Абай атындағы ҚазҰПУ

Алматы, ҚР

ф.ғ.к.,доцент Абдрахманова Г.Х.

магистрант Шайлавова Ю.Ш.

 

Араб ТІЛІ ЕТІСТІКТЕРІНІҢ морфологиялық құрылымына  жалпы сипаттама

 Жалпы қай тілде болса да етістік категориясы сөз таптарының ішіндегі ең күрделілерінің бірі болып есептелінеді. Етістіктің ең күрделі сөз табы екендігі  оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формалардың қат-қабаттылығынан, грамматикалық категориялардың әр-түрлілігінен, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен және тағы басқа лексика-грамматикалық қасиеттерінен байқалады. Етістіктің осындай әртүрлі кырларын зерттеуге арналған еңбектер, ғылыми мақалалар көп жазылғанымен, оның грамматикалық категория ретіндегі ерекшелігі толық танылып, жан-жақты зерттелді деген тұжырым айтуға болмайды. Себебі,  етістіктің лексика- семантикалық сипатын, грамматикалық ерекшеліктерін зерттеуде толықтыра түсуді қажет ететін мәселелер, кейбір етістіктің жекеленген бөлімдеріне арналған ғылыми-іздену жұмыстарының  төңірегінде әртүрлі пікірлер де кездеседі.

Араб етістігі- өте күрделі сөз табы және жаңа сөз жасаудың негізі. Араб тіліндегі етістіктер –біреудің немесе бір нәрсенің қимыл –әрекетін, жай-күйін білдіретін сөз табы.

Араб тіліндегі етістіктерге араб лингвист ғалымдары мынандай анықтамалар береді: «белгілі-бір уақытта іс-әрекеттің өту барысына негізделген сөз» [1,18], «жеке лексикалық мағынасы және баяндауыштың синтаксистік функциясы бар сөз» [2,25], «лексикалық мағынасы нақты уақытты білдіретін мағынасымен сәйкес келген сөз» [3,46].

Араб етістіктерінің тұйық рай формасы жоқ, сондықтан түбір етістік делініп шартты түрде өткен шақтағы ер тегі (музәккар) тұлғалы етістіктің жекеше түрінің 3-жағы қабылданған [4,156]. Түбір - сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін мағыналы түпкі бөлшегі екені белгілі. Араб тілінде түбір етістікке харакаттардың (қысқа дауысты дыбыстардың қызметін атқаратын белгілер) қолданысы жатпайды. Себебі харакаттар дауысты дыбыстардың таңба арқылы емес, диакритикалық белгілер арқылы беріледі. Үш әріпті түбір сөздердің ішіндегі өткен шақ формасындағы үш әріпті түбір етістіктер ғалымдар тарапынан жан-жақты зерт­теліп, бірнеше ғылыми еңбектер жазылған. Өйткені, осы формадағы етістіктер араб тілі грамматикасында негізгі сөз тудырушылар және етістіктің осы-келер шағы мен бұйрық райының жікте­луі­нің түбірі  болып саналады. Олардың өткен шағы үш түрлі формада жасалады: ( فَعَلَ ) фаала, ( فَعِلَ) фаила,(  فَعُلَ ) фаула. Араб тілі грамматистері түбір етістіктерінің бірінші буынын فاء الفعل   - фау л-фиыл, екінші буынын عين الفعل   - айну л-фиыл,  үшінші буынын لام الفعل   - ламу л-фиыл деген терминдік атау берген.  Фаала ( فَعََ) формуласымен жасалған етістіктер іс-әрекетті білдіреді, фаила ( فَعِلَ ) формуласымен жасалған етістіктер іс-әрекеттің жай-күйін білдіреді, фаула ( فَعُلَ) формуласымен жасалған етістіктер іс-әрекеттің сапасын білдіреді. Мысалы: (كَتَبَ) катаба- жазу; фахима ( فَهِمَ ) – түсіну; сағура (  صَغُرَ )–кішірейу.

Араб етістіктерінің морфологиялық белгілері:

- етістік шақ категориясына (өткен шақ, осы шақ, келер шақ және т.б.), жақ категориясына (I –жақ- аль-мутакаллим, II-жақ -аль-мухатаб, III-жақ- аль-ғайб) және уақытқа бағынады;

- етістік тек категориясында өзгереді;

- етістік «септеледі» (раф- атау септігі , насб –табыс септігі, жар-ілік септігі);

- етістік соңына  ألتنوين (тануин) жалғанбайды;

-етістікке ال (аль) артиклі жалғанбайды;

-етістік тамарбутаға ( әйел тегінің белгісі) аяқталмайды;

-етістік алдына көмекші сөздер тіркеспейді;

- етістік алдына қаратпа сөздер келмейді.

