Қазақ мемлекеттік қыздар

 педагогикалық университетінің

2 курс магистранты: Нұржан А.

Ғылыми жетекшісі:

ф.ғ.д., профессор Т.Н.Ермекова

 

Поэзия тіліндегі қыстырынды сұраулы сөйлемдер

 

Жай сөйлемдерді орыс тіл білімінде сұраулы сөйлемдер немесе сұраулы емес сөйлемдер деп бөлу үрдісі бар. Яғни сұраулы сөйлемдерді өз алдына жекелеп қарастырады. Н.Ю.Шведова мен В.В.Лопатинаның пікірлерінше

1.жалпы сұрақты білдіретін;

2.жалқы сұрақты білдіретін;

3.альтернативті сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер деп бөледі.  Көпшілік орыс ғалымдары осы үш түрді атайды. Ал, қазақ тіл білімінде сұраулы сөйлемдер жайында қарастырылып жүрген еңбектер аз. Сұраулы сөйлем түрлерінің бірнешуін атап көрсетеді. М.Балақаев өз еңбегінде:

1. Ашық сұрақты білдіретін

2.Қарсы сұрақты білдіретін

3.Күмәнді сұрақты білдіретін

4.Таңырқаулы сұрақты білдіретін

5.Риторикалық сұрақты білдіретін сөйлемдер деп бөледі, ал Р.С.Әміров өз еңбегінде сұраулы сөйлемнің негізгі үш түрін көрсетеді:

1. Ашық сұрақты білдіретін сөйлемдер

2. Альтернативті сұрақты білдіретін сұрақтар

3.Түрткі сұрақ.

Біз, коммуникатвитік-прагматикалық-когнитивтік үштіктен шыға отырып, сұрақ-амандасу, сұрақ-ұсыныс, сұрақ-кінәләу, сұрақ-тілек, сұрақ-бағалау, сұрақ-қарғыс, сұрақ-қарсылық, сұрақ-өкіну, сұрақ-күдік, сұрақ-нақтылау сынды түрлерге бөліп көрсеткен болатынбыз.  Жалпы сұраулы сөйлемдерді үлкен екі топқа бөліп қарауға болады: нақты сұраулы сөйлемдер және жанама сұраулы сөйлемдер. Нақты сұраулы сөйлемдерге ашық, тура, ақпаратты, альтернативтік сұраулы сөйлемдерді жатқызамыз. Соңғы сұраулы сөйлемдер сен барасың ба, бармайсың ба сынды фомада келіп нақты жауап күтетін болса, интонацияның көмегімен жеку мәніне де ауысып кетуі ықтимал. Ал жанама сұраулы сөйлемдерге риторикалық, ақпараттық емес, күмән, таңырқау, демеу т.б. түрлерін телуге болады. Нақты  сұраулы сөйлемдерден жанама сұраулы сөйлемдерді ажыратудың бірден бір көрінісі эмоцияның айқан бейнеленуінде; хабарлы немесе лепті сөйлемдерге жақындығында, сөйлем соңындағы тыныс белгілерінде «?!», «!?!», «?..» және т.б. Бұл белгілер жанама сұраулы сөйлемдердің барлығына тән. Жағдаяттың  экспрессивтік констатациясы байқалған тұста, яғни нақтылау немесе жоққа шығару кезінде көбінесе лепті-сұраулы сөйлемдер болып кетеді де, сөйлем соңында «!?!», «?!» белгілері қойылады.

Жанама сұраулы сөйлемдердің ақындар тіліндегі қыстырынды сұраулы сөйлем формасында келген түрлеріне талдап көрейік.

Қыстырынды тіркес (сөйлем) − сөйлемнің ішінде қолданып, сөйлемдегі бір сөзді не тұтас сөйлемді қосымша түсіндіріп тұратын, өзінде қосымша мәлімет сақтайтын сөздер тізбегі. Оның құрылымдық ерекшелігі: негізгі құрамға табиғи түрде кірікпей, жақша не сызықша, кей жағдайларда үтір арқылы графикалық және интонациясы жағынан бөлекшеніп тұрады. Сондықтан сөйлемнің негізгі бөлігімен грамматикалық байланысқа енбейді. Қосымша мәлімет беріп, жеке құрылым ретінде сақталады. Қыстырындылар сөз, сөз тіркесі, тіпті сөйлем түрінде келе береді [1.1]. 

Сырғанақ

О, сонау көкжиекте билеп арай,

(Түспессің оны көрсең күйге қалай?).

Күні бойы сырғанақ тебемін де,

Кешке жақын қайтушы ем үйге қарай.

