Филологические науки\ 3.Теоретические и методологические проблемы исследования языка

 

ф.ғ.к., доцент Найманбай А.Р.

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан 

Антонимдердің болымдылық-болымсыздық категориясымен байланысы

 

Етістік тұлғалардың экспрессивтілік және модальдылық мағыналары, стильдік реңктері лексикалық және грамматикалық амалдар арқылы беріледі дедік. Етістік тұлғаларды көріктеу құрал ретінде қолдануды қамтамасыз ету үшін жағдаят қажет. Тілдік элементтің қолданыстағы мағынасы мен эстетикалық қызметін айқындау үшін көркем мәтін қажет. Мұндайда көркем мәтін аяқталған біртұтас күрделі құрылым ретінде қаралады.

   Қазақ тілінің болымсыздың категориясындағы  -сыз, -сіз,  -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтарына жалғанған сөздер: 1) фактіні жоққа шығарады (тау – тау емес, кісі – кісі емес); 2) заттың, құбылыстың сапасын жоққа шығарады (малды – малсыз, ақылды – ақылсыз); 3) іске, қимылға тиым салады (кел – келме, кет – кетпе). Бұлардың ішінде заттың, құбылыстың сапасын жоққа шығаратын тобы антонимдерге жақын тұрады. Кейбір зерттеушілер бұларды антонимдер деп есептейді. Тілдік деректер аталған жұрнақтар арқылы жасалған сөздердің антоним бола алатындығын байқатады.  -лы, -лі, (-ды, -ді, -ты, -ті ) жұрнағы зат есімге жалғанып, заттың, құбылыстың яки сапаның бар екенін білдіретін сын есімдер жасайды. Мысалы, елді, жерлі, сулы, балалы, көңілді, пайдалы, қажырлы т.б. -сыз, -сіз жұрнағы есім сөздерге жалғанып, заттың, құбылыстың немесе сапаның жоқ екендігін білдіретін сын есімдер жасайды. Мысалы, елсіз, жерсіз, малсыз, сусыз, көңілсіз, пайдасыз т.б. 

Ғалым Т. Әбдіғалиева -сыз, -сіз қосымшасының қарама-қарсы болымды сыңарымен алыс я жақын қарым-қатынаста қолданылуына қарай:

а) жақын сырт аймақ (баласыз үй, көңілсіз қыз);

ә)  шеткерірек сырт аймақ; б) қашық сырт аймақ деп көрсеткен. Осы үшінші топқа өте алыс мағыналық қарым-қатынасты білдіретін мағыналық ая мен -сыз, -сіз қосымшасының алғашқы қызметі мен мағынасынан алшақтап кеткен, номинативтік атауға айналған мысалдарды беріп өткен. Бұған мысал ретінде жансыз, жеңсіз тұлғаларын жатқызады.

«Бей-, -на префикстерінің де қызметі жеке болымсыз мағына көрсете алады, көбінесе белгінің жетімсіздігін көрсетеді. Олар кейде жеке түсінікке, ойға қатысты болымсыздықты білдіруге жұмсалады» деп жазады [1, 62].

Болымдылық-болымсыздық мәселесін ғалымдар түрлі аспектіде зерттей отыра, оны өз алдына тиянақты категория деп таниды. Ал оны қандай категория деп қарауда бірыңғай пікір жоқ. Біреулері – морфологиялық категория деп таныса, енді біреулері синтаксистік категория деңгейінде таниды. Қазақ тіл білімінде бұл мәселенің зерттелу жайы туралы мынаны айтуға болады. Қазан төңкерісіне дейін шыққан П.М. Мелиоранский [2, 64],                В. Катаринский еңбектерінде болымсыздыққа байланысты шағын материал берілген [3, 188-190]. Ал одан кейінгі кезеңде қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері, тілшілер, мұғалімдер негізінен практикалық оқулықтар мен грамматикалар құрастыру ісіне кеңінен үлес қосқаны белгілі. Бұл мәселелер жөніндегі мәліметтер  – А. Байтұрсынов, С. Аманжолов,     І. Кеңесбаев,           Н. Сауранбаев оқулықтарында кездеседі.

Қазіргі қазақ тілінде   жұрнағы  алдымен тұйық етістіктің немесе қимыл есімінің (атауының) көрсеткіші ретінде ұғынылады. Мысалы: алу, айту, құрметтеу т.б. сөздері. Ғалым Ғ. Мұсабаев «Қазақ тілі тарихынан» атты еңбегінде тұйық етістігінің шығу тарихы жөнінде мынадай пікір білдіреді: « жұрнағы ертеде  -ғұ, -құ, -ку, -гу түрінде болған, қазіргі тілімізде фонетикалық өзгеріске ұшырап, болып, қырағу-қырау, білаку-білеу болып қолданылады» [4, 101]. Ендеше, тілімізде ең көп кездесетін тұйық етістік формасындағы алу-беру антонимдік жұптары Ғ. Мұстафин шығармасы тілінде былайша қолданылған: Алудың ғана қызығын көрген, берудің қызығын көре бермейді («Шығанақ», 115-б.).

