Шындық пен шыншыл адамдарды сүю
(әл-Фараби еңбектері негізінде)
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,
п.ғ.д., доцент Т.Р.Абдықадырова
“Ұлттың
дамып өркендеуі – оның әрбір өкілінің
қаншалықты және қалай тәрбиелегеніне тікелей
байланысты. Ұлттың әрбір өкілі өзіне сын
көзбен қарамаса, ішкі жан дүниесі нұрланбаса, ол
ұлттың дамуын күту бекершілік”, – деп ислам ойшылы әрі
ағартушысы Ф.Гүленнің айтқанындай отбасы, бала
тәрбиесінен бастау алатын ұлттық идеяның ұдайы
жетілуі, рухани толысуы адамзат үшін аса маңызды өлшемдер
болып табылады.
Өйткені,
қазақ халқының ұлттық
құндылықтарының қалыптасып, дамуы тарихи
тұлғаларымыздың әр кезеңдегі, әр
саладағы ұлттық мүддені аңсаған
арман-тілектері, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, зерттеушілік
еңбектері бүгіндері тәуелсіз ой-сана тұрғысынан
қайта қаралуда. Осыған орай бабаларымыздың
еңбектерін тәуелсіздік тұрғысынан саралау уақыт
талабы бомақ. Адам, адамгершілік, бақыт, адамның
қиыншылықтарға төзе білуі, басшы адам
тұлғасы қай кезеңде де ұлт зиялылырының
еңбектерінің өзекті мәселесі болған...Осы
тұрғыдан әл-Фараби еңбектерін қарастыруды
жөн көрдік...
Әл-Фараби өзінің
«Бақыт жолын сілтеу» деген еңбегінде: «Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат,
өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны
түсіндіріп жату (артық) сөзді керек етпейді, өйткені
бұл мейлінше белгілі (нәрсе)»,- дейді.
Жетілушіліктің кез-келгені - адам
талпынатын мақсат, өйткені жетілу дегеннің өзі бір
игілік және оның өзі, адамның қалауы. Адам
талпынатын қалаулы игілік ретінде мақсаттардың саны көп
болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең
пайдалысы болып табылатындығы анық. Адам - күрделі де
қиын құбылыс. Оның күрделілігі мен
қиындығының өзі сонда, оның жұмбағы
көп, қалауы мен мақсаты шексіз. Сол қалаулы игіліктердің
ішіндегі көп мақсаттардың бірі – ол бақыт. Бұл -
игіліктердің ішіндегі ең үлкен игілік.
Әл-Фарабидің пікірінше, кейбір адам байлықты бақыт
десе, кейбіреулері басқа нәрсені бақыт деп түсінеді.
Сондықтан игіліктер ішінде бақыттың орнын жоғары
бағалай отырып, соған жетуді қалайтын адамнан оны
игерудің әдісі мен амалын табуын талап етеуі керектігіне де
мән береді. Ол: «Адамның өмірінде мадақтауға
немесе жазғыруға болатын, яки болмаса болмайтын жағдайлар
баршылық. Мұндай жағдайларда адам бақытты бола алмайды.
Мадақтауға немесе жазғыруға болатын
жағдайлардың жиынтығы қосылғанда ғана
бақытқа жете алатындығы ғалымның
еңбектерінде шынайы қарастырылады.Қиыншылықтарға
төзе білетін, шыдамды адамдар ғана бақытты бола алады.
Мұндай адамдардың бойында осы қасиеттерді ажырата алатын,
яғни «жақсы ақыл-парасаттылық (адамның)
ақиқатқа көзі жеткенінде немесе сол
ақиқатқа жеткізетін не нәрсе екенін ажыратуға қабілетті болуында»,-
деп кез-келген жағдайда әрекетінің дұрыс болуы
үшін не істеу керек? Оған баратын қандай жол бар? Оны
анықтап алудың қандай жолы бар?- деген өзекті
мәселені жас ұрпаққа түсіндіреді. Ол: «Адам
бақытқа жету үшін кез-келген нәрсені ойлап, соған
жету барысында саналылықпен әрекет жасаса ғана, бүкіл
өмірінде нені қалай жасау қажеттігін, және қалай
ажырату керектігін біліп отыратын ақыл-парасатты болса ғана
бақытқа жетеді»,- дейді. Ол
жас ұрпағымыздың бойында болуға тиісті саналылық,
ақыл-парасаттылық қасиеттер бақытқа жетудің
бір жолы деп көрсетеді. Әл-Фараби даналықты адам бойында туа
бітетін қабілеттілік қасиет деп қарайды.
