Ж.Д. Қалиева., Ж.С. Букенова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ДӘУІР АРҚАЛАҒАН  ДІНИ ДАСТАННЫҢ  ЖҰМБАҒЫ МЕН ТАРИХЫ

 

 

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, өзінің бұрынғы өткен тарихын, дінін, рухани байлықтарын қайта қарап, олардың шынайы болмысын жаңа көзқараспен зерделеуді ғана емес, қоғам мен болашақ ұрпақтың кәдесіне жарату жағдайын ескере зерттеуге ден қойды. Сан ғасырлардан атадан балаға мирас болып келе жатқан рухани мұраларды бүгінгі күн талабына сай жаңаша бағамдау үшін мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. Осы бағдарламаның алдына қойған мақсаты мен міндетін түсіндіру барысында еліміздің президенті Н. Назарбаев: «... ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуы тиіс», - деген болатын [1, 5]. Аталған мемлекеттік бағдарламаны негізге алатын болсақ, қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған мәселелер жетерлік. Солардың бірі – Тараз өңірінің тумасы, Әмірқұл Мырзақұлұлы шығармашылығындағы дін тақырыбы. Дәлірек айтсақ, мұрағат қорында жарты ғасырға жуық жатып, күні кеше ғана жарық көрген, шоқтығы биік шығыстық діни сипатта жазылған «Жетім баланың» зары дастаны туралы болмақ.

  Мінәжат өлеңдері, ақындардың лирикалық толғаныстарының өрнектерімен ислам дінінің негіздерін мойындау көзқарастарының көрінісі. Аллаға жалбарына жыр арнау, ақындықтың азаматтық имандылықпен толысуының белгісі. Алғашқы дастаны «Жетім баланың зары»  кириллица  алфавитімен 1969 жылы жазылған екен. Ақынның  бұл қолжазбасынан еш нәрсе оқи алмағандықтан, өзге нұсқасын табу мақсатымен сол дәптердегі көрсетілген нақты деректер бойынша «М.Әуезов атындағы әдебиет және көркемөнер» мұрағатына жол тарттық. Мұнда мұрағат қорына атақты ғалым-фольклортанушы Балтабай Адамбаев өткізген Әмірқұл Мырзақұлұлының  «Жетім баланың зары» деген дастанының  төте арабша нұсқасын  №75 папкадан табылды. Бұл төте араб жазуымен  жазылған  дастан, мұрағаттың қорына 1975 жылы тапсырылған екен. Сонымен, «Жетім бала зары» дастаны төте араб жазуынан қазақша нұсқаға аударып, үстіміздегі 2012 жылы қыркүйек айында тұңғыш рет кұрастырылған «Әмірқұл Мырзақұлұлы шығармалары» жинағына енгіздік.  Аталған дастанның идеялық, көркемдік, жанрлық сипаты  өте тереңде жатқан мазмұны жағынан өте құнды шығарма екендігі даусыз.

Бұл туындының бір ерекшелігі, Кеңестік «дін жоқ» деген  атеистік санада, коммунистік саясат қаһарын төгіп, қылышынан қан тамып  тұрған тарихи сұрапыл кезеңде дүниеге келуі ерлікпен пара-пар еді. Ақын Әмірқұл Мырзақұлұлы бұл дастанның төте жазуда жазылған нұсқасын мұрағат қорына өткізуі, іштей сол солақай саясатқа қарсылық пен өзіндік мұсылмандық дінге бетбұрушылық пен Алланың қадір-қасиетін ұлықтау мақсаты жатыр деп ойлаймыз. Себебі, Кеңестік саясат дендемей тұрған алғашқы кезеңде туындаған шығармаларда Алланың аты азды-көпті ауызға алынғанымен, бертініректе бұл үрдіс сап тыйылды.

  «Жетім бала зары»  дастаны  жанрлық   сипаты тұрғысынан алғанда, толықтай мінәжат үлгісінде Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, баз бір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. Ақынның бұл  эпикалық дастаны өн бойы тұтастай алғанда, Аллаға сыйыну, медет тілеп, жалбарыну мазмұнында, 12 буынмен, а-а-б-а ұйқасымен 116 жолдан құралған шығарма. Композициялық-сюжеттік құрылысы  орта ғасырлық  түркі дастандарындағы құрылымдық ерекшелікке ұқсас десек қателеспейміз. Себебі, бұл дастан,  ортағасырлық  түркі дастандардың құрылысына   сайкес үлгіде құрылымы 7 бөлімнен тұрады. Діни дастанның басты мақсаты діннің болмысы мен қағида заңдылықтарын насихаттау болғанымен, мазмұнында мәнді де маңызды дүниелердің жатқанын айқындап беруге талап жасадық. Дастанның құрылымдық жүйесін талдай келе, басым көпшілігінде Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, исламның ақтығын, мұсылман қайраткерлерінің іс- әрекеттерін дәріптейтін арнайы кіріспе-толғаудың қолданылатындығын айқындадық.

Сонымен қатар дастанның көрінен көзге байқалмайтын шешілмеген жұмбақ сыры ол 4-ші  тараудан анықталынды.  Әріректен қарасақ, Әмірқұлдың шығармашылық деректерінде көрсетілгендей ол Ұлы Отан соғысынан оралған кезінен бастап бар саналы ғұмырын ауылды көркейтуге, соғыстан қажыған ауылдың шаруашылығын жандандыруға бас болған қоғам қайраткері болған дедік. Күні бүгінгі дейін ақынның туған жері Тереңөзек ауылы жеміс өсіріп,  егін салу үшін  ағын су тапшылығы болғаны барімізіге аян Ақыннның ата кәсібі бағбан болғандықтан,   өз шығармасына шынайы ауыл өмірін арқау ете отырып, арман-тілегін дастанға қосса жырлайды. Мұның өзі шығармаға реалистік сипат береді. Дастанның реалистік сыры мен мазмұны тіптен тереңде жатқанын келесі деректер куә. Әмірқұл төрт жасында анасынан жетім қалып, тағдыр тауқіметін, азабын әбден тартқандығы өмірдеректерінен пайымдаймыз. Бұл дастандағы Нәби Жүсіптің прототипі Әмірқұл, яғни ақынның өзі екені даусыз.

Екінші бөлімде өз атын (Нәби Жүсіп) атап бастап, тікелей Жаратушыға қаратып мінәжат айтуы ақынның жан сырын бүкпесіз ақтарып, арыла сөйлеуіне мүмкіндік берген. Мінәжаттың арылтушылық, тазартушылық қасиетін түсіне әрі сезіне білген ақын шығармашылығында ол катарсистік-медитациялық роль атқарған.

         Ақиқатында шынайы талант иелерінің қаламынан туындаған адам баласына тән ізгі қасиеттер мен рухани құндылықтарды жырлаған шығармалар қай кезеңде де құнын жоймайды. Адамды биік мұраттарға итермелейді, руханияттың таусылмас азығына айналады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Назарбаев Н. Ә. «Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама болуы      тиіс // Егемен Қазақстан, 2003, 29 қараша, № 311-312.

3. Мырзахметұлы М. Абайдың адамгершілік мұраттары: Ұлы ақынның  150 жылдығына. – Алматы: Рауан, 1993. –256б

4. Мырзақұлұлы Ә. Шығармалар жинағы.Құраст.Ж.Қалиева. –Тараз: «Тараз-кітап», 2012 -126б.