Жеке тұлғаны қалыптастырудағы қазақ халқының 

мақал-мәтелдерінің  рөлі

 

Қойшыбаева Н.И. –п.ғ.к., доцент

Жунисбекова Ж.А. – п.ғ.к.

Малгайдарова Г.Т. – педагогика және психология магистрі

М.Әуезов атындағы ОҚМУ.,  Шымкент қ.

 

Қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының ел арасынан  жиналуы, хатқа түсуі, баспа бетіне шығуы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұлардың кейбір үлгілерін ертеректе ел арасынан жинап жазып алғандар Ш.Уәлиханов, В.Радлов болғанын білеміз. Бұлардан кейін, революцияға дейін, қазақтың мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын жинап, баспа жүзіне шығаруда айтарлықтай еңбек еткендер: Ш.Ибрагимов, А.В.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ф.Плотников, В.В.Катаринский, Ә.Диваев, Сабыржан Садықов, Мейрам Ысқақов т.б. болды. Аталған адамдар қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының кейбір үлгілерін жинап жазып алды да, сол кезде орталықта және Омбы, Орынбор қалаларында шығатын газет - журналдарға бастырды, жеке кітапша етіп шығарды. Мәселен, Ш.Ибрагимов қазақтың мақал-мәтелдерін 1874 жылы Орынбор-да, А.Васильев 1892 жылы Орынборда, В.Катаринский 1899 жылы Орынборда, Ф.Плотников Омбыда бастырды. Г.Т.Мелиоранский жинаған мақал-мәтелдер археология қоғау-ының Шығыс бөлімінің еңбектерінде (1893 ж.) жарияланды. М.Искаков жинаған мақал-мәтелдер 1914 жылы Қазан қаласында өз алдына кітапша болып шықты. С.Садықовтың «Жұмбақ» деген жинағы 1902 жылы Қазан қаласында басылды. Ә.Диваев жинаған мақал-мәтелдер «Туркестанские ведомства»  дейтін  газетте  жиі  жарияланып  тұрды.

Қазақтың мақал-мәтелдері, жұмбақтары кеңестік дәуірде мол жиналумен қатар, баспа жүзінде шығып, ел арасында тарап отырды. Мәселен, «Мың бір мақал» дейтін жинақ 1925 жылы басылды. 1935 жылы Өтебай Тұрманжанов төрт мыңнан астам мақал мен мәтел енгізіп «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» деген атпен үлкен жинақ шығарды. Бұл қазақ мақалдарынан құралған көлемді жинақтың бірі болатын. 1950 жылы Қазақстан Ғылым Академиясында қазақ мақалдары-ның Б.Ақмұқанова құрастырған жинағы жарық көрді. Кеңестік дәуірде қазақтың жұмбақтары да бірнеше рет жинақ болып басылды. Бұлардың ішінде көңіл аударарлық жинақ 1940 жылы шықты; оны құрастырған профессор С.Аманжолов, ал сөз басын жазып, редакциясын басқарған профессор М.Әуезов еді.

Сөйтіп, қазақ халқының мақал-мәтелдері, жұмбақтары ел арасынан XIX ғасырдың екінші жартысынан бергі жерде ғана жинала бастағанын көреміз. Ал оларды ғылыми жолмен зерттеу ісі революцияға дейін де, онан кейін де өрістеп кетпегенін ескерту қажет. Рас, соңғы жылдары бұл іске біраз көңіл аударылып келеді; мақал-мәтел, жұмбақтар жайында жазылған ұсақ мақалалар, айтылған пікірлер бар. Бірақ олар монографиялық көлемде жазылған ғылыми зерттеулер болып табылмақ емес, тек болашақта жазылатын үлкен еңбектердің алғашқы барлаушысы, бастамасы деуге болады.

Ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда, мақалдың өзіне тән ерекшеліктері мен өзгеш-ліктері бар. Ең алдымен, әдебиеттік жағынан алғанда, мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді. Ол адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданылады. М.Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде айтып береді».

Қандай мақалды алсақ та, оның шығуына үлкен оқиға, мәнді әңгіме себеп болған. Мақал соларға берілген баға, жасалған қорытынды,  яғни «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» есебінде жүреді. Халық аз сөзге көп мағына сыйдыра отырып, өзінің өмірінде көргендерін, бастан кешірген кезеңдерін, алған тәжірибелерін мақал арқылы айтып  береді. Бұл жағынан алғанда, көптеген мақалдар ақыл-өсиет, нақыл сөз есебінде қызмет атқарады.

