Мектеп жасына дейінгі балаларды байланыстырып сөйлеуге үйрету

 

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Шыниева Роза Туребековна

ДОВ 14-1 тобының студенттері

Орынбасар Эсмира,

Кененбай Бибігүл

 

Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына ие болуы, Қазақстан Республикасының Білім және Тіл заңдарының қабылдануы болашақ ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында: “Білім берудің мектепке дейінгі сатысы дайындық кезең ретінде орта білім алудың үздіксіз жүйесіне енетіндігін айта келіп, тәрбиелеу мекемелерінің әр типтілігіне қарамастан олардың ортақ функциялары -  баланың денсаулығын, психикалық санасын жетілдіру және қорғау, баланың ақыл-ойы мен тұлғасының дамуын қамтамасыз ету” - деп нақты атап көрсеткен.  

Бұл сана-сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, дені сау, білімге деген қызығушылығы жоғары, өздігінен іс-әрекет жасау дағдыларын меңгерген тұлға даярлап шығару мектепке дейінгі мекемелердің міндеті екенін көрсетеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеуін дамыту мәселесі бағдарламаға сай дидактикалық ұстанымдарды басшылыққа алып жүргізіледі. Әсіресе, баланы мектепке даярлауда олардың байланыстырып сөйлеуін, сөздік қорын байыту, өз ойларын басқару, түсіндіре білу жақтарына баса көңіл бөлінеді. Берілетін білім мен тәрбиелеу әр уақытта баланың өз ана тілі арқылы іске асады.

         Қазақстан Республикасында мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту және тәрбиелеу мен оқыту үдерісінде ойындарды пайдалану мәселесін ғалымдар: Н.Құлжанова, Б.Б.Баймұратова, Ә.С.Әмірова, А.Б.Бақрединова, Р.Қ.Аралбаева, Х.Т.Шерязданова, Г.М.Қасымова, Б.О.Арзанбаева және т.б. құнды тұжырымдар жасаған.

         Мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту мәселесі үнемі даму үстінде, жаңа ғылыми зерттеулермен, жаңа идеялармен толығуда. Соңғы кездегі ғалымдар еңбегінде тіл дамыту, тіл дамытудағы әдістер, тездетіп оқыту, тілдік қатысымға үйрету жаңа техника мен жаңа оқыту технологиясы туралы пікірлер басым орын алуда. Ол ғалымдарды атайтын болсақ: О.Е.Сергеева, В.В.Дронов, С.Ю.Ремизова, М.В.Дружина, Е.И.Пассов, Б.И.Бадмаев, Е.В.Клюев, Е.О.Смирнова, С.Г.Яковсон.

         А.М.Бородич: Байланыстырып сөйлеу – адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін мағыналы сөздердің сөйлемдегі жүйесі” десе,  Ф.А.Сохина: “Байланыстырып сөйлеу дегеніміз – белгілі бір ойды жүйелі, анық, грамматикалық тұрғыдан алғанда дұрыс және бейнелі түрде жеткізу болып табылады” деп қарастырады. Сонымен байланыстырып сөйлеу – отбасында және балабақшада іске асатын бала тілінің дамуының тиімділігінің көрсеткіші.

        Психологиялық еңбектерге жасалған талдау негізінде балалардың байланыстырып сөйлеуін қалыптастырудың ерекшеліктері анықталды:

        - қоршаған дүниені танып-білуі арқылы сөздік қоры молайып, сөзбен әрекет жасау үрдісінде ана тілінің заңдылықтарын меңгереді;

        - бала өз ойын байланыстырып, логикалық түрде жеткізуге жаттығады, талқылаулары интеллектуалдық тапсырмаларды шешу амалдарына айналады;

        - қоршаған дүние туралы шығармашылық әңгіме құрастыруда практикалық және интеллектуалдық (тапсырмаларды) орындауда тілдің жоспарлаушылық функциясы қалыптасады;

        - байланыстырып сөйлеуде саналы қарым-қатынас қалыптасады, ол іс-әрекеттің ерекше түрі болып табылады;

        - тіл нақтылы педагогикалық жағдаяттардан жан-жақты күнделікті қарым-қатынас құралына айналып, баланың байланыстырып сөйлеуі дамиды.

Мектепке дейінгі  балаларын байланыстырып сөйлеуге үйретудің тиімділігі мынадай шарттар орындалған жағдайда артады: егер балаға берілетін мәтін жайлы теориялық білім мен  қажетті білік, дағдылар нақтыланып, мәтін құрастырудың әдіс-тәсілдері  саналы түрде меңгерілсе, балаларды байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмысы жаңа технология талаптарына сай (аудио, визуальдық, компьютерлік және электрондық оқу құралы арқылы т.б.) жүргізілсе, онда балалардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық белсенділігі қамтамасыз етіліп, ойын тиянақты түрде  жазуға дағдыланады, өйткені баланы байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесі жүйелі сөйлеу мәдениеті мен  логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге мүмкіндік ашады.

Дайындық тобындағы балалар шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылай білуге, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құрауға, бейнелі сөздерді дәл тауып айтуға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге үйренуге тиісті.

        Жаңа сөз үйрету, үйренген сөзді қолдану жағына көңіл бөле отырып, баланың жас ерекшелігіне орай сөз санын (5-6 жаста - 6-7 сөзден) белгілеп, оқу іс-әрекет тақырыбын баланың нені игергенін, нені игерту керектігін ескере белгіленеді. Осылайша баланы үйренген сөзді қолдана білуге, жаңа сөздермен сөз қорын молайту дәрежесіне жеткізу керек. Үйренген сөзді қолдана білуге үйрету оқу іс-әрекетте және бос уақытта әр алуан серуен, ойын, еңбек процесіндегі жаттығу жұмыстарында іске асады.

