Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

            Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті

            Әлібаева М.С., п.ғ.к.,

            Абай атындағы ҚазҰПУдың аға оқытушысы

             

            КӘСІБИ ЛЕКСИКАНЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІНІҢ

            ТАРИХЫНА ШОЛУ

      

       Кәсіби лексиканы дамыту мәселесінде, яғни сөздік қорды байыту – өте маңызды мәселе. Ал өзге ұлт өкілдеріне кәсіби қазақ тілін оқытуда ол басты бағыттардың бірі болып саналады. Студенттер үйренетін тілдің сөз байлығын игермей, сол тілдің қоғамдағы сөйлеу мәдениеті мен қарым қатынас жасауға қажетті дағдыларды меңгере алмайды. Студенттердің тіл байлығы қандай дәрежеде екендігі олардың өз ойын дұрыс айтуы арқылы байқалады. Демек, студенттердің қазақша сөйлеуі – қазақша білетіндігінің көрсеткіші.  

 Әдістеме ілімінде «сөздік қорды байыту» мәселесі жаңа тақырып болмаса да, қазақ тілін студенттердің болашақ мамандықтарына сәйкес үйретуде ерекше маңызды. Өйткені ол мемлекеттік тілді терең меңгерген білікті мамандарды даярлауда өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге көмектеседі. Осы тұрғыдан оның практикалық маңыздылығы да байқалады.

      Қазақ тілін оқыту әдістемесінде студенттерге кәсіби лексиканы оқыту мәселесі бұрыннан да ғалымдар назарынан тыс қалған емес, өйткені студенттердің сөздік қорын болашақ мамандықтарына сәйкес байыту мәселесіне қатысты Р.Ә.Шаханова, Г.Т.Алдамбергенова, М.Д.Жороқпаева, С.Нұрғали, Ш.Д.Абдиева, А.М.Мұратбекова, Р.Ш.Әбдісүлейменова, Г.Т.Тұрсынова, Д.Ж.Құсаинова сынды зерттеушілердің еңбектері бар. Әрине, әр түрлі әдістемелік мәселелерді зерттеу барысында тіл дамытуға соқпай өту мүмкін емес. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту әдістемесінде тіл үйренушілердің сөздік қорын байыту мәселесінің әр түрлі дәрежеде сөз болып, түрлі пікірлер айтылып отырғаны анық.

      Жалпы сөздік қорды байыту мәселесін Т.Шонанов, Ш.Х.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев, М.С.Лапатухин сияқты әдіскер-ғалымдар ғылыми-әдістемелік тұрғыда жан-жақты қарастыруға ұмтылыс жасаған.

     Т.Шонанов – сөздік қорын жаңа лексикамен байыту жөнінде көптеген құнды әдістемелік ой-пікірлерін ұсынған әдіскер-ғалым. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында бұл сала бойынша ғалымның  «Самоучитель казахского языка для русских: Практика и теория» (Кзыл-Орда, 1929) [1], «Орыстар үшін қазақша әліппе» (А., 1931) [2], «Учебник казкхского языка для взрослых» (Кзыл-Орда, 1936) [3], «Ведомстволық курстарға арналған бағдарлама» [4] деген еңбектері жарық көрген.

     Ғалым бұл саланың өзгешелігін ескере отырып, өз оқу құралында сөйлеу тілін оқытуға басты назар аударады. Алдымен тіл үйренушілердің тиісті мөлшерде сөздік қорын қамтамасыз ету қажет. Сол себептен Т.Шонанов сөйлеу тілін оқытуда шәкірттердің сөздік қорын жаңа лексикамен молайту мен сол сөздерді ауызекі тілде қолдана білу дағдыларын меңгерту деген екі негізгі бағытта жұмыс жүргізген дұрыс деп санайды.

