Уразгалиева С.Б.
аға оқытушы, филология магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.
ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДА АНТИТЕЗА
ЖӘНЕ ПАРАЛЛЕЛИЗМНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Жыраулар поэзиясында көріктеу тәсілдері көп орын
алған. Солардың ішінде шендестіру мен егіздеу тәсілдері де
бар. Фигураның бір түрі - шендестіру, яки антитеза (грекше antithesis-қарама-қарсылық)
- бір-біріне кереғар құбылыстарды,
мән-мағынасы әр тарап ұғымдарды,
түр-түсі әр бөлек нәрселерді өзара бетпе-бет қою арқылы
бұлардан мүлде басқа бір
құбылыстың, ұғымның, нәрсенің
суретін, сыр-сипатын, кескін-кейпін анықтау, аңғару,
елестету. Мысал үшін «Ер Тарғын» жырындағы
Ақжүністің Қартқожаққа: //Қара
жерге қар жауар /Қарды көр де, етім көр. /Қар үстіне
қан тамар/Қанды көр де, бетім көр,//-деп,
тақпақтап айтқаны жұртқа мәлім жауабынан
көреміз [1,236]. Ақын,
жыраулардағы айшықтау тәсілдеріне назар аударғанда екі
нәрсені, не екі құбылысты, яки екі жағдайды
қарама-қарсы қойып шендестіре суреттеудің
бірқатар түрлерін кездестіреміз. //Құладын
құстың қоры еді,/Аққу құс ару
төре еді// (Асан
қайғы)[2,65]. //Ақылсыз достан,/Ақылды
дұшпан артық-ты //(Шәлгез).
//Сен алтынсың-мен пұлмын, /Сен жібексің-мен
жүнмін,/Сен сұлтансың-мен құлмын, /Сен
сұңқарсың-мен қумын// (Шәлгез) [2,66]. Бұл мысалдың
қай-қайсысында да адамның қадір-қасиеті, сапасы
сипатталады. Өмірде дербес, алшақ, жеке-дара байланыссыз
құбылыстың болмайтыны сияқты ақын-жыраулар
мұрасында да көркемдік тәсілдер аралас келеді.
Алғашқы және соңғы үзінді әрі метафора,
әрі шендестіру үлгісі, яки мағынасы кереғар,
алшақ нәрселерді қарсы қою арқылы жасалған
метафоралық шендестіру. Бұлар сайып келгенде адамның
өмірдегі орнын айқындауды нысана еткен мағыналық
шендестірулер. Мағыналық шендестіру, әсіресе Шәлгез
мұраларында мол кездеседі. //Мен иемнің күнинде,/Арғымак
миндим тағалап. /Мен иемнін кунинде,/Аракы мен баллар іштім яткалап./Әзеке,
Мансур күнинде,/Бұқа миндим нокталап./Әзике, Мансур
күнинде/Быламық іштім былғалап// (Шәлгез) [3,37]. Шендестірудің шебер
қиюласқан түрлері Шал ақын («Мың теңгелік
қайғыдан, бір теңгелік пайда жоқ»), Ақтамберді
жырау («Білімді туған жақсыға, Залал қылмас мың
қарға. Жаман туған жігітке, Рахатты күн бар ма?»)
жырларында да аз емес [4,67]. Қазақ ауыз әдебиетінде аса
жарқын, әсерлі суреттеулер қатарына ақын, жыраулар
мағыналық шендестірулердің небір көркем үлгілерін
жасағанын аңғарамыз. Оларда бағзы сыртқы
белгілері жағынан гөрі адам өмірінің әрқилы
сәтін, тірліктегі қадір-бағасын нақты, тереңірек
көрсетуге бой ұру бар. Бұл Абай шығармаларындағы
адам жандүниесі иірімдерін шендестіре суреттеуге дейінгі әдеби
процестегі заңды игі қадамдар. Ақын, жырауларда екі
ұдай нәрсені, не құбылысты, не ұғым,
сезімді қатар қойып, егіздеп ұқсата, салыстыра
суреттейтін тәсілдер де мол. Әдебиеттегі көркемдік тәсілдің
бұл түрін ғалымдар адам баласы ой-санасының
сәбилік дәуірінде туған, алғашқы дәуір
адамдары бейнелемек нәрселерін өздеріне таныс табиғи орта
құбылыстарымен жұптап айтатын болған деген пікір айтады.
Көркем тілдің шығу тегін зерттеуші ғалымдар
табиғат құбылыстарына жұптап суреттеу адамдардың
өзін қоршаған табиғи орта сырын біле алмай табынуынан
туғандығын дәлелдейді. Фигураның тағы бір
түрі - егіздеу, яки параллелизм (грекше parallelos-қатар
жүру, қатынасу)-екі
үдай нәрсені, құбылысты, ұғымды, сезімді
қатар қойып, жұптап суреттеу. Мұның
түрлері көп. Мысалы://Көк ала бұлт сөгіліп, /Күн
жауады кей шакта./Әне бойың егіліп,/Жас ағады аулақта./Жауған күнмен
жаңғырып,/Жер көгеріп, күш алар./Аққан
жасқа қаңғырып,/Бас ауырып, іш жанар// (Абай) [1,241].
