Ф.ғ.к.Султанова Б. М., ф.ғ.к. Өмірбекова Р.Қ.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан

Көркем шығармада диалектілерді қолданудың  стильдік ерекшеліктері

 

Көркем шығарма ­– ұлттық қазына, өйткені онда ұлттық тілдің сөз байлығы, сөз қоры барынша мол қолданылады. Көркем шығармада өмір айнасы болғандықтан, күнделікті өмірдің  бәрімізге белгілі қырларын суреттеуде әдеби тілімізбен қатар диалектілер де кең қамтылады. Диалект (грек тіліндегі dialektosа – әңгіме, сөз дегенді білдіреді)- жергілікті немесе әлеуметтік негіздерде бөлінген ұжымдардағы аралас-құраластық жасау құралы ретіндегі тіл ерекшелігі. Диалект – тілдің тууы мен өмір сүруінің аса маңызды формасы, ол шаруа, тұрмыстық және өндірістік қарым-қатынастар жасауының негізінде пайда болған алғашқы ұлттық тілдің ерекше белгісі. Тілдің әркелкі түрлері: онда әдеби тіл және жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектілер), ауызекі тіл және арго (толық емес, редуцирленген – сөздік деңгейіне дейін қысқартылған тілдік жүйе) бар

Ақын жазушылардың қай-қайсысының шығармасынан (мүмкін біреуінде аз, екіншісінде одан көбірек болар) диалектілік ерекшелік кездеспей отырмайды. Өйткені әр  адам, әсіресе сөз шебері – таза әдеби тілдің ғана емес, сонымен қоса белгілі дәрежеде, белгілі бір аймаққа тән диалектіні де сақтаушы. Жазушы диалектизмді өзінің авторлық баяндауында әдейі қолдануы да мүмкін. Мұның көркем әдебиет стиліне еш оғаштығы жоқ. [1,  62].

Жазушылардың көркем шығармаларында диалектілік ерекшеліктер негізінен кейіпкерлердің тілінде қолданылады. Сонымен қатар, кейде автор сөзінде қолданылуы да орын алып отырады. Жазушылар диалектілік ерекшеліктерді  көркем әдебиет стилінде қолданғанда екі түрлі бағытта қолданады. Бірі – авторлық ремаркада, екіншісі диалогта. Авторлық ремаркада,  кейіпкер тілімен салыстырғанда диалектизмдер аз қолданылады. Диалектизмдер көбінесе жергілікті тұрғындарды сипаттауда, халық тұрмысын шынайы көрсету, белгілі бір аймаққа тән материалдық және рухани мәдениет ерекшеліктерін беру үшін, халықтың болмысын, рухын шынайы түрде бейнелеу мақсатында қолданады.

Жергілікті ерекшеліктердің лирикалық поэзияда қолданылуы мен прозалық шығармаларда қолданылуының өзіндік ерекшеліктері бар. Экспрессивті қызметі автордың жеке өзі таратып отырған хабардағы көріністермен байланысты, ендеше сөз өз тұлғасын білдіре алудың құралы ретінде қызмет етеді. Импрессивті қызмет сөйлеушінің жеткізгелі отырған хабарына қаратыла айтылады десек, ол сөйлеушінің әсеріне байланысты адресат хабардың қандай  тілмен жеткізілгені туралы ақпаратты алумен қатар, автордың осы хабарға деген эмоционалдық жай-күйін біле алады. Бұл қызмет белгілі бір әрекеттерге байланысты адресаттың көңіл-күйіне, сезіміне, талап-тілегіне ықпал жасай алады.

Жазушы әдетте айтпақ ойын оқырманға әсерлі, дәл жеткізу үшін әр алуан стильдік құралдарды іздейді. Мұндайда эмоциялық әсері үлкен, экспрессиялық бояуы қалың сөздерді таңдайды. Халықтың сөйлеу тіліндегі кейбір сөздердің, оның ішінде диалектизмдердің осындай қасиеті күшті болады. Сондықтан автор кейіпкерлерінің тілінде де, өз тілінде де (баяндауында да) мұндай сөздерді әдейі қолданады [2,  241-242].

Прозалық шығармалармен салыстырғанда, лирикалық шығармаларда диалектілік ерекшеліктер әлдеқайда аз қолданылады, оның үстіне онда негізінен лексикалық ерекшеліктер, ал фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер мейлінше аз. Бұл жерде жергілікті тұрғындардың тіліндегі фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерді көрсету емес, ойын нақты беру, қысқа да түсінікті етіп жеткізу мақсатынан туындаған.

Лексикалық ерекшеліктер өз ішінен бірнеше топтарға жіктеледі. Атап айтқанда:

 нақты лексикалық ерекшеліктер – әдеби тілде баламасы, синонимі бар сөздер;

семантикалық ерекшеліктер – белгілі бір тұрғындардың тілінде жалпыхалықтық қолданыстан бөлек мағынасы бар сөздер;

этнографиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, басқа жерлерде қолданылмайтын немесе олардан түбегейлі ерекшеленетін заттар мен құбылыстардың аттары.

Этнографизмдердің жалпыхалықтық тілде баламасы болмайтындықтан, оларды сипаттама түрінде ғана беруге болады;

фразеологиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, сол жерде ғана түсінікті болатын тұрақты сөз тіркестері.

Кейіпкер образын жандандыра түсу тәсілдерінің бірі – оның тілінде сол өңірдің жергілікті ерекшеліктерін беру. Әрбір субъектінің жасына, қызметіне, өмір сүрген ортасына, күнделікті тіршілігіне қарай сөз қолданысы да басқалардан ерекшеленетіні белгілі. Олай болса, жазушы образ сомдауда осы ерекшеліктерді мүмкіндігінше мол қамтуға тырысып, экстралингвистикалық факторларды ескеріледі.

