Медиева С.Х.,Аналбекова Қ.Т.,Ниетуллаева Н.Н.,Тілеуберлинова Э.Б.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарму

Бастауыш сынып сабақтарында  деңгейлеп оқыту

 технологиясын пайдалану 

 

 

Педагогикалық технологиялардың оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда алатын орны ерекше. Оқушының ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетеді, танымдық белсенділігі, сабаққа қызығушылығы артады, өз бетінше білім алуға талпынады.

Жас бала не нәрсені болса да білуге құмар, қызыққыш, қолымен ұстап, көзбен көргенді жақсы көреді. Оқушылардың қызығушылығын арттыру жақсы ұйымдастырылған сабаққа байланысты. Сондықтан, әрбір сабақта бұрыннан белгілі мәліметтерді қайталай бермей, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру қажет.Қоғамдағы қазіргі кездегі қайта құрулар, экономикалық дамудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруде қойылған талаптарды түбегейлі өзгертті. Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігінде білім беру жүйесі, білім берудің мақсаты, мазмұны, технологиясы оның нәтижесіне қарап бағаланатындығын және ондай жетістіктен сырт қалуға болмайтындығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр [1].

Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский: «Сабақ жас өспірімдердің интеллектуалды өміріне құр ғана сабақ болып қоймас үшін ол қызықты болуы шарт», - деп айтқан. Қызықты сабақтар мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы, әдістемелік ізденісі, қолданған әдіс-тәсілдері арқылы ерекшеленіп, шәкірт жүрегінен орын алады.

Жаңа технологияны сабақ үрдісіне қолдану үшін, әр мұғалім өзінің алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, өзінің шеберлігіне байланысты таңдап алады. Жаңа технологияны жүзеге асыру үшін мұғалімге көп ізденістер керек. Сонымен қатар, сыныбындағы оқушылардың қай пәнге қабілетті екенін байқап, әрі дамытуға көп көмегін тигізу қажет[3].

Профессор Жауынбай Қараевтың «Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы бойынша негізделген» жаңа технологияны математика пәніне қолданған тиімді. Мұндағы мақсат өз бетімен дами алатын әр түрлі өмірдің қифындықтарына төзе білетін белсенді, білімді оқушы тәрбиелеу сонымен қатар осы технология дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға, елестету мен есте сақтау белсенділігін дамытып, білім сапасының артуына көмектеседі.

Деңгейлеп саралап технологиясының мақсаты - өз бетімен дами алатын, әр түрлі өзгерістерге бейімделе алатын баланы дамыта отырып үйрету, тәрбиелеу.

Ж.Қараев деңгейлік өзара байланысты зерттей келе, бұл деңгейлердің білік, белсенділік, түрткі білім сапасы деңгейлерімен сәйкестігін анықтады. Үйренушілік пен алгоритмдік деңгей-білім дұрыстығына, толық орындағанына, іске қосылғанына, эвристикалық пен шығармашылық дұрыстығына, жүйелілікке, беріктілігіне сәйкес. Осы негізде ол өзінің деңгейлік саралап оқыту технологиясын құрды.

Әңгімелесуші – оқулық бойынша жаңа тақырыпты өз бетімен меңгеріп, анықтама, ережелерін өзі шығарады. Қарапайым жаттығу–мысалдармен оларды біткеннен кейін, жұмыс дәптерлеріндегі деңгейлік тапсырмаларды орындауға көшеді. Бұл тапсырмалар оқушының жаңа тақырып бойынша меңгерген білімдерін өз бетімен жетілдіріп, біліктілігі мен дағдысын дамытуға арналады.  Деңгейлік тапсырмалар тақырыпты меңгеруге бөлінген уақытқа толық сиятындай шамадағы материалдарды қамтиды және ең дарынды деген оқушының қабылдау деңгейіне лайықталып құрастырылады.

Ж.А.Қараев технологиясында жалпы деңгейлік тапсырмалар 1, 2, 3, 4, деңгейде беріледі.

1-деңгейлік тапсырма – мемлекеттік стандарт деңгейі. Бұл деңгейді барлық бала орындауға міндетті.

2-3 деңгей бірте-бірте күрделенеді. Оқушылар бұл тапсырманы орындауға құқылы.

4-деңгей - шығармашылық деңгей. Ол балалардың шығармашылық жұмыс істеуіне арналған.

Әр сабаққа құрылған тапсырманың міндетті деңгейі өтілген жаңа сабақты бекітуге және өткен сабақтарды пысықтауға арнап құрылады, бұл деңгейді топ, сынып оқушылары толық орындайды, онда үлгермеушілік жоқ [2].

Үздіксіз өзгеріп тұрған заман адамнан сол заман талабына сай білім алып, жаңа істерді меңгеруді талап етеді. Осыған орай, оқу-тәрбие процестерінде педагогикалық технологияны жүйелі пайдаланудың маңызы зор. Оқу-тәрбие процесін жаңалықтармен қамтамасыз ету барысында ғана біз оқушылардың қабілеттерін арттырып, сабаққа деген қызығушылықтарын оятып, өздеріне сенімді, саналы да білімді азамат етіп тәрбиелей аламыз.

Педагогикалық технологияларды бастауыш мектеп жағдайына бейімдеу және іріктеп алудың маңызы зор. Сол себепті білім берудің тиімділігін арттыруда қолданылып жүрген озық технологиялардың ішінен бастауыш мектепте балалардың өмірлік дағдылары мен жаңа білім, біліктерін қалыптастырып, дамытуда қолданыста жүрген және қолдануға тиімді технологиялардың артықшылықтары мен ерекшеліктерін көрсете отырып іріктейік

Жаңа технологияның жаңа мақсаты бойынша оқытуды ізгілендіру қажет. Ол – оқыту құралдарына деген көзқарасты да өзгертуді талап етеді.

Оқушылардың білім, білік, дағдыларын жетілдіру үшін, оқытудың жаңа технологиясы бойынша, дифференциалды және дербес деңгейлік принциптердің талаптарына сәйкес әртүрлі сабақ түрлеріне арналған жаңа оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Бұлар: әңгімелесуші – оқулықтар, оларға қосымша төрт деңгейдегі тапсырмалар берілген жұмыс дәптерлері. [4].

Үйрену процесі – бұрынғы білетін мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да сабақ қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойда қозғау, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін «Топтау», «Түртіп алу», «Ойлану», «Жұпта талқылау», «Болжау», «Әлемді шарлау» т. б деген аттары бар әдістер жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділінгін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңге жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады [5].

Қорыта келе оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін,қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы негізгі бөлім сабақтарында жүзеге асырылады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қабдықайырұлы Қ, В.М.Монахов "Оқытудың педагогикалық жаңа технологиясы", А., 2006 ж

2.      Караев Ж.А. Мектепте оқытудың педагогикалық жүйесін жетітдірудің әдіснамалық негіздері//Бастауыш мектеп. -1996.-№7

3.  Оспанова Қ.О.,Жаңа технология туралы Бастауыш мектеп 2006 №2

4.  Бұзаубақова К. Ж., Жаңа педагогикалық технология Тараз, ТарМУ 2003

5.  Барсай Б. Педагогикалық технология ұғымының мәні мен әдіснамалық сипаттамалары // Бастауыш мектеп №8, 2010ж