Ташмагембетова
Т.А.
БАЛА БОЙЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕНІҢ
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
КМҚК
«Мамандандырылған №74 «Ертөстік» балабақшасы,
Қарағанды қ.
Жаңа кезеңдегі білім
берудің өзекті мәселесі жас
ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру.
Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды
қалыптастыру жан-жақты іс. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін
оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен
ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер
айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік,
мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік
құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне
сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар және
қоғам шешуші роль
атқарады.
Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында «Білім берудің мақсаты – жылдам
өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алған терең
білімнің, кәсіби дағдыларының негізінде еркін
бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға,
өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс,
адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға
қабілетті, дені сау жеке тұлғаны қалыптастыру»
делінген. Осы айтылған
қағидаларды ұстана отырып, Қазақстанда
ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан
ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді
ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда,
жаңа талаптар қоя отырып ұлттық рухта болашақ
ұрпақты тәрбиелеу керек деп санаймын.
«Болашақ жастардың
қолында» деп Елбасы айтқандай келешек ұрпақтың
бойына ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарды
сіңіріп өсіру біздің басты міндетіміз болып саналады. Осы
бағытта балабақшада өтілетін түрлі іс-шараларды
өткізу барысында ұлттық тəлім-тəрбиені басты
мақсат тұтамыз.
Тәрбиелеу, білім беру
жұмысының мазмұны мен формалары балалардың
мүмкіндігін ескеру арқылы нақтыланады. Адамгершілікке,
еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде,
үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру
процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады.
Тәрбиешінің ең бастапқы формалары педагогтың
балалармен мазмұнды қатынасында, жан-жақты іс-әрекетінде,
қоғамдық өмірдің құбылыстарымен
танысу кезінде, балаларға арналған шығармаларымен, суретшілер
туындыларымен танысу негізінде іске асады. Мұндай мақсатқа
бағытталған педагогтық жұмыс еңбек
сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына
тәрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды
және жасалған дүниеге қуана білуді дамытуға,
үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға
тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды. Балаларда ортақ пайдалы
жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану,
ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне
өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның
бәрі де баланың жеке басының қоғамдық
бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын
бірте-бірте қалыптастырады.
Адамгершілік – ең жоғары
құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті,
адамгершілік және психологиялық қасиеттерінің
жиынтығы.
Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек
емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді
сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік
әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің
қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың
өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам
адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін
қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Жас ұрпақты
саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен мектеп қызметкерлерінің
бірден бір парызы.
Біз бала тәрбиесіне оң
ықпал жасай отырып, оның табиғатын оятамыз. Баламен
жүргізілетін әрбір істі қарапайым, әрі шешімі бар іс
деп қарауымыз керек. Балалық шағының қызықты
болуын ескергеніміз жөн. Бұл бала бойында адамгершілік құндылықтарды
қалыптастырудың бірден-бір жолы.
Ойындар – баланың психикалық
үрдістерінің, ойлау, есте сақтау, қабылдау, қиял
дамуына көмектеседі.
Біз жас өскіндерді адамгершілікке
бағыттау мақсатында ойындар ұйымдастыру арқылы оларды
қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа
жетуде барлық күш-жігерін жұмсауға,
құрбыларына қолғабыс жасауға тәрбиелейміз.
Осы арқылы бала өзіне баға берумен қатар белсенділігі
де артады.
Қай заманда болмасын адамзат алдында
тұратын ұлы мұрат - міндеттердің ең бастысы –
өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы
ұрпақ тәрбиелеу.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек
қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін
жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты, адамгершілігі мол, иманды,
мәдени – ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің
де қоғам алдындағы борышымыз. Себебі, адамгершілігі мол
қоғам мүшелері осы балабақша тәрбиеленушілерінен
басталады.
Сөз соңында «Ісіңізге, еңбегіңізге,
оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз
сөз жоқ, жеңіске жетесіздер» деген Қаныш
Сәтбаевтың сөзімен аяқтағым келеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Мұсаева С.А., Бегалиев Т. Б. Жас
ерекшелік педагогикасы. – Астана, 2006.
2. Жарықбаев Қ., Қалиев С.
Қазақ тәлім-тәрбиесі.
– Алматы, 2000.
3. Төлеубекова Р.К. Адамгершілік
тәрбиенің негіздері. – Алматы, 1995.
4. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы,
2000.
5. Қойбағаров А. Балаларды
адамгершілік сезімге тәрбиелеу. – Алматы, 2001.