т.ғ.д., проф. Төлебаев Т.Ә.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

 

Ц.Л. ФРИДМАН ЖӘНЕ ХІХ Ғ. СОҢЫ МЕН ХХ Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАНК ПЕН КРЕДИТ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы банк пен кредит мәселесін арнайы зерттеген жалғыз ғалым Ц.Л. Фридман болды [1]. Қазақстанға банк капиталының енуі, кредит жүйесінің құрылу ерекшеліктері және кредит-банк жүйесінің жұмыс істеуінің жолдары мен құрылымын талдау негізінде олардың өлкенің экономикасына әсері туралы мәселелерді зерттеуді мақсат еткен бұл еңбектің Қазақстандағы капиталистік қатынастар туралы проблеманы айқындаудағы орны ерекше. Біз оның бұл еңбегін  жазу барысында 60-70 жылдарда кең таралған көпукладтылық туралы көзқарастың көп әсер еткенін байқаймыз. Қоғамдық шаруашылықтың укладтары өзара әсер ете  және өзара кіріге  отырып, олардың өлкенің экономикасының дамуындағы арасалмағы әртүрлі болғанын баса көрсете келе, “Қазақстан экономикасында “таза” капитализм тимеген қоғамдық-экономикалық укладтар болмады”,  “барлық экономика барған сайын дамудағы ақша-тауар қатнастарымен шұрық тесік болды”, - дейді. Қазақ даласында банк және кредит жүйесінің қалыптасуын капиталистік қатнастардың енуімен байланыстыра қарастырады. Дәлірек айтқанда ол былай дейді: “Ресейлік капитализмнің кеңейе дамуы, оның ұлттық  шеткері аймақтарға жылжуы, “бос” жерлерді экономикалық игеру, бай шикізат көздерін пайдалану, өткізу рыногының кеңеюі – мұның бәрі банк филиалдары мен кредиттік мекемелердің тармақталған торының құрылуымен қатар жүрді, олардың көмегімен Ресей империясының ең шеткері аудандарына капитал енді”[2,15]. Қазақстанда банк капиталының енуі мен кредиттік жүйенің құрылуының басталуы ХІХ-ғ. соңына тән. Мұндағы кредиттік жүйе Ресей империясының кредиттік жүйесінің бір бөлігі еді. Ол Мемлекеттік банктың бөлімшелері, акционерлік коммерциялық банктердің филиалдары, өзара кредит қоғамдары, қалалық қоғамдық банктер, кредиттік кооперациялар және басқалардан құралды. Қазақстандағы өзінің бөлімшелерінің саны бойынша бірінші орында Ресейдің мемлекеттік банкі, екінші орында – Орыстың сауда-өнеркәсіп банкі тұрды. Қазақ жерінде сондай-ақ Орыс-Азия банкінің, Орыстық сыртқы сауда банкінің, Орыс-Қытай банкінің, Волга-Кама коммерциялық банкінің Сібір сауда банкінің бөлімшелері мен Ярослав-Кострома жер банкі мен Нижегород-Самара жер банктерінің агенттіктері болды. Өлкедегі капиталистік қатнастардың дамуына жергілікті қалалық басқармаларға қарасты қалалық қоғамдық банктер де әсер етті. Банктер сауда операцияларына қатысты, өлкені экономикалық игеруге және бағалы шикізаттарды шетке көптеп шығаруға көмектескен, капитализмнің кеңейе дамуының маңызды құралы болды. Автор кредит мәселесін ұйымдастыру мен шешудегі банк мекемелеріндегі есеп-несие комитеттерінің орны мен қызметі туралы мәселеге тоқталады. Банк капиталының саудаға кең түрде енуінің әсіресе ХХ-ғ. басында күшейе түскенін бізге белгілі сауданың үш саласы бойынша талдай келе, жәрмеңкелік саудадағы орнына көбірек тоқталады және банк кредиті тұрақты сауданың дамуына байланысты өсе түсті деп есептейді. Қазақстандағы сауданың нашар маманданғанын, сауда фирмаларының әртүрлі тауарлармен сауда жүргізетінін айта отырып, кредитті сумма бойынша бірінші орында мал мен ет сату, екінші орында- астық, үшінші орында-аралас тауарлар сату тұрғанын атап өтеді.