Әл-Фараби:
«Қабілеттіліктің арқасында тамаша да, оңбаған да
әрекеттер жасайды. Бұның себебі мынада: адамда тамаша
әрекет жасауға да, оңбаған әрекет жасауға
да әуел бастан мүмкін қабілеті бар. Дәл осы
қабілеттің арқасында ол жақсы да, жаман да
ақыл-парасатқа ие болады. Нақ осы сияқты, бұл
қабілеттер жан аффектілеріне әсер етеді. Оларда оңбаған
әрекеттер жасау мүмкіншілігі тамаша әрекеттер жасау
мүмкіншілігімен барабар»- деп көрсетеді [1,9].
Адам бойында жақсы
қасиеттері мен жаман қасиеттері қатар жүреді.
Оның бойындағы қабілеттілігін оңбаған
әрекеттер мен тамаша әрекеттерге бірдей қолдануға
болады дей отырып, адамсүйгіштік, адалдық, әділдік, шыншылдық
қасиеттерге құрметпен қарау арқылы оның
бойындағы қабілеттілігін тамаша әрекеттер жасауға
икемдеу керектігін айтады. Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші
білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім
адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат
әкеледі»,- деген аталы сөздерін қалдырады.
«Азаматтық саясат» деген
еңбегінде «Адам бақытты ешбір жағдайда басқа күш
арқылы емес, тек теориялық ақыл-парасат күші
арқылы ғана пайымдайды. Бұл адамға әрекетшіл
ақыл-парасат беретін әуелгі бастамалар мен әуелгі білімдерді
адам пайдаланып, пайымдағанда, сонсоң ол талпынушы күш
арқылы бақыт жолдарын іздегенде, практикалық
ақыл-парасат күші арқылы бақытқа жету үшін
ол не істеуі керек екенін ойластырғанда жасалады. Сонан кейін талпынушы
күш арқылы ойластыру жолымен біліп алған әрекеттерді
жасайды. Қиялдаушы және түйсінуші күштер
ақыл-парасат күшін әзірлейді және оған
көмектеседі, адамды бақытқа жету үшін жағдай
жасайтын әрекеттерге бастайды, міне сонда адам игілікке ие болады.
Сөйтіп, ерлік күшіне негізделген игілікке қолы жетеді»,- дейді
[1,124].
«Адам бақытын өз
қолымен жасайды. Ақыл-парасатының күші арқылы
әуелгі бастамалары мен білімдерін дұрыс пайдаланып пайымдау
арқылы және оны қалай пайымдау керектігін терең
ойланып, талпынып әрекет жасағанда ғана адам бақытты
болады. Игілікке қолы жетеді», - деп адам өмірінің
сәттілігін, дұрыс жолға түсуін, ақыл-парасаты
арқылы, оны дұрыс түсініп пайымдауының негізінде
жететіндігін дәлелдейді.
Зұлымдыққа келетін
болсақ, бұл өзі жоғарыда айтқандай,
ақыл-парасат күшімен бақытты пайымдағанда, оның
мақсатын теріс түсінген күйінде ғана пайымдайды. Адам
бақыттың не екенін түсінбестен, ол соған асығыс
ұмтылады және бақытты өмірінің мақсаты
етпестен, басқа бірдеңені: пайданы немесе абыройды мақсат
тұтады. Ол талпынушы күштің жетегімен осыған жетуге
тырысады. Осы мақсатқа
қалай жетудің жолын ойластырады. Талпынушы күштің
көмегі арқылы соны жүзеге асырады. Сөйтіп абсолюттік
зұлымдық орын алатындығына тоқталады.
