PhD докторанты Исмайлова Н.А.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті, Қазақстан
Қазіргі қазақ тіліндегі «карамбола» лексемасын
кросс-мәдени зерттеу
Қазіргі
қазақ тіліне толассыз еніп жатқан экзотикалық жеміс,
көкөніс, жаңғақ, дәмдеуіш атауларына
кросс-мәдени талдау жасау шешімін таппаған маңызды
мәселеге айналып отыр. Себебі, шетел сөздерін кросс-мәдени
зерттеуде олардың әртүрлі мәдениеттерден өтіп,
сонымен қатар жаңа мәдени мағыналарды өзіне
үстейтін бірлік ретінде қарастырылады. Кросс-мәдени зерттеу
арқылы кірме сөздердің лингвомәдени тарихын, яғни
сөздердің әртүрлі мәдениеттермен
тоғысуының нәтижесінде пайда болған өзгерістері зерттеледі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде
адамзаттың жылдам ақпарат алуы, бір-бірімен тығыз
қарым-қатынас орнатуы, сондай-ақ шетел сөздердің
қабылдаушы тілге енуіндегі лингвистикалық және
экстралингвистикалық себептер нәтижесі де кез келген тілдің
лексикалық қорын молайта түседі. Сондай-ақ
халықаралық қатынастардың жандануы салдарынан туыс
және туыс емес тілдер арасында интернационалдық лексиканың
тіл-тілде пайда болуы да көрініс табады. Қазақ тілінің
гастрономия саласындағы шетел атаулары дәнекер орыс тілі
арқылы қазақ тіліне әртүрлі тілдерден енгендігі
анықталып, орыс тіліне өзге тілдерден енген шетел сөздер
түпнұсқа тілінде әлі күнге дейін қызмет
етуін жалғастыруда. Осы тұста біз қазақ тіліндегі
экзотикалық жеміс-жидек, көкөніс, дәмдеуіш атауларын,
яғни шетел бірліктерін белгілі дәрежеде интернационалдық
сипатқа ие деген тұжырым жасаймыз және интернационалдық
сипатқа ие болған шетел сөздеріне кросс-мәдени зерттеу
жүргізу мақсатында салғастырмалы талдау жасалды.
Сонымен шетел
сөздерін кросс-мәдени зерттеу дегеніміз –
түпнұсқа тілдегі және қабылдаушы тілдегі
лексикалық бірліктердің сол тілдің лингвомәдени
танымына сәйкес мәдениет аясында зерттеу.
Шетел сөздерін
қабылдауда қабылдаушы тілдің мәдени бейнесі
өзгерістерге түсуі мүмкін. Қабылдаушы тілде кірме
сөздің семантикасы концептуализация тәсілімен қайта
қалыптасуы, немесе әлемнің бөтен моделінің
бөлшегін қабылдауы сынды мәселелерге Е.В. Урысонның
«Языковая картина мира и лексические заимствования» мақаласында француз
тілінің округа және орыс тілінің район лексемаларын салғастырады.
Сөздердің мағыналық жақындығына
қарамастан, автор лексемалардың бір-бірінен ерекшеленетін айырым
белгілерін ажыратады. Е.В. Урысон талдаған район мен округа
сөздері кірме сөздер белгілі мөлшерде қабылдаушы тілде
қалыптасқан әлем бейнесін өзге әлем
көзқарасын енгізе отырып өзгертуі мүмкін деген
тұжырым жасайды [1].
Мақалада
қазақ тілінде соңғы онжылдықта сауда
нарығында пайда болған жемістің өзімен бірге пайда
болған «карамбола» лексемасына
кросс-мәдени талдау жүргіздік. Аталмыш экзотикалық жеміс
қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген карамболь, карамбола лексикалық бірлігі француз тілінен
енген. Қазақ тілінің түсіндірме және
салалық терминдер сөздіктерінде бұл атау тіркелмеген,
бірақ «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»
келесі мағынада тіркелген: Бильярд
ойынында соғылған шардың біріншісіне соқтығысуы
арқылы екіншісін ұңғыға кіргізу.
Ал карамболь лексемасына орыс тілінде
үш мағынада тіркелген: 1. Бильярд
ойынында: өз шарыңмен бір уақытта өзгелердің
шарына соққы жасау; 2. Үш
шардан тұратын бильярд ойыны (қара.
