Ажарбекова Э.Н.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

 

Т.ӘБДІКОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МЕТОНИМИЯЛЫҚ СӨЗ ҚОЛДАНЫСТАР

 

Қазіргі шығармалардағы тіл мәселесі – ең күрделі проблемелардың бірі. Күрделі ойлар, оқиғалар, ірі теориялар тілдің жаңа қырларын, тосын сырларын жарыққа шығаратыны белгілі. Мәнділік, бейнелілік, мағыналылық   тілдің көркемдік қуатын арттырып, әсерлілігін күшейтеді. Сөздің мақсаты ойыңды жеткізу деп білсек, көркем сөздің негізгі мақсаты – сол ойды әсерлеп жеткізу. Ал әсерлеп жеткізу ойда қалу үшін, ой мен сезімге әсер ету арқылы адамның жан дүниесін байыту үшін қажет.

Тілдің қолдану аясының кеңдігін танытатын құбылыстардың бірі әдебиеттанушыларша троптар, тілтанушыларша сөз мағынасының ауысу жолы деп танылады, ал оның негізгі түрі – метонимия. Көріктеу құралдарының тіліміздегі өнімді қолданатын бір түрі – метонимия (алмастыру). Лингвистикалық әдебиетте метонимияға  берілген анықтамалар мен түсініктемелер әрқилы. Лингвистер метонимияны екі бағытта қарастырған. Бірінші бағыттағылар метонимияны троптар жүйесіне жатқызып, оның семантикалық және стилистикалық  ерекшеліктерін ғана қарастырады.  Екінші бағыттағылар сөз мағыналарының тарихи өзгеруіне байланысты пайда болған деп, метонимияны және метонимиялық қолданыстарды көп мағыналыққа (полисемияға) негізделіп қарастырады. Сол себепті қазақ тіл білімінде метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес. Мәселен І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтың анықтауынша, «бір сөздің орнына екінші бір сөздің ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп аталады»[1, 145]. Академик З.Қабдоловтың тілімен айтсақ, «метонимия (грекше metenymia – қайтадан атау) – өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану» [2, 225]. Ал Қ.Жұмалиев: «Не құбылыстың бір жағы, не аттары алынып, өз мағынасында емес, екінші мағынада араларындағы жақындығымен бірінің орнына екіншісі алмастырылып қолданылса және сол құбылысты түгел көрсете алса, метонимия» – дейді [3,126]. Метонимия (гректің metenymia атын өзгертіп атау мағыналы сөзі) – белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы [4, 146]. Метонимия – әр түрлі заттың бір-біріне қатыстығы негізінде бірінің мағынасын екіншісінің атауымен берілуі [5, 78]. Метонимия – бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың (заттардың не құбылыстардың) өзара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып, ауысуы және осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы [6, 143]. Метонимия грек тілінің – metenymia атын өзгерту, қайта ат қою деген сөзінен, жасалған термин [7, 76]. Қазақ халқының ірі ғалымы, лингвисі, аудармашы, түрколог А.Байтұрсынов метонимия турасында: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту түрі болса, ондай ауысу, алмастыру (яғни метонимия) деп аталады» [8,159] деген ой айтқан. Сонымен ғалымдардың бәрі дерлік өзара ұқсастық пен жақындық негізінде бір заттың орнына екінші затты немесе құбылысты алмастырып айтуды метонимияға жатқызады. Заттың я құбылыстың тек бір жағын, иә болмаса бөлшегін атай отырып, ойдағы затты түгелімен елестету де осы алмастырып айту әдісіне саяды. Әр алуан қағиданың тоқайласатын, олардың бір-бірімен тоғысатын жері осы – алмастырып айту. Яғни, метонимияның  өзге троп түрлерінен, басқа сөздерден негізгі айырмашылығы да, өзгешелігі де осы. Ахмет Байтұрсыновтың «метонимия» деген терминді «алмастыру» деп қазақшалауы осы негізгі өзгешелікті тап басады. Сонымен, мәндік, мекендік, мезгілдік, түр-түстік жағынан бір-біріне бүтіндей немесе бөлшектей жақындығы бар екі заттың я құбылыстың бөлшегі орнына бүтінін алмастырып айтуды метонимия дейміз.

Көркем шығарма тілінде ақын-жазушылардың сөз құбылтуларынан метонимиялық қолданыстарды көптеп кездестіреміз. Олар метонимияны орынды жұмсай отырып, кейіпкерлерін сомдайды, мінез-құлықтарын ашады, табиғатты суреттейді, шиленіске толы оқиғаларды жасайды.

Сондай жазушылардың бірі – Т.Әбдіков өз шығармаларында метонимияларды түрлі мақсатта қолданған.