Адам баласына ортақ
қасиеттердің болатынын айта отырып, сонымен бірге әр
адамның тек өзіне ғана тән
қасиет-қабілеттерінің
бар екендігін сөз етеді. Кез келген адам бойындағы
өзіне ғана тән қасиетінің болатындығын
көрсете отырып, «осы табиғи қасиеттердің бәрі
ерік күшіне негізделетінін оны тәрбиелеуді қажет ететінін
және оларды елеусіз қалдырып, арнаулы амалдармен дамытпаса, тиісті
нәрселерге баулымаса, соның салдарынан уақытын өткізіп алса, онда ол қасиетті жойып
алуға болатындығын дәлелдейді. Адам бойындағы
жаратылысынан болатын игі жақсы қасиеттерін белгілі бір амалдармен
тәрбиелемесе, оны дамытпаса, оған дұрыс
бағыт-бағдар берілмесе жойылып кететіндігін; ол тәрбиеленушінің
бойындағы абзал қасиеттерін танып білу арқылы
тәрбиелегенде ғана дұрыс нәтиже беретінін ғалым
түсінікті етіп баяндаған. Адамдардың жаратылысынан неге
лайықты екенін ажыратып білу арқылы тәрбиелеу керектігін,
оның белгілі-бір іс-әрекетке бейімділігін, жетілген-жетілмегендігін
ажырату арқылы өзі бейім тұратын іс-әрекетке
ыңғайлап, тәрбиелеу аса қажетті іс-әрекет
екендігін анықтаған. Өзін-өзі танып тәрбиеленген
ұрпақ қана ізгілікке қадам баса алатын
ұрпақ бола алады деп ой қорытады.
«Қайсыбір салада нәтижеге
жетуге қабілетті адамдар ондай
қабілеті жоқ адамдардың басшысы болады. Бұл оң
нәтиже бермейді. Нәтижеге жетуге көбірек қабілеті бар
адамдар нәтижеге жетуге қабілеті аз адамдарға басшы болса
ғана қарамағындағыларға қуаныш, оң
нәтиже береді» дейді [1,130].
Бойында небір тамаша қасиеті бар
адамдар болғанымен, егер дұрыс тәлім-тәрбие алмаса,
оның игі қасиеттері көрінбейді. Сондықтан, адам
бойындағы жақсы қасиеттерін, ерік-жігерін, қабілеттілігін,
ақыл-парасатына дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы
жетілдіруге болатындығын дәлелдеп көрсетеді. Ол үшін
осы тәрбиені беретін ұстаздың «ақылгөй» болуын,
оның ролінің ерекше екендігін жоғары бағалаған.
«Кез-келген адам айтқанның барлығын орындап, үйреніп,
дұрыс ақылдың барлығын іске асыра бермейді. Бұл
әрекет адамдардың көпшілігіне тән. Сондықтан
ақылды, айтылған өсиетті орындата білетін адамға
зәру болады»,- дейді [1,132].
Басқаға басшылық ету
әр адамның қолынан келе бермейтіндігін және (тиісті
әрекетті жасауға) басқарушы қабілет те әрбір
адамда бола бермейтін қасиет екендігін, басқалардың
айтқанын ғана істеуге қабілеті бар адам ешбір жағдайда
басшы бола алмайтындығын, ондай адамдар барлық жағдайда тек басқа біреудің
басшылығында болатындығына тоқтала отырып, ел басқаруды
үлкен өнер деп бағалайды. Ұлы ғұлама адам
бойындағы тағы да бір өзіндік ерекшелік деп өзгеге
өз айтқанын істете білетін адамдардың, яғни
«басшылардың» басқару қабілетіне тоқталады. Егер адам
бойында өз ойлағанын немесе іс-әрекетін өзгеге істете
білетін қасиеті, яғни
«ілестіріп алып кететін» ерекшелігі, я болмаса «итермелеуші»
қасиеті болмаса ол басшы бола алмайды. Яғни, дұрыс
басшылық жасау үшін әрбір басқарушы адамдарға
басқарушылық қабілетін шебер ұштастыра білуі
керек деген құнды, қазіргі уақытта да өз
мағынасын жоймаған пікірлерін айтады. Тек басшы боламын деп, кеуде
соғып, өз пайдасын ғана ойлап жүрген кейбір
басшылардың халыққа пайда әкелмейтінін
дәлелдейді. «Абсолюттік мағынада бірінші басшы дегеніміз кім?
