Право/12. Предпринимательское и банковское право

 

Старший преподаватель Сапаров Б.Ж.

Казахский Национальный Университет им.аль-Фараби, Республика Казахстан

Банктік қызметті реттеудің кейбір мәселелері

     Банктік қызмет және бүтіндей банктік жүйе мемлекеттің экономикалық жағынан дамуында ерекше маңызды орын алады. Сондықтан да, банктік қызмет барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу мәселесі қоғам мен мемлекеттің дамуының барлық кезеңінде өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.

     Т.Г.Сырбу «банктік қызметте болып жатқан өзгерістер банктік қызметті құқықтық реттеу мәселелерін құқықтық мемлекеттілікті және азаматтық қоғам институттарын нығайту тұжырымдамасы шеңберінде қаржылық-несиелік жүйенің құрылымы мәселелерімен ара-қатынасында қайта қарап шығуды талап етеді» деп жазады. Қаржылық құқықтық институттардың қызмет етуінің мән-жайлары мен болашағы ел экономикасы үшін аса маңызды екендігінде күмән жоқ. Сонымен қатар, қаржылық-несиелік қатынастарды мемлекеттік құқықтық реттеудің жаңа механизмінде банктік және қаржылық заңнаманың ерекшелігін, банктердің жұмысына бақылау жасаудың нысандары мен әдістерінің мән-жайларын сипаттайтын саяси және экономикалық факторлардың тарихи дамуы мен әрекетінің ерекшеліктері де аса маңызды орын алады. Ол үшін банктік қызметті құқықтық реттеудің пәнін және әдістерін анықтап алған соң, Қазақстан Республикасы банктік жүйесінің даму тарихын зерттеп, басқа шет мемлекеттердің банктік жүйелерінің құрылымына және ұйымдастырылу үлгілеріне талдау жұмыстарын жүргізген жөн.

     Бұл тұрғыда А.И.Худяковтың «банктік істі ұйымдастыру, банктік жүйені қоса алғанда, әр түрлі үлгілерде, мысалы, мемлекеттік үлгіде, мемлекеттен тыс, яғни, жеке банктерге негізделген және аралас үлгіде болуы мүмкін» деген пікірі құлаққа қонарлық секілді.[1, 220-235]

     Банктік істі ұйымдастырудың мемлекеттік үлгісінің неғұрлым нақты мысалы ретінде Кеңестер Одағында болған банктік жүйені айтуға болады. Отызыншы жылдардан бастап сексенінші жылдарға дейін қызмет еткен атаулы банктік жүйе үшін барлық банктік істерді жүргізуге мемлекеттік монополияның болуы тән еді: банктер тек мемлекеттік болды, банктердің ақшалай қорларын мемлекеттің несиелік қоры қалыптастырып отырды, банктердің қызметін және олардың өз клиенттерімен жүргізетін операцияларын толығымен мемлекет реттеп отырды, Кеңестер Одағының негізгі банкі – Мемлекеттік банк мемлекет атынан әрекет ете отырып, кең ауқымды билік өкілеттіктерін иеленді.[2, 27-32]

     Банктік жүйенің екінші үлгісі жоғарыда атап өткеніміздей жеке банктерге негізделеді. Іс жүзінде, тарихи тұрғыдан алғанда, барлық елдердегі банктік істер жеке банктерден бастау алады. Мұндай жағдайда, аталған банктердің несиелік, есеп айырысу және басқа да операцияларын іске асыруы барысында туындайтын қатынастар негізінен азаматтық құқықтың нормаларымен реттеледі. Әрине, жеке банктер кез келген шаруашылық субьектісі ретінде мемлекетпен де белгілі бір қарым-қатынастарға түседі, айталық, мемлекет пен банк арасындағы салық төлеу жөніндегі қатынастар. Бірақ, бұл қатынастар банктің банктік қызметінің өнімі емес, мемлекеттің қаржылық қызметінің нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттерде мемлекеттің жеке банктерге өзінің, яғни, мемлекеттің қызметін атқаруын тапсыру тәжірибесі де кездеседі. Шет мемлекеттердің банктік тәжірибесінде тіпті, мемлекеттің қаржылық агенті деген ұғым да кеңінен танымалы. Әдетте, олар: мемлекеттік займ облигацияларын орналастыру, осындай банктер арқылы мемлекеттік несиелерді беру, мемлекеттік қарыздарға қызмет көрсету, тіпті, мемлекеттік ақша белгілерін шығару міндеті де жүктелуі мүмкін.[3, 77] 

     Банктік жүйенің үшінші үлгісі мемлекеттік және жеке банктердің үйлесімділігіне негізделеді. Мемлекеттік банктер мемлекеттің ақша айналымын реттеу, мемлекеттік инвестициялауды іске асыру немесе несиелеу саласындағы қаржылық саясатты жүргізетін мемлекеттік орган ретінде қатысса, жеке банктер кәсіпкерлік қызмет ретінде несиелеуді және есеп айырысуды іске асыратын шаруашылық субьектісі ретінде қатысады. А.И.Худяковтың пікірінше, осы үлгінің барысында мемлекеттік банктер, олардың қызметі және осы қызмет барысында туындайтын қатынастар қаржылық құқықтың обьектісі болып табылады, ал, жеке банктер, олардың қызметі мен осы қызмет барысында туындайтын қатынастар азаматтық құқықтың пәні болып табылады.