1. Тұрмыс тіршілікті көрсету мақсатында:

Ойға барып кел, Қапсаттардың үй ішінің амандығын біл. Бұл мысалда «үй іші» деген метонимия, үйдің өзі емес, сол үйде тұратын адамдар екені өзінен-өзі түсінікті. Талып барып, ұйықтап кетсем керек, таңертеңгі шайды алдыға алып жатқан кезде тұрдым. Бұл берілген мысалда «алдыға алып» деген метонимия. Ол шайды ішіп жатқан деген мағынаны үстеп тұр. Автор бұл жердегі ойындағы бірер сөзді айтпай-ақ, ол сөзді екінші бір сөз мағынасына сыйыстырып жіберген. – Әне, әне, деді Қаби басын шайқай күліп, өзі өлейін деп жатып, тілімен біреуді шағып жатады. Осы сөйлемдегі «тілімен шағып жатады» деген тіркес метонимия болып тұр. Бұл жерде шынымен адам тілімен шаға алады деген мағынада емес, хәл үстінде жатса да, басқа адамдарға тиісті жауабын қайыру мағынасында. Артынан тағы да қазан қайнады. Бұл сөйлемде «қазан қайнады» деген метонимия. Негізінен алғанда, қазан қайнамайды. Ал осы мысалда ол қазан ішіндегі ас қайнады мағынасында жұмсалып тұр. Метонимия туралы Әмеди Хасенов былай дейді: «Метонимия – белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының реальді байланыстылығына қарай алмастыру амалы». Осы пікірге жоғарыда берілген мысалдар дәлел бола алатынын байқаймыз.

2. Кейіпкерді мінездеуде метонимияларды ұтымды пайдаланған. Мысалы, Жуан қарынсекем алып қалды. Дүйсенге қарап бірдеңе деп шүлдірлеп жатыр. «Жуан қарын» тіркесін жазушы кейіпкер бейнесін ашуда қолданған.

3. Әбдіков Т. кейіпкердің портретін жасауда да метонимияларды ұтымды қолдана алған. Мысалы, Мұртты қара айыбынан ақталып шығып, алғашқы абыройын қайтып алғандай көтеріліңкіреп отырып, баяғыда бір патшаның әкесіне тамды құлдарына салдырғанын, бірақ о дүниеде әкесінің тамы мойнына қарыз болып мінгенін, біреудің қолымен салынған топырақ топырақ салдыға есептелмейтінін айтты.

4. Автор шығармаларында метонимияны сөздегі айтылатын ұғымдардың әсерлілігін арттыру мақсатында қолданған. «Күн еңкейген шақта жолдың шетінде шашылған адамның сүйегін көрдім. Берілген мысалда «күн еңкейген» деген тіркес «күн батқан» деген тіркеспен алмастырылып тұр.

Метонимиялы қолданыстың басты-басты түрлері мынадай болып келеді:

1)  Шығарманың орнына авторын керісінше ауыстырып айту: Мысалы, Зұлымдықты, өлімді, қара түнекті мадақтап жырға қосқан Бодлерді оқып жатырмын деп тамсанады (Т.Әбдіков «Парасат майданы», 53 бет). 

2)  Киімді немесе кез-келген дене мүшесін оның иесімен алмастырып айту: Мысалы, Біздің жалпақ бастарға өнеге болсын, айта отыр, деді Дүйсенге қарап (Т.Әбдіков «Әке», 90 бет). Сөзіме құлақ салғандар болды (Т.Әбдіков «Әке», 74 бет).

3)  Жеке бір топтың, ұйым мен мекеменің немесе белгілі бір жалқы нәрсенің орнына жалпы атауларды немесе керісінше алмастырып айту: Мысалы, Өзеннен өткен соң мектеп тиіп тұр (Т.Әбдіков «Оралу», 139 бет). Артынан су қайтқан кезде бүкіл ауыл болып, көл жағасына қайта көшіп келдік (Т.Әбдіков «Әке», 97 бет). Ауылнай ақырып, бет қаратпайды (Т.Әбдіков «Әке», 84 бет).

4)  Заттың немесе жанды нәрсенің атын жекелей түр-түстік  қасиеттерімен алмастырып айту: Жол маңында көзге ілігер қара жоқ (Т.Әбдіков «Әке», 87 бет).

5)  Заттың, жанды  нәрселердің мөлшерлік, мезгілдік өлшеулерін белгілі бір сандармен алмастырып айту: Жиырма шақты үй болып дәл осылай көл жағасына қаз-қатар қону шағын ауылдың жыл сайын айнымайтын дағдысы (Т.Әбдіков «Әке», 67 бет).

6)  Заттың, нәрсенің атымен оның құрамындағы нәрселерді алмастырып айту: Кенет осыдан жарты жыл бұрын соғысқа кеткен жалғыз баласынан қара қағаз келген Жәнібек шал кемсеңдеген күйі, өз тізесін өзі ұрып қалды (Т.Әбдіков «Әке», 102 бет). Бұл жерде «қара қағаз» тіркесі «қаралы хабар» мағынасында жұмсалып тұр.

