшілікті
толғандыруда. Әртүрлі жағдайларға байланысты
ата-ананың қамқорлығы мен сүйіспеншілігінен тыс
қалғандардың мәселелері өзекті болып отыр.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасының
«Қазақстан-2030» даму стартегиясына сай жетім балалар
үйіндегі тәрбиелініп жатқан әрбір
ұрпақтың жеке адам ретінде қалыптасуының шешуші
факторы ұлттық тәрбие деп көрсеткен[1]. Жетім балалар
тәрбиесіне қазіргі кезде
ұлттық тәрбие тұрғысынан да
көңіл бөліп, оларды тұлғалық
қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.
Қазақстан
үшін қамқорлыққа зәру балалар мен шет ел
ата-аналары асырап алған балалардың жағдайы мен балалар
үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен жетімдердің
проблемасы көкейкесті күрделі мәселеге айналып келеді. Жалпы
жетім балалар проблемасы республика бойынша
маңызды проблемалардың бірі. Елдегі жетімдік
мәселесінің күрделенуі отбасындағы
әлеуметтік-психологиялық және
экономикалық-материалдық жағдаймен байланысты.
Қоғамдағы жетім балалар жайлы қалыптасқан теріс
көзқарасты сейілту үшін заңдық базаны жетілдіру,
стратегия жасау, патронаттық отбасыларға балаларды
қабылдаудың оң тәжірибесін таратуға
бағытталған күш жұмсау қажет. Елдегі жетім
балалар үйлері мемлекеттік тілде тәрбие беруі қажеттігі
міндеттелуі тиіс. Аталған заң жетім балалар құқын
қорғай отырып, Қазақстанда жетімдер
үйлерінің санын көбейтуге емес, отбасы және неке
құндылықтары институтын нығайтуға жұмыс
істеуі тиіс. Балаларды қамқорлыққа алушылардың
көбісі зейнеткерлер болғандықтан, олардың балаға
толыққанды күтім көрсетіп, білім беруіне шамалары жете
бермейді. Оған қоса, қазіргі экономикалық
дағдарыс уақыты да қамқоршылар жағдайын
қиындата түскендей. Сондықтан қазір дәл осы топты
қолдау қажет. «Неке және отбасы» заңы бойынша,
қамқорлыққа алынған бала үшін
қаржылай көмек көрсету қарастырылған[2].
Бірақ өкініштісі оның мөлшері мен тәртібі
анық белгіленбеуінен, көптеген жергілікті атқарушы билік
өкілдері бір реттік көмек көрсетумен ғана шектеліп
отыр. Сондықтан да,осы мәселеге дәл қазіргі
уақытта аса маңызды іс ретінде қарап, жетім балалардың
мүдделері мен құқықтарын қорғауда
маңызды мемлекеттік міндет пен әлеуметтік борыштарын өтеп
отырған қамқоршылар мен қорғаншыларды
қолдауға бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Бала
бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын
қағидаларының басымдығына сүйеніп, баланың
ҚР-ның Конституциясында кепілдік берілген негізгі
құқықтары мен мүдделерін іске асыруға
байланысты туындайтын қатынастары заңмен реттеу керек.
Балаларға толымды тәрбие беруді, құқықтарын
қорғауды мемлекет және қоғам, баланы асыраушылар
өз мойнына алуы тиіс. Ең алдымен, жалпы балалардың негізгі
құқықтарына тоқтала кетсек, біріншіден,
сәбидің денсаулық сақтауға
құқығы бар. Білікті медициналық көмек
алуға, өскелең ұрпақтың дені сау болып
өсу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуы қажет.
Екіншіден, әрбір баланың өмір сүруге, жеке
басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне
қол сұғылмауға құқығы бар
екенін ұмытпауымыз қажет. Үшіншіден, әрбір бала, мейлі
ол жетім болсын, ата-ананың қамқорлығынсыз
қалған болса да, баланың тұрғын
үй-жайға меншік құқығын немесе
тұрғын жайды пайдалануға өз құқығы
бар. Бірақ, бұл заң жүзінде ғана болмаса,
мұндай нормалардың әсіресе, жетім қорғансыз
балаларға қолданылмай жатқаны баршамызға белгілі.
