Акмухамедова Сания Ауесхановна

 «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің А. М. Горький атындағы гимназиясы» ММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қостанай қаласы, Қазақстан Республикасы

 

 

Мақал- мәтелдегі сандардың этнолингвистикалық сипаты

 

     Мақал-мәтелдегі сандар символикасы әр түрлі мақсатта танылып, ұлт мәдениетіндегі танымдық рөлі байқалады. Бір саны – бұл белгілі бір бүтіндік, бірлік және өркениеттік, абсолюттік тыныштық, бұл тек Алла мен Ғарышқа тән. Бұған  тіліміздегі: Он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызу. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды», «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» (Абай); «Бір тіл – бір ұлт», «Бір тал кессең он тал ек»; «Бір пайдадан кешкен мың кісіге дос болады»; «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» т.б. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» 

         Екі саны – жұп сан болғандықтан, тұрақтылық, жұптылық символы болып табылады. Және де бинарлық жүйенің негізі болып,не нәрсені қарама –қарсылықта таниды: оң – теріс, әйел – еркек, өмір - өлім, жақсылық –жамандық, алға-артқа т.б. Мысалы: «Екі сиыры бардың майы бітпес, Екі қатыны бардың дауы бітпес»; «Екі торының өзгелігі жоқ, Игі жақсының бөтендігі жоқ»; «Екі жаман  ауыл болмас, ауыл болса да қауым болмас»; «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі сыйлап өтер, Екі жаман қосылса бірін-бірі қинап өтер»; «Екі нар сүйкенсе, ортасында шыбын өледі».

Үш саны - әлемнің үш бірлігін – жоғары, ортаңғы және төменгі -өткенді, қазіргіні, болашақты білдіреді. Үш санының сандық мәнінен айырылуын өмір ағашы – Бәйтеректі мүшелеумен байланыстыра қарастыру керектігін айтады. Демек, үш саны көбінесе ғарыш құрылымының үш әлемімен байланысты.

       Мәдениеттанушы ғалым С. Кенжеахметұлы үш санына қатысты келесі тұжырымдар жасаған: Үш жұрт: Ағайын жұрт. Нағашы жұрт. Қайын жұрт. Үш дауасыз: Мінез. Кәрілік. Ажал. Үш қадірлі: Ырыс. Бақ. Дәулет. Үш жақын: Жан тәтті. Мал тәтті. Жар тәтті. Үш ақиқат: Қымбат – шындық. Арзан - өтірік. Даусыз – кәрілік. Үш қуаныш: Алғыс алу. Өзіңді көптің іздеуі. Ісіңнің өшпеуі. Үш көз: Су анасы – бұлақ. Жол анасы – тұяқ. Сөз анасы – құлақ. Үш тоқтам: Ақыл –арқан, ой - өріс, адам – қазық. Үш қасиет: Өліде – аруақ. Малда – кие. Аста – кепиет.

      «Ер кезегі үшке дейін»Бұл түсінік қазақ салтында айқын көрінеді,мысалы:»Ер кезегі үшке дейін»- деп, әр нәрсенің толу, жетілу уақытын үш санымен таразылайды.Осы уақыт аралығы  бір нәрсенің болу, болмау  нәтижесін көрсетеді: «Үш жұрттың тілін білген өзгеден үш есе  биік тұрады»; «Үш нәрседе ұят жоқ: ұйқыда, күлкіде, тамақта»; «Үш тілсіз жау бар: өрт, сел, ұйқы»; «Үш күннен соң адам көрге де үйренеді»; «Жалғыз ұлы бардың –шығар-шықпас жаны бар, Екі ұлы бардың – ел қатарлы сәні бар. Үш ұлы бардың – Бұхарада бұты бар, Қорасында қолы бар» т.б.

Төрт санының  символикалық мәні қазақ танымында тұрақты бүтінділікті білдіретіні: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді»; «Төрт босағаң төр болсын» деген мақал – мәтелдерден көреміз  .

