Родной язык и литература                                                                  

                                                                                        Балтабаева Г.С.

                                                                                       ҚазМемЖенПУ

 

Қазіргі қазақ әңгімесінің көркем антропологиялық ерекшеліктері

Көркем антропология    төл әдебиетіміздің аз зерттелген саласы болып табылғанымен, оны өнертанудағы  тіптен жаңа бағыт деп санауға болмайды. Өйткені ол жеке өнердің теориясы мен дағдысын зерттеуде  антропологиялық  ғылымның  жетістіктерін  жинақтайды. Көркем антропология өнертанудың басқа бағыттарымен тығыз байланысты болғанымен, әдебиет теориясының жеке бір бағыты ретінде де қарастыруға болады.Атап айтар болсақ,  тарихи және теориялық поэтиканың –  теориялық поэтика мен сюжетологиялық, характерологиялық, стилистикалық ауқымын саралауда көркем антропологияның орны бөлек екенін атап өту қажет.

Көркем антропологияны зерттеу, әр кезеңдегі әдеби процесстегі жазушылар шығармашылығындағы антропологиялық образдарды айырып қарау әдебиеттегі адам бейнесін тарихи, типологиялық, салыстырмалы-салғастырмалы  аспекте   танып-білуге  мүмкіндік береді.

Гүлзат Шойбекованың «Бұрым»  әңгімесі  шап-шағын,  бар-жоғы  екі-ақ  беттік әңгіме. Әдемілікті  қадірлей де, әдемілікке  сүйсіне де  білетін қазақ –  қос өрім, тілерсекке түскен бұрымды көргенде үлкен-кішіміздің, еркек-әйеліміздің  бәріміздің  таңданып, сүйініп  еріксіз көзімізбен қимай шығарып  салатынымыз да  рас қой. Шаш – әйел  көркі. Бұрымды қыз бүгінгі  ұрпақтың арасынан  қырық  қаздың  ішіндегі  жалғыз аққудай некен-саяқ.

Жалпы  қазақ халқы  адамның  шашына  үлкен  мән берген. Қай  халық та, қай  ұлт та болмасын  аяғы  ауыр  болған  күннен бастап шашын қырықпай өсіретін аналардың  ырымын жақсы  білеміз. «Шашымды  қырықсам, болашақ баламның  өмірін  қырққаным» деп қорқатын ана танымы қаншама уақыт, қаншама техника  ғасыры  келсе де  еш  өзгерген жоқ. Урбанизация, глоболизация ,  феминизм, гендерлік  деп  желпінетін, неге болса да даяр  тұрған, жаңаның  бәрін қабылдауға, еліктеуге даяр  тұратын біздің  әйелдік  санамыз аяғымыз  ауыр болған  кезде шаш  қырқпауға  келгенде тым  тұрақтымыз. Мейілі  ол белгілі қоғам  қайраткері, атақты өнер  жұлдызы, тіпті қатардағы әйел, кешегі мектеп қабырғасынан  шыққан  жас ана болса да өздерінің  жас ерекшеліктеріне қарамастан өз  ұстанымдарына  тым беріктігіне таң  қаласыз. Қысқа шаш  қиюдың  себебін жас көрінеміз,  заман талабына, сәндік  сұранысқа сай және  ыңғайлы деп  сылтаурататын әйелдер  қауымы аяғы ауыр кезде тым  көнбіс,  өз  еркімен және саналы  түрде көнгіш.  Бұл да  болса ананың  баласының  алдындағы  асқан  жауапкершілігінде, құдіретттілігінде жатқан шығар. Ауа райындай құбылмалы  әйел  психологиясының осы  мәселедегі  тұрақтылығына  таң  қаласыз.

