ӘОЖ   372.8:330

ҚАЗАҚ ОЙШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ИДЕЯЛАРЫ

Досбенбетова Анара Шаймахановна – п.ғ.д., профессор

Абуова Бейбет Джанабаевна – п.ғ.к.

Досанова Мақпал Мусабековна –п.ғ.м.

 Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы

Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің бірі болуға тиісті мақсатымыздың аса ауқымдылығы айдан анық. Өзінің тарихында біздің халқымызтап казіргісіндей экономикалық және әлеуметтік шыңдарды бағындырып көрген емес. Мұны жасау тек қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының  ғана қолынан келді. Тәуелсіздікті жария етіп, Қазақстанымызды дамыта отырып, біз дамудың шалғай шетінен біржола шығып кеттік, Еуразияның лайықты жаңа мемлекеті болдық. Ендігі жерде қашанда бүкіләлемдік қоғамдастықпен қатар адымдауға тиіспіз [1].

Мемлекеттің одан әрі экономикалық дамуы іс - әрекетпен айналысатын оқушылардың экономикалық мәдениетінің қалыптасу деңгейіне байланысты. Сондықтан келешек ұрпақты экономикалық  мәдениетті етіп тәрбиелеу  мәселесі ешқашанда  зерттеу нысанасынан түспеген  көкейкесті проблема. Оқушылардың экономикалық  білімі мен тәрбиесіне, олардың  экономикалық мәдениетін қалыптастыруға біршама ғылыми зерттеулер арналған.

Экономикалық тәрбие берудің негізін  ежелгі ғалымдар қалаған. Ежелден келе жатқан заңдылықтар – олар адам баласының  барлығына аманат. Адам баласы жаралған күннен бастап тайпа болып өмір сүрсе кейіннен мемлекет пайда болды. Мемлекет пайда болған күннен бастап салық пайда болды. Салық пайда болды деген сөз – экономика ежелден келе жатыр деген сөз. Әрине бұл ғылымның өзіндік заңдылықтары болды. Сол заңдылықтар бізге де жетті. Тәуелсіздік алғаннан күннен бастап мемлекет халқының алдында  шешімін табуға лайықты  үлкен  мәселе  тұрды. Ол бұрын біз  басымыздан өткізбеген нарықтық экономика. Қазақстан бұл жолда жеңіске жету үшін көп еңбектенуде. Нәтиже көзбен көрерліктей әлем Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Әрине бұл нәтиже қазақ халқының  ежелден келе жатқан  арманы еді. Экономика  тарихы тереңде жатыр. Оны сонау ежелгі  дүниедегі гректер, римдіктер және басқа да халықтар қалыптастырды. Экономикалық білімнің тиімділігі оның үздіксіздігінде. Оның мазмұны көп жағдайда  экономика  ғылымына  байланысты.

Авторлар өз жұмыстарында экономикалық мәдениет педагогикалық  талпыныстар категориясынан  тұрады деп түсіндіреді. Экономикалық тәрбие қоғамның дамуына дұрыс ықпал  ететіні анықталып отыр. Экономикалық тәрбиенің тамыры тереңде жатыр. Сондықтан экономикалық тәрбие адамзат жер бетінде пайда болған кезде пайда болған деп айта аламыз.

Қазақстан аумағындағы тарихи қалыптасқан халықтардың шаруашылық қызметінің қайнар көзін қарастыру, ең алдымен, Қазақстанның бүгінгі экономикалық және саяси жағдайының терен қайшылықтарын түсінуге ұмтылумен анықталады. Елдің өткен, қазіргі және болашақ кезеңдерін диалектикалық тұрғыда байланыстыра отырып, өз халқымыздың генетикалық  дамып келе жатқан тарихын танып білуіне септігін тигізетін және сонымен қатар нарықтық қатынастар жолына түскен Қазақстанның болашақтағы жай күйін болжауға мүмкіндік туғызатын мағлұматтар береді [2, 75 б].

Ежелгі  дәстүрдегі қазақтың ағартушылық  негіздерін сөз етсек, Көне Түркі ескерткіштерін, яғни Орхон жазба ескерткіштерін, Әбу Насыр Әл – Фарабидің педагогикалық еңбектерін, ағартушылық іс - әрекеттердің алтын қазынасы  ретінде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу білік», Ахмет Игунекидің  «Хибатул - Халайық» және Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди», Қыдырғали Жалайырдың «Жамиғат-тауарих» шығармалардың ағартушылық мәні зор. Осы аталған және де басқа халқымыздың алтын қазынасынан еңбекке қатысты, ал еңбек дегеніміз - экономика, нарықтық қатынас сияқты категориялардың тамыры болып саналады, сондықтан осы алтын қазыналы шығармаларда еңбек тәрбиесіне қатысты тұжырымдарды, ақыл – кеңестерді табуға болады.

Еңбек пен еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдауда ХІ ғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбегінің маңызы ерекше. Еңбектің құндылығы, оның басқа халықтардың өз қажетіне жаратуы – оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта – жігерін арттыру мақсатына негізделгенінде.