      Ц.Л.Фридманның бұл кітабында қазақстандық тарихнамада әлі де болса арнайы зерттелмеген биржалық сауда мәселесі сөз болады. Оның есептеуінше Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік орталықтарында биржалық ұйымдар ХХ-ғ. басында құрыла бастады. Автор олардың пайда болуын өлкеде тауар өндірісінің, капиталистік қатнастардың дамуымен, орталық Ресеймен тауар айналымының, экономикалық байланыстардың өсуімен байланыстыра түсіндіреді.

      Жоғарыдағы айтылғандар негізінде автор: “ХХ-ғасырдың алғашқы он жылдығында, әсіресе соғыс қарсаңындағы жылдардағы, Мемлекеттік және коммерциялық банктердің филиалдарының қызметі Қазақстанның экономикасына несиенің капиталистік түрлерінің барған сайын кең әрі терең енгенін көрсетеді”, - деген тұжырым жасайды[3,82]. Мұнымен қатар ол, сауда-өнеркәсіпшілердің банктен алған несиелерін өсімқорлық операцияларына да жұмсағанын, банк капиталы мен банк несиесінің өсімқорлық капиталмен де байланысып, жергілікті экономиканың даму ерекшелігіне бейімделгенін атап өтеді.

      Автор 20-жылдардан бастап ұзақ уақыт бойы өмір сүрген орыстық банктердің шетел капиталына толықтай тәуелділігі туралы көзқарастың дұрыс еместігін дәлелдеген еңбектердің соңғы жылдарда жарық көргендігін, зерттеушілердің жетекші орыстық банктердің шет елдік финанс капиталымен байланысын жоққа шығармайтынын, бірақ олардың шетелдік банктердің жай ғана “филиалы” түрінде емес, жеке әрекет еткенін, ресейлік монополистік капитализм жүйесінде маңызды орын алғанын дәлелдегенін айта отырып, оны дұрыс деп есептейді. Яғни бұдан бұрынғы, 1960-жылы шыққан еңбегіндегі өнеркәсіптің жекеленген салаларындағы шетел капиталының жетекші орны туралы кейбір пікірлерінен бас тартқанын байқатады. Акционерлік қоғамдардың құрушылары ірі бай кәсіпкерлер болғанын білеміз. Олардың көпшілігі банктермен байланысты болды және банктердің өзі олармен бірлесіп жұмыс жасауға мүдделі еді. Олар бірлесе отырып Қазақстанның мол табиғи байлығын пайдалануға ұмтылды. Оларға шет елдік капитал да қосылды. Автор 1917 жылға тән мәліметтер негізінде банктердің тау-кен, мұнай және темір жол салалары бойынша жіктелетініне назар аудартады.       

      ХХ-ғ. басындағы  Қазақстандағы  “Мемлекеттік” және  “Коммерциялық”  банктермен  қатар  несие  беруді жергілікті несиелік мекемелер - өзара кредит қоғамы мен қалалық қоғамдық банктер де жүргізіп отырды. Автор бұларды  кредиттік жүйенің, көбінесе орта және ұсақ буржуазиаға қызмет ететін орташа буыны деп санайды. Өзара кредит қоғамдары мен қалалық қоғамдық банктердің қалыптасу тарихы, оның мүшелерінің жалпы саны  мен әлеуметтік құрамы, капиталының үш категориясы және айналым дәрежесі, вексельдік операциялары тиянақты түрде баяндалған. Бұл кредиттік мекемелердің дамуы мен олардың операцияларының көлемінің өсуі кредиттің капиталистік түрлерінің өлкедегі сауда - өнеркәсіптік айналымының орта және төменгі буынына  барған сайын қарқындап енгенінің айғағы екенін атап өтеді автор.

