орта ғасырларда Орта Азияның кенттену дәрежесінің зерттелуі

 

Биболаева М., М. Әуезов атындағы ОҚМУ, магистрант

 

 Орта Азияда ҮІ-ҮІІІ ғасырларда (феодалдық қатынастардың қалыптасуының ерте кезеңі) пайда болған қалалардың жалпы санын дәл тауып айту күрделі.  Кейбір авторлар сол кезеңдегі Орта Азияны көптеген қалалар елі болған деп есептейді. Ортағасырлық қала салу ісіне арналған В.А. Лавровтың монографиясында ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Орта Азияда жиырма шақты қала болған деген болжам бар [1]. Ал, В.Л. Воронина осы тізімге тағы да бірнеше қала аталымын қосты [2]. Дегенмен бұл авторлар Орта Азияда пайда болған барлық қалаларды толық көрсете алған жоқ.  Мысалы, Г.И. Пацевичтің пайымдауынша Оңтүстік Қаазқстанның өзіндегі қалалар бұдан әлдеқайда көп [3]. Дегенмен, оның негізге алған жүйесі де қалалар санын дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Өйткені, ол ҮІІ ғасырға дейін пайда болған қалаларды жеке топтастырады да, олардың саны 35 деп алады. Ал, ҮІІ-ІХ ғғ. қалалардың санын 65-ке жеткізеді. Ал, 1947-1951 жж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының есебі бойынша Ү-ҮІІІ ғғ. жасалған керамика 7 цитадельді және дамыған рабады бар 11 қаладан табылғанын көрсеткенімен, ҮІІ ғасырға дейінгі қалалардың жалпы саны туралы ешнәрсе айтылмайды. Сонымен қоса, ҮІІ-ІХ ғғ. 42 қаланың болғандығын көрсетеді. Осы кезеңде пайда болған қалалардың сипатты белгісі туралы сөз қозғай отырып, Г.И. Пацевич «қала өмірінің бұл кезеңде тек сауда жолдары бойында ғана емес, сонымен қоса көшпенді тайпалар мекендеген далаларда да пайда бола бастағандығын көрсетеді [4]. 

П.Н. Кожемяко Жетісудың ежелгі қалалары бойынша тұжырымдаушы еңбегінде ҮІ-ҮІІІ ғасырларда салынған қалалар жеке бөлініп алынбай, ҮІ-Х, тіпті ХІІ ғасырларда пайда болған қалалармен бірге қарастырылды. Ерте араб географтарының (Ибн Хордедбах және Кудама) мәліметтеріне және археологиялық барлау-бақылауларға сүйене отырып, Н.П. Кожемяко олардың санының әлдеқайда көп болғандығына көз жеткізді. Өзі қарастырып отырған (ҮІ-ХІІ ғғ) кезең ішінде 18 ірі қаланың болғандығын анықтайды. Дегенмен, автор олардың бір бөлігінің Ибн Хордедбах пен Кудама жолбағытнамалары (маршрутники) жасалғаннан әлдеқайда кейін пайда болған деп жорамалдайды [5]. П.Н. Кожемяко келтірген қалалардың саны туралы мәліметке сүйенетін болсақ, Шу алқабында ҮІ-ҮІІІ ғғ. кем дегенде 13 қала-мекен болған деген тұжырымға келуге болады.

Орта Азияның басқа аудандары бойынша жоғарыда келтірілген еңбек тұжырымдаушы еңбектердің қатарына

ҮІ-ҮІІІ ғғ. кезеңіне арналған әдебиеттерге онан әрі қарай шолу жасайтын болсақ, олардың көпшілігі қала санын шектеуге ұмтылып отырған. Солардың ішінде Хорезмдегі жағдайды талдауға арналған еңбектер көөбіне осы сипатта болып келеді. Е.Е. Неразик «Қала мекендері саны күрт қысқарады; Хорезмді Кутейбаның басып алуы туралы айтқан Табари тек Кят, Үргеніш, Хазарасп қалалары туралы ғана мәлімет береді», – дейді [6]. Дегенмен, ат-Табариге сілтеме жасау шешуші пікір бола алмайтындығы айқын. Бұл сенім шынайы фактілерге емес, Орта Азиядағы тарихи үдерістер туралы қалыптасқан жалпы пікірлерге сүйене отырып жасалғандығы Хорезм жер аумағындағы археологиялық зерттеулер нәтижесінде белгілі болған.

