Темірбаева Бибіғайша

Алматы

АҚЫН Ж.СМАҚОВ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ  ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ДӘСТҮР

 

         Балалар поэзиясының көрнекті өкілі Ж.Смақов шығармашылығын  зерделеп, бүгінгі жас ұрпақ үшін қаншалықты рухани қажеттілігі барлығын екшеп көрсету, уақыт талабы. Себебі ХХ ғасырдың отызыншы жылдары дүниеге келген ақын ауылда ер жетіп, білім алып, сол кездегі көне көз қариялардың ғибратты әңгімелерін тыңдап өскен сұңғыла азамат еді. Сахара сырын, елдің ескілікті әңгімесі мен қисса жырларын тыңдап өскен бозбала, кейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқи жүріп, нағыз сөз өнерінің майталманына айналды.

Балаларға арналған өлең-жырларында ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерінің жарқырай көрінуі де ақынның осындай тағдыр жолымен байланысты болса керек. Бар жоғы қырық екі жыл ғұмыр кешкен талантты ақынның бүкіл саналы ғұмыры Кеңес заманының нағыз дүрілдеп тұрған шағымен тұстас болды. Солай бола тұрса да ақын өз шығармашылығын таза ұлттық сипатта, қазақы мінезге құра білді. Ақынның кез-келген өлеңін оқи жөнелсеңіз, көшпелі қазақ ауылына еніп кеткендей әсерге бөленесіз. Жас өркеннің ұғымына сай жазылса да сол өлеңдерді оқыған жасамыс адамдардың өзі бағзы дәуірдегі бабалар дәстүрінің жарқын,қамсыз суреттерін көз алдынанан өткізері сөзсіз. Сөзіміз дәлелді болу үшін ауыз әдебиетінің тамаша үлгісі «Түйе-түйе» атты өлеңді оқып көрелік.

«- Түйе-түйе, түйелер,

Тұзың қайда түйелер?

-Балқан таудың басында,

Балдыр қоян қасында,

Еніп кеттім егіске,

Қойным толды жеміске

Жемісім жерге төгілді,

Жер жуасын берді

Жуасын қойға бердім,

Қой қозысын берді.

Қозысын қонаққа бердім,

Қонақ қамшысын берді.

Қамшысын қызға бердім,

Қыз түймесін берді...» [1-26]

Фольклор үлгісіндегі осы жыр ақын Ж.Смақов поэзиясында былайша сабақталады.

«Елпең, елпең, елпілдек,

Сақал шашы желкілдеп,

Айқай салды бір мықты,

Айдар басы селкілдеп.

 

Ауылдың тұрды шалдары,

Өріске шықты малдары.

Қойшы қойын өргізді

Кең жазыққа жондағы» [2-44]

         Қызыл империяның боданы болып, коммунистік идеологияның сойылын соғып, сөзін сөйлейтін кеңестік заманда дәл осындай ұлттық ұғымға тән, таза фольклорлық шығарманы дүниеге әкелу ақынның азаматтық ұстанымының қандай бағытта болғандығын танытса керек.

         «Қазақ балалар поэзиясының көркемдік тамыры ұлттық мәдениеттен желі тартып жатқандығы халықтық фольклор, ежелгі әдеби мұралар,хандық дәуірлердегі жыраулар мен ақындар поэзиясынан айқын танылатын ішкі мазмұн үндестігі, идеялық сабақтастық мәселелері негізінде айқындалады», [3-7] – деп жазған ғалым А.Әлтай пікірі де біздің жоғарыдағы ойымызды қуаттай түседі.

«Ленин ата, біз ұлан,

Сенен туған шатты өмір

Сенің нұрлы шұғылаң

Бізге әперген жақсы өмір», - деп жас ұрпақтың санасына коммунистік идеологияның «сәулесін» құйуға тырысқан заманда ақын Ж.Смақов өз шығармашылығы арқылы балғын бөбектерге ұлттық дәстүр-салттың нышандарын сыналап кіргізуге әрекеттенді.

