Асанова Ж*., Берденкулова А.Ж**.
*Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің биология
магистранты
**Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға
оқытушысы, б.ғ.к.
Биологияны оқыту үдерісінде зоологиялық
бұрышта зоологиялық нысандарды қолдану әдістемесі
Қазіргі
таңдағы елімізде орын алған саяси, әлеуметтік
және экономикалық терең өзгерістер білім саласына да
өз ықпалын тигізіп отыр. Мектептегі білім берудің
құрылымы мен мазмұнындағы өзгерістер тек
білімнің белгілі бір қорын игеріп қана қоймай, сонымен
қатар танымдық және тәжірибелік сипаттағы
дағдыларды меңгеретін заманауи мектеп түлектерін
дайындауға бағытталған. Биология мектеп пәні ретінде
осы міндеттерді шешу үшін тамаша мүмкіндіктер береді. Бұл
білім беру үдерісін тірі нысандарды білім дереккөзі ретінде
қолдану негізінде ұйымдастыруды талап ететін биологияны
оқытудың танымдық табиғатымен түсіндіріледі. Осы
маңызды шарт ішінде жетекші болып саналатын зертханалық оқыту
әдістемесінің ерекшелігін анықтайды.
Мектептерде
жүргізілген практикалық іс-тәжірибе барысы көрсетіп
отырғандай, сабақтарда тірі зоологиялық нысандармен
жұмыс істеуді ұйымдастыру өте шектеулі. Тірі
зоологиялық нысандарды биологияны оқытудың үй
жұмысы, сабақтан тыс, сыныптан тыс түрлерінде пайдалану сирек
кездеседі. Көптеген мектептерде оқушылардың өз бетінше
ойлау, тікелей іс жүзінде сезіну қызметін шектейтін, оларға
дайын білім беруге негізделген әдістеме басым. Бұл
оқушылардың ойлау қызметінің қарапайым
тәсілдерін жүзеге асыру, зерттеп отырған
құбылыстар мен пәннің белгілерін ажырата алу және
оларды қорыту дағдыларын игеруге кері әсерін тигізеді.
Еліміздегі
мектептердің жұмыс тәжірибелерін талдау бүгінгі
күні көптеген қала болсын ауыл мектептерінде болсын мектеп
маңы тәжірибе участогы, табиғаттың тірі
бұрыштың жоқтығын көрсетті. Саяхат барысында
табиғатпен жүздесу мүмкіндігі аз. Мектептердің
әсіресе қаладағы қазіргі кездегі жұмыстарында
ең қолжетімді тірі нысандары бөлме өсімдіктері мен
аквариум балықтары болып отыр. Дегенмен олар да оқыту
мақсатында үнемі қолданылмайды. Кейінгі жылдары биологияны оқыту үдерісінде қолдану
мүмкіндігі қызығушылық тудыратын көптеген
жаңа декоративтік жануарлар пайда болғанын айта кеткен жөн.
Әзірге біз көбіне тірі табиғаттың жаңадан пайда
болған да, дәстүрлі нысандары да биология
бөлмесінің көркемдік безендіру элементі ретінде
қолданыста екенін жасыра алмаймыз.
Жоғарыдағы
айтылғандардың негізінде мектеп жұмысының қазіргі
жағдайында биологияны оқытуда тірі нысандармен жұмысты
күшейту қажеттілігі мен тірі зоологиялық нысандарды қолдану
әдістемесінің жетілдіру қажеттігі арасында қарама
қайшылықтар анықталды.
70-80-ші жылдары
қоғам мен табиғаттың өзара
қатынасындағы қайшылықтардың күшеюі
барысында табиғатты қорғау мәселесі мен кең
ауқымдағы пәнаралық байланыстар негізінде
оқушылардың экологиялық білім алу қажеттілігі
өзекті мәселе болып отыр. Осы мәселелер Н.Захлебный,
И.Д.Зверев, ИТ.Суравегина, И.Н.Пономарева және басқалардың
еңбектерінде кеңінен көтерілді. А.Н. Захлебный, И.Д. Зверев,
И.Т. Суравегина экологиялық және табиғатты қорғау
түсініктерін қалыптастыру мен дамытуда биология курсының мүмкіндіктерін
аша отырып, тірі нысандарды зерттеу бойынша да, оларды қорғау
бойынша да оқушылардың практикалық қызметінің
бірқатар түрлерін ұсынады. Кейін авторлар
оқушылардың экологиялық білім алуын жүзеге асыру,
олардың табиғатқа жауапкершілікті қатынасын
қалыптастыру жолдарын қарастыра отырып, бұл
жұмыстың «...балалардың табиғи ортамен
педагогикалық тұрғыда ұйымдастырылған
байланыстарын кеңейтетінін» атап көрсетеді.
Мұндай
бағыт далалық зерттеу, практикумдар, экологиялық
соқпақ, «жасыл күзетшілер», мектеп орманшылар ұйымдары,
биологиялық үйірме сияқты сыныптан тыс жұмыс
түрлерінің пайда болуына жағдай жасады. Осы түрлермен
оқушылардың сынақ тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастыру
мен өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар бірқатар
ғалымдардың еңбектерінде берілген.
Биологияның оқытуда сипаты мен
мағынасына қарай көрнекі құралдарды екi
топқа бөлуге болады: негiзгi және қосалқы.
Негiзгiлер нақты (табиғи), таңбалы (бейнелеу) және
вербальды (сөздiк ) көрнекілер болып, ал қосалқылар: оқытудың техникалық
көрнекі құралдары және зертханалық
жабдықтар болып бөлінеді.
