Педагогические науки/3. Методические основы воспитательного про­цесса

 

магистр оқытушысы А.Т.Батырова

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Қазақстан

 

Білім беру бағытындағы кәсіптік бағдар беру

жұмыстарының  даму тарихы және қажеттілігі

 

Сапалы білім беру - қай кезде де болмасын қоғамның басты құндылықтарының бірінен саналады. Ал бүгінгі қоғамның әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресі қарқынды дамып отырған заманда адамның интеллектуалдық еңбек үлесі өсіп, білім деңгейіне және әрбір жеке тұлғаның шығармашылық даралығының дамуы мен кәсіби бағыттылығына қойылатын талаптар арта түсуде.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру» мәселесі аталып көрсетілген [1].

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Конститутциясында еліміздің әрбір азаматына еңбек етуге тең дәрежеде құқық берілген, оның ішінде біліміне, қабілетіне, кәсіптік даярлығына сәйкес, 24-бабы бойынша «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар» делінген.

Бұл құқық толығымен жүзеге асырылуы үшін еңбек, бүгінгі Егемен Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының құқықтық негізде қол жетімділігіне сәйкес атқарылуы тиіс. Дегенмен Кеңестік дәуір кезеңінен бастап жалпы білім беретін орта мектептерде оқыту, еңбек пен адамгершілік тәрбиесін берудің сапасын арттыру, мұғалімдер мен оқушылардың еңбек нәтижелерін бағалаудағы келеңсіздік жағдайларды (формализмін) жою, оқытудың өмірмен байланысын іс жүзінде нығайту, мектеп оқушыларын қоғамдық пайдалы еңбекке даярлауды жақсарту қажеттігі атап көрсетілген [2]. Сол кездерден бастап мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды, оларға кәсіптік бағдар беруді жақсарту және олардың қоғамдық пайдалы, өнімді еңбегін ұйымдастыру туралы арнаулы өкімет қаулысы шыққаны белгілі.

Ол қаулысында: «...жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеуді, баулуды және оларға кәсіптік бағдар беруді түбірімен жақсарту, олардың дербес өмірге практикалық және моральдық-психологиялық даярлық дәрежесін арттыру, жеткіншек ұрпақтың бойында еңбекке деген саналы қажеттілікті қалыптастыру, бұл үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын қолға алуға халыққа білім беру мекемелеріне міндеттелген.

Үкіметтің арнаулы қаулысында Кеңестік Одақтас Республикаларында орналасқан барлық мектеп оқушыларының ғылым негіздерін оқып үйренуді олардың жүйелі ұйымдастырылған, шама-шарқына лайық қоғамдық пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуымен тығыз өзара байланысты қамтамасыз етілсін» - деп міндеттелген.

 Кеңестік дәуір идеологиясындағы халыққа білім беру ісін түбегейлі өзгерту 1986-1990 жылдар мен 2000 жылға дейінгі КСРО-ның экономикалық және әлеуметтік дамыуының негізгі бағыттарындағы Халық ағарту саласында мектеп оқушыларын еңбексүйгіштікке тәрбиелеу ісіне ерекше мән беріліп, кәсіптік бағдарды жетілдіру міндеті қойылды. Мектеп бітірген әрбір жастың белгілі бір кәсіп иесі болуы да қажет екендігі белгіленді [3].

Сол кездегі Кеңестік Одақтың барлық жалпы білім беретін орта мектептерінің, өндірістік ұжымның, ата-аналардың, жұртшылықтың алдында оқушылардың еңбек тәрбиесін, политехникалық даярлығын және кәсіптік бағдарын түбірімен жақсарту міндетін өзекті мәселелердің бірі ретінде қойылды. Елімізде бұл мәселені шешудің негізгі жолын да белгілеп берді. Сондықтан бұл тәрбие кешенді тұрғыдан қарауды жүзеге асыруда мына мәселелерге аса көңіл бөлінді.

Жалпы білімнің басты үш міндеті бар, олар: баланың өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, және оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы үш міндеттің ішінде қоғамдық даму күрделенген сайын баланы жастай алдағы кәсіпке бағдарлай әзірлеу – ең көкейкесті мәселеге айналып отырғаны дәлелденді.

     Осы кездері педагогика ғылымының өкілдері кәсіптік бағдар беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігіне, оқушының кәсіптік мұратына, бейімділігіне, қабілеттеріне, психикалық және күш-қуатына сай мамандықты дұрыс таңдап алудағы мектеп педагогикалық ұжымы, үйелмен, кәсіптік оқу орындары, ұжымдары, өндірістік ұжымдар, жұртшылықтың іс-әрекеттері деп түсіндірді.