         Ақынның бұл әрекеті нәтижесіз де болған жоқ. Ж.Смақов қаламынан туған «Қозы», «Бөрте лақ», «Ақ бұзау», «Торы тай», «Әтеш» сияқты танымды  өлеңдері жас өркенді ұлттық болмысты танып білуге тәрбиеледі. Мәселен, ауыз әдебиетіндегі «Төлді қалай шақырады» атты өлең тек танымдық сипатты ғана емес сондай-ақ тарихи тағылым тұрғысынанада өте мағыналы туынды.

«... Жолға шықсам, көлігім,

Жапанда жүрсем серігім,

Қамбар ата өсірген

Құлыным менің, қайдасың? [1-29]», -

Ал, ақын Ж.Смақов поэзиясындағы «Торы тай» өлеңі осы дәстүрді былайша жалғастырады.

«Тайымды жақсы көремін,

Арпа, сұлы беремін.

Күтемін, баптап қараймын,

Жалын талдап тараймын.

Құйрығын шорт түйемін,

Сөйтіп ерттеп мінемін.

Бәйгіге шығып шабамын.

Жүлдені озып аламын» [2-44]

         Қазақ үшін жылқы малының қаншалықты қасиетті болғандығын жас оқырман ақынның осынау жыр-жолдарынан жақсы түйсінсе керекті.

         Ж.Смақов поэзиясының негізгі арқауы төрт түлік малды танып-білуге, олардың халық тұрмысындағы қажеттілігін баса көрсетуімен ерекшеленеді. Қазақ балалар ақындарының көпшілігінде кездесетін осы ерекшелік туралы ғалым С.Қирабаев былай деп жазады: «Балалар үшін қызықты өлеңдердің бір қатары төрт түлік мал жайлы. Көшпелі тұрмысы малмен байланысты болған халық балаларды жыр арқылы мал түліктерінің түрлерімен таныстырған. Оларда әр малдың өзіне тән өзгешеліктері сипатталады. Мұндай жырлар бала ұғымын кеңейтуде де, мал шаруашылығын кәсіп етудің пайдасын ұғындыруда да едәуір маңызды». [1-7]

         Әдебиет әлемінде балалар шығармашылығымен айналысатын қаламгерлер туралы кейде үстірт пікірлер айтылып, олардың ақындық, жазушылық қабылеттеріне жеңілдеу қарайтын тенденциялар бар. Бұл өте қате пікір. Балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш.Ахметов: «Балалар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері жасөспірімдерге не жазатындықта емес, қалай жазатындығында болу керек. Балалар үшін ең терең, ең мазмұнды қиын проблемалар жайында да жаза беруге болады. Бірақ соның өзі бала талғамына, түсінуіне, білім алуына. болашағына бағыт сілтеуге үйлесімді, икемді болуы тиіс»,- [4-105] деп жазған еді. Бұл жерде ғалым Ш.Ахметов шығарманың бала талғамына, түсінуіне сай болу керектігін бекерге айтып отырған жоқ.

         Автор санасындағы толғағы жеткен ойды немесе суретті ақ қағазға бедерлеуші жазушының тілі, сөзі, бір сөзбен айтқанда жазу стилі екендігі белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда ақын Ж.Смақов шығармашылығы өте сәтті жазылған деп айтуға толық негіз бар. Бала психологиясы ең алғаш көру арқылы қалыптаса отырып, сезіну, ұғыну сатыларына көтерілері сөзсіз. Ж.Смақовтың «Аңшы» атты өлеңі сөзбен өрілген сурет сынды әсер береді.

 

«Демін аздап басты да,

Тездетіп аңшы басты алға.

Қасқыр сезіп қашты ма,

Ізі кірді жас талға.

 

Тазысы исін білсе еді,

Ол да кірді тоғайға.

Қалтырап кетті тірсегі,

Қасқыр алу оңай ма!

