Есіркепов Ж.М.  п.ғ.к., доцент,  Құлтас С.Ш.

 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан.

М. Әуэзов атындағы мектеп-гимназияоқытушысы, Арыс қаласы.

 

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САБАҒЫНДА ТӘБИЕ АСПЕКТІЛЕРІНІҢ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

 

      Мектептегі дене тәрбиесі пәнінің  мұғалімдері - тәрбиеші, жаттықтырушы және тәлімгерлік қызметтерді қатар атқаратындығы белгілі. Мұғалімнің кез-келген мәселені шешу қабілеті, мектептегі дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта ұйымдастыра алу шеберлігі, оқушылардың денсаулығын нығайту міндеттерінің орындалуы осы тұстан көрініс табады, осы тұрғыдан алып қарағанда дене шынықтыру сабағы барлық уақытта мектептегі дене тәрбиесі және тәрбие жүйесіндегі басты пән болып қала береді. Сабақ мазмұнының дұрыс ұйымдастырылуы, мектеп оқушыларының спортқа бейімділігі мен дайындығын, оқушылардың сабаққа қызығушылығын жоғары дәрежеде қалыптастырып дамытудың озық, үлгілі тұстары қарастырылуға тиіс.

     Дене тәрбиесінің жалпы міндеттерімен қатар оның  тәрбиелік, тәлімдік, нұсқаушылық бағыты оқушылардың сабақ барысында және үй жағдайында өзіндік шынығуына ықпал етуі де өте маңызды. Дене тәрбиесі сабағының тиімділігін арттыру, ол пән мұғалімін тек дене жүктемесінің орындалу деңгейіне ғана емес, сонымен бірге оқушы сабақта қандай білім, тәрбие және дағды алды, оны күнделікті өмірде нақтылы жағдайда пайдалана алды ма? және өзге іс-әрекеттерінде осы алған білім, дағдыларын қаншалықты жүзеге асыра алды - деген мәселелер де толғандыруы тиіс. Мектепте оқушыларға дене тәрбиесінен білімді бірыңғай теория (ақпарат) түрінде беру дұрыс емес. Оқушылардың дене қабілеттері мен қозғалыс дағдыларын дамыту үшін бір бағытта ғана емес, сонымен бірге сабақ өткізудің әдіс-тәсілдерін жан-жақты тиімді қолдану және жаттығулар мен жүктемелерді қиыннан оңайға, оңайдан қиынға ауыстыра жүргізу қағидалары арқылы қол жеткізуге болады.

      Оқушының жаттығуларды орындаушылық қабілеті, ол дене әзірлігі жағынан қаншалықты дайын болуына байланысты.  Мұғалім осы бағытта оқушылардың бойындағы ізденушілік, белсенділік, жинақылық сияқты қасиеттерін дамытуға ұмтылуы тиіс.

     Әрбір мұғалім балалармен жұмыс істеуде өз мүмкіндігі мен жұмыс жағдайына қарай жол іздейді. Ауыл  мектептерінде бұл жолдарды шешудің өзіндік жолы мен мүмкіндіктері, ерекшеліктері бар.

    Жыл бойы ашық ауада өткізілген дене жаттығулары ағзаның шынығуы үшін тиімді, шыныққан ағза суық тиіп аурудан қорғайды және кез-келген ауруға қарсы тұратын болады.

    Мектеп жанындағы ашық спорт алаңдарында орындалған дене жаттығулары мен ойындар оқушылардың дене бітімінің жан-жақты дамуына, дұрыс мүсін қалыптасуына жақсы әсерін тигізеді.

    Таза ауада жаттығулар өткізу оқушылардың қозғалыс дағдыларының шеңберін кеңейтеді. Балалар табиғи кедергілерден өтуге, жаңа жағдайға бейімделуге үйренеді, өзіндік белсенділігін таныта бастайды. Таза ауадағы дене жаттығулары балаларды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуға ықпал етеді. Қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастырады.

     Мұндай сабақтарға дайындала отырып, оқушылар сабақ өткізілетін орынды таза ұстауға үйренеді және өздерінің күштерімен әртүрлі шағын құрал-жабдықтар дайындауға дағдыланады. Бұның бәрі дене тәрбиесі сабақтарының тәрбиелік және білімділік мәнін барынша арттырады.

     Дене тәрбиесі сабағының балалар үшін ең қызықтысы – бұл жарыс түрінде өткізу. Оған қатысқан оқушы жоғары көрсеткішке жетуге ұмтылады, жеңіске жетеді, бұл қажетті психологиялық және дене қабілеттерінің (күш, ептілік, икемділік, жылдамдық, шыдамдылық) дамуына көмегін тигізеді.

