Рапишева Жанат Дабыловна
(канд.фил.наук, доцент),
Нұрмағанбет Жібек
Сериковна
Карагандинский государственный
университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан
ҒЫЛЫМ
ТІЛІ ХАҚЫНДА
Мақалада ғылым тілінің жаңаша
қарастырылуы сөз болады. Авторлар зерттеу еңбектеріне
сүйене отырып, ғылым
тілінің ХХ ғасыр зерттеулеріндегі ерекшеліктерін анықтап,
оның әдеби тілмен арақатынасын көрсетеді. Қазіргі тіл біліміндегі ғылым тілі,
ғылыми стиль, ғылыми тіл, ғылыми мәтін деген
терминдердің айырмашылықтары туралы айтылады.
XX ғасыр
ғылымында кеңінен сөз болған жаңа мәселелердің бірі – ғылым тілі. Аталмыш термин
философия және лингвистика
салаларында қарастырылды. Философтардың көпшілігі оны, бір
жағынан, ғылыми білім ретінде, екінші жағынан, сол
ғылыми білімді игеруге қажетті ғылыми аппарат ретінде
түсінді. Алғашқы, кең мағынадағы
философиялық түсінік бойынша ғылым тілі – жүйесі
мен құрылымы бар жалпы ғылыми
білім ұғымын қамтиды. Екінші, тар мағынадағы логикалық
түсінік бойынша, ғылым тілі – формальды таңбалық
жүйелердің жиынтығы болып табылады. Тар
мағынадағы түсінік кең мағынадағы
түсініктің құрамына кіреді. Екінші, тар мағынадағы,
формальды логикалық тіл бірінші, яғни кең
мағынадағы ғылым тілін бейнелеудің, сипаттаудың тәсілі
болып табылады.
Тіл
білімі ғылымында қарастырылатын лингвистикалық түсінік
бойынша, кең мағынадағы ғылым тілі – ғылыми
мәтіндердің тілі. Тар
мағынадағы ғылым тілі – ғылыми пәннің
өзіне тән салалық метатілі. Ғылыми
мәтіндерді зерттеушілердің бір тобы оларды функционалды тіл
ретінде, екінші тобы функционалдық стиль ретінде
қарастырып келеді. Ғылыми мәтіндерді функционалдық
стиль ретінде қабылдайтын ғалымдар оны стилистиканың нысаны
ретінде түсінеді. Осы мәселені арнайы қарастырған
ғалымдардың бірі С.Әлісжанов «ғылыми тіл – адам
қызметіндегі ғылыми аяны қамтамасыз ететін тілдің бір
түрі, осы саланы сипаттайтын мәтіндердің жиынтығы.
Ғылыми стиль функционалды, бұл термин тілдің ғылыми
мәтіндердегі синтезделу заңдылықтарын қарастыру
үшін қолданылады. Ғылым тілі ұғымы ғылыми
стильдің ядросы мен шеткері аймағын құрайтын
таңбалық бірліктердің, қолданыстардың
грамматикалық және семантикалық
құралдарының тұтас жүйесі.Бұл
ұғымдар өзара байланысты, сондықтан контекстік
синонимдер ретінде қолданыла береді» деген пікірді ұстанады [1,
38].
Ғылым тілі бойынша XX
ғасырдың соңғы ширегінде жүргізілген зерттеулер
жаңа нәтижелер әкелді. Ғылым тілінің дербестігі
туралы, оның «шағын тілдің» бір түрі болып
табылатындығы жөнінде кеңінен сөз бола бастады.
Ғылыми қолданысқа алғаш XX ғасырдың
60-жылдары енген «шағын тіл» (sublanguage, подъязык) термині жалпылама
қолданымға кірді. Оның жалпыхалықтық
тілдің функционалдық бір түрі екендігі, әрқилы
кәсіби қызмет аясында қолданылатындығы белгілі болды.
Жалпыхалықтық тілдің негізгі бөлігін
құрайтын әдеби тіл
мен жалпылама қолданымға тән емес салалық ғылым тілдерінің
арақатынасы айқындала бастады.
