Мектепалды топ  балаларының салауатты өмір салтын қалыптастыру

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Шыниева Роза Туребековна

ДОВ 14-1 тобының студенті

Жаманқұл Арайлым

 

         Салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан–2050» стратегиясында, Қазақстан халқына Жолдауында «Егеменді еліміздің болашағы қазіргі жастар десек, олардың денсаулығының мықты болып, шынығып өскені абзал» деген. Оның негізі осы кезден қаланатын болса, өмірге «өскелең ұрпақ келер еді» деп атап өтті. Бірақ бізге әрдайым қалың бұқара үшін адамдарды емтейтін дәрігерлерден гөрі, оларды үйрететін, адамдарға бағыттайтын, оларды үлгі өнегелерімен еліктіріп, ілестіріп жүретін тәрбиешілер. Балалардың денсаулығын сақтау мен нығайту бүгінгі балабақшаның басты мақсаттарының бірі болып отыр. «Саулық байлық негізі» деп айтқандай, әрбір адам салауатты өмір салтымен өмір сүру үшін аурудың алдын алу және болдырмау. Дұрыс тамақтану, қоршаған ортаны жақсарту туралы, сонымен дене тәрбиесімен айналасуы керек. Денсаулық әлеуметтік байлықтың негізі, сондықтан оны сақтап, нығайтуға барлық жағдайлар жасалуы қажет. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрлысының дұрыс жетілуі мектеп жасына дейінгі кезеңде қалыптасады.

        Мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру олардың психологиялық, дене қимыл-әрекеті мүмкіндіктері мен жасы ескеріліп өткізіледі, сөйтіп балада мінез-құлқының белгілі гигиеналық тұрақтылығы қалыптасады, гигиеналық ұғымдарды жете түсіну, дағдылар, салауатты өмір салтының уәждамалары, жеке бас гигиенасы, күн тәртібі, өзіне-өзі қызмет ету, денсаулық сақтау және нығайту, мәдени гигиеналық мінез-құлық қалыптасады. Бұл үшін жас ерекшеліктеріне байланысты алуан түрлі ойыншықтар, қуыршақтар, жиһаз, ыдыс-аяқ, ойын оқиға желілері, жиынтықтар, суреттер, фотосуреттер, тақырыптық мүйістер және т.б. кеңінен пайдаланылады:

         Біріншіден, балабақшада жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарына халық ойындарын шығармашылықпен енгізу, балалардың дене шынықтыру мен  мен бос уақытында жүйелі қатысуларына қолайлы жағдайлар жасайды.

         Екіншіден, дене тәрбиесі мен ақыл-ой тәрбиесі бір-бірімен байланысса, оған қоса дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесі де бір-бірімен ұштасып қосарланып жатады. Былайша айтқанда, бала дене тәрбиесі негізінде дене күші мығым, адамгершілік қасиеті, еңбектену әдет-дағдылары дамыған тұлға болып тәрбиеленеді.

        Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесінің бірнеше бағыттар бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тұлғаны қалыптастыруда дене тәрбиесін басқа тәрбие салаларымен бірлестікте ұйымдастыру және оның мазмұнын кеңейтуде ұлттық ойындардың алатын орны, дене тәрбиесіне ұлттық қимыл-қозғалысты ойындарын қолдану мүмкіндіктерін (М.Тәнекеев, Ж.Төлегенов, Е.Сағындықов, Т.Бекбатчаев, М.Сапарбаев, Т.Қуанышев т.б.) ашуға талпынған.

         Мектепке дейінгі кезең – бала организмінің өте қарқынды дамитын маңызды кезеңі. Осы кезеңде организмнің бүкіл жүйелер мен мүшелері, дене және жүйкелік-психикалық дамуы қалыптасып, жетіле түседі. Жекелеген жүйелер мен мүшелер толық жетілмегендіктен, бала организмінің қорғаныш күші және ауруға қарсылық көрсете алуы әлі де жетімсіз. Сондықтан мектепке дейінгі жастағы балалар әр түрлі ауруларға жиі ұшырайды.

        Мектепке дейінгі балаларда салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламасының мақсаты – денсаулық туралы ұғымды жүйелі және бірізді қалыптастыру, гигиеналық дағдылары мен салауатты өмір салтының уәждеріне ерте кезден бейімдеу.

        Бала денсаулығын сақтауда салауатты өмір салтын құру бұл:

        1-ден, жеке тұлғаның өзін қоршаған жансыз және жанды табиғи ортамен жан-жақты үйлесім тауып, өз ғұмырын отаны, елі, отбасы және өзі үшін барынша пайдалы өткізу дағдысын қалыптастыру;

        2-ден, салауатты өмір салты – ол денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүргізу.

Балаларға бос уақытта әлеуметтік орта білім беру саласы бойынша салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруға қатысты кеңесті ұсынамыз.

        1. Күн сәулесін пайдалану.

        - Мүмкіндігіне орай күннің көзінде жиі болуға тырысыңыз. Денеңізді күнге жеңіл қыздыру үшін, оның сәулесімен шомылыңыз. Ол үшін, демалыс кезінде 2-3 апта мөлшерінде күннің көзінде болуды әдетке айналдырыңыз;

        - Күннің жарығын пайдаланып, өсірген бақша өсімдіктері және жеміс-жидектермен көпше қоректеніңіз. Әсіресе, күннің көзінде  өсетін хлорофилді көптеп пайдаланыңыз. Ол үлкендер үшін де және балалар үшін де өте қажет тамақ болып есептелінеді;

        - Үлкендердің және балалардың әрекетінде көбінесе күнді бейнелеу әдетке айналсын: сурет салу, бөлмені немесе интерьерді безендіру қабырға сурет, картиналарды ілу, өлең, тақпақ, ән таңдау т.с.с.;

        - Серуен құру барысында күннің адам өміріне, құстарға, өсімдіктер мен жан-жануарларға, жалпы тіршілік  болмысына тигізетін өте маңызды қызметі туралы әңгіме құруды ұмытпаңыз. Одан кімде болмасын үлкен әсер алады.