Ал Мерв оазисі туралы Г.А. Пугаченкова ҮІ-ҮІІ ғғ. бұл аумақта Мервтің өзінен басқа ешқандай да ірі қаланың болмағандығын айтады. Ал Мервтің өзінің көлемі Парфия дәуірімен салыстырғанда әлдеқайда кішірейіп кеткендігін де сөз етеді.

Ертеортағасырлық қаланың құрылымы туралы жалпы мәлімет беретін жазба деректерге сүйене отырып, В.В. Бартольд мұсылман заманына дейінгі кезеңде бір-бірінен ерекше екі бөлік – цитадель (кухендиза) және қаланың өз бөлігінен (шахристан) құралғанын айтады [7]. Осы құрылым мен терминдер тарихи-археологиялық әдебиетке кеңінен енді және қаланың белгілі бір әкімшілік және әлеуметтік сипаттамасын да көрсетеді.  Көптеген басқа да пікірлерді қуаттаушылар болғанымен, археологиялық қазба жұыстары нақ В.В. Бартольдтың пікірін толық растайды және осы бөліктердің араб басқыншылығына дейін өмір сүрген барлық қалаларға ортақ тән сипатта болғандығын да толық дәлелдейді. Дегенмен, бұл схема қалаішілік топографияны, оның құрылыстарының сипатын, тұрғындарының құрамы туралы ешқандай мәлімет бере алмайды. Жазба деректер де бұл туралы ешқандай мағлұматтар берген емес.  Ал олардан алынған шағын деректер дұрыс емес болжам жасауға негіз болып келді. Қала құрылымы туралы мәселерді шешуге байланысты пайда болған міндеттерді орындау тек археологиялық зерттеу арқылы ғана мүмкін болды. Ал іс жүзінде археологиялық зерттеулер де өте күрделі бөгеттерге тап болды. Олардың ең бастысы, Орта Азияда орналасқан аса ірі қалалардың мұсылмандық кезеңге дейінгі пайда болған бөлігі мерзім жағынан әлдеқайда кейін пайда болған кезең қаласының мәдени қабатының астында қалып қойып отырғандығы. Осындай қалалардың археологиялық қазба жұмыстары шектеулі дәрежеде жүріп, ал кей кезде тіпті мүмкін де болмай қалып отырған.  

Орта Азиядағы қала өмірінің дамуы және эволюциясының жалпы бағытын С.П. Толстов ХХ ғ. 30-шы жылдарында-ақ ұсынған. Және бұл кезеңдегі қала өмірін С.П. Толстов құлдырау дәуірі деп сипаттайды. 30-шы жылдар қала өмірі онда феодал замогы мен қала маңы деревнясының болуымен сипатталады деген сенім үстемдік құрған кез болатын. «Ертеортағасырлық кезеңде, – деп жазады ол, – араб басқыншылығына дейін де, кейін де тұрғындардың үлкен бөлігі жазық даланың дәл ортасында орналасқан бекіністі замоктарда өмір сүреді . . .  Қалаларды тұрғындардың аз ғана бөлігі мекендеген. Олардың өзі негізінен феодалдық ақсүйектер мен олардың жақындары. Тек кейінгі уақытта ғана ерекше кварталдарда қала қолөнерші таптары пайда болды» [8].

