ҚАЗАҚСТАН ТЕРРЕТОРИЯСЫН  ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУДІҢ АРНАЙЫ ТАҚЫРЫПТЫҚ КЕЗЕҢІ (ХІХ ҒАСЫРЫНЫҢ 90 ЖЫЛДАРЫ)

 

Т.ғ.к., доцент Нуржанова Айна Мардановна,

магистр Какарова Туршакиз Ендибаевна

 

Ресейде империализм дәуірінің басталуына байланысты ХІХ ғасырдың 90 жылдары Қазақстан территориясын табиғи - географиялық тұрғыдан зерттеу жаңа кезеңге аяқ басты. Қазақстанның қазба байлықтарына, кен шығатын орындарын пайдалануға және ауыл шаруашылық жерлерін игеруге Ресейдің мүдделілігі барған сайын арта түсті. Ал мұның өзі жергілікті жағдайлар мен ресурстарға табиғи -  географиялық жағынан арнайы тақырыптық зерттеулер жүргізу, темір жол салу, құрылысты өрістету, шаруаларды жаңа қоныстарға көшіру және т.б. мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін тудырды.

Ембінің мұнайы, Қарағандының көмірі, Риддердің мыс рудасы және т.б. сияқты Қазақстанда қазба байлықтарының аса ірі кен орындарының ашылуы орыс, сондай–ақ шетел капиталы бірлестіктерінің назарын айрықша аударды. Қазақстанды экономикалық жағынан тиімді отар елге айналдыруға барынша мүдделі болған Ресей айла - тәсідерін іздеді. Сөйтіп мұнда жол тарту қажеттігі туды.

Екінші кезеңде Қазақстанның түрліше аймақтарында геологиялық және табиғи  - географиялық зерттеулерді үкімет тапсырмасы бойынша А.Н.Седельников, В.В.Сапожников, В.А.Дубянский, Л.С.Берг, В.А.Обручев, Б.Ф.Мифферт, С.Н.Никитин, Н.И.Андрусов, М.М.Пироговский және т. б. сынды әр саладағы айтулы маман ғалымдар жүргізді. Олармен қоса қазақ жерінде шетел саяхатшылары мен зерттеушілері де болды.

В.В.Сапожниковтың 1902-1904 ж.ж. Тянь-Шань мен Жоңғар өлкесіне барған экспедициясы Қазақстан территориясын зерттеуде маңызды орын алды. В.В.Сапожниковтың бірінші экспедициясы Іле Алатауында, Тянь-Шаньның Сарыжаз өзені бастау алатын маңында және Жоңғар Алатауында болды. В.В.Сапожников Арғанаты қыратына, Балқаш көліне, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің алқабына саяхат жасады. Верный қаласынан шығып, Қастек пен Боам шатқалын басып өтіп саяхатшы- ғалым Ыстықкөлге, одан Пржевальск қаласына жетіп, әрі қарай Тянь-Шаньның биік шоқысы - Сарыжаз жүйесіне көтерілді. Семенов мұздығын зерттеу үшін Сарыжаздың жоғары ағысына бірнеше дүркін сапар шеккен В.В.Сапожников Хантәңірі шыңының биіктігін өлшеп, Баянкөл өзенінің алқабы арқылы Жаркент қаласына барды, одан шекарадағы Қорғас өзенінің алқабына өтіп, Көксу өзенінің аңғары арқылы Қапалға шықты. Экспедиция жолай Қора, Ақсу, Бүйең өзендерінде және олардың мұздықтарында болды.

