ӘОЖ 940.5(574)
Тоқбергенова Зағира
Сүндетқызы т.ғ.к., доцент м.а.
М.Х.Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университеті, Тараз қ.
Тәуелсіз
Қазақстанның саяси тарихының жаңа белестері
«Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң
қабылданған соң Қазақстанда заңды
түрде рәсімделген парламенттік республика орнады.
Еркін
демократиялық қоғамның дамуын тездетуде тәуелсіз
Қазақстанның саяси тарихының жаңа белестері
ашылады. Егеменді еліміздің барлық саладағы жетістіктері,
мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсуі 1995
жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямыздың әр
бабымен тығыз байланысты.
Кез келген
демократиялық қоғамның ішкі даму логикасы болуы
заңды құбылыс. Ол болмаған жағдайда
қоғамның алға жылжуы екіталай. 1990 жылдардың ортасынан
бастап тәуелсіз Қазақстан ескі социалистік негізгі
заңға өзгерістер енгізу кезеңінен өтіп,
жаңа Ата заңын қабылдады. Осы кезеңнен бастап
біздің еліміз шынайы конституционализмнің жолына түсті.
Осы
заманғы демократиялық, құқықтық
және әлеуметтік мемлекеттің міндеті Біріккен Ұлттар
Ұйымының негізгі құжаттарында белгіленген.
Мәселен, 1948 жылы қабылданған Адам
құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан
адамның табиғи мүддесі мемлекет мүддесінен басым деген
іргелі тезис туындайды. БҰҰ Бас ассамблеясының 50-ші
мерекелік сессиясында мемлекет – адамдардың тұрмыс жағдайын
ұйымдастырудың негізгі субъекті деген маңызды
қағида қабылданды. Сондай-ақ БҰҰ
сарапшыларының 1964 жылғы екінші кеңесінде мемлекеттік
басқару қызметі ұлттық мақсаттар мен міндеттерге
мемлекеттік ұйымдар арқылы қол жеткізу процесі деп
анықталды.
Әлемдік
ғылым осы заманғы демократиялық қоғамда
мемлекеттік егемендік пен халықтық егемендік қатар
жүруге тиіс деп топшылайды. Атап айтқанда, елдің ішіндегі
халықтық егемендіктің мемлекеттіктен басым рөл
атқаруы керектігі Қазақстан Республикасы
Конституциясының үшінші бабында өз көрінісін
тапқан. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі –
халық деп атап көрсетілуі сондықтан.
Демократия ел
басқарумен қатар адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз етумен
тікелей байланысты дүние. Демократия биліктің табиғатымен
бірге адам санасына азматтық қоғамның белсенділігіне
тікелей тәуелді болады. Азматтық қоғамның талабын
саяси билік мойындап, күнделікті өмірде заңның
үстемдігін қамтамасыз етуі қажет. Қоғамда заң
үстемдік етіп, азаматтардың өмір сүру тәртібі
халық қабылдаған заңмен реттеліп, жеке адамның
құқығы мен бостандығы іс жүзінде
ақталуы керек. Бұрын да ел басқарудың өз ережесі
болған. Бір адамның басына не ой келсе, соны жүзеге асыра салмаған.
Қазақ
елінде де ежелден дала демократиясы болған. Дала демократиясы жалпы
ритуалды сақтай білген. Алдын-ала кеңескен. Кісілер жіберіп, тіл
алдырған. Ұжымдық шешім - дала демократиясының символы
іспеттес.
Ұлт
саясатында да демократия ең алдмен көрініс табуы керек.
Ұлттық ар-намысты қоздыру – қылмыстың нағыз
өзі, әр ұлттың
өкіліне ең алдымен адам ретінде қарауымыз керек. Адам
– табиғаттың ең басты құндылығы, бұл
туралы бүкіл елдің ата заңында арнайы бап бар. Ал содан кейін
барып оған белгілі бір мәдениеттің, ұлттың,
ұлыстың өкілі деп қарауымыз керек. Бұл екінші
жағдайда олардың ұлттық дәстүріне,
мәдениеті мен өнеріне, діні мен діліне құрмет
көрсетілуі керек. Мұнсыз халықтар арасындағы сыйластықты,
татулықты, бірлікті қамтамасыз ету мүмкін емес.
