Аманбаева  Р.Р.

БАЛАНЫҢ   АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ  ТӘРБИЕСІН  ҚАЛЫПТАСТЫРУ

КМҚК «Мамандандырылған №74 «Ертөстік» балабақшасы, Қарағанды қ.

 

«Біз  қазақ  мал  баққан  елміз, ешкімге  соқтықпай  жай  жатқан  елміз» – деп  күрмеуі  көп  қиын  заманда  ел  тағдырын  жырлап  өткен  Қаз  дауысты  Қазыбек  бидің  осы  жыры  бүгінгі  ұрпақты  өз  жерін, өз  елін  сүюге  баулиды, қазақ  елін  сыртқы  жаудан  аман  сақтап  қалу  үшін  жанын  аямай  күрескен  халқымызға  бағыт – бағдар   беріп  отырады.  Біз  қазақ  деген  намысшыл, Отаншыл  халықтың  ұрпағымыз. Біздің  бойымызда  бостандықты  аңсап, елім  деп  өткен  ата – бабамыздың  қаны  бар. Сол  арқылы  қуат  алып, ертеңге  деген  сенімімізді  нығайта  түсу – бүгінгі  ұрпақ  алдында  тұрған  міндет. Ол  үшін  Отанға, елге  деген  сүйіспеншілікпен  әр  адам  бойына  адамгершілік  құндылықтарын  жия  білуі  тиіс. 

Адамгершілік  ең  жоғарғы  құндылық. Халқымыздың  тұңғыш  ағартушысы   Ы. Алтынсарин  «Адамгершілікке  тәрбиелеу  құралы – еңбекпен  ата – ана  үлгісі» – деп  мағыналы  айтқан.

Сондықтан  баланың  бойына  жастайынан  ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни  адамгершілік  құнды  қасиеттерді  сіңіріп, өз-өзіне  сенімділікті  тәрбиелеуде  отбасы  мен  педагогтар  шешуші  роль  атқарады.

Рухани-адамгершілік тәрбие – екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан – тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым- қатынастарынан көрінеді.

Баланың  өмірге  белсенді  көз-қарасының  бағыты  үлкендер  арқылы  тәрбиеленеді.  Адамгершілікке, еңбекке  тәрбиелеу  күнделікті өмірде, үлкендердің  қолдан  келетін  жұмысты  ұйымдастыру  процесінде, ойын  және  оқу-ісінде  жоспарлы  түрде  іске  асады.  Тәрбиешінің  ең  бастапқы  формалары  педагогтың  балалармен  мазмұнды  қатынасында, жан-жақты  іс-әрекетінде, қоғамдық  өмірдің  құбылыстарымен  танысу  кезінде, балаларға  арналған  шығармаларымен, суретшілер  туындыларымен  танысу  негізінде  іске  асады.  Мұндай  мақсатқа  бағытталған  педагогтың  жұмысы  еңбек  сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдықпен  патриотизм  бастамасына  тәрбиелеуге, көп  дүниені  өз  қолымен  жасай  алуды  және  жасалған  дүниеге  қуана  білуді  дамытуға, үлкендер  еңбегінің  нәтижесін  бағалауға, тәрбиелеуге  мүмкіндік  жасайды. Балаларды  ортақ  пайдалы  жұмысты  істеуге  тырысу, бірге  ойнау, бір  нәрсемен  шұғылдану,ортақ  мақсат  қою  және  оны  жүзеге  асыру  ісіне  өздері  қатысуға  талпыныс  пайда  болады. Мұның  бәрі  де  баланың  жеке  басының  қоғамдық  бағытын  анықтайды, оның  өмірге  белсенді  ұстанымын  бірте – бірте  қалыптастырады.

«Балалар  бақшасындағы  тәрбие  бағдарламасы»  мектепке  дейінгі  балалардың  жан-жақты  дамуын, олардың  мектепке  дайындығын  қарастырады.

