Бұлдыбай Анарбай

                                                                                 Әл Фараби атындағы

ҚазҰУ- нің профессоры,  ф.ғ.к

 

 Жамбыл Жабаев шығармашылығы

 

Өзінің отты жырларымен талай халықты таң қалдырған Жамбыл Жабаевты  қазір әлемнің  миллиондаған түркілері жыр алыбы деп мақтаныш етеді.

«ХХ-ғасырымыздың  аса әйгілі ақыны  шын мәнінде  аты аңызға айналған  замана жаршысының  өткір де, асқақ үні - бір ғана қазақ халқы емес, осы күнгі түркі тектес барлық  халықтар поэзиясының  арсеналындағы  ең озық игілік болып отыр...» [1]-деп жазды  заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айматов. Шын мәнінде Жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы болды, бүкіл түркі халқы поэзиясының, соның ішінде қазақ поэзиясының  шоқтығын биікке көтерді.

Ал, Мырза Тұрсын-заде «Ең биік шың- адамның жүрегі.Жамбыл өзінің поэзиясымен  сол шыңға жол таба білді және ол шыңды бағындырды…»[2] -деп жазды.

Қазақ халқы  ежелден жырды рухани азығына айналдырған, жыр арқылы ұрпақ тәрбиесіне  аса көңіл бөлген халық.Шешендіктің сан қырлы сырларын жас ұрпаққа үйрете отырып, адам жанының рухани байлығын кемелдендіріп отырған.

Жыр айтуда өзіндік өрнегі, қолтаңбасы бар ақындық, жыр айту мектебінің бірі – Жетісу  ақындық дәстүрі. Ауыз әдебиеті жанрының ішінде айтыстың ерекше дамуы кезінде Жетісу жыр мектебінің кеш дамуына әсер еткен секілді. Олай дейтініміз бұл мектептің негізін салған Күсеп оның баласы Сүйінбайдың өзі тек өздері шығарған дастандарды ғана жырласа, олардың алдында жыр айтушылар туралы дерек жоқтың қасы. Осы тұрғыдан қарағанда Жетісу жыр айту дәстүріне сүбелі үлес қосқан дарындардың қатарында Түбек, Қабан, Бақтыбайды  атауға болатын секілді.

Сүйінбай – XIX ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың соңына дейін алпыс жылдан астам іркіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті ақын-жырау. Оның өлеңдері мен айтыстарында XIX ғасырдағы қазақ елінің өмір-тіршілігі, арман-мұраты көрініс тапқан. Жасынан қолында билігі мен байлығы барлардың кедей- кепшікке көрсеткен зорлық-зомбылығын, әлеуметтік әділетсіздікті көріп-біліп өскен ол қара халықтың жоқшысы болды. Би мен бектің, атқа мінерлердің халыққа жасаған қиянаттарын алмастай өткір жырлармен естен кетпестей қып бетіне басты. Ел бірлігін, оның тәуелсіздігін, сол жолдағы ерлердің жанқиярлығын талмай жырлады. Ол өзінің бұл биік адамгершілік-этикалық ұстанымын жолын қуған талантты шәкірттерінің көкірегіне құйып отырған.

         Жетісу ақын-жыраулары пір тұтқан атақты Қабан жырау – әрі ақын, әрі айтыскер, әрі жырау, әрі сәуегей абыз. Жырау туралы деректер мардымсыз болғанмен, көнекөз қариялардың айтқан аңыз, дәйектері сорабымен, Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, т.б. ақындардың жыр-толғауларындағы деректі жолдар арқылы ол туралы біршама мәліметтер жинақталған. Қабан жырау Жалайыр ішіндегі Мырза деген рудан. Шамамен XVIII ғасырдың басында дүниеге келген, 90 жас жасаған. Ел есіндегі естелік аңыздарға қарағанда, Ескелді, Балпық билермен Райымбек, Өтеген батырлармен тұстас.

         Қабан ақынды ұстазым деп санағандар аз емес. Соның бірі айтыс өнерінің асқан шебері, от ауызды, орақ тілді Жалайырдың Бақтыбайы. Ол түсінде өзіне Қабан ақынның ақ балдақ бергенін өмір бойы мақтанышпен айтып өткен, пір тұтқан, Жамбыл атамыз секілді арқалы, әруақты ақындармен айтысарда Қабан ақынға сыйынған [3 ]

Осы ақындардың шәкірті Жамбыл жырларынан ежелгі түркі поэзиясының лебі еседі.Иоллықтегін түркі батырлары мен данышпандары Күлтегінді, Тоныкөкті, Білгені жырға қосса, Жамбыл  қазақ түркілері Кенесарыны, Өтегенді, Саурық, Сыпатай, Сұраншы батырларды жырға қосады.

«Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп…» жырлаған Иоллықтегін мен арадан ондаған ғасыр өткен соң: «Күнді көрдік, ел болдық, асу бермес өр болдық…» -деп түркі халықтарының  бірлігін жырлаған  Жамбыл поэзиясы  арасындағы рухани байланыс  өскелең ұрпақтарды  отаншылдық сезімде тәрбиелеуде  мыңдаған жылдар бойы мәнін жоғалтпайтын асыл мұра.

Қазақ деген ұғыммен қатар жүретін ұлы Жамбыл жайлы талай-талай зерттеулер жазылды, бірақ бәрі сонау кеңестік кезеңнің тар қыспағынан шыға алмады.

Ақиқатты аршып, ашық айтатын Тәуелсіздік алдық. Жамбыл ғұмыры мен шығармаларын қайта қарап, талдап, таразылайтын, зерттеп, зерделейтін ғажап дәуір туды.

Жамбыл– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау.  Жамбылдың  «Менің пірім Сүйінбай» деген өлеңді, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – «Айкүміспен айтысы», сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар «Манасын», Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі..

Жамбыл ақын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі «Менің өмірім» – деген өлеңінде:

Қақаған қар аралас соғып боран,

Ел үрей — көк найзалы жау торыған.

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан, –  [4]

дейді. Әкесі Жапа, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Неге билік айтпасқа алдына мыңғыртып мал айдаған, елге силы төбе бидей кісі болса. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан.

Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі.

Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған.

Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді.

Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны – Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі «Менің пірім – Сүйінбай» деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады.Атақты «Айкүміспен айтысы» да осы тұста болады.

Жамбыл өлеңдері мен айтыстары әуелден халықтық арнадан бастау алады. Сондықтан оның туындыларынан әлеуметтік сарын молынан байқалады. Оның өмір қайшылықтарын ерте танып, олардың сырына ой жүгіртіп өсуі шығармаларын мәнді, салмақты етеді. Жамбыл – ұстазы Сүйінбайдың үлгісімен кім болса да мінін бетіне айтып, кедей-кемтардың, әлсіздің жоқшысы болуды ақындық мұраты еткен ақын. Жамбыл ақындық өнер жайында:

«Жамбыл халықтың адамы болды. Сол үшін де шыққан тегіне қарамастан өнерлі деген бозбала, жас толқынды өлең биігіне, шырқау шыңына жетелей берді.» -, дейді Кенен ақын.

Ғасыр мен ғасыр беттесіп, уақыт теңізінің алып толқындары жалын желбіретіп аспанға шапшығанда, тереңде  қалған жақұт жырлар да жарға жабысып, жаңа дүние жағалауына шығатыны болады. Тіршілік тауқыметінен қашып, қарттыққа бой алдыра бастаған, балалық, жастық, жігіттік дәуреннің отты өлеңдері, жалынды жырлары сол өткен ғасырдың тереңіне  шөге бастаған шағында қайта жаңғыратын, жасаратын ақындар болады. Адам баласы қатарында  мұндай құдіретке, мұндай қасиетке жүз жыл бойына тынбай шындық деп соққан, шындық деп жырлаған ұлы жүрек иесі ғана лайық. Жүз жыл жасап, жүз жыл жырлау құдай мен халықтың сүйген кісісінің ғана қолынан келмек. Ал жүз жыл жасап, жүз жыл бойы шындықты жырлау мәңгілікпен бірдей құбылыс. Көзінің тірісінде-ақ «Өлең сөздің пірі», «Поэзия алыбы», «Алатау сынды ақсақал», «Жыр күмбезі», ал 90-нан асқан жасында «XXI ғасырдың Гомері» атанған, ұлы Абайдың құрдасы Жамбыл – халық ауыз әдебиетінің қайнар көзі. [5]

Жарты ғасыр бойына Жамбыл ақынның қасында жүріп, өнерде дос, өлеңде шәкірт болған Кенен ақынның мәңгілік ғұмыры да Жыр алыбы Жамбылмен бірге басталғандай. Жамбыл десе Кененнің, Кенен десе ел санасына Жамбылдың бірден елестей кететіні содан болса керек. Қазақ поэзиясының көк аспанында ілгерінді-кейінді зау биікте шырқап өткен екі бірдей қыранның болашаққа жол алған ғұмыры қазақ деген халық аманде шеқашан, тоқтамақ емес.

 

Әдебиеттер

 

1.       Әуезов М. Әр жылдар ойлары. –Алматы: ҚМКӘБ, 1959. –371 б.

2.       Ысмайылов Е. Жамбыл және халық ақындары. –Алматы: 1996. –240 б.

3.       Төреқұлов Н. Жамбыл мен Кенен. –Алматы: Жалын, 1978. –128 б.

4.       Жабаев Ж. Жамбыл таңдамалы шығармалары. – Алматы: Ғылым, 1996ж

5.       Жолдасбеков М. Асыл арналар. –Алматы: Жазушы, 1986. –328 б.