Демократиялық
үрдіс әрбір ұлттың, ұлыстың өкілдерін
өз елінде тең құқықпен пайдалануына, сайлау
не сайлану құқығын жүзеге асыруға
жағдай жасайды.
Н.Ә.Назарбаевтың
1992 жылғы 16 мамырда республикалық баспасөзде жарық
көрген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде
қалыптасу және даму
стратегиясы» атты еңбегінде қоғамды реформалау,
нарықтық экономиканы дамыту, демократияны,
құқықтық мемлекетті орнықтыру
мәселелері қазғалды. Онда «Егер саясат саласын айтар
болсақ, онда төмендегідей мазмұнда жауап берер едік:
- жас
егеменді мемлекетті күшті президенттік республика бағытында дамыту.
Мемлекет құруда ұлттық белгілердің жойылуына жол
берілмеуі тиіс. Әйтпеген жағдайда, ол
әкімшілік-аумақтық бірліктің қарапайым түріне айналады.
Ұлт
мемлекеттіліксіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттілігін жоғалтқан
ұлттың өзі де жоғалуға бейім тұрады.
Ұлт жойылса, мемлекеттің өмірі мағынасыз болады.
Мәселенің қатал диалектикасы – осылай» - делінген.
Демократияны
дамытуға бағытталған әрбір қадам елімідегі
тәуелсіздікті баянды етуге, оны түбегейлі орнықтыруға
қызмет етеді.
Елбасы
Н.Назарбаев өзінің 2010 жылдың 15 желтоқсаны күні
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне
арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде «Біз
Қазақстанда Қазақстан халқы Ассамблеясы
өзегіне айналған бейбітшілік пен келісімнің кірігуші моделін құрдық.
Біздің
тәуелсіздіктің жолы – бұл барлық 140 этностың
ортақ Отанымыздың тағдыры үшін жауапкершілік жолы.
Достық
пен келісім дәстүрлерін
қазақстандықтардың болашақ
ұрпақтарына дарыту бізге маңызды» - деп атап көрсеткен
болатын.
Қазақстан
мемлекеттік тәуелсіздік пен толық мемлекеттік егемендікке қол
жеткізген соң азаматтық қоғам мен
құқықтық мемлекет құруға
бағыт алды.
Бүгінгі
таңда Қазақстан Республикасында азаматтық
қоғамды қалыптастыру және
құқықтық мемлекет құру процестері
жүзеге асырылуда. Құқықтық мемлекет
құру дамудың бірнеше кезеңдерін қамтиды
және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан,
қоғамнан, халықтан байсалдылық пен күш-жігерді
талап етеді.
Қазақ
елі өтпелі кезеңнің дағдарысынан шығып,
әлемдік қауымдастықтың
тең дәрежелі өркениетті серіктесіне айналуы үшін
уақыт талабына сәйкес, Ата заңға толықтырулар мен
өзгерістер енгізу шараларына жүгінді.
1998 жылы 7
қазанда Ата заңның 19-бабына өзгертулер енгізген
заң актісі қабылданды.
Осы заң
актісінің негізінде Конституцияға мынадай бағытта:
Қазақстандағы көппартиялылықты дамыту,
Парламенттің құзіретін кеңейту, Үкіметтің
қызметін одан әрі жетілдіру, Президент пен Парламент
депутаттарының қызмет мерзімін ұзарту, қылмыстық
сот ісін жүргізуді жетілдіру, жергілікті әкімшілік
басшыларының сайлануына қатысты өзгерістер енгізілді. Конституцияға түбегейлі
жаңа нормалар енгізген
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер
мен толықтырулар енгізу туралы» заңы
құқықтық мемлекет құрудың
әлеуетін одан әрі күшейте түсті.