Карамболина сөзінің 1-мағынасы); 3. Бильярд ойынындағы қызыл шар. (қара. Карамболина сөзінің 2-мағынасы)
[2]. Бірақ орыс тілінің
синонимдер сөздігінде карамболь
лексемасына мынадай мағыналарда да кездеседі: бильярд, ойын, соқтығысу, соққы, шар,
оқыс оқиға, ұрыс-керіс. Орыс тілінің
лексикографиялық дереккөздерінде тіркелген мағыналарынан
бөлек карамболь сөзі
бізге экзотикалық жеміс атауын білдіретіндігі де белгілі, оның
сыртқы пішіні жұлдызға ұқсағандықтан,
оны «жұлдызды жеміс» деп те
атайды. Осы лексеманың лингвомәдени тарихына қысқаша
тоқталсақ.
Орыс тілінің
түсіндірмелі сөздігінде: Карамбо`ль,
я, -м. (фр. Carambole) спорт
мағынасында (Ушаков Д.Н.), Крысиннің басшылығымен жарық
көрген сөздікте: Карамбо`ль,
я, м. (фр. Carambole) шар,
Қазақ әдеби тілінің сөздігінде – карамболь (фр.) зат.спорт. Бильярд ойынында соғылған шардың біріншісіне
соқтығысуы арқылы екіншісін ұңғыға
кіргізу мағыналарында кездеседі. Ал француз тілінің
түсіндірме сөздігінде карамболь
сөзі тура мағынасында жеміс атауын білдірсе: carambole n. f. Fruit, бильярд ойынындағы шармен кәсіби
соққыны француздар туынды зат есім carambolage, m. Billard сөзін қолданады. Алынған
мәліметтерге сүйенсек, француз тілінен енген орыс тіліндегі карамболь сөзінің
мағынасы неліктен француз тілінің carambolage мағынасымен ауысып қолданылады деген
сауалға өсімдіктер мен жемістер атауларының тарихын зерттеген
француз сайтының авторы мынадай анықтама береді: «carambola» сөзі португал тілінен
енген, себебі «bola» қосымшасы оған дәлел бола алады.
Португал тілінен «bola» сөзі «шар» деп аударылады http://monsu.desiderio.free.fr/jardin/carambole.html.
Автордың тұжырымдауынша, португал лексемасы ХҮІІ
ғасырда испан тілінен енген, испан тілінде ол жеміс ағашының Averrhoa carambola атауын білдіреді. Бұл атаумен бірге осы
уақытта «carambola»
өзінің түсі мен формасының бильярд ойынындағы
шарға ұқсас болғандықтан, осы шардың атауы
ретінде «carambola» сөзі
қолданыла бастайды. ХҮІІІ ғасырдың соңында испан
тілінің метафорасы француз тіліне еніп, «caramboler» етістігі жасалады. Мақала авторының ойынша,
осыдан кейін француз тілінде жоғарыда аталған лексема бильярд ойынының атауы ретінде
қолданыла бастағандығын айтады. Айтылған болжамға
дәлел ретінде француз тілінің этимологиялық сөздігі
дәлел бола алады.
Зерттеушілердің
санскрит тілінен бастау алған жұлдызды жемістің Еуропа
елдеріне қай тіл арқылы енгендігі жайында жасалған
тұжырымдары екіге айырылады. Бірі, португал тіліне «karambal» формасы маратхи тілінен (Үндістан) енген десе,
екіншілері, малайзия тілінен келген деп тұжырымдайды.
Кестеде «карамбола» лексемасының
түпнұсқа тілі мен қазақ тіліне ену жолдары
көрсетілген.
1.
Санскрит (Karmaganda)
2.
Маратхи тілі/ Малайзия тілі
(Karambal)
3.
Португал тілі (Carambola)
4. 
Испан тілі
5.
Француз тілі (Carambole n., Caramboler)
6. Орыс тілі (Карамболь)
(Карамбола)
7. Қазақ тілі (Карамбола)
Орыс тіліндегі карамболь лексемасы француз тіліндегі
тура мағынасымен емес, оған дейін қалыптасқан
метафоралық ауыспалы мағынасымен енгендігіне көз жеткіздік.
Кейіннен сауда орындарында жұлдызды жеміс пайда болғаннан кейін
орыс халқы лексеманың француз тіліндегі тура мағынасын
қолдана бастайды. Қазақ тілінде аталмыш жеміс атауы
соңғы бесжылдықта жиі қолданылып, түрлі
рецептілер мен сауда орындарында көптеп кездеседі. Сөздің
лексикалық мағынасын трансформациялаудың тәжірибесін
жинақтаған қазақ тіліндегі карамбола лексемасы испан тілінде қалыптасқан ауыспалы
мағынасымен енбей, орыс тілінде кейіннен пайда болған жеміс
атауымен бірге жұлдызды жемістің өзімен сауда нарығында
орын алды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Урысон Е.В. Языковая картина мира и лексические заимствования: лексемы (округа и район)
// Вопросы языкознания, 1999. №6.
2. Крысин Л.П. Толковый
словарь иноязычных слов. –М.: Изд-во Эксмо, 2005. -336с.