Екінші саяхатында В.В.Сапожников Сауыр тау торабымен, оған жалғасып жаткан Маңырақ және Тарбағатай жоталарымен танысты. Осы зерттеулер нәтижесінде В.В.Сапожников алдын-ала жазған есептермен қоса «Жетісу очерктері» деген атпен екі томдық еңбегін де жариялап, оларда жүрген жерлерінің табиғи-географиялық жағдайларын толық баяндап жазды, жолай кездескен өсімдіктерге егжей-тегжейлі сипаттама берді. Зерттеуші жолда кездескен тауларды, адыр-қыраттарды, төбелерді кейде барометрлік жолмен бағзы бірде аспап-құралдармен өлшеп, олардың тізімін жасады. Аталған еңбегінде Жоңғар Алатауындағы Қора, Бүйен, Ақсу өзендерінің, сондай-ақ Түрген, Теректі және т.б. өзендердің бастау сағаларында өзі ашқан мұздықтар жайында көптеген деректер келтіреді. Саяхатшы Сарыжаз өзенінің маңында ежелгі заманда мұз баскан кен алқаптың іздері туралы қызғылықты мағлұматтар алды. Іле Алатауындағы Есік көлінің алқабында да ертеде мұз жатқаны атап көрсетілді [1].

Жетісудың табиғатына, өсімдіктері мен жануарлар дүниесіне тән ерекшеліктерге тоқтала келіп, В.В.Сапожников бүл өңірді «солтүстікте Сібір мен оңтүстікте Түркістанның екі арасын байланыстырып тұрған дәнекер» деп есептейді. «Алтайдың солтүстігінен оңтүстігіне қарай жүрген сайын, одан Ертіс алқабын, Сауыр мен Тарбағатайды, Балқаш, Алакөл мен Жоңғар далаларын, Жоңғар Алатауын, Іле алқабын, Іле Алатауын басып, Памир аркылы Гималай тауларымен жалғасып жатқан Тянь-Шаньға» дейін өткенде өсімдіктер мен жануарлардыц сібірлік белгілері бірте-бірте жоғалып, оларда Түркістан тіпті Гималай жеріне тән қасиеттер пайда болатынын байқаймыз».

Ғалым еңбегінде  Жоңғар   Алатауының шығыс бөлігіндегі таулардың кұрылымын сипаттайды. Автор ең биік деген тау шоқыларының солтүстік беткейі әуелі тік жарқабақ болып келетінін, содан ілезде көлбеу жоталарға айналатынын және олардың ара-арасын тау өзендерінің терең шатқалдары кесіп өтетінін атап көрсетеді. Онан әрі солтүстікке қарай әлгі таулар аласа жондарға айналып, оның сілемдері Жоңғар даласына ұласады.

Ал Жоңғар Алатауының батыс бөлігіне келетін болсақ оның толық сипаттамасын Гамбург География қоғамының мүшесі, доктор Макс Фридрихсеннің еңбегінен табамыз. Ол еңбек «Dг.Мах Тгеіdегісһsеп Ғогsсһugreise in den Zentralen Tienchan und osungarischen Alatau» деген атпен Гамбургте 1904ж.  жарық көрді. Кезінде профессор В.В.Сапожников өзінің тұңғыш саяхатына осы неміс ғалымымен бірге шыққан. М.Фридрихсеннің пікірі бойынша, Жоңғар Алатауы өзара қапталдас жатқан негізгі екі тау тізбегінен тұрады. Солтүстік және оңтүстік болып екіге жарылатын осы жоталардың арасын тау тізбектерін бойлай бір-біріне қарама-қарсы ағатын Көксу және Боротал өзендерінің алқаптары бөліп жатыр. Жаңағы айтқан негізгі тау тізбегі Солтүстік Тянь-Шань тауларын тон бағытта, яғни батыс пен оңтүстік-батыстан шығыс пен солтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Тау тізбектерінің, әсіресе солтүстік қапталының батыс сілемі бірден солтүстік-батыс жаққа бұрылады да, қыр арқасы оңтүстікке қараған қос иін пайда болады. Солтүстік беткейдің солтүстік тізбегіне қапталдаса Ілгері ұмтыла біткен тағы екі тізбек бар. Бұл екеуінің ортасында және негізгі тізбекпен екі аралығында биік қырат жатыр. Ал автор Көксу мен Боротал өзендерінің алқаптары тектоникалық жолмен пайда болған деп топшылайды.