       Араб тілінде етістіктер құрылысы жағынан толымды الفعل الصحيح (ал-фиылу ас-сахих)  және толымсыз   الفعل المعتل (ал-фиылу ал-муатал) болып екіге бөлінеді:

          1. الفعل الصحيح (ал-фиылу с-сахих) Толымды етістіктерде түбір құрамындағы дауыссыз дыбыстар өзгеріске түспейді және тиянақсыз дыбыстар (ا،و،ي  - а,у,и) кездеспейді. Мысалы: катаба, фахима, дараса және т.б. Олар іштей үш түрге бөлінеді:

- الفعل السالم  (ал-фиылу с-салим)  дұрыс етістік. Бұл етістіктердің құрамындағы дыбыстар дауыссыз, қайталанбайтын, тұрақталған дыбыстардан құралған. Мысалы:  فتح (фатаха)    -ашу,   رسم (расама) -сурет салу,    فهم (фахима) -түсіну;

-  الفعل المهموز (ал-фиылу л-махмуз) - хамзалы етістік. Түбірі үш дыбыстан құралған бұл етістіктің құрамындағы дауыссыз дыбыстардың біреуі хамзалы болып келеді. Хамзалы дыбыс етістік сөзінің басында أخذ    ‘ахаза-(алу) , не болмаса ортасында  سأل – са‘ла(сұрау),   قرأ  - қара‘а (оқу)  не аяғында келеді. 

-  الفعل المضعف (ал-фиылу л-мудааф) – қосарланған етістік. Бұл етістіктің құрамындағы екінші және үшінші дауыссыз дыбыстар қайталанып келеді.

شدّ – шадда (күшті болу),  ردّ  - радда (жауап беру),  هزّ  - хазза (сілкілеу); 

          2. الفعل المعتل (ал-фиылу л-мутамал) – толымсыз етістік.  Толымсыз етістіктерде түбір құрамындағы дауыссыз дыбыстардың біреуі, не болмаса, екі дыбысы тиянақсыз дыбыстардан құралады. Олар перфект, имперфект, императив формасында жіктелгенде құрамындағы тиянақсыз дыбыстар өзгеріске түсіп отырады. Мысалы:

 

 

 

Перфект                                имперфект                                      императив

 

وصل -уасала                          يصل – иасилу                                     صل -сил

وجل  -уажила                          يوجل    -иаужалу                                إيجل -ижал

قال -қала                                يقول -иақулу                                         قل -қул

رمى - рама                             يرمى - иарми                                       إرم -ирми

وفى -уафа                               يفى -иафи                                             ف - фи

 

  Бұл етістіктер өз алдына төрт түрге бөлінеді:

а) الفعل المثال  (ал-фиылу л-мисал ) –ұқсас етістік. Бұл етістіктерге 1-ші түбірі       ( فاء الفعل   - фау л-фиыл) әлсіз  (و ) уау немесе ( ي) йай дауыссыздарынан басталатын етістіктер жатады. Мысалы:  وجد- уажада  (табу),  يبس – иабиса (кебу),  وضع – уадаа (қойу).

   Ал енді олардың ұқсас етістік деп аталу себебі, перфект, имперфект, императив формасында жіктелгенде дұрыс етістік формасының жіктелуінен көп алшақтап кетпейді.  Бұл жөнінде   Б.М. Гранденің айтуы бойынша, бастапқы түбірі әлсіз дыбыстан құралған етістіктердің II, III, V және VI баб формасы және олардың осы бабтарда жіктелуі түбірі дұрыс етістіктердің II, III, V және VI баб формасы мен жіктелуінен еш айырмашылығы жоқ, ал, басқа бабтарда ұқсас етістіктер өзгеріп, түрленеді деген пікір айтады [5,25].

б) الفعل الاجوف  (ал-фиылу л-ажуаф ) - бос етістік. Бұл етістіктің  2-ші түбірі      ( عين الفعل   - айну л-фиыл) әлсіз а формасында ( алиф арқылы көрінеді) беріледі. Мысалы: قام - қама  (тұрды),   باع - баа (сатты);   نام – нама (ұйықтады); 

в) الفعل الناقص – нақыс етістік 3-ші түбірі әлсіз алиф немесе йа дауыссыздарына аяқталатын етістіктер. Мысалы: دعا - даа (шақырды), رمى - рама (лақтырды), رضى – радиа (риза болды);

г) الفعل اللفيف   Мүлде толымсыз етістік 1-ші және 3-ші түбірлері әлсіз дауыссыз дыбыстардан тұратын етістіктер. Мысалы: ولى (жақын болу, басқару),  نوى(ыңғайлану), وفى  (істеу);       

         Сол секілді араб тілінде етістік түбір етістіктер الفعل المجرد (ал-фиыл ал-мужаррад) және туынды етістіктер الفعل المزيد  ал-фиыл ал- мазид) болып  екіге бөлінеді.

