Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі

 

Ахметжанова Ж.Б., академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Мангишева Үмітжан академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің С-12 тобының студенті

 

Біз қазірде тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Осы тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап өз елін жарқын болашаққа жетелеп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы сынды ұлы көшбасшысы бар Қазақ елі тарихта бұрын-сонды болмаған табыстарға қол жеткізді. Қазіргі таңда біздің еліміз елеулі табыстарға жеткен зайырлы мемлекет. Бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты – экономикасы дамығын, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарынан табылу. «Мәңгілік Қазақстан» осы мақсатқа жеткізген ұлы бастама. ҚР президенті, мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ елі жастарының сауаттылығы мен біліктілігіне баса назар аударды. Білім сапасын көтеруге тапсырмалар жүктеді және де сол жетістіктерге қол жеткізуге көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек» [1]. Елбасы Жолдауында айтылған  осы бір сөздер әрбір саналы азаматтың жанын тебірентері сөзсіз. Ел мен тіл егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі тілі болуы да шарт. Ол мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілді дамытуға жыл сайын милиондаған қаржы бөлінеді. Елбасы өз жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп: «...Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ол – Ана тіліміз. Мәңгілік Елімізбен бірге тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» [1], - деп ой түйді.

Ана тілі халық болып жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі, Ж.Аймауытов айтқандай: «Елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек». Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы оның ана тілі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «...мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Олай болса ана тілімізді – Мәңгілік тіл ету өз қолымызда. Яғни жастарымызды жүйелі түрде тәртіпке салып, тілге деген жанашырлығын ояту жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Балаларымызды тал бесіктен тәрбилеп, жүректеріне патриоттық сезім ұялата білсек, ана тіліміздің болашағына алаңдамасақ та болады. Баланы жастан... демекші, тілдің қасиеттілігін жасынан бойына сіңіріп өскен жеткіншек өзгелерден ерекше болады. Оның Отанға деген сүйіспеншілігі көздеріндегі жалындаған оттан байқалып тұрады. Болашаққа деген ұмтылысы, халқына деген махаббаты оны биік белестерге жетелейді. Дүниедегі барлық асылды жинаса да, теңіздегі маржанды, жер түбінен алтынды қопарып алсаңда қасиетті ана тіліміздің бағасына жетпейді. Алайда осы тілдің қадіріне жетіп жүрген жастарымыз шамалы. Тілдерін орысшаға бұрмалап, соны керемет нәрсе деп ойлап жүрген жеткіншектер жетерлік. Ондай азаматтарға өзге тілді үйренбе, оқыма, сөйлеме дегеннен аулақпыз, үйренсін, сауатты жазып, оқысын, дегенмен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» Қадір Мырзали ағамыз жыр жолдарын, «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген қазақтың мақалын естерінен шығармаса екен деген тілегіміз бар. Мүмкін өз тілінде сөйлеуге қымсынатын шығар, бірақ қазақ балаларының тілдерін бұрмалап, білсе де, білмесе де өзге тілде сөйлеуі жаныма аяздай батады. Осы бір сәтте отбасындағы ер азаматтардың рөлінің жоқтығы қаты білінеді. Яғни, әкенің бір түйген қабағынан қорқатын заман кеткен. Қазіргі әкелер бала тәрбиесіне мүлде араласпайды. Баласына күнде баба тілінің құдіреттілігін ұқтырып отырса, әкені тындамайтын бала жоқ. Мәңгілік елімізде – мәңгілік тілді қалыптастырамыз десек ең алдымен тал бесіктегі тәрбиеден бастасақ екен деп ойлаймын және келешекте солай боларына атсалысамын. Ол тәрбие Зеренің әжеміздің, Ұлжан анамыздың Абайға айтқан қисса-ертегілері, бесік жырлары, Абай атамыздың қара сөздері, Бұқар жыраудың жырлары, ақын-жазушыларымыздың өнегелі поэмаларын айтсам болады. Тіпті Мұқағали Мақатаев айтпақшы:

Ал екінші бақытым – тілім менің

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім... осы өлең жолдарын оқи отыра жан дүниең тебіреніп, тілге деген махаббатың арта түседі. Мәңгілік тілдің болашағы өз қолымызда. Алдына қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін! Жастарымыз білімге құштар болып, тіліміздің қасиетін жоғалтпай, дархан даламыздың жас қырандары биікке самғасын! Мәңгілік елдің – мәңгілік тілінің болашағы зор болғай! Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық!

«Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» [1].

 

Пайдаланылған дереккөздер:

 

1. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму. -2015 жылғы 30 қараша.

2. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік. -2017 жылғы 31 қаңтар