ӘОЖ: 37.017.93:2-057.875

 

 

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙДАҒЫ  ДІН ЖӘНЕ ОНЫҢ СТУДЕНТ-ЖАСТАРҒА ӘСЕРІ

 

Кәкімова Ақерке Аманжолқызы

16_akerke_ 1992@mail.ru

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті,  Семей, Қазақстан

Ғылыми жетекшісі: Едігенова А.Ж.-педагогика кафедрасының доцент м.а., п.ғ.к.

 

Діннің адамзат тарихында алар орны бар,  діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Ол дами келе  адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды.Діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім адамның қоршаған ортамен, басқа адамдармен, қоғаммен  қарым-қатынасына әсер етті. Сол сеніммен адам әлемді  таныды, өмір жолын таңдады, мінезін,ойын, дағдысын қалыптастырды. Жалпы адамзат тарихына көз салсақ, діннің шешуші рөлі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Сондықтан дін дегеннің не екенін, оның қысқаша тарихын танып білу әрбір студент жасқа  қажет. Егемен ел атанған мемлекеттің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері бар. Сол себепті, қазіргі таңда студент жастардың дінге қатынасы  көкейкесті  мәселеге айналуда.

Қоғамның дінге деген түсінігінің әрқилы болғандығы тарихтан белгілі. Кейбір мемлекеттер бір дінді алға шығарып, соған сенуді әрбір адамзаттың міндеті рентінде санаса, кейбірінде халықтың құдай мен дінге деген сеніміне тұсау салынған. Ал, қазіргі таңда өркенитеттік жолға түскен Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы адам құқығы ретінде мойындалып отыр.Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға,  қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал етуі күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.

Дін арабша - адам пайымының бүкіл әлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға және өзінің ақыл ойы мен сана сезімінен  тысқары тылсым дүниеге қатынасы; адамзат танымының дүниемен жаратылысқа деген көзқарасты айқындайтын мифология, философия және ғылымнан ерекше өзіндік бір тұрпаты; адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени институт; ерекше қоғамдық сана және әлеуметтік құбылыс. Діннің басты белгісі - адамның ақыл-ойы, сезім мүшелері қабылдай алмайтын болмыс түріне сену және оны мойындау. Адамзат тарихының өн бойында дін адам сенімінің сипатына халықты қамтуына байланысты сан түрлі күйде болады.

Қазіргі таңда əлемде идеялар күресі жүріп жатыр. Халықаралық саясаттағы жəне мəдени ортадағы жаһандық өзгерістерді аңғарған жалған діни ұйымдар халықпен жұмыс жүргізу тəсілдерін өзгерте бастады. Олардың кез-келген ортаға бейімділігі радикалды тəсілдердің орнына заманауи уағыз насихат жəне білім беру технологияларын қолдануға мүмкіндік жасап отыр. Осының нəтижесінде жас ұрпақтың белгілі бір бөлігі түрлі теріс пиғылды ағымдардың,  жалған діндердің шырмауына түсіп қалуы әбден мүмкін.

Жастарға батылдық, алған бетінен қайтпау  тәрізді  қасиеттер тəн, бұл әрине жақсы. Бірақ, өкінішке орай, олардың көпшілігі əлемдік діндердің тарихын терең біле бермейді Бұның себептерінің бірі қазіргі жастардың діни санасының дұрыс қалыптаспағанынан болып отыр. Бұл өз кезегінде  теріс түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Қазіргі кезде дінді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, оны дәлелдеуге тырысады. Соның бірі болып - XIX ғасырдың аяғында-XX ғасырдың басында пайда болған «Дін психологиясы» атты психология ғылымының жаңа бір саласын айтуға болады. Бұл ғылым дінді психологиялық тұрғыдан түсіндіруге тырысады.  Дін психологиясы-діни сананың ерекшеліктеріне, құрылымы мен функцияларына негіз болатын  психологиялық  және әлеуметтік-психологиялық факторларды зерттейтін психология ғылымының саласы (Қазақ энциклопедиясы).

Аталған ғылым дінді психологиялық тұрғыда зерттеуді басшылыққа алады. Дін адамның жан дүниесіне көп ықпал ететін ерекшелікке ие. Діни өмір сүруді сезімдер, ойлар мен түсініктер, қалаулар мен идеалдар, әрекеттер, мерекетер, әлеуметтік қатынастар, моральдық және эстетикалық әрекеттер  сияқты адамды зерделейтін барлық рухани кезеңдер ішінен қарастыруға болады. Адамның дінге бет бұруы оны жан дүниесіне бағыттап, біртіндеп өзіне икемдеуі және бүкіл әрекеттерінде діннің орын алуы жағынан дін психологиясы адамдық болмыстың барлық жағын қамтиды. Осыған қарағанда діни бейімділік пен қабілет, діни қатынастар мен қалаулар, діни сезім мен тәжірибелер, дін сенім мен жүріс-тұрыстар, дұға жасау мен ғибадат, тәубеге келу және құдай жолына түсу, діннен бет бұру және имансыздық, мистицизм мен сопылық өмір кешу дін психологиясының басты тақырыптарын құрайды.