Жетімдер үйінен тәрбиеленіп шыққан бала әрі
қарай қайда барады. Бұл қатал дүниеде,
қоғамда өз орнын қалай табады. Әке ақылымен
сусындамаған, ананың ыстық алақанын сезінбеген бала да
жалпы адамзат баласына, қоғамға деген реніш пайда болып
қатігез тұлға қалыптасуы мүмкін. 18 жасқа
толған бойжеткен не бозбала өмірдің ағымына ілесе
алмай, қайда барса да кедергілер мен келіспеушіліктер алдынан шығып
оған төзе алмай қылмысқа барады. Заң нормаларын
бұзған адам жазаға тартылады[3]. Жоғарыдағы проблемалардың болмауы үшін
мемлекет, қоғам тарапынан назар аударылып, заңдық
базаны барынша жетілдіріп, жетім балалардың мүдделерін
қорғауымыз баршамыздың адамзаттық парызымыз деп түсінуіміз
керек. Алдымен, осы жетімдер проблемаларына қатысты арнайы
көпжылдық, тұрақты әрі мүдделерін
көздейтін бағдарлама әзірлеп, сол бойынша нақты
әлеуметтік проблемаларды шешуіміз қажет. Еліміздегі жыл сайын
ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саны 10
мыңға жетеді. Бұл қазір ең өзекті
мәселе. Заңда шет елдік ата-аналар қамқорлығына
берілген балаларға консулдық мекемелер арқылы бақылау
жүргізу қарастырылған. Дегенмен мұның бәрі
толық деңгейде атқарылып жатыр деп айта алмаймыз.
Қоғамда осы мәселеге қатысты сұрақтар
туындаған соң, ол балалардың тәрбиесі, жағдайы
қалай болып жатқанын бақылауға алуымыз керек. Шетел
асып кетіп жатқан балаларымыздың жағдайын бақылап
тұратын арнайы комиссия құрылып, оларды жіті бақылап
отыру қажет. Шет елдік ата-аналар қамқорлығындағы
балалардың жағдайын көрсететін суреттер жіберіп тұру
немесе баланың өзі жылына бір рет келіп тұруын
қарастырғаны дұрыс.есми дерек бойынша осы уақытқа
дейін Қазақстандық 6 мың 14 бала шетелдіктерге асырап
алу үшін берілген екен. Олардың 2 мың 874-і ұл, 3
мың 141-і қыз бала. Ал бейресми деректер бойынша
Қазақстан бала сатудан әлемде бесінші орында тұр.
Қазақстандық балалардың көпшілігін АҚШ
азаматтары асырап алып отыр[4]. Нақтырақ айтсақ,
бүгінгі күнге дейін шетелдіктерге берілген қазақстандық
6 мың 14 баланың 5 мың 308-і АҚШ азаматтарының
үлесіне тиіп отыр.
«Қазақстан Республикасындағы
азаматтық туралы» Заңның 27-бабына сәйкес, «арнайы
шетелдіктер асырап алған бала 18 жасқа дейін өз елінің
азаматы болып қалады» делінген. Осыған орай, Қазақстан
дәл осы балаларға қатысты қос азаматтықты
мойындайды. Конституциялық кеңестің түсініктемесіне
орай, шетелдіктің асырауында болған бала 18-ден асқан
соң ғана, тұратын елін өзі таңдауға
құқылы. Конвенция асырап алынған балалардың
мүддесін қорғайды. Әрі бала асырап алу
халықаралық құқық нормаларын
сақтаумен бірге жүргізілмек. Бұл жоба асырап алынғаннан
кейінгі бала құқықтарын қорғау
кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Шетелдіктер асырап алған
баланың құқын қорғауды күшейтеді.
