ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ ҚОЛДАНБАЛЫ ҚЫРЫ

Даутова С. Б.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың   “Әдебиеттану және тіл білімі”

ҒЗИ-дың директоры.

e-mail: a730chn@mail.ru

Жоғары оқу орындарында филологиялық білім беруді ақпараттандыру – ауқымы аса кең, кешенді үдеріс. Оған білім берушілер де, білім алушылар да, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін барлық тұлғалар да қатысады. Бұл жөнінде Б.Жұмағұлов: «Ол біздің білім беру жүйесінің жұмысын түбірімен өзгертуге тиіс. Міне, сондықтан да соңғы екі жылдан бері педагогтардың дәрежесін айқындау білім берудің сапасын арттыратыны анықтала түсуде. Сөйтіп, мұның өзі қазіргі кезеңдегі ең түйінді мәселеге айналды. Біз Елбасымыздың осынау көрегендік нұсқауын басшылыққа алып, іс-қимылымызды бұрынғыдан да батыл жүргізіп, ізденістерге бойлай білуіміз қажет. Сонда ғана педагогтардың сапасы мен беделін қазіргі заманға сай арттыра алатынымыз анық. Өз басым, шынайы көзқарасымды ашып айтсам, педагог, мұғалім дегеніміз – бүкіл білім беру жүйесіндегі ең негізгі, ең басты тұлға болып табылады деп білемін. Өйткені, мектептерде, кәсіптік-техникалық білім беру орындар­ында, жоғары оқу орындарында жастарға сапалы білім, саналы тәрбие дарытатын тұлға мұғалімдер мен педагогтар екені даусыз» [1] деп атай отырып бүгінгі күннің оқытушысының келбетін нақты анықтап берген. Жан-жақты білімді педагог дайындау үшін білім беру жүйесін  ақпараттандыру қажеттігі туындайды.

Филологиялық білім беруде ақпараттық технологиялар білім жүйесінің белгілі бір пәндері бойынша дамып өркендеп, енді біреулерінде кейін қалуы мүмкін емес. Компьютерді және ақпараттандыруды қолдану машығы қазіргі заманға аса қажет. Осыған орай, Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдарға арналған ақпараттық теңсіздікті төмендетудің Бағдарламасын қабылданды. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы үкіметінің 2006 жылғы 13 қазан айындағы № 995 қарарында бекітілді. Сондықтан да оны білім беру жүйесінің түрлі салаларында (пәндерінде) бірдей дамыту мақсатында бүкіл елдің аймақтық орталықтары жұмыс істеуде.

Бүгінде барлық деңгейлік білім ошақтарын электронды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оларды  ғаламтор желісіне қосу, оқу-тәрбие үрдісіне электронды-ақпараттық түрлі бағдарламаларды, электронды құрылғыларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, педагогтардың біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісін басқаруды ақпараттандыру, автоматтандыру – отандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге жаткізуге мүмкіндік беретін алғы шарттардың бірі ретінде нақты айқындалды. Ақпараттық технологияларды еліміздің жоғары оқу орындарының білімгерлері мен мұғалім-оқытушылары пайдаланып білім беріп, білім алуға көше бастады. Соның арқасында білім беру де, білім алу да оңтайланып, жаңа сапалық деңгейге көтеріле бастады. Алайда оның күрделі мәселелері толып жатыр. Олар өздерінің оң шешімін әлі де болсын күтуде. Филологиялық білім беру жүйесін ақпраттандыру арқылы білім беруде кейінгі кезде қашықтан оқыту технологиясы деген термин қалыптасты. Бұл оқытудың заманауи электронды құрал-жабдықтарға негізделген жаңа түріне жатады, яғни қоғамды ақпараттандырудың маңызды бағыттарының бірі – білім беру ісін ақпараттандыру. Г. Пазылова өз еңбегінде мынандай пікір білдіреді: «Бұл жаңа ақпараттық құралдар мен әдістерді дамыта оқытудың идеяларын жүеге асыруға, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерін бір-бірімен тағыз байланысты өрістетуге және олардың тиімділігі мен сапасын көтеруге, жас ұрпақты жаңа қоғам жағдайында өмір сүруге дайындауға пайдалану деген ұғымды білідірсе» [2]. Біз уақыт үнемдеуді бірден-бір тиімді жолы екендігін айтқымыз келеді.