Шетелдік ғылыми ортада бұл
кезде халықтық тілдің ерекше бір түрі ретіндегі арнайы
мақсатта қолданылатын тілдер туралы зерттемелер жасалды
[2]. Шынында да, ұғымдардың
нақты салаларда қалыптасқан жүйесін ашып көрсету
үшін қолданылатын тілдік құралдардың
жиынтығын арнайы мақсатта қолданылатын тіл деп те, кәсіби
тіл деп те атауға болады.
Жалпыхалықтық тіл негізгі
қатынас құрал ретінде өмірдің барлық
саласында қолданылады. Жалпыхалықтық тілді белгілі бір
жүйелілікке, нормаға салатын әдеби тіл. Қоғамда
қарым-қатынастың
түрлері әртүрлі болуына байланысты тіл де бірдей
пайдаланылмайды. Сондықтан тілді жүйелі түрде пайдалану
үшін белгілі бір тәртіп болу қажет. Тілдік белгілердің
дұрыс қолданылуын зерттейтін ғылым саласы стилистика деп
аталады. Адамдар күнделікті қарым-қатынас кезінде
стильдердің әр түрін қолданады. Әдеби тілдің ғылыми-көпшілік стилі қоғамда кейіннен пайдаланыла бастады.
Бұл стильдің пайда болуы ғылым мен техниканың дамуымен
тығыз байланысты. Ғылыми-көпшілік әдебиет стилінде
қолданылу үшін салалық кәсіби ғылым тіліндегі
терминологиялық бірліктер жалпы халықтық
қолданымға түсуі керек. Жалпы халықтық
қолданымға түскен кезде олардың тар салалық
кәсіби тілдегі мағынасы өзгеріске ұшырайды.
Ғылыми тілдің синтаксисі де өзгеріске ұшырайды. Енді
терминологиялық бірлік ұлттық әдеби тілдің
синтаксистік ережелеріне бағындырылады. Енді бұл
терминологиялық бірлік тар салалық ғылым тілінің
бірлігі болудан қалады. Бірақ өзінің
бұрынғы мағынасында сол салада қолданыла беретіні де
түсінікті. Алайда ендігі жерде бұл екеуінің арасына
теңдік белгісін қоюға болмайды.
Ғылым
тілі бойынша кейінгі кезеңдерде жүргізілген зерттеулердің
негізінде қалыптасқан жаңаша көзқарасты
қолдайтын ғалымдар оны жеке функционалдық тіл ретінде
қабылдағанды жөн көреді [3, 349-350]. Терминология
саласының белгілі маманы А.В.Суперанская өзінің «Әдеби
тіл және терминологиялық лексика» атты зерттеуінде осы
мәселені жан-жақты талдайды [4]. Осы зерттеудің
нәтижелері мен тұжырымдары біздің тақырыбымызға
да тікелей қатысты. Олар зерттеу барысында толық қолдау
тапты. Атап айтқанда, ғалым терминологиялық лексика әдеби тілдің
құрамына кіреді деген пікірдің
қаншалықты ақиқаттығына көз жеткізу
үшін бірнеше қарама-қарсылықты салыстырма жасайды.
Нәтижесінде терминологиялық лексиканы әдеби тіл
лексикасына қосуға болмайтынын дәлелдейді. Терминологиялық жүйелердің әдеби тілге
қатысты автономдылығын анықтайды.
Қорыта келгенде, терминологияның арнаулы лексика саналатыны,
көбінесе арнайы мақсатта қолданылатын тіл мәтіндерінде
ұшырасатыны белгілі болды. Терминдер – жеке-жеке түрлі сөздер
емес. Олар өздері атаушы ұғымдармен тығыз байланысты. Формасы
жағынан бірдей сөз, әртүрлі терминологиялық
жүйелерге ену арқылы түрлі мағынадағы дәл
сол бір сөз болудан қалады. Олар – екі түрлі омонимдер.