Ғалым көп замандар бойы климаттың континентальды болуы тау жүйелерінің даму барысында елеулі әсер еткенін атап көрсетіп, сол кезеңдерде тау етектерінде шөгінділердің қалың қабаттары жыйылған болуы ықтимал деп есептеді. Ал бұл қабаттар таудың солтүстік беткейі мен батыс сілемдерінде үгілуден, су шаюдан пайда болған жыраларды қалыптастырады. М.Фридрихсеннің болжамы бойынша ол «жыралар» Сарыжаз өзенінің бастауындағы таулы аймақта жатқан Сырттарға ұқсайды. Бір айырмашылығы: Сырттар тау ішінде, «жыралар» оның етегінде болады.

Жоңғар Алатауында Сарыжаз өзенінің аңғарындағы сияқты қиыршық тастардан жаралған биік алқаптар жоқ: оның ұзынша біткен алқаптары көбіне биік таулы өлкенің жер жағдайына ұқсайды. Тек Боратал өзені аңғарының ғана Сарыжаз өзенінің алқабына ұқсастығы бар.  Бұл арада автор Сарыжаз өзенінің маңындағы мүхитқа шықпайтын тұйық таулы өлкесін «шеткері» жатқан аңғар Алатауынан айырмашылығын аңғарып, сол туралы сөз қозғап отыр. Демек, Жоңғар Алатауы туралы В.В.Сапожниковтың деректеріне М.Фридрихсен елеулі толықтырулар енгізді.

1902 жылы Мюнхен географы әрі альпинисі Г.Мерцбахер Жетісуға келеді. Оның басты мақсаты Хантәңірі тауларын және Сарыжаз өзенініц жоғары сағасын зерттеу еді. Геолог Кайдельмен бірге ол Ыстықкөлді, Санташ суын, Баянкөл өзенін, Сарыжаз өзенінің жоғары сағасын, Ашатұр мен Инелшік мұздықтарының алқаптарын аралап, одан Нарынқол асуы мен Мұзарт арқылы Қашқар өлкесіне өтті. Орталық және Шығыс Тянь - Шаньның жалпы геологиясын, орографиясын, гляциологиясын, картографиясын және географиясын қарастырған Г.Мерцбахер экспедициясының жұмысы өте – мөте нәтижелі болды. Г.Мерцбахердің есебі. «Vonllantuger Bericht uber ainen in Ichren 1902 und 1903 ausgefurte Far schingsreise in den zeutr Tionschon» деген атпен 1905 жылы Лондонда басылды. Тянь - Шаньның морфологиясы мен оның қалыптасуының алуан түрлі мәселелерін қамтыды [2].

1905, 1906, 1909 жылдары атақты геолог әрі Сібірді зерттеуші В.А.Обручев Жоңғар өлкесінің шекаралас аудандарында болды. Үш жаз бойғы сапарында ғалым Жоңғар өлкесінің геологиясымен тектоникасына байланысты аса маңызды мәселелерді шешу үшін толық, әрі жеткілікті материал жинады. Ол Алтай тау жүйесі мен Тянь-Шаньның шекарасы туралы дәл анықтады. Зерттеушінің бақылауы бойынша, Жоңғар өлкесінде опырылмалы тектоника ерекше орын алады; мұнда жердің көтерілуі бор дәуірдің аяғында және үштік дәуірдің басында пайда болғанға ұқсайды. Шекаралас Жоңғар жерінде тектоникалық жарылыстар салдарынан ұзындығы мен ені әр түрлі бөліктерге бөлініп кеткен де, олардың бірі жоғары, бірі төмен түскен және әр түрлі биіктікте орналасқан» В.А.Обручев Жоңғар қақпасын ұланғайыр Балқаш - Алакөл және Ебінұр - Айранкөл ойпаттарын жалғастыратын көлденең біткен жон деп есептеді.