       Демек, осыдан 20-30 жыл бұрынғы қоғам дамуындағы техникалық прогрестің жеделдігіне, білім берудің үздіксіздігіне, ақпарат хабарларының дамуына, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты кәсіптік бағдар беруді адам тұлғасының өз ерекшеліктерін пайдалануға, өмір жағдайларының өзгеру барысында өзі үшін оқу және еңбектің іс-әрекет ауқымын таңдап алуға мүмкіндік жасауды түсіну керек деп ұғындырды. Қысқаша айтқанда, бір жағынан қоғамға пайдалы болу, екіншіден, өзінің жеке ұмтылыстарына жету.

Жалпы білім беретін мектептердегі кәсіптік бағдар беру жүйесінде кәсіптік бағыттылықты қалыптастырудың адами алғышарттары жоғары сыныптарда туындайтыны белгілі. Олардың бойында танымдық қызығушылық дами отырып, жеке мәнді мақсат қою талабы, кәсіби мүддесі пайда бола бастайды. Алайда, көптеген мектеп түлектері өзін-өзі және таңдаған мамандығын өз деңгейінде біле бермейді. Соңғы кездерде жастар арасында ғылыми қызмет беделі төмендеп, педагогикалық, инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылықтары баяу өскені байқалады. Мұндай құбылыстарды жою үшін ерекше педагогикалық тәсілдер, жұмыстың мазмұнды және құқықты формалары қажет болып отыр. Мақала арқауына байланысты бірғана мысал ретінде айта кетуге болады. Бүгінгі таңдағы педагогикалық мамандықтарға сай мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру мәселесі өзекті мәселенің бірі екені белгілі.

 Мектеп – оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырушы және үйлестіруші орталық. Ал мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысын негізінен іске асыратын мұғалім, сынып жетекшісі, еңбек сабағының оқытушысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, яғни бүкіл педагогикалық ұжым болып саналады.

Мұғалім оқушыларға терең білімді береді, оны кәсіптік бағдар беру жұмысымен байланыстырады, мамандықты таңдауда оларға көмектеседі, әрбір мектеп бітіруші оқушының тағдырына жауап береді, сынып жетекшілеріне, ата-аналарға көмек көрсетеді. Сынып жетекшісі сыныптағы барлық бағдар беру жұмысын басқарады. Оқушыларды белгілі мамандықты таңдауға даярлайды. Сынып жетекшісі кәсіптік бағдар беру жүйесінің компоненттеріне сүйеніп, оқу тәрбие жұмысы жоспарында негізгі бағыттарды белгілейді. Мысалы, кәсіптік ақпаратты ұйымдастыру, кәсіптік кеңестер беруге көмектесу, мектеп бітірушілерді жұмысқа орнату т.б.

Ал еңбек пәнінің оқытушысы – еңбек тәрбиесі арқылы білім беру және кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі тұлғасы. Ол оқушыларды еңбектің әр түрімен таныстырады. Еңбек сабақтарында алған білімдерін практикада қолдана білуге үйретеді, мамандықты таңдауға бағыт береді.

Демек, еңбек тәрбиесі адам дамуында шешуші рөл атқарады. Еңбек – қоғамның материалдық немесе рухани байлығының негізгі қайнар көзі, адамның әлеуметтік абыройының басты шарты, оның асыл міндеті, тұлға тәрбиесінің ірге тасы болып саналады.

Білім беру жүйесі бұдан әрі де адал, жоғары өнімділік еңбектің абыройын асқақтатуға, жұмыстағы шығармашылық пен ой бөлісуді дамытуға, еңбекке деген жағымды қатынастардың бастамаларын нығайтуға басымдық береді. Аталған мәселенің өмірге тәжірибелік тұрғыдан енуі жастармен жүргізілетін кәсіптік бағдар беретін жұмыста сапалы түрде алға жылжуды қажет етеді.

Сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушының негізгі қызметі: біріншіден, кәсіптік бағдар беру кабинетінде анықтамалық кеңестер материалдарын жинау; екіншіден, әр түрлі сыныптарда кәсіптік бағдар беру әдісі және оқушыларға психологиялық-педагогикалық мінездеме дайындау жөнінде мұғалімдер және сынып жетекшілері үшін консультация ұйымдастыру; үшіншіден, мамандық жайында оқушылармен әңгімелесетін кәсіпорын өкілдерімен консультация өткізу; төртіншіден, бүкіл кәсіптік бағдар беру жұмысын жоспарлау, қорытынды жасау.

Мектеп директоры мектептің барлық жұмысына жауап береді. Ол кәсіптік бағдар беру жұмысына көп көңіл бөледі, оны бақылайды, басқарады.