Бүгінде ғаламтор арқылы қашықтан оқыту филологиялық білім беруді дамытудың нақты элементті болып отыр. Өйткені қашықтан оқыту жүйесінің икемділігі сол – студенттер негізінен дәріс, семинар түріндегі сабақтарға бармай-ақ, өздеріне ыңғайлы мезгілде, қолайлы жерде, қолайлы жылдамдықта жұмыс істу мүмкіндігіне ие болады.

Ел тұтастығын берік қалыптастыруда қоғамдық-әлеуметтік пәндердің, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің алар орны ерекше. Еліміздің материалдық-рухани құндылықтарын көздің қарашығындай сақтай отырып, соған барша халықты жұмылдырып ұйытуда тіл мен әдебиет пәндерінің тәлім-тәрбиелік, көркем-эстетикалық, тарихи-танымдық маңызды қызмет атқаратыны сөзсіз.

Ақпаратттық технологияларды пайдаланып, әрбір сабақты дидактикалық тұрғыдан дұрыс ұйымдастырған жағдайда филологиялық пәндерді оқытудың әдістемесі өзіндік ерекшелігімен танылады. Ол – оқыту, білім беру бағдарламасындағы теориялық білімді тереңдетуге және толықтыруға, білімгерлердің зерттеушілік, шығармашылық іс-әрекетке деген қызығушылығын, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Білімгерлердің шығармашылық, зерттеушілік іс-әрекеті – оның қабылдаған білімі мен біліктілік дағдыларын белгілі бір ғылыми (мамандық) бағыт-бағдар бойынша қолдана алуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өзін-өзі жетілдіруге деген ынта-ықыласын да, ерік-жігерін де, дайындығын да  қалыптастырады. Бұл – қазіргі педагогика ғылымында білім алушының өз білімін арнайы мақсатқа сәйкес ғылыми түрде жобалап, одан әрі пәнді терең зерттеп меңгеру, жетілдіру құзіреттілігі деп аталып жүр. Өйткені қазіргі ақпараттандыруға бейімделген қоғамда әрбір білім алушыға жеке пәндік білімдерді дәстүрлі оқу-әдістемелік жүйе бойынша меңгеру жеткіліксіз. Ресей Федерациясының көпке танымал, белгілі педагог-ғалымы  Г.К. Селевконың сөзімен айтсақ: «Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгеру оқытушының интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі» [3]. 

Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің түрлі деңгейлік оқу орындарына түрлі сипаттағы және сан алуан бағыттағы жаңа оқу-әдістемеліктер енуде.

Осы бір маңызды мәселе ескеріліп, қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарын компьютерлендіру, ғаламтор желісіне қосу, ақпараттандыру, түрлі пәндерді электронды оқу материалдарымен қамтамасыз ету жаппай қолға алынып жатыр. Соның ішінде филологиялық білім берудің оқу-әдістемелік жұмысын да жаңаша ұйымдастырып, оның білім беру үдерісіне заманауи электронды ақпараттық технологияларды ендіру, оқу-тәрбие ісін ақпараттық-қатынастық әдіснамалармен қамтамасыз ету, заманауи жаңа технологияларды филологиялық білім беру үдерісінде тиімді пайдалану сияқты т.б. маңызды да өзекті мәселелер пайда болды.