Жазушы тілін, сөз қолдану ерекшеліктерін сөз еткенде, ең алдымен, екі факті:

а) белгілі бір сөздерді қолдануда автордың өзіндік позициясын, мақсатын түсіндіру;

ә) автор  бейнесінің ерекшеліктеріне мән беру.

Ақын-жазушылардың шығармаларында кейіпкер тілінде (кейде лирикалық кейіпкер автормен астасып, орайласып жатады) жергілікті тіл ерекшеліктерінің кеңінен қолданылуы – шығарманың құндылығын  арттырады. [3. 241-242].

Дегенмен қаламгер тілінде жергілікті ерекшеліктерді қолдануында екі түрлі басты кемшілік байқалады:

а) жергілікті ерекшеліктерді автордың өз  баяндауында (автор мен лирикалық кейіпкер сәйкес келмеген жағдайда) қолдануы;

ә) сол өңірге жат, таныс емес, басқа аймақта қолданылатын  сөздерді қолдануы, яғни, автор жергілікті тіл ерекшеліктерін қолданғанмен, оның қай аймаққа тән екендігінен туындайтын фактор, себебі лексикалық ерекшеліктер  зерттеушілер  назарын ертеден-ақ өздеріне аударған, бір тілде сөйлейтін екі адам өз ара түсініскенмен, жекелеген сөздерді білмеуі немесе қолданбауы,  екінші жағынан, сол сөзге тілдік жағынан назар аудартады.        Фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер сөйлеуші тіліндегі кейбір ерекшеліктерді байқауға мүмкіндік береді, бірақ өзара түсінуге елеулі-ықпал ете алмайды. Ал лексикалық ерекшеліктерді жекелеген дыбыс,  фонема, қос морфема көлемінде емес, тұтас лексикалық  бірлік болғандықтан, адресанттың ойын түсінуде олар маңызды қызмет атқарады.

Д.Исабековтың шығармасында оның тамжай, бықынажай, құжынажай, майхана, сәлемхана, шатпа, шошала, сағанақ теппе, сылама т.б. түрлері кездеседі. Бұлардың ішінде жиі қолданылатын сөздің бірі – там. Жалпы қазақ сөйленістерінде там сөзі – көп мағыналы: қолдан құйған балшықтан, кірпіштен салынған үй; мола, зират, бейіт; қабырға, дуал. Там сөзінің Қазақстанның түрлі аймақтарындағы мағынасы туралы Ә.Нұрмағамбетов оның үй, мола, бейіт мағынасы оңтүстік говорлар тобына тән де, екінші мағынасы солтүстік-батыс говорлар тобына тән.  Алматы, Жамбыл, Шымкент тұрғындары тіліндегі там сөзі «үй»мағынасында қолданылып келеді де, Қызылордадан асып, Аралға жақындай бергенде, бұл мағынасынан айырылып, «мола», «бейіт»мағынасына ауысып кетеді», –  дейді [4,  14-15.].

    Ыдыс-аяқ атауларындағы диалектизмдерді күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін зат атаулары құрайды. Бұлардың да көлемі мол: дүмше, бақыраш, зерен, топатай, сапы, метей, күйентей т.б. Дүмше – шай шығаратын аққұман, шәйнек Шәйдың дәмі ұнайма, айтыңыз. Сізге шәйді басқа дүмшеден құйсын. Дүмше — шай шығаратын ақ құман; қолға су құятын ұзын мойынды құман. Парсыша – дом>дүм – құйрық, бір нәрсенің артқы жағы [3, 137.] сөзінен шығуы мүмкін. Сол сияқты бір нәрсенің түп жағы, түбі. Бақыраш 1) кішкене шелек, 2) ожау, шөміш. Бұл сөз көршіндеп те аталады.  Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйе міне алмас!… Ал диалектологиялық сөздіктерде бұл сөздің бес түрлі мағынасы беріледі. Cөздің архисемасы М.А.Хабичевтің бақыр сөзінің түсімен, металмен байланыстыратын тұжырымы арқылы анықталады,кур, гур түркі тілдеріндегі «қызыл» сөзінің түбірі де, бой – бояу – бұлардың бәрі жез ұғымынан тарайтын атауларға негіз болады. Бақыраш – жезден жасалған ыдыстың бір түрі [4, 38-39 .].

Сөздің семантикалық реңктерін таңдауда диалектизмдердің мәні зор. Әсіресе заттың, іс-әрекеттің сипатын құбылтып атауда сол сынның (сын есім немесе үстеудің), сол қимылдың (етістіктің) бір ғана атауы аздық етеді. Сондықтан жазушы не суреттеме (аналитикалық) тәсілге жүгінеді немесе өзгеше бір атаулар: жеке, дербес, сөздер іздейді. Ол сөздер диалектизмдердің ішінен көбірек табылады. Сондықтан  көркем әдеби тіліміздің лексикалық қазынасын байытудың бір тәсілі ретінде диалектизмдерді орнымен қолданудың жөн екенін, сондай– ақ жазушы шеберлігіне тікелей қатыстылығы терең зерттеулерді қажет ететіндігі даусыз ақиқат.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Қазақ тілінің стилистикасы.  – Алматы: Дәуір, 2005

2. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Атамұра, 2005

3.Ә.Нұрмағамбетов. Тіл ерекшеліктерінің сипатына қарай қазақ тілі сөйленісінің батыс тобы// . – Алматы:  2007.

4.Төлегенова С. Көркем шығарма тіліндегі диалектизмдер. Филология магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы.   – Ақтөбе, 2010.