Соңғы кездерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары мектептерде біршама жүргізілгенімен ата-аналар тарапынан өз балдарын болашақ мамандықтары дұрыс бағыт берілмей келеді.

 Қажетті теориялық және тәжірибе деңгейде жүргізілмейді және де еңбектің іс-әрекет саласына аяқ басқан жастарға заманауи қоғам қоятын міндеттерге жауап бере алмайды. Атап айтар болсақ, осы кезге дейін орта мектепті бітіретін ұлдар мен қыздардың көпшілігінің таңдаған мамандықтары олардың мүмкіндіктері мен ынтасына сәйкес келмейді, олар еңбектің заманауи түрлері туралы толық түсіне бермейді. Мектеп бітірушілерінің өзіндік өмірлік жоспарлары, олардың кәсіби идеалдары өте сирек халық шаруашылығына қажетті кадрларға қарама-қайшы келеді. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің бөлінуінде үйлеспеушіліктер туады, мемлекеттің еңбек ресурстарын басқару қиындайды.

 Бүгінгі таңда жастардың көпшілігі жоғары білімді талап ететін мамандықтарды алуға талпынып жатады. Соңғы кездерде Республикамызда жоғары оқу орын жүйесі даралана түсіп, мамандық иелері сұрыпталуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түсушілер қатары көбейе түсуде.

Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу.

Адамның белгілі бір әрекетке бейімделуіне негіз болатын факторлар бөлігіне мыналар кіреді:

-                    азаматтық қасиеті;

-                    еңбекке деген қарым-қатынасы, мамандыққа қызығуы;

-                    тұлғаның кәсіби еңбек бағыттылығы;

-                    дене және ақыл-ой өрісінің жарамдылығы;

-                    арнайы қабілеттері (белгілі бір іс-әрекетіне қажетті сапалар);

-                    білім, дағды, тәжірибе.

Әрбір оқушының сана-сезімі, мінез-құлқы, мәдениеті, өмірге көзқарасы, әртүрлі мамандықтардың ерекшелік сипаттарына қабілеттері бірдей бола бермейді. Олардың өзіндік ерекшелігі - тәрбиесіне, шыққан ортасына да байланысты. Белгілі педагог-ғалым А.Құсайынов алдыңғы қатарлы дамыған елдердің (Америка, Германия, Жапония, Франция, Нидерландия, Англия, Канада) жалпы білім беру жүйесіне талдау жасай келіп, «бұл елдерде 7-сыныптан бастап саралап білім беру іске асырылып, оқушылардың өздеріне таңдау мүмкіндігі беріледі. Әрбір оқушы өз қабілеті мен қызығушылығына қарай өзінің білімін дамыту жобасын жасайды. 10-сыныптан бастап міндетті пәндер көлемі азайып, профильдік және оқушылардың өздері таңдаған пәндер көлемі көбейеді» - дейді. Демек, ол елдерде жоғары дамуға негіз болып отырған, бір-біріне соншалықты жақын әрі қатаң бірыңғай кәсіби бағдарлы білім беру жүзеге асырылады [4].

Қорыта айтқанда, жастардың қоғамдық сұраныстарға жауап беретін мамандықтарды таңдауына бағыт беру – қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі. Ол үшін мынадай нәрселер қажет:

-                    оқушылардың бойында ішкі психологиялық-әлеуметтік мәнділікті реттейтін қызмет түрлерін тәрбиелеу;

-                    түрлі еңбек қызметтері мен сыйластық қатынастарын тәрбиелеу;

-                    кәсіпті өз бетінше, саналы түрде таңдай білу [5].

Сонымен, ХХІ ғасырды білімділер ғасыры десек, ғылым мен білім саласында еңбек ететін жастарымыздың алдында үлкен жауапкершіліктер тұр. Демек, сол жастарға кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына бағдар беру – басты мақсатымызға айналуы тиіс. 

 

 

Әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңнамасы, 2007ж.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. –Алматы: Жеті жарғы, 1996.

3. Мектеп оқушыларының еңбекке тәрбиелеуді, баулуды, оларға кәсіптік бағдар беруді жақсарту және олардың қоғамдық пайдалы өнімді еңбегін ұйымдастыру туралы. КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы (4-мамыр, 1984 жыл) // Қазақстан мектебі, 1984, № 8, 3 бет)

4. Ә.Мүсілімов, А.Сиымова. Кәсіптік бағдар берудегі мектептен тыс жұмыстардың түрлері. // Жоғары мектеп, № 2, 91-б.

5.     З.Әділшынова. Кәсіби құндылық бағдарды қалыптастыру. // Қазақстан мектебі. № 10, 12-б.///