Мақалды тудырушы – еңбекші халық. Ол халық данышпандығының алтын қазыналы мұрасы болып табылады. Бұдан, әрине, барлық мақалды халық шығарған деген ұғым тумайды. Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді, мақал да таптық ой-санадан, таптық көзқарастан туған. Мақалдарды үстем тап та шығарып, оған таптық идеясын қосқан, идеологиялық құрал еткен. Мәселен, «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «Алтын басты әйелден бақа басты бала артық» деген сияқты үстем тап адамдары шығарған мақалдар халықтың тілегіне, көзқарасына мүлде жат. Сондықтан оларды еңбекші халық қабылдамаған. Мақалдар халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық өміріне, еңбегі мен тәжіри-бесіне байланысты туғандықтан, оның тақырыбы да орасан көп. Бұл ретте мақалға қосылмаған нәрсе жоқ деуге болады. Халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салты, дүние танудағы көзқарасы, шаруашылығы мен кәсібі, қуанышы мен қайғысы, айтатын ақыл-өсиеті, үйрету мен үкімі, қысқасы, халық өмірінің барлық жақтары – мақалдарың басты тақырыбы болып отырады.

Халық мақалдарының бірсыпырасы егіншілік кәсіп жайына арналады. Бұл тақырыптағы мақалдардың көпшілігі кейінгі кезде, шамамен айтқанда, XIX ғасырдың ішінде туған секілді. Олай дейтінім, тарихи деректерге қарағанда, бүгінгі Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарын мекендеген кейбір рулар ғана аздаған егін салып, ертерек кәсіп еткен. Ал шаруашылықтың бұл түрімен бүкіл қазақ халқының айналысуы – XIX ғасырдың іші. Бұған басты себеп қазақ халқының Ресей мемлекетіне қосылуы, орыс халқымен араласуы, одан үлгі алуы болған. Осыдан былайғы жерде қазақ елі әр түрлі дақылдан егін егіп, оны негізгі кәсібінің біріне айналдырған. Өзінің тұрмыс-тіршілігінен елеулі орын алған егін шаруашылығы және оның адам баласына келтірер пайдасы жайында қазақ халқы біраз шығармалар тудырған. Мұнымен қатар, егін кәсібін мақалдары арқылы да бейнелеп суреттеген.

Қазақ мақалдарының көрнекті тақырыбының бірі – ұйымшылдық, ынтымақ, бірлік жайын қамтиды. Бұл тақырыптағы мақалдардың негізінде ақыл-ойы сергек халықтың аталған мәселелер жөніндегі даналық көзқарасы, өмір тәжірибесінен алып, білгірлікпен жасаған қорытындысы жатады. Тұрмыс талқысынан туып, әрбір тарихи кезеңнің сындарынан өткен түсініктерін мақал арқылы көрсетпек болады. Үй ішінің, ел-жұрттың, бүкіл қоғамның құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бағалайды. Ел қорғау, батыр-лық-ерлік істер жайында туған халық мақалдары халықтың бұл жөніндегі ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екендігін білдіріп отырады. Бұл тақырыптағы мақалдар, ең алдымен, кімге болса да туған жер, өсіп-өнген ел – Отан аса қасиетті, қадірлі, қымбат, ыстық деп көрсетеді. «Туған жердің тауы ыстық», «Ел іші – алтын бесік» деуімен туған елді ардақтайды, жоғары бағалайды. Кейбір мақалдар туған елді басқа елдермен салыстыра келіп, әркімге өз елінің артық екендігін аңғартады. Мұны халық «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі – күміс, өз елің – алтын» деген мақалдары арқылы сипаттайды.

Халық мақалдары қолынан іс келмейтін тоғышарлар мен қоян жүрек қорқақтардың да образын жасайды. Оларды мазақтап әжуалайды, келеке етеді. «Қорқақ көлеңкесінен де қорқады» деп, аз сөзбен қорқақтардың жағымсыз бейнесін суреттейді. Қара басының ғана қамын ойлаған адам ерлік іс жасай алмайтындығын көрсетеді. Мұндай адамдар үрейшіл келеді, кейде олар қалың қолға іріткі салады деп, «Бір қорқақ мың қолды ірітер, бір құмалақ бір қарын майды шірітер» деп, қорқақ адам жайындағы халықтың туралы бағасын береді.