Рапишева Жанат Дабыловна
(канд.фил.наук, доцент),
Аленова Рая Болатовна
Карагандинский государственный
университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан
ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ ІС ҚАҒАЗДАРЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ЖАСАЛУ
ЖОЛДАРЫ МЕН БЕРІЛУ ТӘСІЛДЕРІ
Мақалада қазақ тіліндегі іс қағаздары терминдерінің жасалу жолдары
мен берілу тәсілдері қарастырылады. Іс қағаздары
терминдерінің, негізінен, қазақтың төл
сөздерінен жасалғандығы мысалдармен дәлелденіп, олардың сөзжасамдық
жұрнақтардың көмегімен, сондай-ақ сөз
тіркестіру, біріктіру тәсілдері арқылы жасалғаны айтылады.
Терминнің
ұғымдық белгілерін, өзгелерден ерекшелігі мен
айырмашылығын, таным-білім жүйесіндегі орнын анықтау, ол
белгілердің бірін таңдап, атау – шығармашылық
әрекет. Ұғым мазмұны түсіндірмесі емес, атауы
арқылы танылып, таралады.
Кез келген тілде терминологиялық лексика екі жолмен жасалатыны
мәлім. Оның бірі – ұлттық тілден жасалған терминдер де, екіншісі – өзге
халықтың тілінен қабылданған терминдер қатары.
Зерттеушілер іс қағаздары терминдерін
қалыптастырудың үш жолы бар деп есептейді: «Біріншісі – халықаралық терминдер:
валюта, авиза, акция, аффект, баланс, вердикт, ватум, геноцид, грант,
депозит, дубликат, заем, кадастр, квариум, кодекс, нотариус, коносамент,
аукцион. Екіншісі – аударма арқылы енген терминдер: закон –
заң, законный
– заңды, законодательство – низам, юридический – заңи,
государственное право – мемлекеттік
құқық. Үшіншісі – терминдік сипаттағы сөздер ресми стильде, сонымен қатар публицистикалық стильде қолданылып,
екінші жағынан мағыналық стильдік реңкті
иеленетін, бірінің орнына бірі қолданылатын терминдік атауыш
сөздер: законодательная властъ — низамшы билік (заң
шығарушы билік); законодательство – низам, заңдар;
индивидуальные наказания – жазаны даралау, жазасын дәлелдеу; претензия –
тілек шағым, талап-тілек т.б. кездеседі»
[1, 97].
Зерттеуші Д.Әлкебаева
бұларды
бұқаралық ақпарат құралдарының
бетінде жазылған ресми-публицистикалық стильде
қолданылатын заңға
қатысты терминдік атауыш сөздерге жатқызады, заң тілінде бағалауыштык,
атауыштық сипаттағы сөздердің бірінің орнына бірі қолданыла беретінін айтады [2, 67].
Бұқаралық
ақпарат құралдарында қазақша бір сөз
бірнеше ұғымдарға атау болып жүргенін де кездестіруге
болады: саралау –анализ / экспертиза,
аферист / мошенник – алаяқ,
законодательство / конституция – низам, коррупция – коррупция/ жемқорлық т.б.
Бірақ бұл сөзді 2000 жылдың 25 қаңтарында Мемтерминком «құнпарлық» деп бекітсе де, кейінгі жылдары
баспасөзде «коррупция» термині «сыбайлас жемқорлық» деп екі
сөздің тіркесуі арқылы беріліп жүр.
Немесе,
керісінше, шетелдік бір термин бірнеше вариантта қолданылатынын да
кездестіруге болады: функция – қызмет / міндет; тюрьма – түрме / абақты; доказательство –
дәлел / айғақ; завещание – өсиет / амана;, анкета –
сауал / сұрақ, сауалнама;
аппеляция – арыз / шағы;,
заговор – астыртын әрекет
/ қаскүнемдік / сөз байласу / қастандық жасау /
қол сұғу; заявление – арыз / өтініш / мәлімдеме, т.б.
Іс
қағаздары терминдері де лексикалық қордың
басқа стильдік топтарының құрамындағы атаулар
сияқты жаңа сөздермен толығып не болмаса терминдік
мәнінен ажырап, қолданыстан шығып қалып отырады.
Яғни бұл саладағы терминдер құрамында да
сөздердің көнеруі (архаизм сөздерге айналуы) және
жаңа қолданыстардың (неологизмдердің) пайда болуы –
заңды құбылыс.
Мұндай өзгерістерге әр түрлі тарихи
әлеуметтік оқиғалар, бұл оқиғаға
берілген әр қилы баға мен қоғамдық пікірлер
түрткі болады.
Мәселен,
бір кезде адамдар арасындағы қатынасты жүйелі түрде
жүргізуші, әділет нормасын сақтап қорғаушы,
қылмыстыға жазалау үкімін шығаратындар билер
болғаны белгілі. Ол кезде «би»
сөзі құқық қорғау
ұйымының қызметкері дегенді білдірсе, кейін осы
мағынаны «сот» атауы
атқара бастағанда, «би»
сөзі архаизмденіп, оның қызметін атқарып отырған
сөз (сот) термин
құрамына енді. Сөйтіп заң терминдері
құрамында неологизм пайда болды.
