Ф. ғ.к.Букабаева Б.Е.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

 

Сөйлеу әрекеті онтогенезінде алғашқы

 сөйлемдердің шығуы

 Бала тілін бақылаудағы күрделі мәселелердің бірі – ол  атаулар мен айтылымдардың бір-бірінен бірте-бірте ажырауы. Бала мағына категориясын жеке тілдік белгілер, яғни атаулар арқылы емес, алғаш қабылданған айтылымдардан бастап танитыны көптеген зерттеулерде айқындалған [1;2;3;4;5]. Адам баласының сөйлеуінің даму процесінің бірнеше кезеңі бары белгілі.    А. Темірбеков “нәресте дүниеге тек тілге потенциалдық қабілетімен ғана келеді. Ол қабілеттің қарым-қатынас жасау барысында тілге айналуы ұзақ,      өте күрделі процесс”, деп, баланың тілінің шығуы мен дамуын келесі кезеңдерге бөледі. Біріншіден, тіл даму үшін бала міндетті түрде үлкен адамдар мен сөйлеу қарым-қатынасында болуы шарт. Балалардың сөз қорының баюына –үлкендердің сөздік қоры жақсы стимул. Екіншіден, үлкендердің сөйлегенін түсіну баланың ауызша сөйлеуінен бұрын туады. Бұл кезде  біреудің сөзіне бөбектің реакциясы эмоциялық түрде сөйлемнің интонациясын қабылдаумен байланысты болады. Сәбидің сөйлей бастауы оның ми әрекетінде екінші сигналдық системаның пайда болуымен байланысты. Үшіншіден, басқа адамдардың сөзін түсінуден баланың өзінің сөйлеу процесі өте кеш қалыптасады. Сондықтан өзіне арналған сөздерді бала тәп-тәуір ұққанымен, сол сөздерді айта алмайды. Төртінші ерекшелігі – балалардың өздерінің сөйлеуінде тілдің грамматикалық және синтаксистік түрлерін дұрыс қолдана бастауы. Бұл кезең екі-үш жастан басталады да, мектепке дейінгі дәуірдің өзінде едәуір сатыға жетіп қалады. Сөз қорының саны көбейіп, күрделене түседі.   [6].  Демек, бала осы кезеңдерден өту барысында ана тілін практикалық жүзінде меңгереді. Бала тілді өзін қоршаған ортамен күнделікті қарым-қатынаста, ойнау барысында үйренеді.

Баланың осы кезеңдерден өту барысында сөйлеу әрекеті компоненттері қалыптасады. Оның ішінде баланың алғаш тілінің шығуыңда  бірінші қалыптасатыны – семантика, оның ішінде синтаксистік семантика екені әлемдік және отандық ғалымдар еңбектерінен белгілі. Синтаксистік семантика бір сөзді сөйлемдермен, айтылым түрінде  беріледі.

Баланың алғашқы сөйлеуі, шындығында, айтылым. Бұл айтылымның семантикасы үстемірек болып, адам баласының тілі қарапайым синтаксистен ұғымдық синтаксистен басталатыны белгілі . Бала тіліндегі бір сөзді сөйлемнің даму табиғатын Л.С.Выготскийдің мына бір пікірінен көруге болады: “…развития смыслового синтаксиса идет от предложения к имени…” [7], яғни бала қарапайым сөйлеуден бастап сөйлем ішіндегі сөз мағынасын ұғына бастайды.

Лингвистика саласында сөйлеу әрекеті және оны айқындайтын фактілерді анықтауда семантикадан бастау, Л.С.Выготскийдің 30-шы жылдары синтаксистік семантика туралы көрсетіп кеткен көптеген құнды мағлұматтары лингвистикалық талдаулар жасауға мүмкіндік беретінін В.М.Павловтың: “…человеческая речь начинается с синтаксиса мы тем самым определяем и предмет исследования семантики” [8],-деген ойы айқындай түссе, көптеген ғалымдардың баланың алғаш тілінің шығуы сырт көзден сөзден басталғанымен, шындығында айтылымнан басталады [9;5], деген ой тұжырымдары алғашқы бір сөзді кейінірек екі сөзді айтылымдардың мағынасы, яғни сөйлеу әрекеті компоненттерінің ішінде семантиканың бала тілі шығып қалыптасуындағы рөлі өте маңызды болып табылатынын көрсетеді.