Төрт түлік: Түйе пірі – Ойсыл қара. Жылқы пірі – Қамбар ата. Сиыр пірі – Зеңгі баба. Қой-ешкі пірі – Шопан ата, Шекшек ата. Төрт мұрат: Дау мұраты – біту. Саудагер мұраты – ұту. Қыз мұраты – кету. Жол мұраты – жету. Төрт мүлік: Бас – сандық. Тіл – кілт. Қол – мүлік. Аяқ – азамат.Төрт қорлық: Шақырылмаған жерге бару. Бейбастақ сөйлеу. Дұшпаннан жәрдем күту. Сараңнан қажет сұрау. Төрт кітап: Тәурат: Мұсаның кітабы. Зәбүр – Дәуіттің кітабы. Інжіл – Исаның кітабы. Құран – Мұхамбеттің кітабы. Төрт – күнә: Аллаға күмән келтіру. Нақақтан қан төгу. Ата-анаға қол тигізу. Өтірік куә болу.Жеті санына байланысты Н.Уәлиұлы: «Жеті ғалам, жеті дүние, жеті жұрт»; «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»дейді қазақ мақалында. Жеті ғалам (дүние, жұрт) қазіргі тілімізде «дүние жүзі» «бүкіл әлем»  дегенді білдіреді. Мұндағы  жетіде  сандық мән жоқ.Әлем туралы өте ерте кездегі мифологиялық түсінігін  бейнелеген. Бұл  түсінік бойынша жеті саны негізгі жеті бағытты білдірген. Олар – дүниенің төрт бұрышы: күншығыс, күнбатыс, түстік, терістік, аспан – жоғарғы ғалам, жер – орта ғалам, жер асты – төменгі ғалам»

      Жеті қазына «байлық көзі, байлық – құт-берекенің бірі» деген мағынаны білдіретіні белгілі.

      Жеті жетекші: Адамның басшысы  - ақыл. Жетекшісі – талап. Жолаушысы – ой. Жолдасы – кәсіп. Қорғаны – сабыр. Қорғаушысы – мінез. Сынаушысы – халық. Жеті шәріп: (Жеті әулие) Меке шәріп. Мәдина шәріп. Бұхар шәріп. Шам шәріп. Қатым шәріп. Құддыс (Мысыр) шәріп. Кәләм шәріп. (Құран)

         Жаңа жылдың алғашқы күнінің сәулесі түсіп, құты құйылып, нұры сіңген қасиетті ас «Наурыз көженің» жеті түрлі тағамнан жасалуы да жеті санының  қасиеттілігімен байланысты. Ол – жақсылықтың, молшылық пен өнімділік, сәттіліктің символы.

       Жетісін беру «өлген кісінің артын күту» мағынасында қолданылады. Қайтыс болған кісіге жеті күн өткен соң, құдайы садақа береді, оны еске алу үшін жұртты жинап, ас береді. Осы ұғым негізінде жеті нан құдайы, жеті тиын садақа фразеологизмдері қалыптасқан. Мысалы: «Жеті атаның жөнін біл, Жеті рудың тілін біл»; «Жеті атасын білмеген – жетесіз, арғы тегін білмеген – тексіз»; «Жеті қарақшы таныған жеті түнде адаспайды»; «Жеті тоқсанда жер мұздайды» деген мақал – мәтелдер бар.

       Қазақтың ұлттық танымыда жеті саны өзінің тура мағынасынан өзге, ауыспалы мағыналарда қолданылып, ғалам құрылымының символы болып табылады.

      Қазақтың танымында тоғызға байланысты біршама түсініктер бар. Мәселен, қазақ қызы тұрмысқа шыққанда бірнеше тоғыздан жасау жасайды. Айталық, тоғыз көрпе, тоғыз қасық, тоғыз кесе т.б. дүниелер жатуы мүмкін.