Ертеортағасырлық туралы мұндай түсінік жалпытарихи және археологиялық әдебиетке кеңінен енді. Осы концепцияның негізінде арнайы әдебиеттемұсылмандық кезеңге дейінгі қала жер аумағының сипаты туралы теория қалыптасты. Бұл теория бойынша шахристан усадьбалық бөлік деп аталды. Бұл теорияны неғұрлым айқын жасап, ұсынған В.А. Лавров болатын. Ол өзі «Ертеортағасырлық қала-шахристан қала дегеніміз не?», – деп сұрақ қоя отырып, ертеортағасырлық Бұхараны неғұрлым айқын сипаттап берген Х ғ. авторы Наршахидің куәлігіне жүгінеді де, келесі тоқтамға келеді: « ... шахристанда кешкилар (замоктар) болған және оның кварталдары жеке елді мекендер тәріздес бір-бірінен қашық орналасқан. Осыдан байқайтынымыз араб басқыншылығына дейінгі Бұхара дихандардың бекіністі усадьбаларынан құралып, олар біртұтас қамалмен қоршалған. Ол кезең үшін «қала» және «деревня» деген терминдердің мағынасы бір-бірінен ажырағысыз болатын», – деген тоқтаамға келеді [9]. 

Осы тақырыпты зерттеген басқа авторларға келетін болсақ, Бұхара тарихына зерттеу жасаған этнограф О.А. Сухареваның еңбегін айтуға болады.  О.А. Сухарева Наршахиге сілтеме жасай отырып, В.А. Лавров ұстанған пікірді қуаттайды. Бұхара шахристанының аумағының салыстырмалы түрде шағындығын көрсете отырып, ол осы кішкентай аумақтың өзінде құрылыстың сирек болғандығына, кейбір кварталдарының жеке елді мекен тәріздес қала орталығынан қашық орналасқандығына  назар аударады. О.А. Сухарева  «қала және оның кварталдары өзінің селолық пішінін өзгерте алған жоқ. Оның тұрғындары жер өңдеумен айналысты, ал олардың жер телімдері шахристанның ішінде орналасты», – деп көрсетті [10].

Осы пікірде өзге де авторлар ұстанды. Олардың барлығы да Наршахи дерегіндегі Бұхара сипатын негізге алып отырды.

Ортағасырлық Орта Азияның кенттену тақырыбын зерттеген археологиялық қазба жұмыстарының материалдарына келер болсақ, ХХ ғасырдың ортасынан бастап зерттеудің бұл бағыты өте қарқынды жүргізілді және Орта Азияның барлық негізгі аудандары қамтылды. Осылардың ең алғашқысы Оңтүстік Түркменияда орналасқан Маргиана алқабының археологиялық зерттеуі болатын. Ежелгі Маргиананың, тіпті бүкіл Орта Азияның аса ірі ежелгі қалаларының бірі – Мерв. Оны жоспарлы түрде зерттеу ХХ ғ. 50-ші жылдарында М.Е. Массонның басшылығымен жүзеге асырылды. Ежелгі ортағасырлық Мерв Гяур-қала мен Эрк-қаланың жер аумағында орналасты. Бұлар Мервтің шахристаны және цитаделі болатын және екеуі бірге 300 га жерді алып жатты. Зерттеу осы екі бөліктің екеуінде де жүргізілді. Зерттеудің бастапқы мақсаты ерте қоныстарды зерттеу болғанымен, ҮІ-ҮІІ ғғ. байланысты қомақты заттық материалдар мен құрылыстар табылды. Мысалы, цитадельде бірнеше біртипті бөлмелерден құралған, «билеушінің үйі» деп танылған ғимараттың бір бөлігін қазылып алынды. Осымен бірмерзімде зерттеушілердің пікірінше ертепарфяндық мерзімде пайда болып, кейіннен аса қуатты фортқа айналдырылған ірі ғимарат салынған болатын [11].

Гяур-Қала қалашығынан парфиялық және ертесасанидтік кезеңде пайда болған ғимараттық кешендер табылған [12 Кацурис К., Буряков Ю.Ф. К изучению ремесленного кварталаантичного Мерва у северных ворот Гяур-Калы. – Ашхабад, 1963. – С.70].

