т.ғ.к., доцент Сабденова Г.Е.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

 

«ҚАЗАҚ» ТЕРМИНІ ТАРИХНАМАСЫНАН

 

Қандай этнос болса да өзінің өзгелерден ажырата бастаған кезеңі өз атауының қайдан шыққанын, семантикалық мәнін түсінуге тырысады. Осыған байланысты «қазақ» сөзіне, оның этимологиялық мәніне сан алуан ғалымдар мен оқырмандар тарапынан назар аударылуы заңдылық болып табылады.

Археологиялық зерттеулерге қарағанда «қазақ» сөзі сақтар заманында пайда болған. С.П.Толстовтың басшылығымен жүргізілген Хорезм өлкесіндегі Топырақ қаладағы қазба жұмыстары барысында азды-кемді жазба деректер (ағашқа жазылған) кездескені мәлім. Оларды әліптеген авторлар жазбаларда «касак», «касасак», «пандикасак» деген атаулардың кездесетінін жазады. Соңғы екеуі, Ә. Сарайдың пайымдауынша, тиісінше «батыр сақ», «ұстаз сақ» дегенді білдіреді. Сонымен, Топырақ қаланың өмір сүрген уақытын басшылыққа ала отырып, «қазақ» сөзінің толық күйде алғаш хатқа түсуі ІІІ ғасырдың орта шені деп белгілеуге болады.

Көне Қытай деректерінде «қазақ» сөзі ІІ ғасырдың орта кезінде хатқа түсірілген, тіпті сол уақыттың өзінде этнонимдік мәнге ие болған. Қытай тарихнамашылары Қаңлы мемлекетін қазақтардың отаны деп біледі. Мысалы, «Хань дәуірінде (б.д.д. 209 ж. – б.д. 220 ж.) Кангюй мемлекетінің жерлері Касакэ елінің оңтүстік-шығыс шекарасынан басталып, солтүстік батыста кейінгі уақытта құрылған Мәскеу мемлекетінің шекарасына дейін созылып жатты»,    деп жазады Хэ Цютао сынды тарихшы [1].

Синьцзян универеситетінің (Қытай) профессоры Су Бэйхай қытай жылнамаларында «кэса» (қазақ) атауы YІІ ғасырдан бастап кездеседі дейді. «Таңнаманың» «Персия баянында» «түріктердің Кэса тайпасы» туралы айтылады. «Юань патшалығы тарихының аударма материалдарына толықтырулар» атты Хон Цзюньнің еңбегінде: «Түріктер дәуірлеп тұрған кездерде ... ең батыс шетте Кэсалар өмір сүрді. Олар гэсалар деп те аталған. Батыс елдерінің көне кітаптарында да осы атау кездесіп қалады, онда гэсаны басқашалау атаған Каспий мен Қара теңіздің терістік жағын түгелдей солар мекендеген»,    деп нақтыланған.

Осы пікірді отандық тарихнамада Т. Жанұзақов та қолдап, "қазақ" атауы Кавказдағы түрік қауымы арасында сонау YІ ғасырдың өзінде-ақ халық атауы ретінде айтылған болатын деп жазды.

Башқұрт ғалымы З.У.Тоған ІХ ғасырдағы араб авторы Әдһам Әл-Куфидің шығармасында «қазақ» деген сөздің ұшырасатындығын айтады. 982 ж. парсы тілінде жазылған «Худуд әл-Әлам» атты кітапта: «алан елінде қазақ деген ұлыс бар» делінген. Византия императоры Константин Багрянородныйдың (905-959 ж.) «Об управлении империей» деген өсиет еңбегінде «Казахия жұрты» туралы айтылады. Оның замандасы Фирдоусидің (940-1020) «Шахнамасында» «қазақ» сөзі топоним, этноним ретінде қолданылған. Х ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Масудидің еңбегінде кездесетін «кашак» деген халықты «қазақ» деп оқушылар да бар [1].