     Мұғалім мектеп бағдарламасы және жеке өзінің іс-тәжірбиесі негізінде жас ерекшеліктеріне қарай, әрбір жеке оқушы үшін қажетті білім деңгейін анықтай алады. Өзара пікірлесулер оқушылардың хабарламалары, рефераттар жазу оқушының дене шынықтырумен саналы түрде шұғылдануына ықпалын тигізеді. Теориялық сабақтар далада ауа-райының жағдайына байланысты жоспарлы немесе арнайы сабақ ретінде өтілуі мүмкін. Мұндай кезде мұғалім алдын-ала таңдап алған теориялық материалын пайдаланады, ол материалдың барлық уақытта жанында жүргені дұрыс. (күтпеген қолайсыз жағдайларға дайын болуы керек)

     Дене жаттығуларын үнемі жасау, ағзада болып жатқан морфофункционалдық, психо-педагогикалық, физиологиялық процестерді білуге мүмкіндік жасайды, оқушының өздігінше жұмыс жасауына белсенді ықпал етеді. Оқушылардың теориялық курсты меңгеруі үшін керекті әдісті мұғалім өзі жасайды. Мұндай бақылауды сауалнама жүргізу арқылы, сұрақтарға ауызша жауап беру арқылы, бақылау жұмыстары, практикалық тапсырмаларды орындау  түрінде өткізуге болады.

     Ауыл мектептері – оқушыларды дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндік беретін бірден-бір орын. Бос уақытты тиімді өткізетін мекеме екендігі және ауылдың интелектуалдық-мәдени өмірдің бірден-бір орталығы. Өндіріс орталықтарының, спорт пен дене тәрбиесімен шұғылданатын материалдық базасы бола бермейді, ал мектеп ауылдағы дене шынықтыру мен сауықтыру орталығы сипатында да қызмет етеді.

    Мектептегі дене шынықтыру мен сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруда бүкіл  педагогикалық ұжым қатысады, ата-аналар, оқушылар бұрынғы мектеп бітіруші түлектер тартылады, олар тек көрермен  ретінде ғана емес, сонымен бірге спорт төрешілері де бола алады.

    Спорт пен дене тәрбиесіне байланысты мұндай сабақтарды жақын орналасқан көрші мектеп оқушыларын да қатыстыра өткізген пайдалы. Ол балалар өміріне өзгеріс енгізеді, іс-шараға қатысушылардың қызығушылықтарын арттырады, эмоциялық күйін жақсартады, байытады, оқушылардың қарым-қатынасын қалыптастырады. Жеке тұлға ретінде дамуына оң ықпал етеді. Балалардың белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін тануына жағдай туғызады.

     Мұғалім оқушыларға күделі жаттығу элементтерін үйреткен кезде оқушыға тікелей әсер ететін тәсілдер пайдалану ұсынылады (көмек көрсету, қолдау, сақтандыру т.б.) Гимнастика сабақтарына «Қозғалмалы ойындар» бөлімінің материалдарын енгізген тиімді болады. Бұл ойындар оқушылардың өмірінде кездесетін қиыншылық сәттерді жеңе білу мүмкіндігін қарастырады. 

   Мектептерде дене тәрбиесі сабақтарын табысты өткізу үшін келесі  қағидалар тұрақты сақталуы тиіс.

·        оқушыларды кез-келген сабаққа ұйымдастыру кезінде оқу материалы осы сыныптың оқу бағдарламасына сай болуы тиіс;

·        нақты жағдайларға қарай, сабақ жүргізудің әр түрлі әдістерін барынша жан-жақты қолдану қажет;

·        әр сынып оқушыларының жаттығуларын жас ерекшеліктеріне сәйкестендіріп  міндетті түрде іріктеу керек.

·        бастауыш сынып оқушыларына үлгі ретінде жоғарғы сынып оқушыларының жаттығу орындау және ойындардағы іс-тәжірбисін шебер пайдалану қажет;

·        барлық оқушылардың жаттығуларға, қимыл-қозғалыстарға белсене қатысуына зор көңіл бөлген дұрыс;

·        сабақ жүктемесін жаттығу, ойын дәрежесіне сай реттеп отыру керек.

·        бағалау, бақылау, қателіктерді дер кезінде түзеп отыру қажет.

Осы аталған қағидалар мен сабақ өткізудің әдістерін мұғалім дене тәрбиесі сабағында тиімді қолданған жағдайда оқушылардың қозғалыс дағдылары қалыптасып, денсаулықтары нығайып, дене қабілеттері дамып, жетіледі.

      Қимыл-қозғалыс ойындарын дене тәрбиесі сабағының барлық бөлімдерінде жүргізуге болады. Ойын кезінде оқушылардың жағымды эмоциялық күйі жоғарылайды. Ойын балаларға қашанда қуаныш әкеледі, сондықтан тәртібі нашар оқушыларды да ойыннан шығарып тастауға болмайды. Сондықтан тәрбие аспектілерін шешуге қимыл-қозғалыс ойындарының тәрбиелік мәні зор. Мектептерге ойын таңдау дене тәрбиесі сабағындағы өте қажетті шарт болып табылады. Бұл көптеген тәрбиелік және қозғалыстық  міндеттердің шешімі болады. Сондықтан сабақ жоспарына енгізілген барлық қозғалыс ойындарын олардың жасы мен жынысына қарамай үлкен табыспен барлық сынып оқушыларына жүргізгенде ғана нәтижелі болады.

 

Резюме

        

В этой статье рассмотриваются пути формирования физических качеств и воспитания волевых, нравственных качеств личности посредством подвижных игр на уроках ФК.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                 Есіркепов Ж.М., Махатаев Т.С. Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні                                 // Халықаралық конференция материалдары. – Павлодар, 2010. Том І. – 39-41 б.

2. Есіркепов Ж.М., Егізбаев Ж.Ә. Дене тәрбиесі мен эстетикалық тәрбиенің сабақтастығы // Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. - Тараз, 2005.