Ертеотағасыр кезеңін қарастыратын болсақ, Г.А. Пугаченкованың пікірінше «Гяур-Қаланың жер аумағы ҮІ-ҮІІ ғасырларда тек ішінара қоныстанылған» [13 ].  Бұл тұжырымның қаншалықты дәрежеде шындыққа жақын екендігін дәл айту қиын, өйткені, қаланың көлемімен салыстырғанда оған жүргізілген қазба жұмыстары өте шағын. Пугаченкованың пікірін қаланың оңтүстік бөлігіне жүргізілген археологиялық зерттеу нәтижесінде табылған керамика шеберлерінің ҮІІ-ҮІІІ ғғ. кең жайылған кварталының табылуы да жоққа шығарып отыр. Бұл кварталдың тек зерттеліп үлгерілген бөлігінде ғана 14 керамика күйдіру пеші табылған [14].

Хорезмнің ертеортағасырлық қалаларына жүргізілген қазба жұмысы да көлемі жағынан шектеулі болды. Кейбір жағдайларда зерттеушілер қаланың жасын анықтауға нақты дәл пікірлер айтудан бастартты. Дегенмен, А.М. Беленицкий бастаған археологтардың пікірінше бұл батылсыздық орынды емес. Өйткені, осы қалаларды зертеу барысында табылған мекен орындары оларды қалалар немесе қала типтес елді мекендер деп анықтауға толық мүмкіндік береді деп есептейді авторлар. Сонымен қоса, олар Бүркіт-қала, Күйік-қала және Тоқ-қала деген қалаларды атап көрсетеді [15]. Солардың қатарындағы Бүркіт-қала 1 га (100х100 м) жерді алып жатқан цитадель мен 5 га жерді алып жатқан елді мекеннен құралады. Зерттеуші замок деп атаған цитадель биіктігі 10,5 м бекініс қамалымен қоршалған және 4 мұнарамен күшейтілген. Цитадельдің жераумағында «донжан», яғни аумағы 18*18 болатын тұрақ-мұнара табылған. ҮІ-ҮІІ ғасырларда пайда болған донжан, екі рет қайта салынған және ақыр соңында (ҮІІІ ғ) тар дәлздің айналасына шоғырландырылған алты бөлмесі бар баспанаға айналған.  Бөлмелер мұнараның жоғарғы жағында, жерден 8 метр биіктікте салынған [16].

Мекеннің өзі, Е.Е. Неразик қосымша құрылыс деп атаған екі дербес бөліктен тұрады. Бірінші қосымша – оңтүстіктік – арасы 2,6-2,7 м. болып келетін тесіктер қалдырылған пахса дуалмен соғылған. Қосымша құрылыстың солтүстік-батыс бұрышына археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде,  б.з.д. кезеңнің ақыр соңында пайда болған неғұрлым ерте кезеңдік құрылыстың үстіне ҮІІІ басында салынған екі ғимараттың қалдығы аршылып алынды.  Ерте кезеңдік құрылыстың жобасын қалпына келтіру мүлдем мүмкін болмаған.  Екінші қосымша құрылыстың астында мұндай ерте кезеңдік қабат жоқ, ал пайда болу кезеңі оңтүстік қосымшамен бірдей болған. Ал, орталық бөлікте базар орналасқан [16, С. 104-109].

Ал Күйік-Қаланың қала типті мекен екендігі көбіне ешқандай дау туғызбайды. Шахристан бөлігі 35 га жерге орналасқан, яғни көлемі жағынан Бұхарамен тең келеді. Шахристанның аумағында темір балқыту пеші бар қолөнершінің жайы табылған және шахристан қорған-қамалмен қоршалған.

Оның өзінде шахристан дуалынан сыртқары жерде қалаларға тән болып келетін оссуарлық жерлеу тәсілі пайдаланылған ірі некрополь орналасқандығы да бұл қоныстың қала екенігін даусыз дәлелдеп береді. Қала ҮІІІ ғасырға дейін өмір сүрген.