     Т.Шонановтың сөздік қорды байыту мәселесі жөніндегі көзқарасы  «Ведомстволық курстарға арналған бағдарламасында» анық аңғарылады [4]. Бағдарлама 240 сағатқа құрастырылған. Ғалым тіл дамыту жұмыстарына төмендегідей жұмыс түрлерін енгізеді:

1) Тіл үйренушілердің сөздік қорын байыту;

2) Тілдік жадығатты қоғамдық өндірістік өмірінде қолдана білу дағдыларын меңгерту [4].

     Тілді меңгертудің негізгі мақсатына жету үшін тіл дамытуға, оның ішінде, сөздік қорды байыту жұмысына, грамматика, орфоэпия, жазылым, оқылым  деген жұмыстар ілігіп жүруі тиіс. Жұмыстың бұл түрлері «өзара тығыз байланыста, бірлікте жүргізілуі керек». Ғалымның ойынша,  ересектерге қазақ тілін оқытудағы барлық жұмыстардың негізінде ауызекі сөйлеу тілі болуы қажет. Өйткені тек сөйлесім арқылы жинақталған белсенді емес сөздік қор тілдік қатынастың белсенді тіл құралына айналады.

     Алғашқы сабақтардан бастап, пікірлесімді жүргізу үшін ең керекті сөздер сұрыпталып беріледі. Әдіскер лексикалық жадығатты сұрыптап алу жайында да өз көзқарасын білдіреді. Үйретілетін сөздерді топтарға бөліп берген ұтымды. Белгілі бір тақырып бойынша топтастырылған сөздерді бір бірімен  байланыстырып, сөйлем құру қиындық келтірмейді. Өйткені олар пікірлесімді жүргізуге мүмкіндік береді. Берілген сөздер  тобының өзінде сөзтудырушылық қасиет болуы керек, бұл сөздік қорды байытуға көмектеседі. Сөзжасамның түрлі тәсілдерімен таныс студенттер бұл сөздерден бірнеше жаңа  туынды сөздер жасай отырып, өз сөздік қорларын байыта түседі. Сонымен қатар бұл сөздер жеке дара түрде емес, мәтін құрамында алынған дұрыс. «Ол пікірлесімнің қажеттілігін туғызады», – деп есептейді ғалым [4].

     Т.Шонановтың әдістемелік пікірлерін тек сол кезең үшін соны, құнды пікірлер деп бағалау дұрыс болмаса керек, өйткені ғалымның әдістемелік көзқарастары көп уақыт өткеніне қарамастан қазір де өте құнды, әлі де маңызын кемітпеген, маңыздылығы тәжірибеде дәлелденген пікір деп есептейміз.

      Ғалым Ш.Х.Сарыбаевтың өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастыруда еңбегі зор. Әдіскер өзінің практикалық тәжірибесімен бөлісе отырып,  ұстаздың назар аударар басты тұстарын санамалап береді. Ғалымның пікірінше, ауызекі сөйлеуді оқытудың I кезеңін тіл үйренушілердің сөздік қорын толықтырудан бастау керек, мұны тағы да сөздерді санамалап жинақтау кезеңі деп те атауға болады. Сөздерді білмей тұрып, ең қарапайым пікірлесімнің өзін құрастыру мүмкін еместігі мәлім. Сондықтан да сөздік қорды толықтыру дұрыс жүру үшін оқытушы лексикалық жадығаттарды алдын-ала өте мұқиятты түрде дайындап қояды. Бастапқыды тіл үйренушілердің өздеріне қажетті, жеңіл сөздер беріледі. Әдіскер,  бұған қоса, тек түбір сөздерді ұсынған дұрыс деп санайды. Бұл, біріншіден, оларды еске сақтау мен қолдануды жеңілдетеді, екіншіден, бірінші кезеңде грамматикаға енуден сақтандырады. Яғни Ш.Х.Сарыбаевтың ойынша, тіл үйренушілер қажетті лексикалық жадығаттарды толық үйреніп болғанда, жай және күрделі сөйлемдерді және қарапайым мәтіндерді құрастара алғанда ғана, грамматиканы оқытуға, қазақ тілінде жазу мен оқу жұмыстарын қатар жүргізіп  отыруға болады деп санайды.