الفعل المجرد  (ал-фиыл ал-мужаррад) түбір етістіктер өз ішінен тағы да екіге бөлінеді. Олар құрамы үш дауыссыз дыбыстан тұрады , не болмаса, төрт дауыссыздан тұратын түбір етістіктер жатады. Мысалы: عمل  (амила), وعد  (уаада),  نال  (нала),  رمى (рама),  دحرج (дахража),   زلزل (залзала).

Үш дауыссыздан тұратын түбір етістікке бір, екі не үш аффикстердің жалғануы арқылы туынды етістік бабтары жасалады. Олар:

Ø  Төрт әріпті туынды етістік формалары الفعل الرباعى المزيد فيه үш дауыссыз етістікке бір әріп қосылуы арқылы жасалады.

Ø  Бес әріпті туынды етістік формалары الفعل الخماسى  المزيد فيه  үш дауыссыз етістікке екі әріп қосылуы арқылы жасалады.

Ø  Алты әріпті туынды етістік формалары الفعل السداسى المزيد فيه үш дауыссыз етістікке үш әріп қосылуы арқылы жасалады.

Төрт әріпті туынды етістік формалары الفعل الرباعى المزيد فيه

Ø       أَفعَلَ /افعال/ туынды баб формасы,   الثلاثى المجرد  (ас-суласи ал-мужаррад) түбір етістігінің алдына фатхалы алифтің أ  қосылады. Түбірдің бірінші буыны فاء الفعل  сукундалады, ал екінші عين الفعل және үшіншіلام الفعل  буыны фатхамен харакаттану арқылы жасалады. Ол мына формаға сәйкес келеді: أَفْعَلَ – يُفْعِلُ (афала –йуфилу) мысалы: أَكْرَمَ –يُكْرِمُ (акрама-йукриму)  сыйлады, أَحْسَنَ – يُحْسِنُ   ( ахсана-йухсину) жақсылап жасады , أَشْعَلَ – يُشْعِلُ  (ашала – йушилу) жандырды.

Ø       فَاعَلَ /يُفَاعِلُ – مُفَاعَلَةٌ/    туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад) етістігінің түбіріндегі бірінші فاء الفعل  түбірден кейін созылыңқы алиф әрпінің қосылып, ал қалған екінші  عين الفعل  және үшінші لام الفعل   түбірлері фатхамен харакаттануы арқылы жасалынады. Ол мына формаға сәйкес келеді:   فَاعَلَ – يُفَاعِلُ  (фаала- йуфаилу). Мысалы: شَاهَدَ – يُشَاهِدُ  (шахада – йушахиду)  (көрді), طَارَدَ - يُطَارِدُ (тарада – йутариду)  артынан қуды , سَامَحَ - يُسَامِحُ (самаха – йусамиху)   кешірд .

Ø       فَعَّلَ/يُفَعِلُ /تَفْعِيلٌ/    туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад) етістігінің түбіріндегі екінші  عين الفعل -дің шаддалануы арқылы жасалады, ал қалған  түбірлері фатхамен харакатталады, мына формаға сәйкес келеді:  فَعَّلَ – يُفَعِّلُ мысалы: قَدَّمَ - يُقَدِّمُ   (қаддама –йуқаддиму)  берді , عَلَّمَ - يُعَلِّمُ  (аллама йуаллиму) үйретті, ضَرَّبَ - يُضَرِّبُ  (дарраба –йударрибу) дайындалды.

Бес әріпті туынды етістік формалары الفعل الخماسى  المزيد فيه .

Ø  إِنْفَعَلَ /إِنْفِعَالٌ/  туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад) түбір етістігінің алдына إن  қосылып, түбірдегі бірінші فاء الفعل  сукундалуы, ал қалған екінші  عين الفعل  және үшінші لام الفعل   түбірлері фатхамен харакаттануы арқылы жасалып, мына формаға сәйкес келеді: إِنْفَعَلَ – يَنْفَعِلُ  (инфаала – ианфаилу). Мысалы: إِنْطَلَقَ – يَنْطَلِقُ (инталақа -ианталиқу) алыстады, إِنْصَرَفَ - يَنْصَرِفُ (инсарафа – йансарифу) кетті, إِنْدَفَعَ – يَنْدَفِعُ  (индафаа – йандафиу) итерілді.