«Қазақ» термині монғол шапқыншылығына дейін-ақ пайда болып қойған жоқ, этнонимдік мазмұнға ие болды деген пікірді қолдаушылардың Б.Молдабаев «Манас» эпосында қазақтар туралы басқа халықтарға қарағанда жиі айтылады. Олар туыс халық ретінде жиі көрінеді. «Қазақ» және «қырғыз» термині жырда бір қатарда қосарланып айтылады. Дегенмен де «Манаста» қазақтар жеке халық болып аталады»  деп жазады.

ХІІ-ХІІІ ғасырларда хатталған «Монғолдың құпия шежіресінде» «касаг» этнонимі кездеседі. 1245 ж. жарық көрген «Араб-қыпшақ сөздігінде» «қазақ» атауына түсініктеме берілген.

Никон жылнамасында 1233 ж. монғолдар шабуыл жасаған кезде «касахтар» жері арқылы өтіп, қыпшақтарды және орыс князьдерін Қалқа өзені бойында талқандады делінеді. Әл-Омари (1348 ж. ө.), Ибн Халдун (1406 ж. өлген) еңбектерінде «азак» халқы деген кездеседі [2].

Мұнан кейінгі уақытта «қазақ» термині Еуразия кеңістігінде, Дон жағалауында, орыстардың этникалық аумағында ұшырасып отырғандығы жөнінде түрлі деректерде кездесетін мәліметтер зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы тарихшылар мен тілші-ғалымдардың ізденістері нәтижесінде жоғарыда аталған деректерді пайымдауға арналған сан алуан зерттеулер жарық көрді. Бірақ «қазақ» сөзінің түп-төркінінің өзі қай тілден шыққандығы жөнінде бір тоқтамға келінген жоқ. Кейбір ғалымдар (В.Ф.Минорский) «кассах», «кашах» түріндегі сөз тұлғасын араб, парсы тілдерінен іздейді. Фин ғалымы Г.Рамстедтің ізімен «қазақ» сөзін монғолдың «қасағ терген» деген сөз тіркесімен байланыстыруға тырысқан авторлардың әрекеттерінің ғылыми негізі жоқ екендігі дәлелденді. Кейбір отандық және шетелдік ғалымдардың (Су Бэйхай) «қазақ» сөзінің төркінін ежелгі аңыз-әпсаналардан іздеуін де құптарлық деуге болмайды. Ғалымдардың көпшілігі бұл сөздің түп төркіні түркілік екендігі жөніндегі пікірге ойысып отыр. Бұл бағыттың негізін қалаушылар орыс шығыстанушылары В. В. Бартольд, В.В. Радлов сияқты ғалымдар болды. «Қазақ» деген сөз түбірінің («қаз») ескі түрік тілінен шыққандығын қолдаушылар қатарында С.А. Плетнева, А.В. Гадло т.б. бар. Б. Көмеков «қазақ» терминінің алғашқы таралу аймағы шығыс Дешті-Қыпшақпен, яғни қазіргі Қазақстан аумағымен байланысты деп көрсетеді [2].

Қытай оқымыстылары Хэ Цютао, Чжань Симань «қазақ» сөзі тіпті «үйсін» сөзінің баламасы деп түсіндіреді. Ал, Нығмет Мыңжани «қазақ» сөзі Хань патшалығы кезіндегі қышпақтардың Қытай иероглифтерінде бұрмаланып жазылуымен байланыстырады. Бірақ ол ой қолдаушыларын таба қойған жоқ.

«Қазақ» сөзінің этимологиясын қай тілден іздегеніне қарамастан, бұл авторлардың барлығына да проблеманы лингвистік тұрғыдан зерттеуге тырысушылық тән. Мысалы, Ә.Т.Қайдаров этнонимдерді және этносты зерттеуде тіл факторы маңызды рөл атқарады деген. Тарихшы Р.Г.Кузеев «этнонимдерді зерттеу этникалық тарихтың күрделі де қатпарлы процестеріне енудің маңызды құралы болып табылады»,    деп жазады. Тілші-ғалым Д.Е. Еремеев түркілік этнонимияға этногенетикалық зерттеулер үшін қосымша дереккөзі ретінде қарау керектігін ескертеді [2].