      Ғалым әдістемесінде қарапайымнан күрделіге қарай жүретін дидактикалық қағиданы ұстанады. Ең алдымен,  ұяластыру қағидасына сәйкес сөз теру жүргізіледі, яғни сөздер бір-бірімен байланысты болуы керек. «Сондықтан біз алдымен  бір «ұядағы»  сөздердің 1-2 сөзінен бастап, олар меңгерілгеннен кейін, сол «ұядағы» қалған сөздерді меңгертіп, олардың бастарын біріктіріп сөйлетіп үйретуіміз керек. Методика жағынан қарағанда – бұл әбден дұрыс жол» [5].

      Әдіскер сөйлеу сабағы «методикалық бір мөлшерде» өту керек екендігін баса айтады. Оның ойынша, бірінші сабаққа енгізілетін жаңа сөздер тіл үйренушінің қабілетіне сай болуы керек. Ш.Х.Сарыбаевтың бұл турасындағы пікірі төмендегіше «... үйретілетін тақырыптық дозасы аз мөлшерде де, орташа мөлшерде де, көп мөлшерде де бола береді. Бұған қарағанда, сабақ дозасы бір қалыпты, яғни стандарт емес. Дозаны белгілеуші – оқушының ұғымы мен дағдысы» [6]. Ғалымның бұл пікірімен әбден келесуге болады.

     Әдіскердің өз тәжірибесіндегі бір сабақ үстінде үйретілетін сөз саны 5-тен аспайды. Ал егер де сабақ үстінде өтілген лексикалық жадығатты бекіту жүретінін ескерсек сөз саны өсе түседі. Сонымен бір сабақтан екінші сабаққа өткен сайын сөздік қорды толықтыруда олардың саны өсе бастайды.

     Көріп отырғанымыздай, Ш.Х.Сарыбаев ғалым әрі әдіскер ретінде өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде оқытуды тіл үйренушінің сөздік қорын толықтырудан бастап, соның негізінде ғана ауызекі сөйлеуге көшу керектігін айтады.

Ш.Х.Сарыбаевтың «Методика преподования казахского языка  в русской школе» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы әдістеме ғылымындағы негізгі еңбектердің қатарынан орын алады [7].

      Ғылыми еңбегінде автор орыс мектептерінде қазақ тілін оқытудың ең негізгі мәселерін ашып көрсетуге ұмтылған. Ол зерттеуінде фонетиканы, грамматиканы, тіл дамытуды, оқу мен жазуды оқытудың төңірегінде кұнды пікірлер айтады. Сөздік қорды толықтыру мәселесіне автор «Сөз жинақтау» тарауын арнаған.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Шонанов Т. Самоучитель казахского языка для русских : Практика и  теория. – Кзыл-Орда: Казиздат, 1929. – 122 с.

2. Шонанов Т. Орыстар үшін қазақша әліппе – Алматы: Қаз.бас.1931. – 88 б.

3. Шонанов Т., Тулебаев К. Учебник казахского языка для взрослых. – Кызыл-Орда : Казиздат, 1936. – Ч 1. – 116 с.

4. Шонанов Т. Ведомстволық курстарға арналған бағдарлама. – Алма-Ата: Казгосиздат, 1933. – 23(1).

5. Сарыбаев Ш. Орыс оқушыларын қазақша сөйлеуге үйрету әдісі. // Халық мұғалімі. – 1948. – №6. – 13-16 б.

6. Сарыбаев Ш. Орыс оқушыларын қазақша сөйлеуге үйрету әдісі // Халық мұғалімі. – 1948. – №12. – 24-26 б.

7. Сарыбаев Ш.Х. Методика преподавания казахского языка в русской школе: дисс. канд. пед. наук:. 13.00.02. – Алма-Ата, 1943. – 81 с.