Бұл басқа біреудің басшылығын мүлдем керек
етпейтін және ғылымдар мен білімдерінің жетілгені сонша,
бұл жөнінде өзіне басшылық ететін басқа
адамға мүлдем тәуелді
болмайтын дәрежеде шын жетілген адам, ол істеуге тиісті
нәрсенің барлығын жеке-жеке, егжей-тегжейлеріне дейін білуге
қабілетті болуы тиіс. Сонымен бірге бұл адам өзінің
қарамағындағы бірдеңені тындыруға жарайтын
адамдардың қандайын болмасын пайдалануға қабілетті;
бұл адам басқаларды бақытқа жеткізетін
бағытқа сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл
жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал жаралған,
әрекетшіл жандарға және ол қасиет ақыл-парасатпен бірге біткен
адамдарға ғана тән», деп басшылық
іс-әрекеттің ерекшелік қасиеттерін талдап, құпиясын атап көрсетеді.
Әл-Фараби басшылыққа
бағынатын адамдарды қайрымды, абзал және бақытты
адамдар деп санайды. Бұл адамдар халық болып құрылса,
ондай халықты қайырымды халық деп, ал қоныстанып
біріксе, қайырымды қала
болып табылады деп көрсеткен. Бұл қайырымды қаланы
билейтін басшылардың тілектері, мақсаттары және оны іске
асыру әрекеттерінің шынайы,
бірыңғай болуының арқасында нәтижеге ие
болатындығын және олардың өз бетінше орынды деп
тапқан іс-әрекеттері болса, басқару бағытын
өзгерте алатындығын, ондай басшының заң бойынша
нағыз билеуші болып табылатынын көрсетеді.
«Қала әкімінің ісі,
яғни басшының ісі – қала бөлшектерінің
өзара байланысын және өзара келісімін орнататындай етіп
қала басқару, оның тұрғындарының игілікке
ие болумен бірге зұлымдықтың тамырын жою ісінде де
біріне-бірі көмек көрсететіндей тәртіп орнату және бақытқа
жету үшін пайдасы тиетіннің бәрін сақтап,
көбейтіп, [зиян] келтіретін нәрсені [пайдалы] етуге тырысып,
пайдалы етуге болмайтын нәрсенің зиянын жоюға немесе
азайтуға, сәл де болса бағытталуы керек »,-дейді. [1, 137].
Ұлы ғұлама қала
басшысының істейтін игі істеріне тоқталады. Олардың
басқару ісінде келісімге келіп, тіл табысып, зұлымдықты
пайдалы іске айналдырып, болмаған жағдайда зиянсыздандырып,
адамдардың бір-біріне көмек көрсететіндей, бір-біріне
қуаныш сыйлап, бақытқа бөлейтіндей етіп
басқаруына тоқталады. Ғұлама адам бойындағы
өзі өмір сүрген ортаға жақсылық жасау
қасиетін бағалай отырып, бұл қасиеттің
басшының (бізше «тұлғаның») өн бойында болу
керектігін дәлелдейді. Игілікті істерді біліп қана қоймай,
оны іс жүзіне асыруға әрекет жасау керектігін және
оған бағыттап отырудың қажеттілігін басты мәселе
етіп қозғайды.
«Әрбір топ немесе әрбір
халық бұл нәрселерді (діни ұғым, пайымдау, адам
жанының сәулеленуі т.б.) өздеріне белгілі бағыт есебінде қабылдаған. Бақытқа сенетін адамдардың
көпшілігі бұндай ұғымдарға, қиял елесіндегі
бір нәрселер түрінде сенеді. Адамдар қабыл алатын, ереже
тұтатын, сыйлайтын бастамалар туралы да осыны айтуға болады:
адамдардың көпшілігі бұған ұғым
түрінде емес, қиял елесіндегі нәрселер түрінде
қабыл алады.
Әл-Фарабидің
түсінігінше «Бақытқа ұғым түрінде сенетіндер және бастамаларды
ұғым түріндегі бірдеңе деп қабыл
алатындар–бұлар даналар»[1,147].
Әл Фараби «Азаматтық
саясат» атты еңбегінде «надан қала», «адасқан қала»,
«адамгершіліксіз қала» деп жіктей отырып, бұларды егінді жерге
шыққан арам шөптер деп қарау керек және оларды
пайдалануға болмайды,
оларға зиянды
жандарға қолданылатын амалдарды пайдалану керек дегенді
айтады.