Метонимия қолданыс аясы аталған түрлермен ғана шектелмейді. Автордың, сөйлеушінің шеберлігі мен тапқырлығына орай ол сан қилы түрленіп отырады. Ол түрленіс, әсіресе өзіндік метонимияларға байланысты қисапсыз мол. Жалпы алғанда, қазақ тіліндегі метонимиялық құбылыс басқа тілдердегі метонимиялық құбылыспен мәндес, ұқсас келеді. Сондықтан басқа тілдерде жасалған метонимия қазақ тілінде де метонимия болып енеді. Сол арқылы да тіліміз байи түседі.

Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуына көп жағдайда метонимиялық қолданыстар  себепкер болады және бұл құбылыс полисемиямен тығыз байланысты.  Мәселен, «құлақ» сөзінің алғашқы мағынасы – адамның есту мүшесі. Келе-келе ол түрлі жаңа мағынада қолданыла бастады: қазанның құлағы, есіктің құлағы, домбыраның құлағы т.б. Екінші сөзбен айтсақ, мағынасы кеңейіп, полисемияға айналды.  Мысалы, Сөзіме құлақ салғандар болды (Т. Әбдіков «Әке», 74 бет).  «Құлақ салғандар» бұл жерде ауыспалы мағынада, яғни «адамдар» деген ұғымды алмастырып тұрған метонимия. Сөз мағынасы  кеңейгенде, алдымен сол сөзді білдіретін ұғымның, атаудың мәні кеңейеді. Сөздердің мағынасының метонимия арқылы кеңеюін аңғарамыз. Сөздердің мағынасының метонимия арқылы кеңеюі көпмағыналылықпен, омонимдік қолданыстармен өте тығыз әрі іргелес мағынада жүзеге асады. Сондықтан бұл құбылыстарды үнемі бір-бірімен байланыстыра қараған дұрыс. Кейде бұлардың арасында үзілді-кесілді шек қоюдың өзі қиынға түседі. Бұл жағдай қазақ тілінің күрделілігін, тереңдігін дәлелдей түседі. Сөздің мағыналық жақтан даму, қосымша жаңа мән-мағыналарға ие  болуы синонимдік қатарлардың жасалуына әсер етеді.  Осыдан көп мағыналы сөздер мен синонимдердің қарым-қатынасы, өзара байланысы келіп туады.  Полисемия құбылысы мен синонимия құбылысы өзара тығыз байланысты болумен бірге, тілде мәнерлеуші, бейнелеуші қызмет атқарады.

Тұрақты  сөз тіркестері арқылы да күрделі метонимиялар жасалады. Мысалы, Амалсыз бармағын тістеп отырып қалды (Т.Әбдіков «Ақиқат», 195 бет). Бірақ өзінің де шақшадай басы шарадай болды (Т.Әбдіков «Әке», 77 бет). Бұл жерде «бармағын тістеу» тіркесі, адамның алдануы мағынасында тұрса, ал «шақша басының шарадай» болуы, адамның мазасыздыққа тап болғанын, яғни көңіл-күйін айтып тұр.

Метонимия ойда сақталып тұрған бірер сөзді айтпай-ақ, оны екінші бір сөздің мағынасына сыйыстырып жібереді. Ондайда екі немесе одан да көп сөздің  мағынасы – бір-ақ сөзден аңғарылады. Мысалы, – Е-е, шырағым, ат-көлік аман ба? (Т.Әбдіков «Оралу», 159 бет). Бұл жерде үй іші, мал-жан амандығын жинақтап айтқан метонимия. Әлі есінде, кешкілік қыз-келіншектердің көзінше алтыбақан сыртынан келіп, ат үстінен «Жеңеше» әніне бір салған еді-ау (Т.Әбдіков «Қонақтар», 301 бет). Дәм-тұз таусылып тұрса, оған кім араша бола алады? – деді әйелі тағдырдың бұйрығына келіскен бір үнмен (Т.Әбдіков «Қайырсыз жұма», 297 бет).

Түйіндей келгенде, тілдің көркемдік құнын көтеруде метонимия жолымен сөзді ауыспалы мағынада мол пайдаланудың мәні айрықша. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән қолдану ерекшеліктері бар. Жазушы қолданған тілдік тәсіл ойды бейнелі жеткізумне бірге даралық қолтаңбасын анықтайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Мектеп, 1962. – 255 б.

2. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат,2007. – 360 б.

3. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы: Мектеп, 1969. – 224 б.

4. Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы: Санат, 2003. – 416 б.

5. Оралбаева Н., Мадина Ғ., Әбілқаев А. Қазақ тілі. – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 336 б.

6. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 2002. – 664 б.

7. Жүсіпова М. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы: Санат, 2008. – 274 б.

8. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989. – 318 б.