Бірақ лингвистикалық ізденістер, тіпті өте сәтті және бірегей этимологиялық пайымдаулар да өз алдына этногенез проблемасын түгел шеше алмайды. Оған отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістері дәлел бола алады. Қазіргі таңда «қазақ» этнонимінің тарихи-филологиялық зерттеулерде жүзге тарта этимологиялық пайымдаулары бар. Олардың кейбірі «қас» пен «ақ», «ақ» пен «қаз», «аз» бен «сақ» тағы сол сияқты компоненттердің қосылуынан шыққан деген жасанды тұжырымдарға негізделген Қытай ғалымы Су Бэйхай тарихшы М. Ақынжановтың «қазақ» этнонимі «қас» пен «ақ» сөздерінің бірігуінен шыққан, содан «қас (хас) сақтар» деген ұғымды білдіреді деп жазған пікірімен келісе алмайтындығын айтады. Себебі сақтар қазақтардың этникалық қалыптасуымен тығыз байланысты болғанымен, қазақ ұлтын қалыптастырған негізгі этникалық қайнар    үйсін, қаңлы, қыпшақ тайпалары екені шүбәсіз дейді.

 «Қазақ» сөзінің шығу тегін лингвистикалық тұрғыдан шешуге тырысқан Ә. Қайдаров пен Е. Қойшыбаев та: «Қазақ» этнонимі үлкен тайпа басшысының атын білдіретін екі түрлі мағыналы этникалық компоненттерден жасалынған» дейді.

Әзірбайжан ғалымы М.Сеидовтың ойлауынша, «қазақ» (газаг, гасак) сөзінің пайда болуы қазақ дүниетанымымен, оның қоғамдық өмірімен тығыз байланысты. Ертедегі оғыздар, басқа да түркі тайпалары мен халықтары сияқты, өз қағандарына, атақты батырлары мен қолбасыларына екінші (қосалқы) ат беретін болған. Газ, гас-биік, жоғары (тау) деген мағынаны білдіреді. «Қазақ» сөзінің екінші элементі    «ақ». Бұл сөзді екі мағынада түсінуге болады. Біріншісі түркі тілдес тайпалар одағының көпшілігінің атында кездесетін «аг» (тыпч-аг, Бачан-аг, Печенег, Бар-аг т.б.) элементі көптікті немесе жерлер атауын білдіреді. Сонда «Газ-ағ» биікте, жоғарыда (тауда) мекен еткен деген мағынада болады. Екіншісі: «аг» бірсыпыра түркі тілдерінде «жоғары көтерілген», «биіктік» деген мағынаны білдірген [1].

«Қазақ» сөзінің төркінін «кассы», «сақ», «хазар» этнонимдерінен таратуға әрекеттенген ғалымдар да баршылық (Ә.Х.Марғұлан, А.Н.Бернштам т.б.). К.М.Дьяконовтың, О.Сүлейменовтың зерттеулеріндегі келтірілген «сағ» (сақ) атауының этимологиясына сүйене отырып, аталмыш терминді политоним, плиноним ретінде түсіндіру де ғалымдар тарапынан қолдау таба қоймады.

ХІХ ғасырдың 30-жылдарында А. Левшиннің атты еңбегі жарық көргеннен бергі уақытта А.Вамбери, Н.И.Веселовский, В.В.Бартольд, В.В.Вельяминов-Зернов, А.Самойлович сияқты, басқа да орыс, батыс авторларының еңбектері жарық көрді. Олардың да, жоғарыда көрсетілген авторлардың лингвистикалық тұрғыдан «қазақ» терминін пайымдауға бағытталған ізденістері нәтиже бере қоймағанымен, оның мәнін біршама пайымдауға қол жеткізілді және этнонимиялық бағыттың негізі қаланды.