Ø  إِفْتَعَلَ /إِفْتِعَالٌ/    туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد(ас-суласи ал-мужаррад) түбір етістігінің алдына кәсралы алифтің أ бірінші فاء الفعل  - дан кейін фатхалы ت   қосылады әрі сукундалады, ал қалған екінші  عين الفعل  және үшінші لام الفعل   түбірлері фатхамен харакаттанады, ол мына формаға сәйкес келеді:   إِفْتَعَلَ – يَفْتَعِلُ (ифтаала- йафтаилу). Мысалы: إِجْتَمَعَ - يَجْتَمِعُ   ижтамаа – йажтамиу) жиналды, إِقْتَرَبَ – يَقْتَرِبُ (иқтараба –йақтарибу) (жақындалды), إِنْتَصَرَ- يَنْتَصِرُ  (интасара – йантасиру) жеңіске жетті.

Ø  إِفْعَلَّ /إِفْعِلَالٌ/    туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад)түбір етістігінің алдына кәсралы алифтің أ қойылуы және үшінші لام الفعل  түбірдің шаддалануы арқылы, бірінші فاء الفعل  сукундалады, ал қалған екінші  عين الفعل  және үшінші لام الفعل   түбірлері фатхамен харакаттанып, мына формаға сәйкес келеді:  إِفْعَلَّ – يفْعِلُّ  (ифалла –йафиллу). Мысалы: إِحْمَرَّ – يَحْمِرُّ   (ихмарра – йахмирру) қызарды, إِعْوَجَ - يَعْوِجُ  (иуажжа – йауижжу) қисық болды, ابيض – يبيض   (ибиадда - йабиаддуағарды) және т.с.с.

Алты әріпті туынды етістік формалары الفعل السداسى المزيد فيه.

Ø  إِسْتَفْعَلَ /إِسْتِفْعَالٌ/  туынды бап формасы,  الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад)түбір етістігінің алдына фатхалы алифтің است  қосылып, түбірдегі бірінші فاء الفعل  сукундалуы, ал қалған екінші عين الفعل және үшіншіلام الفعل  түбірлері фатхамен харакаттануы арқылы жасалып, мына формаға сәйкес келеді: إِسْتَفْعَلَ – يَسْتَفْعِلُ (истафала – йастафилу) мысалы: استغفر - يستغفر  (истағфара –йастағфиру) кешірім сұрады, استقبل - يستقبل (истақбала –йастақбилу)  қарсы алды, إِسْتَخْرَجَ – يَسْتخْرِجُ  (истахража –йастахрижу шығарды .

Ø  افعِوّل /افعوال/  туынды бап формасы الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад)етістігінің түбіріндегі бірінші فاء الفعل  - дың алдына хамзалы алиф қойылады да өзі сукундалады, екінші түбір عين الفعل  шаддаланып уау әрпінің қосылуы арқылы жасалады:  افعِوّل – يفعول   мысалы: اعلوط – يعلوط (бір нәрсеге шаншылу), اعلود - يعلود (ауыр салмақты болды). افعوعل /افعيعال/

Ø    туынды бап формасы, الثلاثى المجرد (ас-суласи ал-мужаррад)етістігінің түбіріндегі бірінші فاء الفعل  - дың алдына хамзалы алиф қойылады да өзі сукундалады, екінші түбір  عين الفعل  -дан кейін уау әрпі сукундалады, одан кейін тағы бір عين الفعل  қосылуы арқылы жасалады:  - يفعوعل  افعوعل мысалы: اغرورق - يغرورق  (суландырды), اخشوشن- يخشوشن  (опасыз болды), احدودب - يحدودب   (бүкірейді) мағыналарына сәйкес.

Бұл жерде араб сөздерінің морфологиялық құрылымының ерекшелік­те­ріне тоқталып, мүмкіндігінше түснікті етіп көрсету мақсат етілді. Қазақ тілінде сөздер бағынатын формалық көрсеткіш болмағандықтан араб тілін­дегі сөз құрылымдарының өзі бізге жаңалық болып табылады. Бұл жұмыста етістіктің құрылымдарын көрсетумен ғана шектелмей, олардың өзара ерекше­ліктері мен айырмашылықтарын талқылап, әрбір формаға қатысты мысалдар келтірілді.

        Мақалада араб тіліндегі етістіктердің бөлінуіне зор мән бере отырып, олардың мағыналық өзгерімділігін (дұрыс етістікті бабтар көлемінде) нақты мысалдармен көрсетуге тырыстық.

***

1. Фуад Наама. Араб тілі ережелерінің қысқаша баяндамасы. Каир, аль-Мактабу ль-ыльми ли т- таалиф уа т-таржама.

2. Амин Али Ас-Саид. Грамматика 2 томдық. Каир. Дар аль-Маариф,1994.

3. Аббас Хасан. Толық грамматика. 4 том. Каир. Дар аль-Маариф,1999.

  4. Тасымов Б.С. Араб тілі. I-том. Алматы,1988

5. Гранде Б.М. Курс арабской грамматики в сравнительно-историческом освещении. М., 1963.