Қазақстан Республикасы, Тараз қаласы

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

П. ғ. магистрі  Әлімбекова А.Ү., оқытушы Князбаев Ғ.А.

 

Дене тәрбиесі мұғалімінің педагогикалық шеберлігін  жетілдіру

Дене тәрбиесі сабақтарын сапалы өткізуде мұғалімнің кәсіптік шеберлігі шешуші рөл атқарады. Ол мұғалімнің білімі, шеберлігі мен кәсіптік қасиеттерінен құралады.

Мұғалімнің шеберлігі дегеніміз – дене тәрбиесінің барлық қызметтері мен жеке әрекеттерін осы саланың ережелері мен мақсатына сәйкес меңгеру. Дене тәрбиесі мұғалімінің шеберлігі – жоспарлау, коммуникативтік, ұйымдастыру, гностикалық, қимыл ептілігінен тұрады.

Қазіргі кезде «құзыреттілік» ұғымын көбінесе шеберлікпен мағыналас деген ғалымдардың пікірі жиі кездеседі. Біз құзыреттілік шеберліктің жоғарғы сатысы деп түсінеміз. «Құзыреттілік» ұғымы қазіргі кезде оқыту үрдісінде білімді қолданудың соңғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үрдісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктіліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы.

Қимыл шеберлігі мұғалімнің дене тәрбиесі жаттығулары техникасын орындауы. Жаттығу техникасын дұрыс, әдемі орындап көрсету оқушыларға қатты әсер береді.Сақтандырудың техникасы мен қолданбалы жаттығуларды көп білу дағдысы да қимыл шеберлігіне жатады[1].

Шебер мұғалім білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Әр оқушының дарындылығын айқындау, олардың дамуына қолайлы жағдайлар жасау, мектеп, отбасы, мұғалімнің ролін анықтау педагогикалық шеберлікті жетілдіруге негізделеді. Білім мен тәрбиені ұштастырумен қатар – педагогтардың жаңа технологияны меңгере білуінде және оны өз тәжірибесінде қолдана алуында.

Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе, мұғалім жалпы жасампаз еңбегімен жаңа адамды қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп өмірге дайындайды. Оқушыларды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, назарын, білгендерін жадында сақтауға, қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін ұштауға, дүниеге деген құштарлығын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, ықыласын, сенімін, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын тағы басқадай танымдық қасиеттерін жетілдіріп, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуді өзінің өмірлік мақсаты, ізгілік мұраты деп санайды[2].

Педагогикалық шеберлік ұстаздық талантпен тығыз байланысты. К.Д.Ушинский: «Педагогика теориясын қаншама жетік білгенмен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше бұған оның қолы жетпейтіндігін»-айтады. Педагогикалық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы, жан-жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол – әр сөзді оқушыларға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы. Ұстаздық шеберлік: мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымды, адамгершілікті бойына сіңірген адам екендігі; пәнді жетік білген, ойын толық жеткізетін және оқышылардың бойында әдеп, әдет, дағды сияқты адамгершілік нормаларды сіңіре білгендігі; оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да, тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен талантын ұштастырған адам ғана шеберлікке ие болады. Педагогикалық шеберлік дегеніміз- жүйелі үрдіс, педагогикалық іс-әрекетте нәтижеге жеткізетін жол. Ол іс-әрекетке жаңа сапалық мазмұн береді, кәсіптік позицияны қалыптастырады. Педагогикалық кәсіптік шеберлікті дамыту міндеттері – педагогикалық кәсіпке бейімділігі, ситуацияларды меңгеру, балалардың психологиялық жағдайын меңгеру болып табылады.

Жеке тұлғаның кәсіпті игерудің жетер шыңы – кәсіби шеберлік. Бұл субъектінің өзіне қажетті әрі түпкі қол жеткізетін мақсатына бағытталған іс-әрекетінің өзара біртұтас байланысы. Қызмет барысында субъектінің кәсіпті игеру қабілеттілігі, жеке таланты, дарындылығы басқа салалармен байланысты түрде қарым-қатынасқа түсе отырып дамиды.

Педагогикалық шеберліктің негізі – балалардың өз еркімен дамуына жол ашу, оқу-тәрбие үрдісінде оқушылармен педагогикалық ынтымақтастықтар жұмыс атқарудың формаларын, әдістерін дамыту, шәкіртке деген қамқорлық пен сүйіспеншілікті арттыру педагогикалық шеберліктің басты сипаты болып табылады.  Педагогикалық  шеберлік тәрбиелеу мен оқытудың жоғары және ұдайы жетілдіруінен туған өнер. Шеберліктің негізінде  мұғалімнің жеке мәдениеті, білімі, ой-өрісі педагогикалық техникамен, озық тәжірибемен ұштасып жатады[3].

Мұғалімнің кәсіптік шеберлігі, зерттеушілік қызметі мұғалімдік жұмысқа дайындық барысында, тәжірибеде және қайта даярлау кезінде қалыптасып тәрбиеленеді.  Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» - деп бекер айтпаған. Кез келген педагог біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Егер педагог мамандардың біліктілігін жүйелі арттырса, онда үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Мұғалімдер үздіксіз ізденіп, өз білімін үнемі жетілдіріп педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолданып отырса ғана өзінің кәсібтік шеберлігін арттырады. Мұғалімнің өздігінен білім алуына нақты көмек көрсету үшін, тұлғаның қызмет саласындағы қажеттіліктерін, сұраныстарын, мүдделерін білуі қажет[4].

Өз мамандығына жан-жүрегімен берілген ұстаз ғана ұстаздық этиканы да, ұстаздық техниканы да, шеберлікті де жақсы меңгереді және қазіргі заман талаптарына сай кәсіби маман ретінде өзін көрсете алады.

Әдебиеттер

1.Русанов В.П., Колкутин А.М. Основы теории и методики физической культуры  и спорта.-Усть-Каменогорск:ВКТУ, 2004.

2.Уаңбаев Е.К.Дене тәрбиесінің негіздері.- Алматы: Санат, 2000.

3. Уаңбаев Е.К., Уаңбаева Ф.Ж. Дене тәрбиесі мен спорттың теориясы мен әдістемесі.- Өскемен:ШҚМУ баспасы, 2006.

4.Холдов Ж.К., Кузнецов В.К. Теория и методика физического воспитания и спорта. – М.:2002.