Гаага конвенциясына сәйкес, бұрын сотталған азаматтар,
дәстүрден тыс жыныстық бағдарлы адамдар, бала асырап
алуға үміткер жалғызбасты шетелдіктер, 45 жастан асқан
адамдар, қолайсыз климаттық, экономикалық, әскери
жағдайда тұратын және азаматтығы жоқ
адамдардың асырап алуына тыйым салынады. Сонымен қатар,
Қазақстан Республикасының Елшілігі мен консулдығы
жоқ елдерге де елімізден бала асырап алуға жол берілмейді.
Бірақ мәселе басқада болып тұр. Ең бастысы
осыған дейін шетелдіктерге берілген 6 мыңнан астам баланың
және бұдан кейін де өз тағдырының қалай
өрбитінін күтіп отырған жетім балаларға Гаага
Конвенциясы арқылы әсер ете аламыз ба? Әрине,
балалар құқын қорғауға
бағытталған құжаттың оң тұстары да
баршылық. Бірақ, кемшін тұстары да жеткілікті. Біріншіден,
Қазақстаннан ең көп бала асырап отырған
АҚШ-тың өзі бұл конвенцияны қабылдамаған.
Яғни, АҚШ өзіне міндеттеме алғысы келмейді.
Қазақстан бұл конвенцияны қабылдай отырып,
құжатты ратификацияламаған АҚШ, Ресей секілді
мемлекеттердегі қазақстандық балалардың
құқын қорғау туралы сөз қозғай
алмайды[5].
Өкінішке
қарай, статистика шетелге кеткен балаларды біздің азаматтарымыз
ретінде санап отыр. Бұл шындыққа сәйкес келмейді.
Қазақстанда Конституция бойынша қос азаматтық деген
дүние болмайды. Жалпы, күні бүгінге дейін біздің
Үкімет шетелге сәби бермеудің жолын іздестірмей, бұл
мәселеге мән бермей отыр деген қорытынды шығады.
Ирландия, Израиль мемлекеттері шетелге бала бермейді, өйткені,
сәбилерді өздерінің елдерінде отбасыларға орналастырып,
материалдық жағынан ынталандырып отыр.
Ал
бұл елдердің Гаага конвенциясын бекіту себебі, олар
Қазақстаннан бала алады. Қазақстаннан кеткен балалар,
сол елдерге өтіп, тіліне көшіп, иуда, католик болып
тәрбиеленеді. Сондықтан да 18 жастан соң елге қайтып
келеді дегенді мүлдем ұмыту керек. Күні бүгінге дейін
шетелге өтіп кеткен 6 мың 14 бала Қазақстан үшін
өте көп[6]. Тіпті Қазақстан үшін бір
баланың шетелге асырап алынуы өте қайғылы жағдай
болуы тиіс.
Конвенцияны
қолдасақ та, қолдамасақ та балалардың шетелге
асуына тоқтам болмайтындығы ақиқат. Өйткені «Неке
және отбасы туралы» заңнамада осындай рұқсат
көрсетілген. Егер де тосқауыл қою керек болса, алдымен сол
қолданыстағы заңнама арқылы тосқауыл
қойылуы тиіс. «Неке және отбасы туралы» заңға
өзгеріс енгізе алмай келеміз. Ол бойынша баланы асырап алушыларды
бірқатар санатқа жіктеу мәселесі де көтерілген еді. Ал
шетелдіктерге денсаулығында кемісі бар балаларды беру туралы ұсыныс
та қозғалды. Сонымен бірге, кез-келген халықаралық
конвенцияны қабылдай отырып, бұл құжатты
ұлттың заңнамамыздан жоғары қоятынымыз белгілі ғой.
Сондықтан да құжатты қарауға
асықпағанымыз жөн. Ал Қазақстандағы
жетімдер мәселесі қалай жүргізілуі тиіс.
Осы тұрғыда мысал ретінде
Қазақстанда бала асырап алу қалай жүргізілетінін
қарастырсақ. 1999 жылдан бастап ел азаматтары 2 мың 701, 2000
жылы - 2 мың 209, 2001 жылы - 2 мың 900, 2002 жылы - 2 мың
578, 2003 жылы - 2 мың 793, 2004 жылы - 2 мың 490, 2005 жылы - 2
мың 449 бала асырап алса, шетелдіктер 2000 жылдан бастап, 800-900 баладан
асырап отырған[7].
