Қайырбекова Күлсара Сериковна
«Туран » мектеп- гимназия» коммуналдық мемлекеттік
мекемесі, Қазақстан
Сәндік-қолданбалы қолөнері арқылы
оқушылардың эстетикалық мәдениетін
қалыптастырудың кейбір мәселелері
Бүгінгі
таңда сәндік-қолданбалы қолөнері арқылы
оқушылардың эстетикалық мәдениетін қалыптастыруды
зерттеу педагогика іліміндегі өзекті мәселелердің бірі.
Адамзаттың
эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың негізі
эстетикалық тәрбие беруден бастау алады. Эстетикалық
тәрбие – адамгершілік тәрбиесі мен еңбек тәрбиесі
арқылы ұштастырылған нәтиже. Сол себепті біз
оқушылардың эстетикалық мәдениетін қалыптастыруды
зерттеуіміздің аймағы ретінде алып отырмыз.
Эстетика – жалпы
адамзаттық құндылықтардың мәні,
олардың туындауы және халықтың оны қабылдауы,
сезінуі, бағалауы туралы ғылым.
Эстетикалық
мәдениетті қалыптастыру алғы шарттарының
түпқазығы ертеректе жатыр. Қазақ
халқының өмірге көзқарасында жастарға
эстетикалық тәрбие арқылы олардың эстетикалық
мәдениетін қалыптастыруға ерте заманнан-ақ үлкен
көңіл бөлінген. Мысалы, жіп иіру, киім тоқу, тігу, киіз
басу, кесте тігу, өрмек тоқу т.б. бұйымдарды жасап, оларды
аса шеберлікпен, түрлі ою-өрнектерді қолданып,
әшекейлеп сәндеуге үйреткен. Халқымыз еңбек пен
қолөнерді егіз деп қараған. Қазақ
шаруасының қолөнері өзінің күнделікті
өмір тіршілігімен, тұтыну қажетімен тығыз ұштасып
жатады.
Көптеген
ғалымдарымыздың пайымдауынша, қазақтың
қолданбалы өнерінің негізі ежелгі сақ тайпасының
«аңшылық стилі» болған. Одан кейін басқа тайпалар да
пайдаланған геометриялық стильдерді де қазақтың
ою-өрнегінің төркіні деуге болады. Халқымыздың
ең ежелгі және жиі қолданатын оюының аты да
жануарларға байланысты: мысалы, қошқар мүйіз,
сыңар мүйіз, құстұмсық және т.б. деп
аталатын өрнек түрлері бар. Сонымен қатар ою-өрнекті
орналастыру тәртібінде геометриялық фигуралар кеңінен
қолданылады.
Академик
Ә.Марғұланның пікірі бойынша: «қазақ
халқы кілең ою-өрнек дүниесінің ортасында
өмір сүрген». Демек, халқымыздың өнер тарихында
ою-өрнектердің алатын орны ерекше.
Ерте заманнан-ақ адамзат баласы үй жиһаз,
жабдықтарын, киім-кешектерін зергерлік, әшекей
бұйымдармен сәнденген. Бұл
бұйымдар дарынды қолөнер иелері – шебердің қолынан
шыққан. Мәселен, тұлғаның
қалыптасқан моральдік-психологиялық эталоны болатын жігіт
«сегіз қырлы, бір сырлы» болуға тиіс. Оның бір қыры
нағыз жігіттің ақындық дарыны, сөз шеберлігі,
ойлау ұшқырлығы, тапқырлығы, яғни
мәдениеті болып саналды. Жалпы,
шебер адамдар сипаты «бармағынан бал тамған» деген балама сөз
арқылы қолөнер шеберлігімен суреттелген. Яғни, қолөнер адамзат
баласын әдемілікке, сұлулыққа, көркемдікке, бір
сөзбен айтқанда, эстетикалық мәдениетке баулыған.
Эстетикалық
мәдениет қалыптастыруда, қолөнердің бейнелілік
тілін меңгертуде, халқымыздың бай мұрасын игертуде
құнды педагогикалық тұжырымдар мен танымды
түйіндердің негізін қазақ ағартушыларының
дүниетанымдық көзқарастарынан байқаймыз.