        - балалармен қарым-қатынаста күнге қатысты сөздерді жиі қолдануға дағдыланыңыз. Мысалы, «Күнім менің», «Сен бүгін күн сәулесі секілді әдемісің немесе жарқырайсың» т.с.с.

        2. Таза ауамен демалу.

        - Таза ауа, ең алдымен, ол адамның организіміне - оттек береді, суық ауа-оның денесін шынықтырады, соққан жылы әрі нәзік жел - қуаныш сезімін шыққандай болады. Сол үшін де таза ауада жиі болуға тырысу керек: серуен құру, жұмысқа жаяу бару немесе одан жаяу қайту, сенбі-жексенбі күндері қала немесе ауыл сыртында демалу. Яғни, тәулігіне 24 сағат таза ауада болуға немесе онымен демалуға тырысу қажет;

        - Үйде терезенің ашық көзінде ұйықтауды, таза ауада дене шынықтыруды әдетке айналдыру;

        - Киіміңіз денеңізге ауа өткізуді қамтамасыз етсін, ешбір жағдайда синтетикалық материалдан тігілген киімді кимеңіз! Ауа ваннасын қабылдауды ұмытпаңыз;

        - Тыныс алу жолдарын жаттықтыруды үнемі пайдаланып отырыңыз (П.С.Берг бойынша «терең тыныс алу», Г.П.Малахов бойынша «әртүрлі тыныс алу», К.П.Бутейко бойынша «терең тыныс алу барысында ауаны жібермей басқаша өзгертіп отыру т.с.»)

        3. Таза су пайдалану.

        - Құрамында суы бар бақша өсімдіктерін, жеміс-жидектерін және шырын сөлін пайдалануды ұмытпа! Бұлақ, тазаланған суларды пайдалан. Оны 15-30 минут шамасындай уақытта ас ішер алдында, шөлдеген жағдайда және полиэтилен бутылкасын пайдаланған сусын ішкен жөн.

        - Міндетті түрде денеңе суды пайдалан: күнделікті таңертеңгілік суық сумен шайыну, кешкілік ыстық сумен қабылдау, содан кейін таза әрі жұмсақ орамалмен денеңді ысқылау, денеге суды ақтарып, төгіп құю, көлдер мен өзендерде шомылуды әдетке айналдыр.

        4. Табиғи тамақтану.

        - Егерде М.Киммелдің сөзіне сенсек «дұрыс тамақтану – бұл ғылым және көркем өнер». Ашу, ыза, қорқу, сенімсіздік, алаңдаушылық – тамақты қалыпты сіңірудің бірден-бір жауы. Демалыс, тыныштық, өмірге сүйіспеншілікпен қарау немесе өмірді сүю – тамақты дұрыс қорытылуының ең маңызды жағдайы. Тамақ қабылдау барысында ұрысу, дауыс көтеру, реніш білдіру т.с.с. денсаулықтың ең қауіпті жауы.

        Бос уақытта «саламатты өмір салты» жұмысының бағытында, ата-аналармен, балалармен әртүрлі тәрбие жұмысының формаларында және олармен практикалық әрекеттер барысында: мәдени жорық, саяхаттарда ол негізгі тақырыпқа айналуы тиіс.

        5. Ашығу.

        Г.С.Берг бойынша ашығудың мақсаты – адамның барлық организімін толық сауығу жағдайында жеткізуді, оның барлық қызметін жандандыру, жаңартуды көздейді. Себебі, ашығу процесінен кейін қан айналым жақсарады, өмір сүру ұзарады, тамақ жақсы қорытылады, ақыл-ой күшімен дене күші қиындыққа төтеп беруге шыңдалады. Яғни, ашығу – адамның ішкі жан тазалығына апарар жол.

          Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектеп жасына дейінгі кезеңде қалыптасады. Сондықтан, бала организмінің қызметін жетілдіру, қабілетін арттыру осы кездегі ең басты міндет болып табылады. Бұл міндеттердің маңыздығы мынада: организмнің қорғаныс қабілеті нашар қалыптасқан кішкентай балалар сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне тез ұшырайды. Сондықтан сүйектің, буынның дұрыс әрі мерзімінде жетілуіне, бел омыртқаның физиологиялық иіндерінің қалыптасуына, табан дөңестерінің дұрыс жетілуіне айрықша мән беру керек.

             Қорыта келгенде, саламатты өмір салты туралы білім мен тәрбиені меңгерген тұлға саламаттылықтың маңызды элементтерін түсініп, ондағы түрлі шиелініскен өзекті мәселелердің алдын алуға дайын, өз денсаулығын қамқоршысы бола алады.

         

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1       Ормантаев К.С., Ешмұқанбетов С.М. Экология және адам мен бала денсаулығы. – Алматы: Ғылым,  2011.

2       Нұридинов Г. Салауатты өмір салтына құрылымдық моделі. //Биология және салауаттылық негізі.№3, 2010.

3       Қожахметова К.Ж. Салауатты әдеттер.- Алматы: Рауан, 2005.

4       Есімова А. Салауатты өмір салтын қалыптастырайық.// Денсаулық. №5, 2007.