Сәби  дүниеге келгеннен кейін, оның  қарын  шашын ырымдап қолы-жолы  жеңіл болсын деп  сыйлы  адамға  алдырған және ол шашты адам аяғы  баспайтын  зәулім ағаштың  түбіне немесе  таудың  ұшар басына  көмген. Зәулім ағаштан, тау  басында аспан  тәңіріне  жақын жатқан  шаш айдың  сәулесінен,  күннің шуағынан күш-қуат алып,  иесінің  жолын ашады деп сенген.

Автор  шағын әңгімесін:

«Бұрымыңды  кескенің – ақылыңды  кескенің», – деді әкесі.

«Бұрымыңды  кескенің – өмір жолыңды кескенің», – деді  анасы.

«Бұрымыңды  кескенің – жаңа  өмірге келгенің», –  деді құрбысы

«Осы  үшеуінің  қайсысы әулие» деп  ойлады ол». (1.) деп бастайды. Жазушы  кейіпкерінің түн баласына бұрымынан қорлық көріп, кірпік ілмей шығатынын, қылқындыра тұншықтырып шошып оянатынын баяндайды.

Бұрымды  қыздың  жан  арпалысы мына  күрделі  тіршілікте қайтсем, адамдарға соның ішінде  туғандарына, тіпті өзіне  зиянын  тигізбей  бұрымынан  құтылсам деген ой. Оның шашын  қимақшы  болғанын  әркім әр қалай түсініп, сол  түсінігіне орай  өз пайымдауларын  қыз санасына  сіңіріп  әлек. Сондықтан да өз-өзіне сенімсіз, тіпті  айналасындағы  адамдардың  айтқанынын  қайсысы  дұрыс, қайсысы бұрыс екенін де ажырата  алмай  ойы сан-саққа  кетіп  басы  қатып  жүрседе  сырт көзге  біртоға көрінетін кейіпкер  болмысының қалыпты  күй-қалының өзі – жан мазасыздығы. Әңгіме  адам жанының, тақырыпқа орай бұрсақ,  әйел жанының дисгармониясы, оның арман-мұраты мен  қимыл-қаракетінің  дисгармониясы  неден басталған деген сауал  төңірегінде ой  тастайды.

Гүлзат Шойбекованың «Бұрым» әңгімесіндегі қазіргі  қазақ  қызының типтік  моделі  өзгешелеу болып келеді. Жазушы  бүгінгі  әйел тағдырын ой  өзегі ете отырып, уақыттың өзі тудырған бұл модельдің жан дисгормониясына үңіледі де, бүгінгі ұлттық таным шындығын мегзейді. Рухани  тәуелсіздігін тәңір тұтқан, бұрымы –  өмірінің  мәніне айналған сезімтал жанның  тағдырына, көңіл-күй амплитудаларына  автор  еріксіз  көңіл  тоқтаттырады.

Суреткердің алып отырған  көркемдік  деталі ұтымды шыққан. Бұрым – деталь қызметін  атқарғанмен, символға  айналып отыр.

Бұрым – қазақ әйелінің сұлулығының, ұлттық бет-бейнесінің, танымының  белгісі  іспетті.Шаштың  құдіреті  неде сонда? Фольклорлық  туындыларымызда қазақ  қызының архетипі жыр-дастандарда, өлеңде өшпес  этнографиялық таңба  болып  асқақ  бейнеленген.Фольклорда  қазақ  әйелінің асқан салтанаты, керім кербездігі өз көркемдігімен  кеңінен орын  алған.

«Ер Тарғын» жырындағы:

 «...Бұқар барсаң қолаң  бар,

Қолаңды  көр де шашым көр.»(2.)

«Тал  бойының міні жоқ, қолаң  шашты,

 Шашының ұзындығы  ізін басты.» (Қозы Көрпеш – Баян сұлу.226-б.,)

Бүгінгі таңда  әйел затының  жан  дүниесінің, психологиясының, тіпті  сыртқы түр-тұлғасының  өзгеруі  заман  ағымынан туындап отыр.  Жазушы адам бойындағы әлеуметтік, психологиялық  өзгерістердің  уақыт пен заман дамуынан туындап отыратынын да естен шығармайды. Құрбысының       «Бұрымыңды  кескенің – жаңа өмірге келгенің», – дегені де сондықтан  шығар.