Халық
қолөнер дәстүрін өздерінің ұл мен
қыздарына үлгі-өнеге етіп отырған. Мұндай жетістікке адам тек
сәндік-қолданбалы қолөнер кәсібінің
құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететіндігін
де санаға сіңіріп отырған. Қолөнер кәсібіне
жас ұрпақты, әке-шешелерді
ауылдың тәжірибелі салихалы қарттары, өнер шеберлері
баулып отырды. Сонымен бірге, өз тәжірибелерінде түсіндіру,
ақыл-кеңес беру, қолдау, мақтап-мадақтау
және т.б. тәсілдерді
пайдаланады. Әдетте халықтық педагогика қолданбалы
қолөнер жұмыстарына баулуда ер баланың тәрбиесіне
әкелері, қыз балалардың тәрбиесіне аналары
көбірек көңіл бөлгені мәлім. «Әкеге
қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»,
«Ананың ізін қыз басар, атаның ізін ұл басар» деген
мақал-мәтелдер соның айғағы болса керек. Жас
ұрпаққа қолөнер кәсібінің бір саласын
меңгерту өздеріне байланысты деп түсінген ата-ана
өздеріндегі бүкіл жақсы қасиеттерді солардың
бойына сіңіруге тырысты. Ер адамдар шеберлігі, өнері ат
әбзелдерінен көрініс тапса, әйел затының
қолөнерлерінің сипаты қызға төсек-орын беру
дәстүріндегі үйге қажетті бұйымдардың
көркемдігімен, шебер қолдар өрнегімен көрініс тауып,
бағаланған. Атап айтқанда, өрнекті кілем, алаша,
текемет, құрақ көрпе, аяқ қап т.б.
бұйымдардың безендірілуі тек сол қыздың анасының
ғана емес, ауыл әйелдерінің шеберлігін көрсетер
болған. Бұл тұрғыда, аналар қыз балаларды
қолөнердің кең тараған түрлері – киіз
басуға, сырмақ сырып, киіз үйдің ішкі-сыртқы
керек жабдықтарын әзірлеуге, шаруашылыққа қажетті
бұйымдар жасап, киім, кілем, алаша, ши, кесте, шілтер тоқуға
үйретсе, ер балаларды зергерлік бұйымдарды әзірлеуге,
ер-тоқым, құрал-жабдық, сауыт-сайман жасауға
үйретіп отырған. Осы айтылғандардың барлығы
дерлік қолөнер өрнектерімен безендіріліп, әшекейлі
жасалатын болғандықтан, жасаушыдан ерекше
талғампаздықты, нәзік икемділікті, жоғары
эстетикалық талғамды талап етеді.
Осылайша,
қазақ халқы ұл-қызын 13–15 жасқа дейін
өмірге дайындап, білгенін үйретіп шығаруға
тырысқан. Яғни, қазақ халқы қыздары мен
балаларының тәрбиесіне, эстетикалық
көзқарасының дамуына үлкен мән бергені
байқалады. Қазақ халқы қыздар мен ер балаларды
сәндік-қолданбалы қолөнерге үйрете отырып,
әсемдікті, сұлулықты түсініп, өмірді
өнегелі етуге, қоршаған ортаның түрі мен бояуын
қабылдай білуге қалыптастырады. Көркемдік өнер мен
халық шеберлерінің туындысы бүгінгі жастарымызға
үлгі және халықтың ғасырлар бойы жинаған
көркемдік тәжірибесінің сарқылмас көзі болып
отыр
Қорыта келе
айтатын мәселе, өнер арқылы жас
ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісі
қоғамдық дәуірдің әрбір даму
кезеңдеріндегі қоғамдық талаптарды іске асырудың
бір саласы ретінде күн тәртібінен түскен жоқ.
Қазіргі кезде сәндік-қолданбалы қолөнер
арқылы оқушылардың эстетикалық мәдениетін
қалыптастыру қоғамды дамытудың бірден-бір
құралына айналып отыр. Сондықтан да оны іске асыру
қоғам үшін маңызды алғы шарттардың бірі
болып есептелетінін дәлелдей түстік.