Педагогические науки/5.
Современные методы преподавания
Туганбекова
К.М., Мадетова У.Н., Рымханова А.Р.
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Аутизмі бар балалардың әлеуметтік – эмоционалдық
дағдыларын қалыптастыру жолдары
Аутизмі бар балалардың әлеуметтік – эмоционалдық
дағдыларын қалыптастыру мәселесін зерттеген Скотт Беллини өз
жұмысында аутизмі бар
балалардың әлеуметтік дағдыларының
қалыптасуындағы типтік ерекшеліктерді топтастырады. Бұл
өз кезегінде, баланың түзету-дамыту сабақтары барысында
жеткен жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік
дағдыларды қалыптастыруда балаға оң әлеуметтік қарым-қатынастар
мүмкіндігін беру үшін баланың әлеуметтік немесе
физикалық өмір сүру ортасын өзгертуге болады. Мысалы: өзге
оқушыларды аутизмі бар баламен әлеуметтік қарым-қатынас
жасауға үйрету, мағлұматтар беру,
қарым-қатынас жасау тренингтерін ұйымдастыру, аутизмі бар
баланы сабақтан тыс уақыттарда әртүрлі мәдени
–спорттық шараларға қатыстыру [1].
Түзету жұмысына баланың құрдастарын
қатыстыру. Көмекшілер
ретінде баланың құрдастарын пайдалану – түзету
жұмысының тиімді мысалдарының бірі. Бұл баланың
құрдастары арасында оң әлеуметтік қарым-қатынас
құру үшін пайдаланылады. Бұл әдіспен әлеуметтік
қарым-қатынастарға үйрету өзара әрекеттестікке,
әлеуметтік ортаны құруға мүмкіндік береді.
Бұл әдіске баланың құрбыларын қатыстырудан
бұрын оларды аутист баланың тілектерін түсінуге, оған
дұрыс реакция жасай білуге үйрету шарт. Сөйтіп бұл
өзге оқушыларға да аутизмі бар баламен
қарым-қатынас жасай білуге үйретеді. Көмекші
оқушылар аутист баланың сыныптастары болуы тиіс, жастарына
сәйкес қалыптасқан әлеуметтік және ойын
дағдылары болуы керек және үнемі мектепке келіп жүруі
тиіс. Сонымен қатар бұрын аутист баламен қарым-қатынас
жасаған жағымды немесе нейтральды тәжірибесі болғаны
жөн. Бұл жерде, әрине, сау құрбылары тарапынан
жақсы дамыған толеранттық сезімдер қажет [2].
Ойлар мен сезімдер туралы ойындар, жаттығулар. Адамның өзінің және өзгелердің ойлары
мен сезімдерін ажырату мен түсіну қоршаған ортамен
дұрыс қарым-қатынас жасауда маңызды болып саналады.
Бірақ аутизмі бар балалар үшін қиындық туғызатыны
белгілі. Мысалы, адамдар өзге адамдармен өзара кері байланыс
нәтижесінде өз іс-әрекеттері мен
мінез-құлықтарын үнемі өзгертіп отырады.
Айталық, адам айтып отырған әңгімесін тыңдаушы
адамның реакциясына қарап жалғастырады немесе
тоқтатады, егер тыңдап отырған адам жымиып немесе шын қызықты
екенін көрсететін түр байқатса, айтушы ынталана
жалғастырады. Егер тыңдаушы сағатына қарағыштап,
күрсініп басқа жаққа қарай бастаса, айтушы
әңгімесін доғарады немесе күрт қысқарта
бастайды. Бұл - вербальды емес белгілер. Аутизмі бар балаларда осындай
вербальды емес белгілерді түсіну қабілеті жетілмеген,
сондықтан олар өз іс-әрекеттерін модификациялай алмайды,
өзге адамдардың эмоциональдық қажеттіліктеріне жауап
бере алмайды [2].