Тәуелсіздік алған кезеңнен бері қазақ тілі мен әдебиетін жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы ретінде оқытып-үйрету мақсатында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Филологиялық білімді жаңа заман талаптарына сәйкес ұйымдастырып оқыту, білім сапасын жақсарту, білім беру үдерісіне  жаңа технологияларды енгізу туралы жаңа (инновациялық) бастамалар өмірге келіп, филологиялық білім беру жүйесін ақпараттандырудың тиімділігін көрсетіп дәлелдеген көптеген ғылыми-зерттеулер пайда болды. Сол себептен қазіргі уақытта елімізде ақпараттық технологияны қолданысқа енгізудің түрлі жолдары қарастырылып, қолданыстағы жаңа технологиялардың бүгінгі жағдайы мен келешектік (переспективалық) дамуына бағыт-бағдар, барлау жасалып, күрделі де түйінді мәселелері зерделенуде.

Осы бағытта еңбек еткен ғалымдардың зерттеу еңбектерінің нәтижелеріне назар аударсақ, тереңірек бойлап, кеңірек ой жүгіртсек, қазіргі заманның әрбір адамы білгілі бір сапа-қасиетке ие болуы қажет екені айқын бола бастағанына көз жеткіземіз. Өйткені жаңа заманның адамына, демек еліміздің жас ұрпағына сол сапа-қасиеттер жылдам өзгеріске түсіп, құбылып отыратын қазіргі жоғары дамыған ақпараттық қоғамға бейімделуге көмектеседі. Сондықтан да қазіргі таңда отандық білім беру жүйесінің алдында зор міндет тұр. Ол – қазақстандық әрбір азаматтың бойына түрлі білім мен біліктілік қасиеттердің ішіндегі ең бастыларының бірі болып саналатын электронды ақпараттық-қатынастық технологияларды дұрыс пайдалана білу бойынша сауаттылық қалыптастыру, яғни қажетті техникалық құрылғылармен жұмыс істеп, солар арқылы алынған ақпаратпен тиімді қарым-қатынас жасай алатын жаңа заманның оқушылары мен студенттерін және әлемдік бәсекеге қабілетті білікті мамандар мен кәсіп иелерін дайындау болып отыр.

Соңғы онжылдықтардағы қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемесін жетілдіріп, әлемдік деңгейге сәйкестендіруге арналған іс-шараларды зерделеп, ой таразысына салсақ, бұл пәндердің де білім сапасы мен рухани тәрбиелік қызметін арттыруға біршама күш жұмсалғанын аңғарамыз. Себебі бұл пәндер – ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының жиынтығы. Демек, барлық рухани құндылықтардың іргетасы. Олай болса, осы пәндердің тәлім-тәрбиелік, дүниетанымдық, көркем-эстетикалық рухани қызметін жіті ескере отырып, заман ағымына сәйкес жаңа технологиялармен оқыту елдігіміздің кемел келешегі үшін аса қажет.

Қай елдің болсын заман ыңғайына қарай экономикалық-қоғамдық қатынастарының барлық саласы өзгеріп, дамыған сайын білім беру жүйесі де өзгеше мән-мазмұнға ие болып, сол қатынастарға сәйкес дамитыны табиғи заңдылық. Тіл мен әдебиетті ұлттан, ұлттық мәдениеттен, ұлт өмір сүріп отырған қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастан бөліп қарау мүмкін емес. Ал қазақ қоғамның көркем-эстетикалық таным-біліктілікке деген құштарлығы қашанда мәңгілік. Сондықтан да қазақ тілі мен әдебиетін заман талабына орай, жаңаша оқытып, оның рухани-мәдени әлеуетін жас ұрпақ тәрбиесінде барынша тиімді пайдалану маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.

Пайдаланған әдебиеттер

1 Жұмағұлов Б.Т. Мұғалім мәртебесін көтеру - мемлекеттік іс, ал оған атсалысу бәріміздің міндетіміз//Ана тілі, 26 сәуір 2012 жыл.

2 Пазылова Г. Қашықтықтан оқыту//Қазақстан мектебі. 2005 жыл.

3 Селевко Г.К. Современные образовательные технологии: Учебное пособие. – М.: Народное образование, 1998. – 256 с.