Филологические науки/8.Родной язык и литература

 

Кулейменова Л.М., Кулейменов А.Ж.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан

Е.А.Бөкетов атындағы қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МАХАМБЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ КӨНЕРГЕН СӨЗДЕРДІ ТАЛДАУ

 

 Сөздердің көнеріп, тілден шығып қалуы қоғам өмірінде болатын тарихи өзгерістерге байланысты екендігі бізге белгілі. Сондықтан да көнерген сөздерді морфологиялық жасалуы жағынан талдау да қажет деп ойлаймыз. Өйткені Махамбет өлеңдеріндегі кейбір көнерген сөздер синтетикалық тәсілмен (құрсану, маңғыстау, жемсеген) жасалса, кейбір мағынасы көмескі сөздер (ала топалаң, алай-түлей, алас-қапас) аналитикалық тәсілмен  жасалғандығы көрініп тұр. Мысалы, аламан  сөзінің төркінін біраз зерттеушілер түркінің ал (алд, алмақ) етістігінен шығарады: ал + а + ман. Бұл сөздің этимологиясы туралы арнайы пікір айтқан зерттеуші А.Махмутов [1] .

Ал – ала тұлғалары чуваш тілінде «қос» дегенді білдіреді, ал қол сөзінің әскер мағынасы қоса бар, сондықтан аламан сөзі ал – ала (қол, әскер) + ман (адам) деген екі түбірден құралған күрделі сөз (біріккен сөз) деп топшылайды [2].

Махамбетте кездесетін алқалы, алқалау сөздерін морфологиялық талдасақ, оның әр түрлі формада қолданылғанын байқаймыз. Мысалы:

Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса.

Алқалай келген кеңесте

Дем құрыған күн болған

Алқалы кеңес құрған күн, -

деген жолдарда бұл сөздер алқалаған, алқалай формаларында кездеседі. Алқалау сөзінің түбірі – алқа. Алқаның қазіргі мағынасы 1) жиын (топ, коллегия). Алқа сөзі – арабтың хәлқа сөзінен шыққан, мағынасы дөңгелек, одан бары «дөңгелене отырған адамдар тобы» деген ауыспалы мағынада қолданылған болса керек. Осы алқа сөзіне етістік жасайтын –ла жұрнағы қосылып алқала – «дөңгелен» және тұйық етістіктің –у жұрнағы қосылып алқалау – «дөңгелене отыру» сөзі жасалған. Дәл осы жолмен алқа сөзіне –ла жұрнағымен –ған бұрынғы өткен шақ есімше жұрнағы жалғанып алқалаған сөзі жасалған. Алқалай сөзі де көсемшенің –й формасы арқылы жасалған сияқты. Ал алқа сөзіне сын есім жұрнағы –лы жалғанып, «дөңгелек» мағынасындағы жаңа сөз дүниеге келген. Ендеше, алқалы, алқалау, алқалаған сөздері – қазақ тілі сөзжасамының синтетикалық тәсілі арқылы жасалған көнерген сөздер.

Махамбеттің атақты «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» деген өлеңде кездесетін:

Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген,

Таудағы тарлан шұбар біз едік, - деген жолдардағы емсеген, жемсеген сөздерін морфологиялық тұрғыдан талдасақ, емсеген сөзінің түбірі емсе – аңса, сағын мағынасындағы етістік. Емсе сөзі – еңсе түрінде қолданыла беретінін:

Адыра қалған көк Жайық,

Садағын сала байланып,

Астана жұртын айланып,

Ерлерім еңсеп келген жер, - деген ақын  өлеңінен байқаймыз. Қазақ тілінде аңсау нұсқасында айтылатын бұл сөз қырғыз тіліндегі эңсеу – сағыну, аңсау түрінде кездеседі. Бұл жерде еңсе етістігіне –ген және –п жұрнақтары жалғанып тұр.

Келесі жолдағы жемсеген сөзінің төркіні – жемсеу сөзі. Жем сөзіне –се жұрнағы жалғанып жасалған. Көне –са, -се жұрнағы бір нәрсені қалау, тілеу мағынасын беретіндігі Махмұт Қашқари сөздігінде көрсетілген. Ол сөздікте («Диуани лұғат ат-түрік») «сатқысы келеді» дегенді «сатсады», «су ішкісі келеді» дегенді «сусады» деп көрсеткен. Ендеше «жемсеу» сөзі «жем жегісі келу» деген мағынадағы сөз. Бұл жерде жемсеген формасында есімшенің –ген жұрнағы жалғану арқылы жасалып тұр.

Махамбеттің әйгілі «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңіндегі «Ереуіл» сөзі түркі сөздерінің түп-төркінін кең көлемде зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, «батыр, батыл, ер жүрек» мағынасындағы ер сөзіне –еуіл жұрнағы жалғану арқылы жасалған. Ереуіл сөзіне –лі деген тағы бір жұрнақ қосылып, ереуіллі сөзі пайда болған, кейін бұл сөздегі –ілл деген дыбыстар шоғыры ықшамдалып, бұл сөз бір ғана –л дыбысы арқылы ереулі деп айтылатын болған.