 «Ата-анаңа рахмет !» – деді көрген қарттар.

 «Қарындас,  танысайық» – деді жігіттер.

 «Қай заманнан келдің?»  – деді құрбы қыздар.

  «Осы  үшеуінің қайсысының сөзі шын»  деп  ойлады ол балгерге бара жатып.

 Бәрінікі де дұрыс, – деді балгер, – бірақ кеспегенің жөн. Кімге кестірсең соның  тағдыры сенің басында қайталанбақ. Егер кесе қалсаң оны адам баласының  табаны  тимейтін жерге жерлеуге тиістісің. Өйткені, ол – анаңның құрсағынан бірге келе жатқан жолдасың, қарын-шашың» деп жазушы  қазіргі зымыран уақыт, жаппай урбанизация әйел жанына дақ түсірмесе екен деп; қоғамдық қарым-қатынастардың, әлеуметтік ахуалымыздың көптеген көлеңкелі жақтарынан туындайтын біртұтас проблемалар жағдайында тұрмыс-тіршілігінің оңай еместігіне қарамастан әйел қашанда әйелдік қаситінен, төл табиғатынан ажырамаса екен деп алаңдайтындай.Біздіңше, өз дүниетанымында, мінез болмысында лирик-романтик жазушының бұл әңгімесінде өмір-болмыс бейнесі авторлық «менімен» үндесіп, әрі қым-қуыт қақтығыстарға түсе бейнеленеді. Оның кейіпкері сырт қарағанда төрт  құбыласы тең көрінгенімен, жан дауасын таппай жүрген жан.  Автор-кейіпкердің  жалғыздығы бір өлшемге сыймайды. Бұл орайда жан жалғыздығы деген ұғым  турасында ой қозғаған орынды. Жазушы  ұғымында  Бұрымды қыздың жалғыздығы, жан жалғыздығы деген тым күрделі  нәрсе. Жалғыздық әрә тек демографиялық себептерден туындап отырған проблема емес, жеке адамның,  индивидуумның өзіне де тікелей  байланысты жайт. Тең құрбыларының алды болып, өз ерекшелігі өзінде  іштей жүдеп-жадаған Бұрымды  қыздың мұңайатын мұңы да өзгеше. Сырт  жұртқа  таңсық көрінетін  бұрымынан  құтыла алмай  әлек.  әрбір түні өз бұрымынан өзі үрейленген азапты өзінен басқа адам баласы  білмейді де түсінбейді. Сұңғыла қыз  ешкімнің тағдырын  қайталағысы да, біреуге кестіріп өзге  жанды  бұрымының наласына қалдырғысы да келмейді. Іштен тынып,  жан далбаса күй кешкен  кейіпкерінің  рухани әлемін,  сезім сергелдеңін, жан жалғыздығынның психологиялық астарын ашуға автор барын салғандай. Жазушы кейіпкері ақылы, білімі, көркі  ешкімнен кем емес Бұрымды қыз – тұрмыс тауқыметінен гөрі жан жалғыздығынан жүдеп жүрген  жан. Ол осы бір  өзіне ғана мәлім, өзіне  ғана көрінетін, өзі  ғана  білетін  қапасты  бұзғысы келеді. Бірақ  бұза алмайды. Себебі неде? Ол неге жарым көңіл? Оған не жетіспейді?

Ол соңғы рет айна алдында  бұрымын  желке тұсынан шорт кеспекші болғанында бұрымы әлде қоштасқандай, әлде күрсінгендей  қолына ырық бермей бұлғақтап  кетті дейді автор.  Бұрымды қыз жылап отырып, өзінің бұрымын қимайтынын түсінгенін кейіпкерінің жан-сезімі арқылы жазушы  шебер бере білген.