Іс қағаздары терминдерінің жасалу жолдарын
қарастыра отырып, олардың, негізінен, қазақтың
төл сөздерінен жасалғанын анықтадық.
Өйткені қазақ тілінің сөздік
қорының термин жасаудағы, әсіресе тіліміздегі
байырғы сөздердің термин жасаудағы
мүмкіндіктерінің шексіз екендігі даусыз.
Қоғам
өмірінде болып жатқан түрлі жаңалықтар мен
құбылыстарды атауда, жаңа ұғымға
лайықты жаңа сөз жасауда, негізінен, қазақ тілінің өз
сөз байлығы пайдаланылады. Қазақ тілінің
қоғамдық-саяси лексика құрамын, оның ішінде
іс қағаздары терминдерін толықтыруда сөзжасамдық
жұрнақтардың қызметі ерекше. Әсіресе, орыс тілі
арқылы келген атауларды қазақшалауда –ма, -ме, -гер,
-лық, -лік, -ыс, -іс, -у, -ым, -ім т.б. көптеген
жұрнақтар актив қызмет атқарып, бұл
жұрнақтар арқылы жасалған сөздердің
көпшілігі тілде тұрақты қолданылып жүр. Мысалы,
қазір жиі қолданылатын қылмыс,
кінә тағу, кінәсін мойындау, айыпкер, талапкер, жауапкер,
қылмыскер, шешім, үкім, дәлелдеме т.б. сөздер ХХ
ғасырдың бірінші жартысында қоғам өміріне енген
түрлі құбылыстар мен заттарды атау үшін жасалған
жаңа сөздер болса, қазір олардың қолданысы нормаға айналған.
Қазіргі
қазақ тілінде қолданылып жүрген жауапқа тарту, ақталған қылмыс, айыптаушы,
құқықтық қатынастар, сыбайлас
жемқорлық, заңнама, қылмыс
уәждері, куәгерлік
түсініктеме беру, сот үкімі, заңгер, мәлімдеме,
азаматтық заң, заң баптары, заңды тұлға, сияқты сөздер мен сөз
тіркестері – қазақ тілінде бұрыннан қолданылып
жүрген сөздерге қосымша қосу, біріктіру, тіркестіру
арқылы жасалған сөздер.
Белгілі бір
салада ғана қолданылатын қысқарған сөздер сол
салаға қатысты мекемелерде қолданылатын іс
қағаздарында ғана жазылады. Мысалы, ОӘБ
(Оқу-әдістемелік басқарма) қысқарған
сөзі жоғары оқу орнына ғана қатысты, сол
оқу орнының ішкі іс қағаздарында ғана
қысқартылып жазылады да, сыртқа шығатын іс
қағаздарында толық нұсқасы беріледі.
Ресми тілде құрылымына қарай бір компонентті
және көп компонентті, яғни бірлескен сөздер
тіркесінен тұратын терминдер жиі ұшырасады. Бұл – ресми
стильдің жаңа терминдермен
толыққандығын көрсетеді.
Іс
қағаздарының негізгі қызметтерінің бірі –
қоғамдық сана, оның ішінде
құқықтық сана қалыптастыру. Кез келген іс
қағазының заңдық күші бар, кез келген іс
қағазындағы мәлімет заңдық күші бар
құжаттар негізінде беріледі. Заңға байланысты
сөздер іс қағаздарының барлық түрлерінде
дерлік кездеседі. Дегенмен, іс қағаздарының сипаты мен
мазмұнына қарай олардың қолданылу жиілігінің
деңгейі де әр түрлі болады.
Сонымен,
ресми стильдегі іс қағаздарының негізгі қызметі –
басқару, ақпарат беру, қарым-қатынас құралы
болу. Сондықтан іс қағаздарында бұл қызметтерді жүзеге асыратын
лексиканың негізгі бөлігі қоғамдық-саяси лексика
болып табылады. Іс қағаздары жанрларының түрлілігіне
қарай ондағы қоғамдық-саяси лексиканың
қолданылу жиілігі бірдей деңгейде болмайды. Іс қағаздар
тілінде жиі қолданылатындары: әлеуметтік топ атаулары,
өндіріс пен ауыл шаруашылығына байланысты атаулар, әскери
атақтар мен түрлі қызмет атаулары, мемлекеттік басқару
органдары, министрліктер, ведомостволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу
орындары т.б. атаулар. Себебі кез
келген іс қағазының құжат ретінде
танылуының өзі оның заңдық негізінде жатыр.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Іс
қағаздарын жүргізу жөніндегі Ереже. – Астана, 2000.
2. Әлкебаева
Д. Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы. – Алматы,
2005. – 266 б.