Егіздеу, жұптап суреттеу тәсілінің түп-төркіні
сәбилік санаға байланысты болғанымен дербес туындылар
шығарған атақты ақын, жыраулар мұрасында егіздеу
(параллелизм) табиғатты жандан-дыра бейнелеу шеберлік ой дамуын
аңғартатын өзге көркемдеу тәсілдері сияқты
ақындық талантты әйгілер құнарлы суреттеу
әдістерінің бірі болғандығы байқалады. //Аспанды
бұлт құрсайды -/Күн жауарға ұқсайды./Көлдерде
қулар шулайды-/Көкшіліден ол айуан/Соққы жегенге
ұқсайды./Көп ішінде бір жалғыз,/Көп
мұңайып жылайды-/Күйбеңдескен көп жаман/Сөзі
тигенге ұқсайды//.Шәлгез жырау жүрегін жаралаған
ыза, намысын, бұлтты көңілін Би Темірге баян етерде осылайша
бәсең де әсерлі егіздеу тәсілімен толғайды.
«Күйбеңдескен көп жаманның сөзі тигенге
ұқсайдыны» айту үшін табиғат пен жануарлар
дүниесіндегі құбылысты ұқсата жұптап
сатылай суреттейді. Аспанды бұлттың құрсауы,
қулардың шулауы, жалғыздың жылауы - табиғи
ортаның тыныштығының бұзылып, адам көңіл
күйінің дегбірсізденуі жайдан-жай құбылыс емес. Ол болған, не болар жағдайдың
әсері. Жыраудың айтпағы да осы.Немесе://Ағынды сулар, аймақ көл/Тасыса теңбек келтірер./Көп өтірік, жаман сөз.'/Басыңа
пәле келтірер./Жаманға беліңді шешіп инанба,/Инантып
тұрып өлтірер// (Шәлгез)
[4,40]. //Құбылып тұрған бәйшешек, /Қурай
болар солғанда./Ақиық бүркіт төмендер,/Екі
қанат талғанда./Сөге көрме, Абылай, /Мен пақырда
сын бар ма, /Уақытым мұндай болғанда// (Бұқар) [2,83]. Демек,
ақын, жыраулар табиғи ортаның, жан-жануарлар
дүниесінің, өсімдік әлемінің ерекше
құбылысы мен кенет өзгерісіне аспанды (бұлттың
құрсауы, қулардың шулауы, сулар мен
көлдердің тасуы, бәйшешектің солуы,
бүркіттің қалжырап қанатының талуы) адам
көңіл күйінің дегбірсіз халін, жан толғанысын
қатар қойып, ұқсата жұптастыра суреттейді,
шумақ соңында негізгі мағыналы ойын қорытады
(«Күйбеңдескен көп жаман сөзі тигенге
ұқсайды», «Жаманға беліңді шешіп инанба, Инантып
тұрып өлтірер», «Мен пақырда сын бар ма, Уақытым
мұндай болғанда») [4,73]. Ақын, жырауларда табиғат
құбылысы мен адам көңіл-күйін, әрекетін
ұқсата суреттеу тәсілдерімен қатар зерттеушілер синтаксистік
параллелизм атайтын егіздеу түрі де ұшырасады: //Жақсы да
келер бұ көпке,/Жаман да келер бұ көпке,/Түгел іс
қойып болмас бір көпке// (Шәлгез) [3,36]. //Атадан алтау туғанның, /Жүрегінің
бастары /Алтын менен бу болар. /Атадан жалғыз туғанның /Жүрегінің
бастары /Сары да жалқын су болар (Ақтамберді)// [1,58]. Бірен-саран
ғана сөзді өзгертіп, басқа сөз тіркестері сол
қалпында келетін егіздеудің бұл түрі де ақын,
жыраулар стиліне тән лықсып ағытылып, нөсерлей келетін
толғау жолдарына мейлінше кең еркін тыныс, әдемі ажар береді
[5,146].
Сонымен, әдебиет тілінде
қолданылатын көркемдік тәсілдердің барлығы
ақын-жыраулар мұрасында көптеп кездеседі. Соның ішінде
мағынаны қарама-қарсы және қатар суреттеп
көркемдейтін тәсілдердің де рөлі ерекше.
Әдебиеттер тізімі
1. Қабдолов З. Сөз
өнері. -Алматы, 1983. - 454 б.
2. Сыдықов Қ.
Көркемдік өрнектер. -Алматы, 1992. -178 б.
3. Бес ғасыр жырлайды. М.
Мағауин, М. Байділдаев. 1 т. Алматы:1989.-383 б.
4.Мағауин М. Ғасырлар
бедері. -Алматы: Жазушы,1991. -430 б.
5.Сыздық Р. Абай
шығармаларының тілі.- Алматы, 1968. - 336 б.