     Ал жігіт қалыңдығына құда түскенде тұрмыс қажеттілігіне қарайды бірнеше тоғыздан тұратын қалың мал береді. Сондай-ақ, ағайын арасында ірі кикілжің болғанда да кінәлі жаққа бірнеше тоғыздан айып салатын болған. Ал ең бастысы тоғыз санын құрметтеу – адамның  Ана құрсағында тоғыз ай тоғыз күнде қалыптасып, дүниеге келетіңдігінен болса керек. Зерттеушілердің біразы тоғыз санының қасиетін тоғыз қат көкке байланысты десе, екінші бөлігі баланың ана құрсағында уақытқа байланысты дейді.

      Академик І.Кеңесбаев тоғыз лексемасына байланысты былай дейді: «Тоғыз сөзінің қазақтың ескі салтынан орын тепкенін, бір рудың екінші руға, бір кісінің  екінші кісіге төлейтін сыйлығының, кейде айыбынын» «бір тоғыз», «үш тоғыз», «тоғыз тоғыз» болып келуі толық  айқындайды. Қазақтың өте бір сүйіп ойнайтын ойыны «Тоғыз құмалақты» алсақ, оның ойын тәртібінде «ұту» («айып алу»), «ұтылу» («айып тарту», «айып төлеу») мағынасы бар» 

      Яғни, тоғыз саны  қазақтың танымында барлық нәрсенің толыққандығын, баяндылығын көрсетеді.

         Қазақ үшін он үш саны да мағыналы болып саналады: «Бұл сөздерім сені өкпелетуі мүмкін, сүйікті Бөкен!..» Оған «жан» деген сөзді босқа қосып отырған жоқпын. Қазақ қызды «Он үште отау иесі» дейді. Мен қазір он төртке шықтым. Әліде «баламын» дегенмен, он төртте де адам өз болашағын ойлай бастайтын сияқты. Қиссаларға сенсек, адам бесіктен-ақ сүйе бастайтын көрінеді»

       Сан атауларының ішінде қазақ халқы үшін қасиетті сан – қырық.

      «Қырық санының қасиеттілігі де, киелілігі де, баланың ана құрсағында қырық апта болуынан бастау алған»

      Қырық санымен байланысты қазақта  мынадай ырым бар: баланы қырық күннен кейін қырқынан шығарып, қырық қасық суға түсіреді, қайтыс болған адамның қырқын беру. Қырық саны келесі мақал-мәтелдерде  көрініс тапқан: «Қырықтан артық жас жоқ, қымыздан артық ас жоқ», «Қырық қынабынан  алған қылыштай», «Қырқына шыдаған соң, қырық біріне де шыда», «Әйел қырық шырақты», «Қыз қырық жанды», «Жақсы қырығында толады, жаман қырығында солады» т.б.

    Сонымен, ұлт өміріндегі, мәдениетіндегі қасиетті сандар  мақал-мәтелдерде өзіндік символдық мәнге ие.

 

 

 

 

                                                 

                           Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.      Қайдар Ә.  Халық даналығы.- Алматы: Толғанай, 2004. -560 б.

2.      Қанапина С.Ғ. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі

 (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде).Ғылыми монография. Қостанай.ТОО «Центрум»,2010.

3.      Ақбердиева Б.Қ. Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық құрылымдар (Қазақ тілі материалы бойынша). Фил. ғыл. канд. дисс. авторефераты .- Алматы, 2000,- 119б.

4.      Қаирбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Фил. ғыл. канд. дисс. авторефераты.-Алматы, 2004, -138б.

5.      Кенжеахметұлы С. Жеті қазына .1-2 кітап.- Алматы: Ана тілі, 2002.      - 251б.

      6. Қасымова С.К. Сан компонентті мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени негізі. Фил. ғыл. канд. дисс. авторефераты .-Астана.2010,-23б.

      7.Қарсыбекова Ш.П. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді топтастырудың этонолингвистикалық принциптері. Фил. ғыл. канд. дисс. авторефераты -Алматы, 2004.-137б.