Бұл даму барысы қалай жүреді және сөйлем түрлері алғаш қалай қолданылады деген сұрақ туады. Бұл сұрақ жауабын  бала тілінің синтаксистік семантикасының онтогенезде даму жолын көрсетуіне сүйенсек, ұғымдық синтаксис деңгейіндегі кездесетін сөйлемдер – хабарлы, бұйрық райлы, болымсыз, сұраулы сөйлемдер болып табылады. Олар бір, екі, үш сөзді       сөйлем деңгейінде прототіл белгілерімен бірге, тек жағдаят арқылы түсінікті болады. Бұл сөйлемдерде прототіл белгілері – сөз, яғни бала тіліндегі сөйлем ретінде көрінеді. Сол сөйлемнің мағынасы (семантикасы) тыңдаушыға            бала беріп тұрған жағдаят арқылы жетеді. Сөз (сөйлем) бен жағдаят бірлесіп ұғым береді. Бұл жерде сөйлемнің семантикасы маңызды болып табылады. Баланың ересектермен қарым-қатынас жасау арқылы танымдық деңгейі         өскен сайын бір сөзді сөйлемі жағдаяттан ажыратыла бастайды, сөйтіп бір, екі, үш сөзді сөйлемдер шығады. Олар ересектер тіліне ұқсай бастайды, жеке сөздер мағынасы қалыптасады, сөз таптарына ұласады, олардың жалғаулықтары шыға бастайды. Сонымен бір сөзді сөйлем, екі, үш сөзді сөйлемдерге ұласқан сәтте синтаксис ығысып шығады да, орнына синтаксистегі семантика келеді. Бала тілінде синтаксистік семантика кезінде сөйлемдегі әр сөздің грамматикалық алғашқы формалары шыға бастайды да, сөздер мағыналы бөлшектерге ұласады. Ал осы мағыналы бөлшектер  өз мағынасында, дұрыс грамматикалық формаларға ұласып жетілген шақта синтаксистік семантика ығысып, орнына фазалық синтаксис келеді. Фазалық синтаксис – нағыз дұрыс сөйлеу синтаксисі. Бала сөйлеуінің түсінікті, ересектер сөйлеуіне аса жақын қалыпқа түсуі болып табылады [5].

Бала тілінің шығу кезеңінде екі түрлі синтаксисті “ұғымдық синтаксис” және “мағыналық синтаксис” бір-біріне қарама-қарсы немесе бірінен                бірі туындайтынын Л.С.Выготский концепциясына сүйене отырып             ғылыми тұрғыдан жүргізілген [1, 130-150;10,170-189;]эксперименттерден белгілі.

Коммуникация жүйесінің ерекше бір жүйесі - тілдік жүйе балада бірден қалыптаспайды. Ол физиологиялық  сигнал негізінде қалыптасады. Баланың берген алғашқы мағыналы физиологиялық реакциясы бірте-бірте семантикалық функцияға ие болады. Мәселен, баланың қарны ашқанда, өзін жайсыз сезінгенде, денесі тоңғанда бір типті сигнал береді де, ал өзін жылы, жайлы, ұнамды сезінгенде басқа бір түрлі белгі береді.  Бара-бара бұл белгілер күрделенеді. Бала айқайлайды, ыңырсиды, жымияды т.б. Демек, балада ажырату қасиеті пайда бола бастайды. Әлі де болса тілдік жүйе жоқ. Бірақ тілдік жүйе, осы физиологиялық белгілердің негізінде  құрылып жатады.

Баланың тілдік белгі мағынасын және белгілік операцияларды меңгеру жолдары мен тәсілдері мәселесін шешу, біріншіден, баланың жалпы психикалық дамуында көрініс беретін білімдерін вербалды түрде шығару болып табылады. Баланың алғашқы бір сөзді сөйлемдері, яғни айтылымдары аяқталған бір бүтінді құрайды. Бұл голофразалар жағдаятпен жұғысып,             сол жағдаяттың бір бөлігі болып тұрады. Голофразис айтылым құрылымының алғашқы кезеңі болып табылады. Голофразис дегеніміз – бір  сөзді сөйлемнің түрлі трактатталуы, яғни бала тіліндегі алғашқы бір сөзді сөйлемі [12,22] мәселен, “ Апа” (Менің апам. Апама барам. Апам қайда?) т.б мағыналарды береді. Баланың бұл бір сөзді сөйлемдерін ересек адам немесе балаға       қарайтын адам тек жағдаят арқылы түсінеді. Сондықтан бала тіліндегі бір сөзді сөйлемдерді атаулы сөйлемдермен бірдей, екі ұғымды бір деп қарауға болмайды. Бұл сөйлемдердегі сөздер атауыш қызметін бала танымы өскен сайын жағдаяттан бірте-бірте ажырағанда  алады.

Әдебиет тізімі:

1.   Ахутина Т. В., Наушова Т.Н. Смысловой и семантический синтаксис: детская речь и концепция // Психолингвистические проблемы семантики.             –М.:Наука, 1983.-285 с.

2.   Кубрякова Е. С. Номинативный аспект речевой деятельности. М.: Наука, 1986. 250 с.

3.   John  Brannon. A comparison of syntactic structure in the speech of three-and four-year-old children// Language and Speech Vol. 11 part 3

4.   Аяпова Т. Т. Сөйлеу онтогенезіндегі синтаксистік семантиканың рөлі// Қазақ тілі мен әдебиеті. –2003. 7, 21-25 б.

5.   Кларк Г, Кларк Е  Как маленькие дети употребляют свои высказывания. //Психолингвистика. Москва: Прогресс, 1984. –С. 353-365.

6.   Темірбеков А., Балаубаев С.  Психология. – Алматы: Мектеп, 1956. -230 с.

7.   Выготский Л.С. Избранные психологические исследования.                         - Москва, 1956.-400 с.

8.   Павлов В. М. Языковая способность как объект лингвистической науки .Теория речевой деятельности. –М.:Наука, 1968.-36-39с.

9.   Кубрякова Е. С. Данные о детской речи с общелингвистической точки зрения //Детская речь как предмет лингвистического изучения.Л., 1987.          –С. 6-22.

10.            Шахнарович А. М. Психолингвистический анализ языкового значения. Синтактическая семантика в онтогенезе. Детская речь: проблемы и наблюдения. –Ленинград, 1989. -321с.