Көбінесе хабарлы сөйлеммен келетін қыстырынды сөйлемдерді көруге болатын, қазіргі таңда сұраулы сөйлемдердің де қатысуымен жасалып жүрген түрлерін де байқаймыз. Олжас Қасым «сырғанақ» деген өлеңінде сол күйге түсуің керек дегенді қыстырынды сұраулы сөйлем арқылы береді. «Қалай» сұрау есімдігі арқылы амалсыз, еріксіз түсесің деген прагматикалық ойын көрсетеді. Жоғарыда айтқандай сұраулы сөйлемдердің жанама түрлері лепті немесе хабарлы сөйлемге астарласып кетеді. Осы өлеңде хабарлы сөйлемге айналғанын байқауға болады.

 

                 Өткінші

Қашан еді, қыркүйек, қазанда ма?

Жапырақтар жайғасқан жер бетіне.

Мен сенің ғашық болып жанарыңа,

Сүйсінген емес пе едім келбетіңе.

(Есіңе түспеді ме, келмеді ме?)  деген өлең жолдарында эмоциялық бояу айқын. Ішкі эмоциясын сұраулы сөйлемдердің көмегімен беріп тұр. (Есіңе түспеді ме, келмеді ме?)  деген қыстырынды сұраулы сөйлемдер арқылы автордың үміттеніп тұрғанын көреміз.

 

Бұзып тұрған мендегі ақыл бәрін

Сүймегенге ақырет – жақындауың.

Жұлын жотам түршікті құшағымда

Періштенің көргендей шоқынғанын...

(О, Тәңір-ай не сәт бұл

Жұмақ? Тамұқ?...

Түсермісің орыныңа тұрақ тауып) өлең жолдарындағы  (Жұмақ? Тамұқ?..) қыстырынды сөйлемі айтушының екіұдайылық күйін көрсетеді, сұрақ қоя отырып, хабарлау мәнін де үстеп тұр.

 

 

Құты қашқан қайтейін, Замананы!?.

Үнсіз қалды Мүдделес, наз артып ем

(Кінәм ба бұл, дос санын азайтып ем?)

Достыққа мәрт Ер тұлға, қайта тумас

Дархан көңіл қазақы далайты кең.

 

Қатын үрсе, шайтанның епірігі

(Періштелік пейліңнің кепілі кім?)

Шындық Алла сөзінде, ал қалғаны

Құлқын – бидің елге айтқан өтірігі.

****************************

Уақытты текке өткізіп алдым ба екен,

«Жазуы сол»,деп жүріп, «Жаратқанның?..»

Тақырыбының өзін ақын «!», «?», «.»  үш тыныс белгі арқылы беріп тұр. Бұл заманға – көнбеймін(!) – көндігейін бе(?) – көндім(.) деген астарлы мағынаны беріп тұрған іспеттес. Дос санын азайтқанын хабарлай тұрып, кінәлі жанды іздейді, бұл сұраулы сөйлемдердің хабарлық мәнге  жақындауын көрсетеді. Екінші шумақтағы, екінші жолы да осы талдаумен ұштасады. Ал, өлеңнің соңындағы екі шумағында сұраулы күдікпен қатар, хабарлы өтініш бар.

 

                    Құпия

Мігірсіз Ерді салатын, масыл қайғыға

(Әзәзіл келіп, Әділге бас ұрмайды ма?)

Жеті қат жердің астына қойсаң да көміп,

Күндердің күні Құпияң, ашылмайды ма?

 

Өзім үшін(білмеймін қалай саған),

Қайталанбас қайсыбір күндер еді.

Өте шыққан өткінші күндерімді,

Қайтарып қайта маған кім береді?

Автор қыстырынды сөйлемді риторикалық сұраулы сөйлем арқылы берген. Екінші өлеңдегі сұрау есімдігі қатысқан қыстырынды сөйлем бағалау мәнді сұрақты үстеп тұр. Жанама сұраулы сөйлем ішінде  хабарлы сөйлемге жақын болады, себебі сұраулық мән болмайды, оған жауап қайтарудың қажеттігі жоқ, тек қана ақпаратқа эмоциялық мән береді.

Сұраулы сөйлемдерді коммуниканттардың әлеуметтік-психологиялық, психофизикалық жағдайына қарай қабылдаулары да түрліше болатынын ескерсек, қыстырынды сөйлемдерді сұраулық формасымен беру арқылы сұраулы сөйлемдерің табиғатын ашуда, қолдану аясының кең екеніне көз жеткізеді.