        Балаларды байланыстырып сөйлеуге үйретуде оларды өздерінің тыңдаған әңгімелерін қайталап жүйелі айта білу, тәрбиешілерінің сұрақтарына толық жауап беруге, естіген ертегілерін мазмұндай алуға баулу көзделеді. Сондықтан мазмұндамаға алынатын мәтіндер мен шығарма тақырыптары балаларда болатын көңілділік, сезгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқты қасиеттерге сай келетіндей болып іріктелуге тиіс. Алайда қандай әсерлі шығарма ұсынылғанымен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, балаларда болатын жоғарыда айтылған қасиеттерді дамытуға пайдасы тиіп жарымас еді, өйткені мазмұндамаға ұсынылған мәтіндерді балаларға оқып беруде болсын, шығарма жаздыру үшін материал жинау барысында балаларға айтылатын әңгімеде болсын, тәрбиешінің дауыс сазының әсерлі болып, сөздер мен сөйлемдерді анық айтуының маңызы зор.

  Мектепке дейінгі балаларды  байланыстырып сөйлеуге үйрету үшін жасалған арнаулы бағдарламада көрсетілген талап бойынша  тапсырмалар мен жаттығуларды орындау барысындағы тиімді әдістерге талдау жасалынып, үйретудің әдістемелік қырлары талданды. Мұнда қолданылған негізгі әдістер: ұжымдық, алгоритмдік, эссе жазу, желі қолдану, ойын,  тірек-белгі әдістері т.б.

Баланың сөзді байланыстыра айта білуі дегеніміз - сөз бен сөйлемдердің үлесімділігі ғана емес, бұл бір-бірімен байланыста келген, дұрыс сөйлемдерден құралған бала ойының сыртқы жаңғырығы. Бала сөйлеу барысында, ойлай білуге де үйренеді. Одан баланың ойлау логикасын, өзін қоршаған әлемді қаншалықты қабылдап, сыртқа жаңғырта білуін байқаймыз. Осындай басты-басты мәселелердің дұрыс шешілуін, жүзеге асу жолдарын тексеру мақсатында, балалар психологиясы мен мектепке дейінгі педагогикаға арналған оқулықтарда айтылғандай, баланың байланысты сөзін дамыту жолдарын негізге ала отырып, оның қаншалықты менгерілгенін қадағалап, тәжірибелер жасау әрбір тәрбиеші педагогтың атқарар ісі.

Мәтін арқылы   байланыстырып сөйлеуге үйретуге арналған жаттығулар мен тапсырмалар кешені былайша топтастырылды:  танымдық талдау жаттығулары;  түзету жаттығулары;  шығармашылық ізденіс жаттығулары. Зерттеуімізде жаттығуларды іріктеу үшін мынадай  әдістемелік талаптарды басшылыққа алдық: баланың теориялық білімін практикада қолдануына бағытталуы; балада қызығушылық туғызып, олардың өз бетімен ізденуіне жағдай жасауы; ұшқыр ой, ұтымды пікір, бейнелі сөздер кездесетін, тәрбиелік мәні бар, қызықты мәтін берілуі; тапсырманың  шығармашылық  сипатта болуы көзделді.

Балабақшаларда баланың тілін дамыту барысында әр түрлі ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері жүргізіледі. Балалар ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде сөздік қоры байып қана қоймай, байланыстырып сөйлеуге, сонымен қатар логикалық тапсырмаларды, әңгіме, ертегілерді, әр түрлі жұмбақтарды шешу арқылы ойлау қабілеті арта отырып, тілі дамиды.    

     Қорыта келгенде, сөз  - тәрбиешінің еңбек құралы. Баланың  ой–өрісін кеңейту, ақыл–ойын дамыту, мінез–құлқын, еркін тәрбиелеудің бірі - тәрбиешінің сөзі арқылы іске асады. Өзімізді қоршаған өмір тіршілігімен бөбектерді таныстырып, білім беруде баланың нені қай дәрежеде ұққанын, нені есіне сақтағанын байқау, жалпы құралмен: ойыншықпен түрлі затпен, оқу құралымен, суретпен көрсетіп балаға үйретуде тәрбиешінің әбден төселген, сөйлеу дағдысы, сөйлеу мәнерінің қалыптасқан  үлгісі болады. Сөйлеу мәнерінің қалыптасқан үлгісі - тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін дәл орнымен қолдану деген сөз.

         Мектеп жасына дейінгі бала тілді үлкендерден үйренеді. Мектеп жасына дейінгі  балалардың  сөздік қоры, сөйлеу мәнері, сөз сарыны соларға еліктеу арқылы қалыптасады. Сондықтан тәрбиешінің  сөздік қоры бай, тілі орамды, стилі жатық, дыбыстау мәдениеті өрісті де өрелі болғаны абзал. Қызықты әңгіме, ертегі, өлең, тақпақтарды мақамдап айту - халық шығармашылы-ғын  ұрпақтан–ұрпаққа жеткізудің дәстүрлі тәсілі болып келді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1       Ә.С.Әмірова, К.А.Анартаева Тіл дамыту әдістемелік құрал. – Алматы: Ғылым, 2006.

2       Б.Баймұратова Мектеп жасына дейінгі балалардың байланыстырып сөйлеу тілін дамыту. – Алматы: Мектеп, 2006.

3       Қ.Меңдаяқова Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудың ғылыми негіздері. – Алматы: Ғылым, 2007.