Тіл біліміндегі морфологиялық және синтаксистік сипаттары ерекше категорияның бірі – етіс категориясына келетін болсақ, етіс атауының бөлшектенуі – сөйлеу фактісін бейнелейді. Етіс категориясы жөнінде                А. Байтұрсынов, С. Аманжолов, А. Қалыбаева ғалымдардың еңбектерінде сөз етіледі. Жалпы тіл білімінде етіс категориясы (грекше diathesis – диатез) – субъекті мен объектінің арасындағы қарама-қарсылықты анықтайтын етістіктің грамматикалық категориясы деген анықтамаға ие [5, 25-26].

Көркем әдебиет тілін зерттеудің негізгі мақсаты – тілдің өзін емес, оның мүмкіндігін көрсету. Байқағанымыздай, жазушының антонимдерді контекстік тәсілмен берудің екі түрлі себебі байқалады: Біріншіден, антоним сыңарын, мағынасын жуық сөзбен алмастыру; екіншіден, дәлме-дәл антонимдік жұбы жоқ сөздерге қарсы мақсатта жұмсалатын мағынасы жуық, әуені үндесетін сөз тауып, сол арқылы ой мен сезімнің әсерін арттыру. Узуалды қалыптағы сөйлемдерден мысал келтірер болсақ: Ондай алмалы-салмалы арзан жүректі таптады не, қастерледі не? («Қарағанды», 265-б.). Күн қақтап, жел желпіген күрең жүзі біресе күлімдеп, біресе түнереді («Шығанақ», 164-б.). Күтеді, келмейді. Іздейді, таба алмайды («Шығанақ», 168-б.). Соның бірі боп жылай-жылай кете барғанмын. Енді міне, сақ-сақ күліп отырмын («Қарағанды», 283-б.). Теңелем деп жүріп, еркектен аспасаң не қылсын, сен қасқа («Шығанақ», 193-б.).

Ысыған дене суыған сайын ауырлап, қозғала жыртылып кететіндей, төртеуі төрт жерде сілейіп отыр («Қарағанды», 36-б.). – Әй! – деді Бәйтен, кетіп бара жатқан сушыға,  – бұдан былай су мезгілінде келмесе, осы Қарағандыда не сен тұрасың, не мен тұрамын («Қарағанды», 49-б.). Бірін мінеп, бірін қостап, осы аз жиынды еріксіз басқарып барады («Қарағанды», 57-б.). Ардақ қазір әке өзгерістерінің біріне қорлана, біріне мақтана қарап тұр еді («Қарағанды», 78-б.).  Көнсеңіз де, көнбесеңіз де абыраой алмассыз («Миллионер», 274-б.). Біреу келіп, біреу кетіп, сапырылысып жатыр («Қарағанды», 246-б.). Документ иесі бұл әзілге түсінді ме, түсінбеді ме, жауап қайырған жоқ («Қарағанды», 246-б.). Шахтердің әр күннен алашағы бар, алса қуанады, алмаса ренжиді («Қарағанды», 252-б.). Берілген жауаптың ұнаған, ұнамағаны белгісіз («Қарағанды», 306-б.). Күліп тұрып, көзінен жас ытып кетті («Қарағанды», 318-б.). Басқалар не дер, ұнай ма, ұнамай ма деген қауіп, жасқану жоқ («Қарағанды», 333-б.).Жастық өтеді. Кәрілік жетеді («Қарағанды», 338-б.). Трубканың бірін алып, бірін салып, дамылсыз сөйледі («Қарағанды», 374-б.).

Қорыта келгенде, етістіктің лексика-семантикалық сипатының мейлінше өрісті болу себебі – ол семантика тек субъектінің іс-әрекеті ғана емес, табиғат ауқымында, қоғам өмірінде ұшырасатын, адамның абстрактілі ойы мен санасы арқасында туатын неше алуан амал-әрекет, іс-қимыл, жай-күй сияқты құбылыстарға қатысты ұғымдарды түгел қамтиды. Кез келген шындықты қамтитын көркем шығармада тілдің эстетикалық функциясы жазушы ойымен, идеясымен тығыз қарым-қатынаста болып келеді.

Жазушы шеберлігінің түпкі түйіні – өзінің жан жүрегіндегі сезім мен сырды өзгенің ой-санасына мейлінше әсерлі, дәл жеткізу болса, етістік тұлғалар да оқиға іс-әрекетін баяндауда, суреттеуде, хабарлауда функциональды-стильдік мағынаға ие болып, прагматикалық қызмет атқарады.

        

         Әдебиеттер:

         1. Абдыгалиева Т. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория: филол. ғыл. докт. ... дис. – Алматы, 1998. – 344 б

         2. Мелиоранский Т.М. Грамматика казахско-киргизского языка. СПБ, 1897. – 318 с.

      3. Катаринский В. Грамматика киргизского языка. Фонетика, этимология, синтаксис. – Оренбург, 1897. – 203 с.

         4. Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі тарихынан. – Алматы: Мектеп, 1988. – 135 б.

         5. Салқынбай А.Б. Функционалды грамматика очерктері: оқу құралы.

– Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 119 б.