Әсіресе, Әл-Фарабидің «Ізгілікті қала тұрғындары»трактатындағы тұжырымдардың ғылыми негізделгені жағынан экономикалық теорияға өте жақын. Мұнда адамдардың бір – біріне көмегі, бірінің қажетін екіншінің қанағаттандыруы  оларды қоғамдық тұтастыққа әкеледі. Сөйтіп адамдардың өзара қарым – қатынастары жетіліп, адамзат қоғамын құруға әкеледі.Әл- Фарабидің бұл тұжырымы ғылымға қосылған жаңа ұғым, категория десек артық емес. Өйткені, осы қала тұрғындарын жай ғана адамдар тобы емес, өндіргіш күш және адамзат қоғамын құрушы фактор деп қарап, оларды бірлікке, қайырымдылыққа шақырады. Әл-Фарабидің бұл идеясы бүгінгі күн үшін де көкейкесті [3].

Ал түркі тілдес халықтардың аса көрнекті ақыны Жүсіп Баласағұни өзінің «Құдатғу білік» («Құтты білік») дастанында 3599 – 3600 бәйіттерінде еңбек туралы былай деген екен:

  Көз берді Алла зат көріп құндау үшін,

  Құлақ берді үн естіп, тыңдау үшін,

  Қас қол берді тірліктен тынбау үшін,

  Аяқ берді бос қарап тұрмау үшін.

Әрине,бұл еңбекпен танысқан мұғалім де оқушы да қазіргі заманғы нарық қатынастарын меңгеруді,ақынның бәйіттерінің экономикалық психологиялық талғамына сай екеніне  көзі жетеді. Ж. Баласағұнның кәсіпкерлікке, үкіметке айтқан мына ақыл-ой бүгінгімен үндесіп жатыр: «Барлық істі сарапқа сап істеген, қисаппенен қазынаңды үстеген». Бақыт сыйлайтын шаруа мен кәсіпкер, құн өлшемі, айналым және қазына туралы Ж. Баласағұнның көзқарастары қазіргі экономикалық зерделеулердің бастапқы нүктесі сияқты [4].

Қазақстанның әлеуметтік - экономикалық  дамуының 10 - шы кезеңінде оның Ресеймен тығыз сауда - шаруашылық байланыстары ұлғайды. Әсіресе, осы кезде рыноктық экономиканың белгілері анық көрініп, кәсіпкерлік сана тереңдейді. Мұны қазақ халқының жарық жұлдыздары - ғалым Ш.Уәлиханов, ағартушы-ұстаз Ы. Алтынсарин, алып ақын А. Құнанбаев өз шығармаларында барынша жан-жақты сипаттайды. Аталған ғалым, ағартушы ұстаз, ақын – қазақтың жарық жұлдыздарының әлеуметтік-экономикалық ой-пікірлерін, көзқарастарын отандық зерттеушілер біраз зерделеді. Әсіресе, Я. Әубакиров, олар жөніндегі терең талдауларын ерекше атап өтуіміз керек.

Өркениеттік өлшеммен қарасақ, Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың шығармаларында осы күнгі экономикаларға меңзеу, әлемдік қатынастардың белгілері бар ма деген сұрақтардың жауабы төңірегінде ғылыми пікір айтуға болады.

Ы. Алтынсариннің көлемі шағын әңгімелерінде еңбек, байлық, кәсіпкерлікті үйрену, баюдың жолдары нақты мысалдармен түсінікті жазылған. Оның «Малды пайдаға жарату», «Дүние қалай етсең табылады», «Білімнің пайдасы» деген және т.б. әлеуметтік-экономикалық тәрбиесі зор шығармалары болып табылады.

Кәсіпкерлікті меңгерудің жолдары, нәтижелері Ы. Алтынсариннің «Дүние қалай етсең табылады» әңгімесінде жан – жақты бейнеленіп, қазіргі рыноктық қатынастардың заңдылықтары анық көрінеді. «Дүние қалай етсең табылады» әңгімесінде француз фабриканты Антон деген садақа сұрап тұрған жас жігітке баюдың жолдарын былай үйретеді: әуелі қоқыс үйінділерінен тері жинап фабрикаға барып сат.Одан түскен ақшаға арба сатып ал. Осылай жеті жылда жеті мың франк ақша тауып, қағаз фабрикасын ашып, бай боласың деп ақыл береді. 25 жылдан кейін Антон француз фабрикантына баюдың жолын үйреткені үшін алғысын білдіреді [5; 6].

Ресеймен жан-жақты байланыста жатқан, қазақ халқын әлемдік деңгейге көтерілуге шақырған Абай Құнанбаевтың экономикалық ой-пікірлері осы күнгі рыноктық қатынастармен үндесіп жатыр. Әсіресе, оның қара сөздерінен білуге болады [7].