     Қазақстан Республикасының банктік жүйесі жөнінде А.И.Худяков, «1990 жылы 7 желтоқсанда қабылданған «Банктер және банктік қызмет туралы» заңына сәйкес реформалау сатысын өткен банктік жүйе мемлекеттік үлгіден аралас үлгіге ауысты» деп жазады. Бірақ, ауысудың өзіндік ерекшеліктері болды деуге болады. Жоғарыда аталған заңға сәйкес екі деңгейлі банктік жүйе қалыптасты, жоғарғы деңгейде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік банкі болса, екінші деңгейде мемлекеттік мамандандырылған банктер мен мемлекеттік емес банктер болды. Мемлекеттік банктер қатарында Промстройбанк, Агропромбанк, Жилсоцбанк, Внешэкономбанк болса, мемлекеттік емес банктер қатарында акционерлік, кооперативтік, шаруашылық серіктестік нысанындағы банктер болды. Алайда, аталған банктердің барлығы, яғни, екінші деңгейдегі мемлекеттік банктер де, мемлекеттік емес банктер де коммерциялық банктер деген бір ұғымға біріктірілді.

     Осылайша, жүргізілген зерттеу және талдау жұмыстарының нәтижесінде банктік қызметті реттейтін нормалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында және құқық жүйесінде алатын орны мен атқаратын ролі туралы алдын ала тұжырым жасай аламыз.

     Талдау жұмыстары жүргізілген нормативтік актілердің басым көпшілігінен байқағанымыздай, банктік қызметті реттейтін нормалар кешенді сипатқа ие. Демек, құқықтық реттеудің пәні толығымен анықталмаған.

     Банктік қызметті реттейтін құқықтық нормалардың кешенділігі міндетті түрде дау тудырады. Соның ішінде, зерттелетін құқықтық аяға қандай құқық салаларының нормалары кіретіндігі әлі толық шешілмеген.

     Банктік қызметті реттейтін нормалардың кешенділігі төмендегідей құқық салаларының нормаларын үйлестіреді:

1)     Конституциялық құқық нормалары, яғни, ақша айналымының негіздерін, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін анықтайтын нормалар;

2)     Әкімшілік құқық нормалары, яғни, банктік қызметті іске асыру үшін лицензия берумен байланысты қатынастарды реттейтін мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін анықтайтын нормалар;

3)     Азаматтық құқықтың нормалары, яғни, заңды тұлғаның құқықтық жағдайын, оның ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын, азаматтық құқықтың обьектілері туралы ережелерді, шарттардың жеке түрлерін, олардың орындалуын қамтамасыз етудің әдіс-тәсілдерінің жүйесін және тағы да басқаларды анықтайтын нормалар;

4)     Банктік қызметті реттеуде қосалқы маңызы бар құқық салаларының нормалары, яғни, мемлекеттік бюджеттің шығыстарымен және кірістерімен, ұлттық валютаны анықтаумен және тағы басқалармен байланысты қаржылық құқық нормалары.

     Осылайша, банктік қызметті реттейтін нормалардың кешенділігі конституциялық құқықтың, әкімшілік құқықтың және азаматтық құқықтың нормаларын құрайды. Демек, дәл осы құқық салаларының үйлесімділігі мен қарым-қатынасы банктік қызметті құқықтық реттеудің ерекшелігін сипаттайды.

     Әрине, банктік қызметті құқықтық реттеудің пәнін және әдіс-тәсілдерін толық анықтау үшін банктік қызметті іске асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарға қатысушылардың, дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің және екінші деңгейдегі банктердің құқықтық жағдайын анықтап алудың да маңызы зор. Қазақстан Республикасының қазіргі банктік заңнамасы бойынша еліміздің екі деңгейлі банктік жүйесінің жоғарғы деңгейіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және екінші деңгейдегі банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін іске асыратын ұйымдар ерекше зерттеу обьектілері болып табылады. Сонымен қатар, еліміздің банктік жүйесінің екінші деңгейіндегі коммерциялық банктердің қатарына жатқызылғанымен, бірқатар банктердің, айталық, Қазақстан халық банкінің және тұрғын жай құрылыс жинақтау банкінің құқықтық жағдайы ерекше көңіл аударуды және мұқият талдауды талап етеді. Дегенмен, бұл мәселе терең зерделеу жұмыстарын жүргізуді және сәйкесінше ой-тұжырымдар жасауды қажет ететін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. 

     Қорыта келе айтарымыз, банктік құқықтық қатынастарды реттеу саласындағы құқықтық нормалардың маңыздылығы мен өзектілігі және кешенділік сипаты банктік жүйенің ел экономикасындағы алатын орнымен, банктік қызметті іске асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастардың күрделілігімен түсіндіріледі және сәйкесінше, банктік қызметтің құқықтық негіздерін анықтайтын, банктік қызмет саласындағы мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін бекітетін және банктік қызметке қатысушы субьектілердің арасында туындайтын қатынастардың іске асырылу тәртібін белгілейтін әр түрлі құқық салаларының нормаларын біріктіретін, банктік құқық деп аталатын кешенді құқық саласын құрауымен сипатталады.   

 

Қолданылған материалдар:

1. Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Особенная часть: Учебник. – Алматы: ТОО «Издательство «Норма-К», - 2002, 344 с.

2. Олейник О.М. Основы банковского права: Курс лекций. – М.: Юристъ, 1997. – 424 с. 

3. Ровинский Е.А. Основные вопросы теории советского финансового права. М., 1960.