Қала тұрғындарына
қажет қалаларда қажеттілік қоғамы бар, айырбас
қалаларда - айырбас қоғамы, пасықтық қалада
- пасықтық қоғам, даңғой қалаларда -
даңғой қоғам, мансапқор қалаларда -
мансапқор қоғам, коллективті қалаларда және
азаматтар қалаларында - азат қоғамы бар деп жік-жікке
бөле отырып, осылдардың әрқайсысына тоқталып
түсіндіреді.
«Қажеттік қаласы мен
қажеттік қоғам» дегеніміз – дененің өмір
сүруі және қорғануы үшін қажеттілердің
[бәріне] ие болу үшін өзара көмек көрсету ісі бар
қалалар яғни қажеттілік деп – мал шаруашылығы,
егіншілік, аңшылық іс-әрекетермен айналысатын,
қажеттіліктің бәрі табылатын, сол қажеттілік жолында
халықты басқара алатын, ол жолда өзіндік қулығы,
сақтығы, оны басқаруда өзіне қатысты
қажеттілікті сақтай алатын басшыларды да анықтайды.
Әл-Фараби осы қоғамның өзіндік ерекшеліктерін,
ондағы өмір сүру формаларын, басшылар бойындағы
қасиеттерді, адамдардың мінез-құлқын, өзі
өмір сүріп отырған қоғамның өзіндік
ерекшелігін талдайды [1, 151].
«Айырбас қаласы мен айырбас
қоғамы» деп ауқатты адамдарды және сол жолда
әрекет жасап байыған сайын байи беруді армандаған, бұл
жолда өздерінше әр-түрлі кәсіппен айналысатын адамдардың
қоғамын жатқызады. Осылардың ішіндегі бәрінен де
қу, амалы басым адамдарды осы қоғамның басшысы
болаған деп көрсетеді.
«Пасықтық қаласы
немесе пасықтық қоғам» деп көңіл
көтеру, әзіл-күлкі немесе осы екеуімен де айналысып,
ішіп-жеу, ойнас жасау арқылы сезім рахатына батуды мақсат тұтқан
адамдардың қоғамын атайды, «надан қала»
тұрғындарының бұл іс-әрекеттерін, арсыздық
пен пасықтықтарына қарсылық білдіреді. Бұл
қаланың тұрғындары рахат өмір сүру,
бақытқа жету жолын тәннің немесе жанның рахатына
қатысты пайдалы нәрселермен емес, ойнап-күлу, ішіп-жеумен
ғана бақытқа жетуді көздейтіндігін сынайды.
«Атақты адамдарға келетін болсақ, олардың
пікірінше, атақтылықтың бұрынғы
ұрпақтарынан мирас болып қалған, олардың
әкесі мен ата-бабалары бай болса, немесе рахат өмірге кенелу
үшін, оларда қымбат нәрселер, қаржы-қаражат мол
болса, я болмаса, бәсеке-жарыстардан жеңіп шықса және осы нәрселерімен
басқаларға пайдасын тигізген
болса, бұл топ адамдарына немесе қаланың барлық
тұрғындарына, өздерінің сұлулығымен,
төзімділігімен және ажалдан қаймықпайтын айбатымен,
яғни жеңіске жету қаруларымен көзге түскен болса,
атақты болады»,-дейді [1,156].
Адам бойындағы
атақтылық қасиеттің осылайша қалыптасатынын
ұлы ғалым бізге сол кездегі адамдардың ой-түсінігімен,
топшылауымен түсіндіруге тырысқан. Атақ-абыройдың қалайша
келетінін жіктей отырып, байлық-мансабымен қатар,
басқаларға пайдасын тигізетін, өздерінің
бойындағы жан сұлулығы мен төзімділігін,
қаймықпайтын айбатын көрсете білетін адамдарды атақты
адамдар қатарына жатқызады. Абыройқұмар басшы
байлыққа, мансапқа қызықпай өздерінің
істеген игі істері үшін тек құрметтен басқа
ешнәрсе талап етпейтін, өзі істеген игілікті істері үшін
мадақтауды ғана талап ететін басшыларды айтқан. Әкімдердің
осы қасиеттеріне орай «атаққұмар»,
«абыройқұмар» басшылар деп
екіге бөліп қарастырған.