Егер,
жыл сайын Қазақстанда 2 жарым мыңнан астам бала өз
елінде асырап алынатын болса, онда қалған 800-900 балаға ие
табылмайтындығы қалай? Неге шетелдіктерге бала беруден басқа
жолды іздемеске? Осы салаға миллиардтаған қаржы
құйылар болса және сәби асыраушыларды ынталандыратын
болсақ, Қазақстанда жетімдер үйін салмақ
түгілі, бала асыраушылардың өзі кезекке тұратын еді.
Үкімет конвенция ратификацияланып, балалардың
құқықтары қорғалып, Қазақстанда
барлық жағдай жасалсын десе, конвенцияға қосымша екі
заң жобасы қабылдануы тиіс.
Гаага конвенциясына қосылмаған елдердің азаматтарына
Қазақстаннан бала асырап алу мүмкіндігі болмауы керек.
Ресми
деректерге сүйенсек, еліміздегі 154 балалар үйінде
тәрбиеленіп жатқан 94 мыңға жуық тастанды бала
бар екен[8]. Қазақстанда жетімдерді асырауға толық
жағдай бар. Бірақ мемлекеттік қадам болмай тұрған
секілді. Тек қана шетелге бала беру туралы әңгімеден
бұрын, осы балаларды елімізде қалай тәрбиеге алуға
жағдай жасалса игі еді.
Құжатқа
тоқталатын болсақ, Балаларды қорғау және баланы
шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы
Конвенцияға 1993 жылғы мамыр айында Гаага қаласында қол
қойылған, бұны 71 мемлекет қабылдап, 68-і бекіткен[9].
Бұл
Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар
құқығы туралы конвенциясы, БҰҰ-ның
Әлеуметтік және құықтық принциптері туралы
декларациясы және БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 1986
жылғы желтоқсанның 3-індегі 41/84 қарары негізінде
қабылданған. Конвенция асырап алынатын баланың мүддесін
қорғауды қамтамасыз ету, оның негізгі
құқықтарын құрметтеу және балаларды
ұрлауды, сатуды немесе оларды саудаға салуды болғызбауды
қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар,
құжат баланы асырап алу және оны асырап алушы отбасына
орналастыру үдерісінің заңдылығына екі мемлекет
тарапынан бақылау жасау мақсатында мемлекеттер арасындағы
ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Еліміздің конвенцияға
қосылуы баланы халықаралық асырап алу, баланы шетелдік асырап
алуға құықтық қорғау
мәселелерін реттеуде басқа мемлекеттермен күш біріктіруге
ықпал жасайды. Гаага конвенциясына сәйкес, бізде емделуге
мүмкіндігі жоқ сырқат балалар ғана шетелдіктерге асырап
алуға жіберілуі керек. Шындығын айтсақ, осы кезге дейін «ауру
балалар» деп дені сау балалар жіберіліп келді. Яғни жетімдерді
коммерциялық тұрғыда пайдалану фактілері орын алды.
Оның үстіне, Қазақстанда рес¬ми тіркелмеген 40-тан
астам шетелдік агенттіктер жұмыс істеді. Соның әсерінен
шетелдерге балалар көп әкетілді. Мұхит асқан жетімдер -
біз үшін жоғалған ұрпақ. Өйткені, олар елге
ешқашан қайтып келмейді. Себебі 1 жасқа жетер-жетпестен
асырап алған баланың аты-жөнін өзгертеді.