Өзбекстан мен Тәжікстанның оңтүстік ауданы – Тохаристанның аса ірі және ежелгі құрылысының орны – Термез. ХХ ғ. 20-31 жж. Жасалған аса ірі археологиялық зерттеулері әртүрлі кезең материалдарын табуға мүмкіндік берді, дегенмен, араб басқыншылығына дейінгі мекенделіп, Қала деп аталған бөлігін айналып өтті. Оның көлемі 50 га және щахристан мен цитадельден құралады [17]. 

Тек кейбір құрылыстардың қирандысы ғана археологиялық зерттеу объектісі болғандығын ескерту қажет. Бұл құрылыстар араб басқыншылығына дейін Термезде қала төңірегі мекендері – рабадтың болғандығы туралы жазба деректердің мәліметтерін растайды [15, с.40 ].

Дегенмен, Оңтүстік Тәжікстанда қала типтес мекендердің орнын қазу шектеулі көлемде жүргізілді. Тек Мунчак-Тепе Кафирниганның төменгі ағысының оң жағалауында орналасқан), Кафир-Кала (Вахш алқабының орталығында) орындарында жүргізілген археологиялық зерттеулер жемісті болды.

Ортағасырларда қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан құрамына кіретін, астанасы Бунджикентте орналасқан облыс Усрушана деп аталды. Оның Кахкаха І, ІІ, ІІІ деп аталған, бір-бірінен жеке-жеке орналасқан қалалары зерттелген. Зерттеушілері Н.Н. Негматов және С.Г. Хмельницкий [18].

Ферғана алқабында орналасқан қалалардан Кува қаласы араб басқыншылығына дейін өмір сүргені Кува қаласы, оның орнынан будда храмы табылған. Бұл белгі бойынша және археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Ферғананы зерттеуші А.В. Булатова [19 ] қаланың араб шапқыншылығына ейін-ақ өмір сүргенін, сондай-ақ ол кварталдық құрылыс жобасымен салынғандығын, құрылыстарының көп болғандығы, баспаналарының екі қабатты болғандығын, мүсін өнері мен храм қабырғалары көркемсуреттермен безендірілгендігін айтады. Оңтүстік Қазақстан жері де ортағасырлық кенттенудің бір орталығына кіреді. Оның араб дәуіріне дейінгі кезңін сипаттау үшін мол материалды Тараз және Ақ-Бешим қалаларының қазба зерттеуі арқылы табылды. Тараз туралы араб дәуіріне дейін пайда болған жазба ескерткіштер арқылы белгілі болатын. Бұл қаланы археологиялық зерттеудің қарқынды жүруі ХХ ғ. 30-шы жылдарынан-ақ басталды. Оның зерттеушілері Т.Н. Сенигова және Л.И. Ремпель. [20].  ҮІ-ҮІІ ғғ. Тараз қолөнер кәсібі жақсы дамыған қала орталығы болатын.Қала маңындағы Тоқ-Тұрмас деген жерден табылған әртүрлі зираттық құрылыстары бар, сондай-ақ, қалалықтардың мұсылман заманына дейін қалдырып кеткен наустары бар некрополь археологиялық зерттеуден өткізілді.

Солтүстік Қырғызстанды да осы аталған археологтар зерттеген болатын. Ал, Тоқмақтың оңтүстік-батысынан 10 км.  жерде орналасқан Ақ-бешим қалашығы 35 гектар жерді толық алып жатыр. Оның қала дуалдары нақты шектеген шахристаны мен оның оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан цитаделі бар. Оны 1938-1939 жж. зерттеген А.Н. Бернштам қаланы қарақытайлардың қаласы Баласағұн (ХІІ ғ.) деп есептеді. Л.Р. Кызласов 1953-1954 жж. жүргізілген бұрынғыға қарағанда кең аумақты қазба жұмыстарының нәтижесінде қала Ү ғ. пайда болған деген тоқтамға келді. Ал француз ғалымы жазба деректерде берілген Суяб қаласына сәйкес келеді деп есептеді.