      Қазақстанға капиталистік қатынастың енуіне қарай ұсақ кредиттік  әртүрлі мекемелер де құрылды. Олар – кредиттік кооперативтер, селолық банктар, несие - жинақ кассалары, қырғыздық(қазақтық-Т.Т) несие кассалары. Автор әсіресе кредиттік кассалар тарихына баса көңіл бөледі және оның дамуының  екі кезеңін ерекшелейді. Біріншісі – ХІХ-ғ. соңы мен 1909 ж. арасы, материалдық негіздің жетіспеуінен баяу дамыған кез. Екіншісі –1909 жылдан өнеркәсіптік өрлеу мен, Ресейлік монополистік капитализімнің қалыптасып кеңейе дамуының тездеуі барысындағы кредиттік кооперативтердің санының артуының жылдамдауы. Ц.Л. Фридман кредиттік кооперативтердің дамуын соғыс қарсаңындағы Қазақстан эконономикасындағы терең өзгерістермен, әсіресе ауыл шаруашылығындағы ақша - тауар  және капиталистік қатынастардың дамуымен тығыз байланыстыра қарастырады[4]. Шынында да Қазақстан экономикасындағы капиталистік қатынастарының дамуы кооперацияның әр түрінің, соның ішінде капиталистік кредит кооперативтерінің де дамуына әсер етті. Қазақстанның ақша – тауар және капиталистік қатынастардың жылдамырақ дамыған аудандарында,- дейді автор,- кредиттік кооператив  мүшелерінің саны жылдам көбейді және Ресейлік орташа деңгейге жетті. Кредиттік коперация ауқаттылар шарушылығының нығайуына, шаруалардың жіктелуіне және ауыл шаруашылығында капиталистік қатынастардың дамуына ықпал етті. Қазақстандағы ұсақ кредиттің ерекше мекемелерінің бірі “қырғыздық (қазақтық- Т.Т.) несие кассалары” болды. ХІХ-ғ. 70-жылдарында пайда болған бұл кассалар несиені екі түрде: 1) қысқа мерзімді- 1 жылға дейінгі және 2) ұзақ мерзімді-5 жылға дейінгі мерзімге берді. Кітапта бұндай кассалардың патша үкіметінің отаршылдық саясатының, әсіресе ауқатты топты өз жағына тарту әрекетінің жемісі екендігі баса көрсетіледі. ХХ-ғ. басында әсіресе соғыс қарсаңындағы жылдарда Қазақстан жерінде капитализм жағдайындағы кредиттік мекемелердің ерекше түрінің бірі – жинақ кассалары біршама дамуға мүмкіндік алды. Ц.Л.Фридман Қазақстандық жинақ кассаларының 1899-1914 жылдар арасындағы даму дәрежесіне талдау жасайды. Олардағы салымдардың өсуін капиталистік қатнастардың дамуымен байланыстыра түсіндіреді. Қазақстандық тарихнамадағы әлі де терең зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі алым-салық жүйесінің тарихы мәселелері. Ц.Л.Фридман бұл күрделі мәселені банктерге байланыстыра отырып қарастырады. 1898 жылғы мемлекеттік өндірістік салық туралы Ереженің мәніне талдау жасайды. Ол бойынша саудамен айналысатындарға берілетін кәсіпкерлік куәлік (патент) бес разрядқа бөлінді. Ол Қазақстан бойынша мәліметтерді талдай келе қомақты тұжырым жасайды.

Сонымен Ц.Л. Фридман ХІХ-ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы қазақ жеріндегі банктен мен несие жүйесі туралы көлемді зертеу жүргізіп, жасаған өзіндік тұжырымдары біршама шындықты бейнелейді. Дегенмен бұл тақырып көлемінде әлі де болса жаңа көзқарастар негізінде зерттеуді қажет ететін мәселелер де баршылық.

 

1.       Фридман Ц.Л. Банки и кредит в дореволюционном Казахстане (1900 – 1914 гг.). –Алма-Ата: Казахстан, 1974. С.175.

2.       Фридман Ц.Л. Банки и кредит в дореволюционном Казахстане… С. 15.

3.       Фридман Ц.Л. Банки и кредит в дореволюционном Казахстане… С. 82.

4.       Фридман Ц.Л. Кредит и кредитные учреждения в экономике дореволюционного Казахстана. //Основные направления научных исследований. –Алма-Ата, 1978. С.44-61.