Атаққұмар басшылар
өздерінің қарамағындығы адамдардан алшақтай
түседі. Олар адамдарды дәреже-дәрежеге бөліп,
оларға атақ әперетін, яғни киім-кешек, үй-жай,
тиісті шен, мінетін көлік тағайындап, дәрежесіне қарай
үлестіретін, өзі де сондай сый-құрметке ие болатындарды
жатқызады. Солайша олар құрметке ие болатындығын,
даңғой қала тұрғындары мен даңғой
қоғам тұрғындарының басшыларының бойындағы
іс-әрекеттерін талдап көрсетеді. Ғалымның басшы
бойындағы келеңсіз әрекеттерді ажыратып талдауынан, біз қазіргі
қоғамдағы кейбір басшылардың бойындағы
келеңсіз қылықтарын сол кездің өзінде көре
білгендігін байқаймыз.
Ұлы ғұлама:
«Тұрғындардың сан алуан тілегі мен арманын, бұл
армандары қаншалықты әр тарапты болса да,
қанағаттандыру, бұларды жаудан қорғау үшін
қажетті жақсы ақыл-ой мен тапқырлық
көрсететін және өзі ең қажетті нәрселерді
қанағат тұтып, өз пайдасына ештеңе алмайтын басшы ең қайырымды басшы болып
есептеледі»,-деп, қайрымды қала тұрғындарының
қайрымды басшысының тұлғасына анықтама береді
[1,59].
Ғалым байлыққа, жан
рахатына, сауық-сайран мен сый-құрметке,
зорлық-зомбылыққа бой ұсынбай, ақыл-ойы мен
тапқырлығын қанағатшылдыққа
жұмсайтын, ел басқаратын басшы тұлғасын
анықтайды. Қалаларды «надан қала»,
«құлықсыз қала», «адасқан қала»,
«мансапқор қала», «пасықтық қаласы», «айырбас
қала» т.б. деп талдай отырып, осы қала
тұрғындарының және оны басқаратын
басшыларының бойындағы қасиеттерін саралай келе,
қайырымды қала тұрғындарына және қайырымды
басшы бейнесіне талдау жасайды, басшы бойындағы осы қайрымдылық
қасиетті дәріптейді.
Әл Фараби өзінің
«Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» деген
еңбегінде «Қалаларды қалай басқару керек?»- дей отырып,
бұл сұраққа жауап та береді. Ол- басқарғанда
ондағы тұрғындардың тұрмысының
жақсаруына көмектесу, сөйтіп оларды бақыт жолына
бағыттап отыру керектігін нақтылайды. Яғни, өз
өмірінің бақытын көру үшін өзгеге
қызмет ету, өзгені бақытты ету үшін өз
бойыңдағы күш-қуатыңды, ақыл-ойыңды
жұмсау қажет деген қағиданы ұстанады.
Адамның денесінің
науқас және сау болатыны сияқты, оның жаны да сау
немесе науқас болады. Жанның саулығы дегенде, әрдайым
ізгі қасиеттер, игілікті істер істеуі керек, тамаша әрекеттер
жасауы тиіс. «Денені емдеуші – дәрігер, ал жанды емдеуші - әмірші
деп аталатын мемлекеттік қайраткер»,- дей отырып, осы
әміршінің, яғни мемлекет қайраткерінің бізше
«ұлттық тұлғаның» бойындағы
қасиеттерді талдап, ғылыми тұрғыда саралап
көрсетеді.
«Адамдардың денесін емдейтін
дәрігер бүкіл денені, оның бөлшектерін,
бұлардың тұтас денеге қатынасын білуі керек; денені
оның бөлшектерінің әрқайсысын, ауыратын
науқастардың қайдан қаншама себептерден пайда болатынын білуі керек; оларды қалай жазу
керектігін және денеде болатын әрекеттер дененің және
оның бөлшектерінің қандай күйінде мінсіз
және толық болып шығатынын білуі керек. Дәл сол
сияқты, жанды емдейтін мемлекет қайраткері немесе әмірші
бүкіл жанды, оның бөлшектерін жанға және
оның әрбір бөлшегіне закым келтіретін кемшіліктер мен
кеселдерді, олардың қайдан және қандай себептерден
туатынын білуі керек; адамның игілікті істер істегендегі жай
күйлерін, бұлардың қанша екенін, қала
тұрғындарының кемшіліктерін қалай жоюды, қала
тұрғындарының жан жүйесіне біткен
қайырымдылықтарды қалай нығайтуды, оларды қалай
сақтауды; сөйтіп, олардың жойылуына жол бермеуді білуі
керек,-дейді [2,190].