Л.Р. Кызласов жүргізген стратиграфиялық қазба жұмысы қала шахристанының үлкен кварталдардан құралғандығын көрсетіп берді [21].  Орта Азия қосөзенінің орталық облысы Соғды (Зеравшан алқабы) деп аталады және нақ осы аймақ Азиянығң ежелгі отырықшылығының орталығы болған. Оның Афрасиаб, Кафир-Кала, Варахше және ежелгі Пенджикент қалалары біз қарасытырып отырған мәселенің маңызды бөлігі. Оның ішінде Афрасиб қаласын зертеу осыдан 1 ғасырдан бұрын уақытта басталған болатын. Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстарының талапқа сай орындалмағандығынан қала тарихы, оның құрылымы мен жекелеген кезеңдерінің негізгі белгілерінің өзін айқындау мүлдем мүмкін болған жоқ [22]. Тек ХХ ғ. 40-шы жылдарынан бастап, А.И. Тереножкин мәдени қабаттардың стратиграфиясы жасады, сөйтіп жинақталған аса көп заттай материалдардың жасалу мерзімін анықтау мүмкін болды [23].   Ал, ХХ ғ. 60-шы жылдарында В.А. Шишкин қала іші мен төңірегінде бірқатар археологиялық зертеулер жүргізді [24]. Кяфир-Қала қалашығы Самарқандтың оңтүстігін Задаргом даласынан бөліп жатқан Даргом каналының солтүстік жағасында 16 га жер аумағында орналасқан. Қаланың шығыс бөлігінде көлемі 72х72 м. болатын, айналасындағы шахристаннан 20 м. биікте орналасқан цитадель бар. 1939-1940 жж.  қалашықтың сырт жағынан екі жерден қазба жұмыстары жүргізілген. Оның біреуі оссуарлық жерлеулер орналастырылған наустары бар некрополь,  ал екіншісі көзешілер кварталы болып шықты.  1965 жылы қалаға жақын жерде усадьба деп аталған жобасы күрделі ірі ғимарат қазылып алынды.  Қазба жұмыстары кезінде табылған материалдар қаланың пайда болу кезін ҮІ-ҮІІІ ғғ. деп жобалауға мүмкіндік берді [25].

1937 ж. Варашх қалашығын В.А. Шишкиннің ашуы Орта Азия археологиясының аса маңызды ғылыми оқиғасы болды. Қалашық Бұхараның солтүстік-батысынан 30 шақырым жерде орналасқан. Оның көлемі 6,5 га. Цитаделі оңтүстік шығыс бөлігінде 20 м. биіктікте орналастырылған. Оның қала өмірі Ү-Х ғғ. аралында ғана болған. Қазба жұмыстары кезінде негізінен тек араб үстемдігі дәуіріне дейінгі кезеңдегі құрылыстар ғана табылған. Оның құрылыстары мен қала дуалы зерттелген [26].   Қазіргі қаланың оңтүстік жағында орналасқан ежелгі Пенджикент қаласын археологиялық тұрғыдан зертеу 1946 жылдан бастап жүргізілді. Пенджикентті зерттеу басқа ірі қалаларға қарағанда оңай болды, өйткені араб басқыншылығынан кейін ҮІІІ ғ. қала өзінің өмір сүруін тоқтатты да, оның цитаделіне кейінгі ғасырлар мен дәуірлер үстемесі болған жоқ, яғни дәуір тұрғысынан алғанда таза сақталды [27]. Еелгі Пенджикенттің орны айқын көрініп тұрған төрт бөлікке бөлінген. Қала б.з. Ү немесе ҮІ ғ. басында пайда болып, ҮІІІ ғ. арабтардың келуіне байланысты өзінің өмірін тоқтатқан. Шахристаны мен цитаделінің жалпы көлемі 15 га. Қазба жұмыстары көрсетілген барлық бөліктерде де жасалды. Нақ Пенджикент қаласының құрылысы арқылы арабтарға дейінгі Орта Азия қалаларының қалалық құрылмы туралы айқын тұжырым жасау мүмкін болды.