Кейбір ғалымдар пікірінше бұл сөз ереуіл түрінде емес, ерулі түрінде қолданылуы керек. Себебі, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, батырдың атына қосымша  ертіп жүретін екінші ат, яғни ерулі ат болуы дұрыс қолданыс дейді олар. Ал бұл сөз ер етістігіне –у тұйық етіс жұрнағы және сын есім жасайтын –лі жұрнағының тіркесуі арқылы жасалады. Морфологиялық тәсілмен жасалған сөздердің біріне Махамбеттің:

Маң-маң басқан сары атан

Маңғыстап шығар өріске, - деп басталатын өлеңіндегі маңғыстап  сөзінің құрылысы жатады. Маңғыстап сөзінің  түп-төркіні мен мағынасы туралы бізден бұрын қазақ сөздері тарихын үңіле зерттеген ғалымдар Е.Жанпейісов, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова айтқан болатын. Соны қайталай еске түсіріп, өз тарапымыздан мысалдар қосып, осы сөзді және бір түсіндіріп өтпекпіз. Бұрын да дұрыс көрсетілгендей, бұл сөздің түбірі – маң сөзі. Көне түркі тілдерінде ман /маң сөзі «шаг», «хождение» деген есім ретінде де, «жүру, аяғын басу» деген мағынадағы етістік ретінде де жұмсалғаны белгілі болып отыр. Осы түбірден «маңым» - адым, маңығ – жүріс сөздері де жасалып жұмсалған. Көне түркі тілінде маң/ман деген етістіктің маңла деген түрі де болған. Тіпті қазақ тіліндегі маң-маң  басу  (маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан) тіркесінде келетін маң-маң тұлғасы да көне заманда қолданылған: маң маң деген сөзді қазақ тілінде тұлғаласақ, маң маңу болып шығады, яғни адым адымдау немесе адымдап жүру мағынасында жұмсалады. Қазақ тілінде адым ұғымындағы маң есім сөзі де, онымен түбірлес маңу, маңлау деген етістіктер де қолданылмай, бұл сөзден тек маң-маң басу және маңғыстау деген тұлғалар сақталған, маң-маң сөзі басу, жүру сияқты қосалқы етістіктерсіз қолданылмайды, себебі маң сөзінің мағынасы күңгірттенген, сол сияқты маң түбіріне етістік тудыратын –ғы жұрнағы жалғанып, маңғы етістігі (қаңғы, саңғы сияқты) жасалған, оған –е жұрнағы жалғанып, қайтадан  есім туған, ал маңғыс есіміне –та жұрнағы жалғанып, екінші рет етістік пайда болған. Сөйтіп, маңғыста (маңғыстау, маңғыстамақ) деген морфологиялық «қырық шекпен» киген сөз ғана сақталған. Маңғыстау етістігінің мағынасы – көне түркі тіліндегі маң етістігіндей «адымдап жүру», мүмкін, бұған «ілгері басу, өрістеу» реңктері қосылған болу керек. Қазақ тіліндегі маң-маң басу етістігі – ақырын, байсалды түрде адымдау, мысалы аяғын байсалды, баппен басатын түйеге айтылады. Мысалы: Маң-маң басқан сары атан өріске маңғыстап шығады. Егер бұл етістік адамға айтылса да, әңгіме жай адымдау туралы емес, аяғын ақырын, байсалды түрде маңғаздана басатын адамдар туралы айтылмақ.

Махамбет ақынның атақты «Мінкен ер» өлеңінде өз сарбаздары туралы «Бұл сықылды неткен ер?» деген сұрақ қояды да оған:

Көлденең жатқан Жайықтан

Құралайдың күнінде

Еркек қойдай бөлініп,

Қырқарланып өткен ер, - деп жауап беретін жері бар. Мұндағы қырқарланып сөзі тізбек мағынасындағы қырқар көне сөзіне –лан етістік жасайтын жұрнақ және –ып көсемше формасы жалғану арқылы жасалған сөз. Дәл осындай тәсілмен, кедірлену, қиқарлану сияқты сөздер жасалады. Қырқарлану морфологиялық тұлғасы «тізбектелу, бірінің артынан бірі жүру» мағынасында қолданылып тұр. Махамбеттегі:

Таңдап мінген тұлпарлар,

Иесін қайда жаяу салмаған, - деген өлең жолдарында кездесетін салу етістігі – «қалдыру, тастап кету» мағынасында жұмсалатын етістік. Бұл біз қазіргі күні қолданып жүрген «салу, қою, бір нәрсені орналастыру» мағынасындағы сөз емес. Бұл сөз, яғни салу етістігі «құлын тастау» мағынасындағы құлын салу деген тұрақты тіркесте «тастау» мәнінде жұмсалып тұр. Қырғыз тілінде «бала салу, қозы салу» (бала тастау, қозы тастау мағынасында) деген сөз тіркестері бар. Қазақша дүние салды (дүниен тастады, қалдырды), көз салу (көз тастады, қарады), сөз салу (сөз тастау, сөз айту) мағынасындағы тұрақты тіркестер де осы мағынада қолданылады.

Заманының ұлы тұлғасы, азаттық аңсаған қазақ аспанында алмас қылыштай жарқылдап өткен дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы өлеңдеріндегі кейбір сөздерді ғана морфологиялық тұрғыдан сипаттадық. Ал басқа сөздерге толық морфологиялық талдау жасау – болашақтың ісі.

 

  Әдебиеттер :

1. Махмұтов А. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің басқа лексикалық топтармен қарым-қатынасы. – Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. – Алматы, 1963.

2. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. –Алматы, 1966

3. Махмұтов А. Қазақ тіліндегі көнерген сөздердің түрлері. –Алматы, 1960.