 

Иіліп тұрған бір түп тал,

Сілкініп қалып, қар септі.

Ал тездет, аңшы...

Мылтық ал!

Мылтығы сол кез тарс етті...» [2-57]

         Мұндай оқиғалы суреттеулер ақынның «Аю қалай ұйықтайды», «Глобус алдында», «Парашютистер әні», «Әкелдік шыршаны», «Кездесу» атты өлеңдерінде өте әсерлі беріледі. Ақынның тілдік қуаты мен сөз байлығы туралы «Қазақ совет балалар жазушылары» атты кітапта орынды пікірлер келтіріледі. «Өзі бір кезде ауыз дәмін алған ауыз әдебиеті ақынның өлең жырын қанаттандырар рух, нәрлендірер бұлақ секілді. Ауыз әдебиетінің асыл үлгілері ақынның өлеңінің формасы, тілдік байлығы, буын, ырғағына дейін ықпал етіпті. Және соның баршасын ақын қайырлап, кемерлеп қалудан аман, творчестволық тұрғыдан игерген». [5-44]

         Қандайда бір рухани шығармашылық сала болмасын оның негізгі өзегі адамзат баласын ізгілікке, адалдыққа баулитын тағылымдық тұрғыда өрбитіндігі белгілі. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - деген халық даналығы да жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, өнегелі, парасатты болып өсуін меңзесе керек. Еркелік есерлікке, балалық шалалыққа ұласпауын халқымыз әр кез ескертіп, ұрпағына ұлағатты сөз қалдырып отырған. «Жақсы бала – қызық, Жаман бала күйік», «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Әдепті бала – арлы бала, Әдепсіз бала – сорлы бала» т.б. мақал-мәтелдер «баланы жастан» деген халық қағидасының тәрбиелік-тағылымдық мәнін аңғартса керек.

         Жас өркен бойындағы жат қылықтарда боямасыз көрсетіп, әдепсіздіктен аулақ болуға шақырған өнегелі өлең жолдарын Ж.Смақов поэзиясынан анық байқауға болады. Мысалы: «Өтірікші», «Асан мен күшік», «Момын»,  «Футболшы», «Әуесқойдың әлегі», «Ләңгіші» атты өлеңдер топтамасы әдепсіз қылықтарды әшкерлей отырып, балаларды жаман істерден аулақ болуға шақырады

«Өтірікші»

«Ойыннан қалмайды,

Сабаққа бармайды.

Сонда бұл балалар,

Кімді өзі алдайды» [2-96]

немесе  «Асан мен күшік» өлеңінде

«... Асан неткен шатақ, ә!

«Айт!» - деп қосты апаға.

Айтақтап жүріп күшікті,

Құлағын оның үсітті». [2-96]

         Осы мағынадағы өлең үлгілерінен жас оқырманның сабақ алып, өзін-өзі тәрбиелеуге талпынары сөзсіз. Мұның өзі ақын шығармашылығының өмірмен етене жақын дүние екендігін таныта түседі. Бұл туралы ғалымдарымыз мынадай тұжырымдар келтіреді. «Өмірлік тәжірибесі жинақталған үлкендерге қарағанда, бала психикасының өзіндік ерекшеліктері бар. Әлеуметтік қарым-қатынастар нәтижесінде қалыптасатын психикалық даралық баланың ішкі дүниесіне тән түйсіну, сезіну, қабылдау, елестету, тану, ойлау сияқты әрекеттер арқылы айқындалатынын ескерсек, бала санасында өзін қоршаған орта жайында, өмір жайында түсініктердің пайда болуы аталған әрекеттер барысында жүзеге асатынын қағыс қалдыруға болмайды. Ал түрлі түсініктер мен таным-білімнің дұрыс берілуі балаға өмірдегі түрлі жағдайларда дұрыс бағдар ұстануға мүмкіндік береді». [3-11]

         Ж.Смақов  поэзиясының тағы бір қыры қоршаған орта, табиғат туралы балалар танымына лайықтап жазған өлеңдері дер едік.