Яғни, «мемлекет
қайраткері» бойындағы ізгі
қасиеттерді бағалай білетін, қайырымды істерді істеуге бейім,
жақсы қылықтардың адам бойынан жойылмауына бағытталған
әрекеттер жасайтын, кемшіліктер мен келеңсіз
әрекеттердің қайдан туатынын білетін және оны
болдырмауға тырысатын қайраткерлерді дәріптейді.
Адамның әуелден
тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты,
қайырымдылық пен жаман қылық та адамаға
әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Бірақ
қайырымдылыққа немесе жаман қылыққа
(байланысты) жаратылысынан бейім болуы
мүмкін. Сонда оған қандай да болсын басқа
әрекеттерден гөрі, әлгі [күйден] туатын
әрекеттерді істеу оңайырақ болады. Дәл сол
сияқты, ол жазумен немесе қандай да болсын басқа
өнермен байланысты әрекеттерге бейім болуы мүмкін. Сонымен,
оны қандай да болсын сырттан келген басқа бір ниет
қарама-қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол
әуелбастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ
келетін әрекетке бет қояды,-дегенді айтады.
Әл-Фараби әр терминге
ғылыми анықтама бере келіп, «Даналық дегеніміз –
заттардың болмысын айқындап беретін, жалған себептерді
және себептері бар заттардың таяу себептерін білуі,-деп
көрсетеді [2, 221].
Мәселен, өнер ісінде мінсіз
шебер және жетілген адамдарды «дана» деп атайды. Сондай-ақ
пайымдағыштық, көрегендік, тапқырлық деген
ұғымдарға да психологиялық анықтамалар берген.
«Пайымдағыштық дегеніміз – адамның шын мәніндегі
ұлы игілікке ие болуы үшін неғұрлым қолайлы да,
дұрыс заттарды мінсіз ұғынуы және ашу қабілеті.
Көрегендік дегеніміз – кейбір маңызы кем игіліктерге жету
үшін не нәрсенің не ғұрлым жақсы және
лайықты болатынын мінсіз аша білу қабілеті. Тапқырлық
дегеніміз – онан зор бір нәрсеге, игілік деп танылатын
байлыққа, рахатқа немесе құрметке жету үшін
ненің неғұрлым жақсы және лайықты болатынын
анықтаған кезде дұрыс пайымдау қабілеті»,- дейді [2,
36].
Фараби өзінің дүниеге
көзқарасын социология, этика және эстетика мәселелері
тұрғысынан қарастыра отырып, жүйелендіре,
нақтылай түседі. «Ізгі қала тұрғындарының
көзқарастары», «Бақытқа жету туралы» трактаттарында ол
адам қоғамының шығуы, өмір сүру формалары,
адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің
бейнесі туралы ой толғайды. Ол ең әуелі өзі өмір
сүріп отырған қоғамның құрылымын
талдайды. Адамдар қауымының өмір сүру ортасы ретінде
қала халқын алады. Қалаларды жік-жікке бөле келіп, ол
кемел де үлгілі құрылым ретінде ізгі қаланы
таңдайды. Оған жақын келетін және тұрмыстық
байланыстағы құрылым ретінде еңбекшілер тұратын
«қажеттілік қаласы» деп
атайды. Фараби әрі қарай «алыс-беріс» қаласы саудагерлер мен
алыпсатарлар мекені, «бақытсыздық пен бұзылғандық
қаласы» (ұры-қарылар, арам тамақтар мекені) деп
бөліп ажыратады. Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда Фараби
Платонға еліктеп, мемлекеттің әрбір мүшелерін белгілі
бір қызметті атқаратын адам тәніне ұқсас етіп
қарастырады.