Тiрi табиғат бұрышындағы аквариумдар,
жәндiктердi өсiретiн жайлардағы, террариумдардағы
жануарлар табиғи тірі көрнекі құралдар ретінде
пайдаланылады.
Табиғи өлі көрнекіліктерге: сулы
препараттар, микропрепараттар, топтама, омыртқалы жануарлар мен
олардың жеке бөліктерінің сүлделерi, тұлыптар
және жаттығу жұмыстары үшiн үлестiрме
материалдары жатады.
Жануарларды үлестiрме материалы ретінде
көрсету оларды алдын ала дайындауды талап етедi. Бұл нысандарды
таңдау бағдарламамен, жергiлiктi шарттармен және
табиғатты қорғау бойынша талаптармен анықталады.
Оқу-тәжiрибе алаңында жұмыс барысында табиғатта
нысандарды жинаудан басқа зоологияда үлестiрме материал ретінде
пайдалану үшiн, топтамалар үшiн өсiмдiктердегі зиянкестерді
жинауға болады.
Осы орайда мектептегі тірі табиғат бұрышына
материалдарды оқушыларға биология пәнінен жазғы
тапсырмаларды бергенде немесе мектепте
биология үйірмесін ұйымдастыру арқылы дайындап алуға
болады. 7 сынып Биология нәнінен «Жануарлар дүниесі»
бөлімінде 10 зертханалық жұмыс бар. Биология үйірмесіне
қатысатын оқушыларға осы зертханалық
жұмысқа пайдаланылатын барлық
құрал-жабдықтарды жасатуға болады. Үйірмеге
қатысушы оқушылар оған қызығушылықпен
араласады, екінші жағынан сабақта алған білімдерін яғни
жануарлардың морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін,
экологиялық ортасын терең меңгеруге негізделеді.
«Балықтың сыртқы құрылысы,
қозғалысы» тақырыбындағы зертханалық
жұмысты өткізу үшін пайдаланылатын табиғи өлі көрнекіліктердің бірі болып
табылатын алабұға балығынан тұлып жасаудың
әдісін ұсынамыз.
Балықтардан сапалы тұлып жасау үшін
олардың қабыршақтары тұтас болуы шарт. Көпшілік
тұқыбалық тәрізділердің қабыршақтары
оңай түсіп қалады. Сондықтан ауға түскен
балықтан қармаққа түскені ыңғайлы.
Алабұғаның қабыршақтарын түсірмеудің
жолы, ауада аздап кептіріп (тоңазытып) алу керек.
Алабұғаны желбезек қақпаға
аралық пердеден бастап құйрық қанатына дейін
қайшымен немесе қандауырмен терісін тіледі. Жеке
құйрық асты қанаты дененің бір жағында
қалады. Тілінген соң қандауырмен теріні еттен ажыра-ады,
яғни етпен қоса балықтың барлық ішкі
мүшелерін қоса алып тастайды. Көз, желбезек, таңдай
және т.б. бас бөліміндегі жұмсақ ұлпалардан
тұратын мүшелерді алып, жалпы теріні мұқият тазартады.
Терісі тазаланған соң теріні фиксаторлармен (формалин, спирт,
астұзы немесе мыс купоросының қанық ерітіндісі) 5-6
минут сайын 2-3 рет өңдейді. Теріні құрғату
үшін крахмал, тальк немесе сексеуіл, жыңғыл күлін
пайдаланады. Күлді сеуіп артық мөлшерін қағып
түсіреді.
Өңделген терінің ішін жеңіл
ұнтақ материалдармен (мақта, ағаш ұнтағы,
күріш қауызы және т.б.) толтырып, теріні тігеді. Тігістер
сирек және айқасып тігіледі.
Енді балықтың қанаттарын ылғал күйінде
жазып қатты қағаз қиындыларының арасына салып
скрепкамен қыстырып кояды.
Дайын болған тұлыпты
тұғырға орнату керек. Ол үшін алдын ала
балықтың ұзындығына 5-6 см, ені 8-10 см ұзындау
етіп тұғыр дайындап аламыз. Балықты тұғырға
тікелей желімдеу арқылы бекітеміз. Көздің орнына алебастер,
пластилин, егер болмаса балықтың қабырғашын жапсырып,
табиғи түсімен бояп қояды.
Балыққа белгілі бір табиғи қалып
беріп, көлеңкеде кептіреді, сыртын лакпен бояйды. Тұғыр
балықтың тіршілік ортасына сәйкес етіп таңдалады. Мұғалімнің көмегімен
балықтың систематикалық орны анықталып жазылады.
Оқушылардың өздерін ұйымдастыру
арқылы тірі табиғат бұрышындағы зоологиялық
бұрышқа қажетті әрі қолжетімді ылғал
препораттар, тұлыптар, омыртқасыздардың коллекцияларын,
қолдан жасалған инсектариилер, террариумдар, аквариум және т.б. дайындауға болады.
Көрнекi құралдарды сабақта
кеңінен пайдалануда биологияның негiзгi ұғымдары
ашылады. Сондықтан мұндай көрнекi құралдары
негiзгi болып есептеледi.
Әдебиет:
1. Нога Г.С. Зоологиядан жүргізілетін бақылаулар мен
тәжірибелер. Алматы,
1985
2. Хенкин Я. Из опыта работы школьных
музеев // Воспитание школьников. - 2001. - № 3.
3. Тапалов Ө.С., Өтесінов Ж. Таксидермия. Қызылорда,
2004.