В.А.Обручевтің Жоңғар өлкесін зерттеуі Орта Азия мен Қазақстан территориясының тарихын зерттеу саласындағы көп жыл бойғы еңбегінің заңды жалғасы еді. Ғалым Орта Азияда өз жұмысын 1886 жылы бастап, бұл атыраптағы құмдардың шығу тегін зерттеді.

Барлық жотасының батыс бөліктерінде сары (лесс) топырақтың жату жағдайын тексеріп В.А.Обручев сол жұмыс қорытындысын (лесс) «Сарытопырақтың пайда болуы туралы» деген қызғылықты кітапшасында баяндады. Мұнда ол Рихтгофеннің сары топырақ желдің әрекетінен (золовая гипотеза) пайда болған деген болжамын жақтайды. Бірақ ол сонымен қатар сары топырақтың орны және пайда болу жолдары туралы мәселелердегі бірқатар жаңсақ пікір де бар. В.А.Обручев Орталық Азияны аралаған кезінде өзі жинаған нақтылы материалдар негізінде Рихтгофеннің пікіріне қарсы шығып, бірыңғай сары топырақ қабаты бұрын айтылып жүргендей тым қалың емес екенін атап көрсетті.

Қазақстанды географиялық тұрғыдан зерттеуде В.А.Дубянскийдің 1904-1909 жылдардағы саяхаттарының маңызы айтарлықтай. Ол 1904 жылы Үлкен Борсық құмдарында, Арал теңізі жағалауының солтүстік - батыс бөлігінде, Үстірттің солтүстік қабатында, Мұғалжарда болды. Саяхатшы     1906 жылы Маңғыстау мен Бозашы түбектерінде, Үстірт қыратында, Каспийдің арғы бетіндегі Қарақұмға және Ембі, Жем өзенінің бассейніне, 1909 жылы Арал төңірегіндегі Қарақұмға, Үлкен Борсыққа және Көкжиде құмдарына (қазіргі Орал облысы) сапар шекті. В.Дубянский өз зерттеулерінде құмдағы өзгерістер жайында ден қоярлық бірқатар қызғылықты пікірлер айтады (ІV тарауды қараңыз).

1903-1908 ж.ж. А.Ивченко бірқатар далалы облыстарды аралады. Ол Орынбор қаласынан шығып Қазалы қаласына, содан Ташкент қаласына барды. Саяхатшы 1904 жылы Борсық пен Арал төңірегіндегі Қарақұмда болды, 1905 жылы Қазалы қаласынан Қызылқұм арқылы Петроалександровскіге сапар шекті, 1907-1908 ж.ж. тағыда Түркістанда болды. А.Ивченко жазба есептерінде желдің әрекеті туралы өз бақылауларын баяндайды. Автор қатты және борпылдақ жер жыныстарына желдің әсерін, жел айдаған құмдардың қайта пайда болуын, құм жоталардағы өсімдіктер қалдықтарын тексереді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1     Космачев К. П. Географическая экспертиза. Методологические аспекты. Новосибирск: Наука, 1981. 103 с.

2     Мамардашвили М. К. Сознание и цивилизация // Природа. 1988. № 11. С. 57 – 65.

3     Миклухо-Маклай А.Д., Раузер-Черноусова Д.М., Розовская С.А. Систематика и филогения фузулиноидей // Вопросы микропалеонтологии. 1958. Вып. 2. С. 5 – 21.

4     Мочалов И.И. Владимир Иванович Вернадский. М.: Наука, 1982. 487 с.

5     Мочалов И.И., Флоренский К.П. Комментарии в кн. Вернадского В.И. Размышления натуралиста. Пространство и время в живой и неживой природе. М.: Наука, 1975. С. 148 – 164.

6     Мочалов И.И., Овчинников Н. Ф., Огурцов А.П. Письмо в редакцию // Вопросы истории естествознания и техники. 1988. № 1. С. 66 – 71.

7     Мукитанов Н.К. От Странбона до наших дней. М.: Мысль, 1985. 237 с.

8     Наука и культура. (Материалы круглого стола) // Вопросы философии. 1998. № 10. С. 3 – 38.