Г.Шойбекова адам жанының тазалық, адамдық, адамгершілік бұлақ  бастауын драмалық шағын ситуацияларда ашуға бейім. Ол бұл туындысында мораль  тақырыбына батыл  барады, өзінше түйін  жасауға талпынады. Әсіресе, әйел тағдырына,  әйелдің жан дүниесіне, сезім  иірімдеріне,  әйел және  әлеуметтік орта  байланысына көп  үңіледі,  бұл ретте айтар  ойы да  жоқ емес.

«Бұрымын кескен күні  әкесінің бұл өмірмен  қоштасатынын;

Бұрымын кескен күні  жолында тек сәтсіздіктер басталатынын;

Ешкімнің алғыс айтпайтынын;

Айналасында тек қана шуласқан құрбы қыздар  қалатынын; бәрін-бәрін көрді.

Ол ұзақ ойға шомып отырып, осылардың ішінде ең қадірлісі әкесі екенін жақсы түсінді.  Түсінді де  әкесінің бір күн де болса өмірін ұзартқысы келіп аласұрған көңілін басып, төсегіне жантайды» деп аяқталады. Өмірі қиындау,  жан азабы молдау Бұрымды қыздың  жан азабынан қалай  құтылудың амалын таппай шарқ ұрған, тағдырына мойын  ұсынған  автор-кейіпкерінің өмірінің шындығын ішкі жан дүниесін  қазбалай  отырып  ден қойғызады. Әрі ата—анаға деген  сенім-құрметін өз  жан азабынынан, болашағынан жоғары қойып  отырған қыздың сұңғыла сезімталдығын аңдатады. Жап-жас қыздың бойындағы адамгершілік қажыр-күш туып-өскен отбасынан, ұлттық дәстүр әліппесінен бастау алған. Абай «Ойлы  жанға бақыт жоқ бұл жалғанда» дегенде үй-ішілік, аз ғана  топтың бақытын айтпаған болар. Тағдыр  тәкегінен қорқып емес,  әке қабағына қарап  құрақ ұшатын, өйткені бақыт дегеніміз – айналадағы адамдардың жарқын жүзі, қуанышы екенін бұлжымас қағида етіп өскен  Бұрымды  қыздың  шыдамдылығына,  төзіміне  иланасыз.

Өз таным-түсінігі, өз шындығы бар  бұл кейіпкер алғашқы планға өзін  қояды. Яғни дүниедегі  өз тағдырының  ең негізгі нүктесі де, тағдырының  түйіншегін шешуші де – бұрымды қыздың өзі. Бұл шығармада кейіпкер мен автор позициясы үнемі бір жерден шығып отырады да, автор өмірдің өміршеңдігін, былайша  айтқанда өмірдің қарапайым заңдылықтарын ескере бермейтіндей.

Автор-кейіпкер өз  басындағы  оқиғаны жай қадағалап жеткізіп беруші сияқты  көрінеді де, қорытынды-түйінді оқырманның еншісіне қалдырады.

Жазушы  бұрымды  қыздың  санасындағы  эволюцияны, оның  жан  сұлулығын, сұңғылалығын, жан  жарасымының  күрделі  психологиясын тап  басуға  ұмтылған. Автордың  айтпағы әр  әйел  заты шашын  қияр  алдында өз  кейіпкеріндей  қиналып, өз  тағдырына жауапкершілікпен  қарайтын  болса, Бұрымды қыздардың  қатары   көбейген болар еді  деген ой.

 

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Шойбекова Г.Өмір сүру ережесі. Алматы, Құс жолы. 12-б.)

2. Ер Тарғын.Қазақ халқының ауыз  әдебиеті.Хрестоматия.Құрастырған М.Ғабдуллин. Алматы, 1959ж.173-9-б, –346б)