Бір-бірімен шығу тегі жағынан және терминологиялық
қолданымы жағынан байланысты омонимдер болып шығады [4,
25-30].
Ғалым
бес түрлі қарама-қарсылық келтіре отырып, ғылым
тілінің әдеби тілдің құрамына кірмейтіндігін,
екеуінің де жалпыхалықтық, ұлттық тілдің
құрамында қарастырылатынын дәлелдейді. Сонымен,
термин өзінің сыртқы формасы жағынан сөз
түрінде болғанымен, ұлттық тілдің
грамматикалық қағидаларына сөз тәрізді
бағынғанмен, ұғымдық жақтан жалпы
лексикалық сөзден ерекшеленеді. Шындығында, терминология
ұлттық тіл лексикасының дербес бөлігін
құрайды. Әрбір ғылым саласының өзіне
тән терминологиялық жүйесі мен ерекше терминдері бар. Ол
терминдердің мағыналары сол ғылым саласында ғана
актуалданады.
Демек,
ғылыми терминологияның әдеби тілге тәуелсіздігін
дәлелдеп жатудың өзі артық нәрсе. Сонымен бірге
ғылым мен техниканың жекелеген салаларындағы
ұғымдардың сөздермен аталатындығы, ал
сөздердің лексикалық бірліктер екендігі де белгілі. Олай
болса, терминологиялық бірліктерді тілден тыс жасанды таңбалар
жүйесіне жатқызу да жөн болмайды. Терминологиялық
бірліктер арнаулы кәсіби лексиканың құрамына енеді
және оның басым бөлігін құрайды.
Ұлттық тіл лексикасын жүйелердің жүйесі ретінде,
яғни көптеген шағын жүйелерден құралатын
үлкен жүйе ретінде қарастыруға болады. Сонымен
қатар терминология мамандары тілдегі бүкіл сөздік
құрамды жалпылама қолданыстағы лексика мен арнаулы
кәсіби лексикаға бөліп қарастыруды жөн санайды.
Салалық кәсіби тіл құрамындағы арнаулы
кәсіби лексиканың семантикалық жағы тек сол
кәсіппен шұғылданатын мамандарға ғана
түсінікті болмақ.
Жоғарыда
келтірілген деректер мен пікірлерді тұжырымдасақ, ғылыми тіл
өзінің кең мағынасында – жалпы ғылыми
мәтіндердің тілі болса, тар мағынада – салалық
ғылым тілі. Ғылыми стиль – қалың оқырманға
арналып әдеби тілге көшірілген ғылыми-көпшілік
әдебиеттің стилі. Нақты ғылым саласының тілінде
жазылған мәтінді ғылыми стильде жазылған деп
санауға болмайды. Себебі мыңдаған ғылым салалары бар, олардың
өз ғылыми тілдері бар. Осылардың бәрі де
жалпыхалықтық, ұлттық тілдің құрамына
кіреді.
Ғылыми
стильдің ең басты лигвистикалық белгілері болады.
Ғылыми стиль қазақтың ұлттық жазба
әдеби тіл нормаларының басты өлшем шарттарын толық
жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Тілдік
норманың шарттары ұлттық тілдің табиғи құрылымдық
өзіндік ішкі заңдылықтары болып саналады. Ғылыми
мәтінде осы ұлттық тілдің табиғи сипаты
толық сақталып, басқа стильдерден өзгешеленетін айырым
белгілерімен ажыратылып тұрады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Әлісжанов
С. Ғылыми прозаның синтаксисі. – Алматы, 2007. – 304 б.
2 Никитина С.Е. Семантический анализ языка науки. На материале лингвистики. – М., 1987. – 109 с.
3 Гавранек Б.
Задачи литературного языка и его культура // Пражский лингвистический кружок. – М., 1967.
4 Суперанская А.В. Литературный язык и терминологическая лексика //
Проблемы разработки и упорядочения терминологии в академиях наук союзных
республик. –
М.: Наука, 1983.