         Орман-тоғай, теңіз-көл, туған жердің жусаны мен көкпек шөбіне дейін бала түйсігіне жақын етіп жырлау ақын шеберлігінің тағы бір қырын жарқырата көрсетеді.

«... Толқынды бидай,

Қауызға симай,

Дәнді басы иіліп.

Қарайды Көкпек

Аңыздан шеттеп

Кеткеніне күйініп». [2-102]

немесе «Теңіз ұлуы» атты өлеңінде

«... Теңіздің сыры бар мұнда,

Құлаққа тос, тың тыңда.

Теңіздің терең түбін ұқ,

Толқыған теңіз үнін ұқ»-[2-103] деген жолдары

         Құр баяндау, суреттеу сипатында емес, балалардың зейін зердесін аша түсуге, ойландыруға құрылған әрекет тұрғысында жырланады.

         Балалар поэзиясы көзге жеңіл көрінгенмен көңілге түрлі ой салар салмақтылығымен өлшенеді. Кеңес заманыныдағы балалар поэзиясында әйтеуір бала ғой, осылай деп жырласамда жарасады деп:

«Анау тұрған бидайды,

Комбайынмен жинайды.

Комбайынмен жинамай

Енді немен жинайды», - деген саяз ойлы шумақтарды да жиі кездестіруге болатын. Бұл туралы ғалымдарымыз әр кезде орынды ескертулер жасап отырады. «Сезімге әсер етуге бағытталған балалар поэзиясы қызықты болуға, бала қиялын қанаттандыруға тиіс. Алайда қиял жетегіне еріп, қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі шындықты да, табиғаттың шынайы суретін де негізсіз әсірелеуге, сол сияқты, ақиқатты арқау етпеген алдамшы идеяға, уағызшыл ділмарлыққа, өсиетшіл ақылгөйлікке жол беруге болмайды. Баланы жалықтыратын жалаң дидактизм мен пайдасыз ғибаратшылдықты балалар поэзиясында болуы шарт педогогикалық мақсаткерлікпен теңестіре түсіну жаңсақтыққа ұрындырары шүбәсіз». [3-29]

         Ауыз әдебиетінің інжу-маржанын бойына сіңіріп фольклорлық дәстүрдің саһар сабақтастығын өз шығармашылығында сәтті жалғастыра білген талантты ақын Ж.Смақов поэзиясы өзінің тәрбиелік-танымдық сипатымен өскелең ұрпақтың рухани кәдесіне уақыт өткен сайын жарай беретіндігі сөзсіз. Артында аз мұра қалса да  өзінің мазмұнды, мағыналы ойлармен, Смақов поэзияс өміршеңдік қуатын жоғалтпақ емес. Сөз соңында ақын Ж.Смақов туралы айтылған мына бір пікірмен ойымызды қорытындылағанды жөн көрдік. «Саналы әрекеттерінің қай-қайсынан да балалар деп, болашақ деп лүпілдей соққан ақын жүректің бұлқынысын таныуға болады. Ол – бөбек деп, өбектеп өткен талант». [5-116] 

 

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1        Құрастырғандар: М.Әлімбаев, Қ. Баянбаев. «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы», Алматы, «Жалын», 1977. – 460 б.

2        А.Әлтай. «Қазақ балалар поэзиясы» Астана, «Фолиант», 2009. – 384 б.

3        Ж.Смақов, Ж.Кәрбозин,  Т.Молдағалиев. Өлеңдер, тақпақтар, ертегілер. Алматы, «Балауса», 1987 – 528 б.

4        Ш.Ахметов. «Қазақ совет балалар әдебиеті», Алматы, 1976.

5        Құрастырған: Қ.Ергөбеков. «Қазақ совет балалар жазушылары», (қаламгерлік өмірбаян жинағы), Алматы, «Жалын», 1987. – 192 б.