Өз
елдерінің азаматтығын береді. Біріншіден, олар ізгілік арқылы
Құдайға жақындайды. Екіншіден, ондай адамдарға
өз елдерінің заңдарымен жеңілдіктер беріледі. Мысалы
Солтүстік Ирландияда бір балаға аптасына 200 АҚШ доллары
көлемінде жәрдемақы төленеді. Яғни әр бала
үшін айына 800 АҚШ доллары. Онымен қоса, кәсіпкерлікпен
айналысса, белгілі бір деңгейде салықты аз төлейді. Айдай
әлемдегі 76 мемлекет қол қойған Гаага конвенциясына
Қазақстан қосыла алмай келеді. Оның себебі, мұхит
асқан жетімдеріміздің дені АҚШ-та. Ол кезде АҚШ та
бұл құжатты ратификациялаған жоқ еді. Енді жол
ашылды. 73 мемлекет бұл конвенцияны ратификациялады[10]. Яғни олар
шетелдіктерге асырауға берілген балалардың
құқықтарын қорғай алады.
Бұл
заңның бір артықшылығы сол, мемлекеттің атынан
шетелдерге кеткен балалардың өмірлерін сақтап,
құқықтарын қорғай аламыз. Мысалы «Неке
және отбасы» кодексіне сәйкес, шетелдіктер жыл сайын әр бала
туралы мәліметтер жеткізіп, есеп беріп отыруы керек. 18 жастан
соң қай елдің азаматы болғысы келетінін өзі
таңдайды. Жасыратыны жоқ, елге қайту деген жай арман
ғана. Сондықтан Қазақстан да Гаага конвенциясына
қосылып, әр баланың хал- жағдайынан, тағдырынан
толық хабардар болып, құқықтарын
қорғауы керек.
Себебі
балаларды ұрып-соғатын, жыныстық қатынасқа
мәжбүрлейтін, тіпті өлтіріп тастайтын жағдайлар бар.
Екіншіден, аталған заңдық құжатты
қабылдамаған себебіміз - «Неке және отбасы» кодексінде бала
асырап алуға қатысты көптеген келеңсіздіктер болды.
Мысалы бұрынғы заңда жалғызбасты әйелге немесе
еркекке, қос ер адамның «одақ құруынан» пайда
болған отбасына бес баланы тәрбиелеуге рұқсат берілген.
Осы
келеңсіздіктерді жою үшін кодекске жетіден астам түзету
енгізілді. Кез келген мемлекет жат елдегі әртүрлі
оқиғаларға тап болған өздерінің азаматтарын
қорғай алуы қажет деп ойлаймыз.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі
1.
Қазақстан
Республикасының «Қазақстан-2030» даму стартегиясы.
2.
Қазақстан
Республикасының білім беру мекемелерінде
тәрбие берудің 2006-2011 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы. А: 2010 ж.-27 б
3.
«Оқушылар
арасында есірткі қабылдаудың алдын алу
бойынша білім беру мекемелерінде
тәрбие жұмыстарын белсенді ету туралы » ҚР Білім, мәдениет
және денсаулық сақтау
министрлігініғ 2002 ж 29 шілде
№998 бұйрығы.
4.
Ата-аналарының
қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғауды реттейтін заңдастырылған актілер
жинағы. Астана: 2007- 413 б
5.
Дубровина И.В,Лисина
М.И. Особенности психического развития детей в семье и вне семьи. М., 1982- 205 стр
6.
Прихожан А.М.,
Толстых Н.Н. Особенности психического развития
младших школьников, воспитывающихсы вне семьи М., 1982
7.
Рычкова Н.А.
Дезадаптивное поведение детей: диагностика,
коррекция, психопрофилактика.- М.,2000- 112 стр
8.
Кон И.С.
Психология старшеклассника.М.,1990 –
168 стр
9.
Зубайраева З.А. Қазақстандағы жетім
балалардың әлеуметтік проблемасы //Ордабасы тауында өткен
ұлы жиынның 10 жылдығына арналған халықаралық
ғылыми конференция материалдары. – Алматы, 2003. – Б. 141-145.
10.
Зубайраева З.А Жетім
балалармен жұмыс әлеуметтік проблема //ҚАУ-нің 10
жылдығына арналған халықаралық
ғылыми-практикалық конференция материалдары.– Шымкент, 2004. – Б.
296-298.