Біздер Абайдың қара сөздерінен қазіргі қазақ халқының нарық жүйесіне өтуіне жарамды ой-пікірлерді байқадық. Айталық, бірінші қарасөзінде  адамның, жастардың алдында кім болу, немен айналысу деген өмірлік сұрақтар тұрады.

Абай Құнанбаевтың экономикалық көзқарастарының тереңдігі - өзі өмір сүрген қоғамдағы әлеуметтік таптарды біліп, оларды жан-жақты талдауында. Мысалы, сегізінші қарасөзінде қазақ байлары өзінде жоқты малына  сатып алады, адалдық, ақыл, ғылым, білім-еш нәрсе малдан қымбат емес деп ойлайды деп жазады.

Ал, экономикалық байлық, жақсы тұрмыс және адамгершілік мәселелеріне байланысты, Абай, әр адамды Жаратқан еңбек ету үшін күшпен, ғылымды игеру үшін санамен бөледі дейді. Бірақ, күш барлық кезде оң істерге қолданылмайды, ал сана көп жағдайда босқа жұмсалады. Үйде молшылық сарқылмас үшін саналы түрде, іздей біліп және ерінбей жұмыс істеу жеткілікті.

Қазақ  халқының әлеуметтік – экономикалық тарихында Ресейдің орталық қалаларында оқып, терең де сапалы білім алған А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев және т.б. қазақ ағартушылары.

Сол сияқты, ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов «Қазақ жерін зерттеу еңбектері» баспадан шықты.Бұл шығармада өткір саяси-әлеуметтік, экономикалық сұрақтар көтерілген [8].

М. Дулатовтың «Есеп құралы» атты есеп жинағында оқушылардың экономикалық ойлауын дамытатын экономикалық мазмұнды ауызша халық есептері жинақталған [9].

Жоғарыда айтылғандарды төмендегідей қорытындылаймыз:

       Әрбір халықтың экономикалық мәдениеті өмірдің табиғи – климаттық жағдайларымен тығыз байланысты және шартты, көрші мемлекеттермен тауар – ақшалық қатынастар арқылы және шаруашылық – еңбек қызметінің негізінде дамыған.

       Еркіндік сауда, айырылыс еңбек, кәсіпкерлік еркіндік, қолданбалы еңбек идеялары қазіргі уақытта да өзектілігін жоғалтпайды. Олардың ішіндегі құнды ойлар, идеялар, нұсқаулар қазіргі мектептің тәжірибесінде қолданылып, оқушылардың экономикалық мәдениетін қалыптастырудағы проблемаларын шешуге ықпал етеді.

       Бұрынғы ойшылдар мен ағартушылар экономикалық мәдениетке ерекше мағына беріп, тұлғаның экономикалық маңызы бар қасиеттерін атап айтқанда, жастардың еңбекқорлықты, қайсарлықты, тәртіптілікті, шаруагерлікті, үнемділікті тәрбиелеуге үндейді.

 

Әдебиеттер:

 

1         «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақс тан халқына Жолдауы: // Егеменді Қазақстан.  – 1 қараша, 2015 ж.

2         Балабекова Д. Б., Раймкулова Ж. А. Қазақстанның экономикалық тарихы: Оқу құралы. – Шымкент: Нұрлы бейне, 2009.

3         Әл-Фараби. Әлеуметтік – этикалық трактаттар/ Орысшадан ауд.Қ.Сағындықов, М.Жанғалин және М.Ишмұхаммедов. - Алматы: Ғылым, 1975.-418 бет.

4         Баласағұн Ж.Құтты білік /көне түркі тілінен аударған және алғы сөзі мен   түсініктерін жазған А.Егеубаев.-Алматы:Жалын, 1992.-544б.

5         Әубакиров Я.Ә.Экономикалық ілімнің тарихы.-Алматы,1997.-268-280б.

6         Алтынсарин Ы. Өнер – білім бар жұрттар. -Алматы:Жалын,1991.-240б.

7         Абай. Қарасөздер. Поэмалар. Книга слов. Поэмы.-Алматы: Ел,1993.-270б.

8         Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу, мақалалар. /Құраст. Д.Әшімханов.- Алматы:Жалын,1992.-544б.

9         Дулатов М. Шығармалары.-Алматы:Жазушы, 1991.-384б.

 

Аннотация: Ұлы қазақ ойшылардың шығармаларында еңбек тәрбиесіне қатысты тұжырымдарды, ақыл – кеңестерді табуға болады. Еңбектің құндылығы, оның басқа халықтардың өз қажетіне жаратуы – оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта – жігерін арттыру - экономика, нарықтық қатынас сияқты категориялардың тамыры болып саналады.

Кілттік сөздер: экономика, экономикалық мәдениет, экономикалық тәрбие, экономикалық білім, нарықтық қатынас

Резюме

      Произведения великих казахских мыслителей содержат большую просветительскую ценность, так как в них изложены концепции трудового воспитания, советы и наставления. Ценность труда, его практическая направленность, аккуратность и старание, усердие в труде, развитие производства – это и есть категории экономики и рыночных отношений.