Осыған сәйкес ізгі
мемлекеттегі феодалдық құрылыс суреттеледі. Идеалистік
түрде жақауратып айтылғанмен, Фараби адамдар арасындағы
теңсіздік, артық-кемшілік анық сезілетіндігіне
тоқталған. Мысалы, халық мемлекеттің жүрегі
саналғанымен, олар да күн көріс қамын, харакетін жасауға,
ойлауға мәжбүр (ішіп-жеу, үйлену-тойлану т.б.). Ол
мұндай теңсіздікті, әділетсіздікті жоюдың бірден-бір
жолын ағартушылық, адамгершілік қасиетін тәрбиелеуді
күшейту деп қорытады [2, 21].
Араб халифатында ертеден
қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет басшысы,
әміршісі «Сегіз қырлы, бір сырлы», білім парасаты,
мінез-құлқы барынша кемел азамат болуы ең бірінші шарт
болып қойылған. Фараби осы оңды талапты педагогикаға
енгізіп, орнықтырушылардың, іске асырушылардың
алдыңғы сапында тұр. Ол табиғи қабілеті бар
балалар әбден кемеңгер әмірші болып, өкіметті
қолына алу үшін оны қалай тәрбиелеу керек екендігін
айқындау азаматтық философияның, педагогиканың басты
міндеті деп санайды. Ғұлама бұл тұрғыда мынандай
тұжырымдар мен қағидалар ұсынады.
Ешбір жанға бағынбайтын
басшы адам өз бойына туа біткен он-екі қасиетті ұштастыра
жетілуі қажет. Бұл адамның мүшелері (ағзалары)
мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің
күші өздері атқаратын тиісті қызметті аяқтап
шығу үшін, мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, егер осы
адам әлде бір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір
іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады;
жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін түсінетін,
айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жапсарына
сәйкес ұғып алатын болуы керек: өзі түсінген,
көрген, естіген және аңғарған
нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын болуы
керек, әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін
байқаған заматта, сол белгінің ишаратын іліп
әкетерліктей, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт, өткір
сөз иесі және бойына түйгеннің бәрін
айдан-анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт; өнер-білімге
құштар болу, ақыл үйренуден шаршап-шалдықпай,
осыған жұмсалатын еңбектен, қиналып азаптанбай, оңай жететін болуы керек;
Тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға
қанағатшыл болуы керек. Жаратылысынан сауық-сайран
құрудан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа
жирене қарауы шарт. Шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп,
өтірік жалған мен суайттарды жек көру керек; жаны
асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт;
оның жаны жаратылысынан
пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі
істерге ынтызар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға жалған
дүниенің басқа да
нәрселеріне (атрибуттарына) жирене қарауы керек;
жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп,
әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек
көруі керек; жақындарына да, жат адамдарға да әділ
болып, жұртты әділдікке баулып, әділетсіздіктен зардап
шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне
өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы
керек; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек,
әділеттілік алдында қияс
мінез көрсетіп қасарыспауы керек, бірақ әділетсіздік
пен пасықтық атаулыға мүлдем рақымсыз болу шарт,
өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанша,
шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен
жасқану дегенді білмейтін батыл, ер-жүрек болуы керек»,-дейді [2,
148].
Бұл қойылған
шарттардың, айтылған пікірлердің осы күнгі өмір
талабымен үндесіп жатқаны даусыз. Адам бойындағы, оның
ішінде басшы бойындағы бұл қасиеттердің қазіргі
басшылардың да бойына қойылатын талаптар екені талассыз... Адал
болып, айналасындағы адамдарға жылылықтың нұрын
шашып, бөлмей-жармай қарамағындағыларды тең
ұстайтын, өз жұмысын жақсы білетін білімді әрі
адал басшыларға қоғам әлі де
зәру...Болашағымыздың жарқын,
қоғамымыздың ізгілікті болуы үшін шындық пен шыншыл адамдарды сүйетін адал басшылар
көп болса екен...
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әл-Фараби. Әлеуметтік эстетикалық трактаттар.- Алматы.
ҚазССР-нің Ғылым баспасы,1975.-395б.
2. Әл-Фараби. Мемлекеттік қайраткерлерінің нақыл
сөздері. Философиялық әлеуметтік трактаттарында. Алматы.
Ғылым баспасы,1975.-305б.
3.
Көбесов Ауданбек.- Әбунасыр әл-Фараби.
Алматы.-Қазақ университеті, 2004-173б