Видеомодельдеу соңғы кезде аутизмі бар балаларды әлеуметтік
дағдыларға үйретуде пайдаланылатын және тиімді болып
саналатын жаңа әдістердің бірі.
Видеомодельдеу - кез келген бір іс-әрекетті немесе
мінез-құлықты видео фильм арқылы демонстрация жасап
көрсету және оны балаға қайталатып жасату.
Видеомодельдеуге баланың өзі, құрбылары, сыныптастары
және ата-аналары қатыса алады. Бала өзін ойын, оқу, еңбек
т.б. барысында видеофильмнен көре отырып, өзінің және
өзге балалардың, ересектердің іс-әрекеттерін
бақылайды. Өз жетістіктерін визуальды түрде сезінеді,
бұл бала үшін үлкен эмоциональдық әсер береді [1].
Сенсорлық
интеграция. Аутистік
спектрлі бұзылыстары бар балалардың жақын адамдарына деген
эмоциональдық реакциялары әлсіз, кейде «аффективтік блокада» орын
алады. Бұл олардың ең элементарлы коммуникативтік
дағдыларының (жымию, көз байланысы, эмоциональдық
байланыс) қалыптасуында үлкен қиындықтар туғызады.
Балаларда қоршаған ортаны танудың адекватты емес формалары
байқалады, мысалы: жалап
көру, тарсылдатып көру, иіскелеу, сипап байқау т.б. Демек аутизмі бар балаларды заттың
қасиеттерін сенсорлық жолмен танып білу әдісі
қызықтырады. Сенсорлық тәрбиелеу – баланың
өмірін эмоциональдық сезімдермен толықтыру, сенсорлық
қабілеттерін пайдалану. Сенсорлық интеграцияның мысалдары:
гамакта жатып шайқалу (кеңістікті бағдарлау); музыка ырғағымен билеу (есту
жүйесі); дәндер толтырылған қораппен ойнау (тактильдік
сезім); орындықта отырып шыр айналу (тепе-теңдік пен көру)
т.б.
Сенсорлық ойындарды қолданудың
пайдасы – қоршаған әлемнің сенсорлық
компоненттерінің аутизмі бар бала үшін маңызды нәрсеге
айналатындығында, демек сенсорлық ойындар
өзінше бір тартымды, қызықты әрекетке айналады.
Бұл өз кезегінде баланың эмоциональдық күйін
сақтайды, әрі сезімдерін дамытады. Сенсорлық ойындарды балаға
жағымды, ұнайтын заттарды пайдаланудан бастаған жөн,
әйтпесе, эмоциональдық дискомфорт күйі орын алады. Сенсорлық
заттар ретінде жарық, дыбыс, түс, пішін, құм, су,
ашық түсті ойыншықтар пайдаланылады [2].
Холдинг-терапия. Бұл әдістің авторы М.Welch (1983). Дәрігер холдинг-терапияны (hold ағылш.-
ұстау) психотерапевтік техника ретінде қолданған. Арнайы
белгіленген уақыттарда анасы баласын қолына алып, өзіне
қатты қысып ұстайды. Бала анасының тізесінде отырады,
анасы оны кеудесіне басады, бірақ баланың көзіне қарай
алатын мүмкіндігі болады. Баланың қарсылығына
қарамай, анасы құшағын босатпастан өз сезімін
мейіріммен ақырын айтады, қиындықтарды жеңгісі
келетіндігін, баласының оған көмектесуі керектігін
ақырын айтып жеткізеді [2].
Әдебиеттер
1.
С.Беллини. Как
обучать ребенка с аутизмом социальным навыкам? / источник: Indiana Institute on Disability and Community. http://outfundbel.ru/pro-autizm/kak-obuchat-rebenka-s-autizmom-socialnym-navykam
2.
Деревцова В.Т., Ростова Г.В., Шурупова М.В. Особенности
коррекционной работы с дошкольниками, имеющими расстройства аутистического спектра./ Матер. Всероссийской науч.-практ. конф. 12-14 марта 2014 г.
- СПб., 2014.