Зерттеу қорытындылары, негізінен, «қазақ» терминінің барлық жазба деректерде көрсетілгендей, «еркін», «азат», «кезбе» деген мағынасына тоқтау және оның, қалай болғанда да, қазақ хандығына дейін пайда болғандығы жөніндегі ортақ пікірге әкелді. Орыс тарихшысы Н.М. Карамзин «казактар» Ресейде Батыйдан бұрын пайда болған сияқты ("вероятно, оно в России древнее Батыева") дейді. Ол түрік қазақтарын: Орда қазақтары, Азау, Ноғай және басқа да қазақтарға бөледі. Бірақ Карамзинге «қазақ» сөзінің түрлі мағынада қолданылғаны мәлім. Осыған орай ол: «Болтин пишет, что ханские баскаки имели при себе войнов, называемых казахами и что города наши, подражая им, завели своих казахов» [1; 2].

«Қазақтың» алғашқы мағынасы «жасауыл» болған деген пікірді С. Сейфуллин түріктердің әскерді «қосын» дейтін, қосыннан «қосақ» сөзі шығатынан еске салып, оның қайтадан «қазақ» болмысына ойысатындығы жөнінде жорамал жасаған. Әр кезеңдерде «қазақтың» «шекара сақшысы» деген мағынасы барлығы туралы басқа да авторлар (П. Бутков, М. Аджи, т.б.) айтқан.

1984 ж. Ә. Марғұлан "Таңбалы тас жазуы" деген мақаласында «қазақ» сөзінің дерегі мен мәніне қатысты біршама ғылыми пікірлер айтқан. Автордың пікірінше, қазақылыққа кету дәстүрі сонау көне түркі жұртынан басталады. Көне түркі жазбаларында «Тутуқ будун» күзетші әскер мағынасында, немесе белгілі бір себептермен шетке, шекаралас өңірлерге кетіп қалған кіші хандардың, тегіндердің жасақтарын атаған. Осы "Тутуқ будунды" бергі ІХ-ХІІ ғасырларда «қазақ будун» деген әскери термин ауыстырған. Қ. Өмірәлиев осы «күзет», «көзде», «қарауылда», «қадағала» деген мағынадағы «қадақ» сөзі («Оғыз қаған» эпосында) «қазақ» сөзіне негіз болған деп есептейді. Осылай пайымдауға Ш.Уәлихановтың «қазақ» аты, «Шейбани-намеге» қарағанда, алғашқы кезінде барынша құрметтілеу мәнге ие болған және ер көңілділікті, мықтылық пен қайсарлықты білдірді, еуропалықтардың «рыцарлық» дегенімен сәйкес келеді дегені жанасымды [1; 2].

      Қорыта айтқанда, «қазақ» сөзінің этимологиясы туралы жазған авторлар саны көп болғанымен, олардың бұл мәселені анықтауға қосқан өзіндік үлестері көп емес. Деректердің шектеулілігіне байланысты «қазақ» сөзінің жоғарыда көрсетілген мағыналарын түрлі жақта пайымдаған, ал шын мәнінде бір мақаладан екінші мақалаға көшіп отыратын қайталаулар болып келеді. Оның үстіне М.Тынышпаевтың, А.Самойловичтің, С.К.Ибрагимовтың, М.Жолжанның еңбектерінде «қазақ» сөзі және этнонимі туралы жарық көрген отандық және шетелдік еңбектерге біршама толық талдау жасалған. Оларда «қазақ» сөзінің халық атына айналғанына дейін әлеуметтік термин болғандығы атап көрсетіледі.

 

Литература:

1. Сабденова Г.Е. «Қазақ» сөзі тарихнамасының бір беті // Қазақстанның тәуелсіздігі: бастауынан іске асырылуына дейін (Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жылдығына орай): Мақалалар жинағы. –Алматы, 2001. -Б.5-11.

2. Сабденова Г.Е. Қазақ хандығының тарихнамасы: халқының қалыптасуы, мемлекеттілігінің құрылуы және нығаюы (ХҮ ғасырдың ортасы – ХҮІ ғасырдың бірінші ширегі). 07.00.09 мамандығы бойынша тар. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған автореф. -А., 2003. -30 б.