Баланы  жақсы  адамгершілік  қасиеттерге, мәдениетке  тәрбиелеуде  тәрбиелі  адаммен  жолдас  болудың  әсері  күшті  екенін  халқымыз  ежелден  бағалай  білген. «Жақсымен  жолдас  болсаң – жетерсің  мұратқа, жаманмен  жолдас  болсаң – қаларсың  ұятқа», «Жаман  дос, жолдасын  қалдырар  жауға» – деген  мақалдардан  көруге  болады. Мақал-мәтелдер, жұмбақ, айтыс, өлеңдер  адамгершілік  тәрбиенің  арқауы. Үлкенді  сыйлау  адамгершіліктің  бір  негізі.

Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хикаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі.  Адамгершілік – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Адамгершілік тәрбиенің нәтижесі адамдық тәрбие болып табылады. Олар  адамды  құрметтеу, оған  сену, әдептілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, жанашырлық, ізеттілік, инабаттылық, қарапайымдылық  т.б.  Жас  ұрпақтың  бойына  адамгершілік  қасиеттерді сіңіру  ата – анамен  ұстаздың  басты  міндеті.  Мектепке дейінгі  адамгершілік  тәрбие– балалардың адамгершілік  сана – сезімін, мінез – құлқын қалыптастыруды  қамтиды.

Ата-бабаларымыздың  баланы  бесігінен жақсы  әдеттерге  баулыған.

«Үлкенді  сыйла», «Сәлем  бер, жолын  кесіп  өтпе»  деген секілді  ұлағатты  сөздердің  мәні  өте  зор.  Баланы  үлкенді  сыйлауға, кішіге  ізет  көрсетуге, иманды  болуға, адамгершілікке  баулу  адамгершілік  тәрбиесінің  жемісі.  Балаларды  адамгершілікке тәрбиелеуде  ұлттық  педагогика  қашанда  халық  тәрбиесін  үлгі  ұстайды. Қазіргі  кезде  өсіп  келе  жатқан  ұрпақты  тәрбиелеуде  қойылған  мақсаттардың  бірі  қоғамға  пайдалы, үлкенге  құрмет  көрсетіп, кішіге  қамқор  бола  білетін, жан – жақты  дамыған  жеке  тұлғаны  қалыптастыру. «Өзін-өзі  тану» пәні – баланы  жастайынан  Отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа  үйретеді.

Адам  бойына  кішіпейілділік, сыпайылық, рақымшылық, жанашырлық, сыйластық, тілектестік  сияқты  қасиеттерді  дарыту  және  өзгелерді  қадірлей, сыйлай, құрметтей білу, тыңдай білу, қолынан  келгенше  адамдарға  көмек  көрсету, кешірімді  болуға  үйрету  де  «Өзін – өзі  тану» пәнінің  үлесіне  тимек.

Сабақтардың  негізгі  құрылымдары  «Амандасу  рәсімі», «Шаттық  шеңбері», «Көңіл – күйді  көтеру»  сабақтың  негізгі  мазмұны «Сергіту  сәті», «Тыныштық  сәті», «Ойын», «Дәйексөз», «Шығармашылық  тапсырма» ұжымдық  жұмыс, дәптермен  жұмыс, жүректен – жүрекке  шеңберінен  тұрады.

Ата – аналарға  ойын  жаттығулардың  және әр  түрлі  байланыстырып  сөйлеуге, сөздік  қорын  дамытуға  арналған  тапсырмалардың  жазбаларын  үйде  баласымен  сауат  ашу, өзін – өзі  тану, тіл  дамыту сабақтарын  қайталау  үшін  ұсынамыз. «Сөздің  жалғасын  тап», «Суретке  қарап  әңгімеле» т.б. тақырыбында  жұмыстар  жүйелі  жоспарланып жүргізілсе  бала  тәрбиесіне  қосқан  үлесімізде  зор  болмақ.

Болашақ  ұрпақты  рухани  адамгершілікке  тәрбиелеу  басты  міндетіміз  болғандықтан  осы  «кемеде»  бірге  жүзейік  ағайын!