Ортағасырлық кенттенудің басты белгісі қалалардың пайда болуы деп қарастырсақ, оның қала қорған-қамалдары қала өмірін сыртқы жаудан сақтап қалу үшін өте маңызды қызмет атқарды. Сондықтан, ортағасырлық қалаларды зертеу ісімен айналысқан барлық археолог-зерттеушілер қала қорғанының сызығы ғы мен құрылыс ерекшелігін анықтауға үлкен мән берді. Осы тұрғыдан алып қарағанда қирандылары бүгінгі күнге дейін сақталып қалған ортағасырлық Хорезмнің қорған-дуалдарын археологиялық зерттеу үлкен нәтиже бере алған. Қала бекінісінің жоғарғы жағы тіс сияқты өрілген, атқыштар үшін ешқандай ішкі галереялар қалдырылмаған біртұтас дуал болатын. Бекіністі қорғап тұрған әскер оның төбесінде, «тістердің» арасына орналастырылған.

Ортағасырлық қалалардағы барлық бекіністердің осы сипатта болғандығын басқа қалалардың археологиялық қазба жұмыстары да дәлелдеп бере алады.

 

Зерттеулер және деректер

Лавров В.А. Градостроительная культура Средней Азии. – М.:1950. – С.17.

Воронина В.Л. Раннесредневековый город Средней Азии. – Советская археология. – 1950. №1. Пацевич Г.И. Историческая топогрфия городов и поселений юга Казахстана ҮІІ-ХҮ вв. н.э. (По археологическим данным). автореф. канд. дисс. – Алма-Ата, 1956.

Кожемяко П.Н. Раннесредневековые города и поселения Чуйской долины. – Фрунзе, 1959Неразик Е.Е. Керамика Хорезма Афрегидского периода. М.: 1959. – С.109.

Бартольд В.В. Сочинения. Т. ІҮ. – М.:1966. – С.172.

Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М.:1962. – С. 249.

Лавров В.А.. Градостроительная культура Средней Азии. – М.: 1950. – С.53.

Сухарева О.А. К истории городов Бухарского ханства. (Историографический очерк). –

Усманова З.И. Новые данные к археологической стратиграфии. – Ашхабад, 1969. – С.20.

Пугаченкова Г.А. Мастер-керамист Мухаммед Али Инойятан из Мерва. (К характеристике керамики Мерва ХІІ – начала ХІІІ в.). – Советская археология,  №2. – 123.

Сарианиди В.И. Керамические печи городищ древнего Мерва. – Ташкент: 1953. – С.46.

Беленицкий А.М., Бентович И.Б., Большаков О.Г. Средневековый город Средней Азии. – Л.: Неразик Е.Е. Раскопки в Беркут-Калинском оазисе в 1953-1956 гг. – М.: МХЭ, в.1.– С. 101.

Шишкин В.А. К исторической топографии старого Термеза. Термезская археологическая комплексная экспедиция. 1936. Тр.УзФАН, сер.1, в. 2. – Ташкент:1940. – С. 42.

Негматов Н.Н., Хмельницкий С.Г. Средневековый Шахристан (Материальная культура Усрушаны). – Душанбе: 1966. – 215 с.

Булатова А.В. Древняя Кува. – Ташкент: 1972. – 331с.

Ремпель Л.И. Археологические памятники в дальних низовьях Таласа. //Тр.ИИАЭ АН КазССР. Т.І. – Алма-Ата: 1956. – С. , Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата: 1972.

Кызласов Л.Р. Археологические исследования на городище Ак-Бешим в 1953-1954 гг. // Тр.

Якубовский А.Ю. Из истории археологического изучения Самарканда. – Л.: 1949. 212 с.

Тереножкин А.И. Согд и Чач.  Автореф.канд.дисс. – М.:1950. – 25 с.

Шишкин В.А. Афрасиаб – сокровище древней культуры. – Ташкент: Фан, 1966. – 200 с.

Григорьев Г.В. К вопросу  о художственном ремесла домусульманского Согда. – М.: 1946. – с.; Шишкина Г.В. Раннесредневековая сельская усадьба под Самаркандом. – Ташкент, 1961. –

Якубовский А.Ю. Древний Пенжикент. // По следам древних культур. – М.:1951. – 121 с.