Қоғамның
экономикалық, әлеуметтік және интеллектуалдық
әлеуеті өркендеген сайын оны басқару жүйесінің
саяси негізі де сәйкесінше өзгеріп отырады. Ол осындай
өзгерістерге ұшырамаған жағдайда аталмыш әлеуеттің
өркендеуі жолында жасанды
кедергілер кездесуі әбден мүмкін – бұл адамзат тарихында
талай рет дәлелденген ақиқат. Сондықтан да еліміз
«әуелі экономика, содан соң – саясат» қағидасын
ұстана отырып, әлеуметтік-шаруашылық бағытта ірі
табыстарға қол жеткізгесін ғана саяси реформа мәселелерін күн тәртібіне
қойып, олардың негізгі арқауы – мемлекеттік басқаруды
демократияландырудың ағымдағы өзекті істерін
жүзеге асырып келеді. Осындай саяси да, тәжірибелік те маңызы
зор ауқымды істің бастамасы Елбасымыз Н.Назарбаев 2007 жылғы
мамыр айының 16-шы жұлдызындағы ҚР Парламенті
палаталарының бірлескен мәжілісінде жасаған баяндама болып
табылады. Бұл баяндамадан туындайтын шаралар тәуелсіз
Отанымыздың саяси тарихының жаңа беттерін ашуға
заңнамалық негіз құрастыратын болады.
Конституциялық
өзгерістер бойынша азаматтық қоғамды демократияландыру
мен дамытудың маңыздылығы күшейтілді. Атап айтқанда,
Парламенттің рөлі артты, Президент міндеттерінің
бірқатарын Парламентке беріп, оның өкілеттілігін
кеңейтті, билік органдарының өкілеттілігі мен жауапкершілігін
бөлді, оларды теңестіріп, шынайы демократияны дамыту жолында саяси
партиялардың рөлін күшейтті. Халықтың саяси
белсенділігін арттыру үшін Парламентке партиялық тізіммен
сайланатын депутаттар санын арттыру мәселелері күн тәртібіне
қойылды. Еліміз президенттік - парламенттік республикаға айналды.
Бұл Ата
заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен
толықтыруларды Қазақстан демократиялық
реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасы деп қабылдау керек. Өйткені
бұл қазақстандық модель мен дүниежүзі
таныған үрдістердің
үйлесімділігін тапқан жол.
Әрине
әрбір тарихи кезеңде өмір талабынан туындайтын проблемаларды
шешіп отыру барысында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі
жетілдіре беру міндетін атқаруға тура келеді. Ол – болашақтың ісі.
Біз
Қазақстан мемлекттілігінің дамуының аса маңызды
тарихи кезеңіне куә болып отырмыз. Еліміз саяси реформалардың
жаңа кезеңіне аяқ басты. Ендігі міндет – осы саяси
реформаларды аяғына дейін жеткізу, оны халықтың сана-сезіміне
сіңіру, ойына орнықтыру болмақ.
Жалпы
алғанда, Елбасы ұсынған саяси жаңғыру шаралары,
салмақты да сындарлы саясатпен, байыппен жүргізілген
демократиялық өзгерістер Қазақстанның
әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына
кіру стратегиясын жүзеге асыру жолындағы қарышты қадам
болып отыр. Елдің дамуы мен демократия бір-бірімен тығыз байланысты
екендігі бәрімізге мәлім. Осындай конституциялық реформалар
елімізді демократияландыруға оң әсерін тигізетініне
күмәніміз жоқ. Әлемге мықты реформатор ретінде
танылған Елбасымыздың дара саясатын қолдап, оны жүзеге
асыруға үлес қоссақ, еліміздің стратегиялық
мақсатындағы Орталық Азияның жолбарысына
айналуымыздың күні де алыс емес деп ойлаймыз.