Егер адамдардан діннің не екендігін сұрасаң, көбінесе: «Дін-бұл сенім»,-деп жауап беріп, содан кейін ғана ол неге сенетінін айтар еді. Шынымен де, адамдардың басым көпшілігі дінді сенім деп қабылдайды, әсіресе кез келген діндар адам өзін дінге сенетін адам деп санайды. Сенім - адамның қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасынқарым-қатынасын анықтайтын түсінікбілім, елес, идеялар. Сенім, наным - адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі. Сенім-адамның белгілі бір түсініктеріне сәйкес қажеттіліктерін қанағаттандыру жүйесі. Қажеттіліктерін орныдау жолында адам дүниетанымдық көзқарасында, табиғат пен әлеумет заңдылықтары жөнінде ұғымдарына, өмір тәжірибесіне сүйене отырып іс-әрекет жасайды.

Діни сенім - «сенімнің» кең түсінігінің бір құрамдас бөлігі ғана, әйтсе де, адамның рухани өмірі үшін ерекше маңызды екені даусыз. Дін – халық мәдениетінің рухани негізі, баға жетпес құндылығы. Оның қоғамда алатын орны зор және ерекше, діні жоқ, яғни дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Тарих қойнауына үңіліп, беттерін парақтасақ, қай ұлттың болмасын, қалыптасуы, даму қарқыны, көркею үдерісі жайында тілі, діні, мәдениеті, өнері, кәсібі  мол ақпарат береді. Дін ұзақ жылдар бойы, ғасырлар бойы қалыптасып таралған.

Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал етуі күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.

Әсіресе қазіргі жастардың мешіттерге баруы, дінге бет бұруы қуантады, дегенмен әлі де болса ойланатын жайттар жеткілікті. Жастардың қоғамдағы салмағы жоғары. Адамдар білім алу, мамандық таңдау және қоғамда әлеуметтену, негізгі араласатын ортасын құру, рухани қағидаттар мен бағдарын қалыптастыру секілді негізгі әлеуметтік және демографиялық өмірлік кезеңдерінен дәл осы жас кезінде өтеді.

 Ойланатын жайт, әлеуметтік және азаматтық тұрғыдан есею шағында жастар жағымсыз ықпалдарға да даяр тұрады.  Студент  жастар - бұл білім алған соң ертеңгі күні экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени, білім салаларда ұстанымға ие болады, сондықтан ол белгілі бір дәрежеде көптеген тоталитарлық және деструктивті дәстүрлі емес діни ұйымдардың басты нысанасы болады.

Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деп ұлағатты сөз айтты. Сондықтан,  жастарды тәрбиелеуге, жан дүниесі  рухани бай жастарды тәрбиелеуге  ерекше көңіл бөлу қажет.  Қазақстан Республикасының Діндер туралы заңында көрсетілгендей, Қазақстанда жалпы Орта Азияда дәстүрлі дін екеу: 1. Ислам діні; 2. Христиандық бағытындағы дін. Статистикалық мәліметтер бойынша  дәстүрлі дін  Ислам дініне бет бұрғандардың саны өте көп. Себебі, Ислам  ата-бабаларымыздан бастап бүгінге дейін ұстанып келе  жатқан-асыл дін.

Бізідің мемлекетіміз - Тәуелсіз, зайырлы мемлекет, яғни қай дінді қабылдаймын десең, өз еркің. Қазір әлемдік үш дін – Ислам, Христиан, Будда діндері бар. Сондықтан  қазіргі қоғамдағы жас ұрпақ арасында жоғарыда аталған діндер туралы мәлімет беріп, ақпарат тарату, басты міндет болып табылады. Себебі, оңы мен солын, ақ пен қараны, жақсылық пен зұлымдықты енді ғана ажырата бастап, әлі  толық қалыптасып үлгірмеген жас буынға дін туралы түсінік қалыптастыру арқылы оларды  теріс жағдайлардан аман алып қалуға болады. Олай деуімізге негіз бар: діннің не екенін, мақсаты мен мұратының қандай екенін жете түсінбегендер түрлі жалған ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Жалған ағымдар әркез дінге қайшы,  ұлттар арасында алауыздық туғызу, тыныштықты  бұзу. Демек, бұндай жағымсыз жайттар орын алмауы үшін  біріншіден, дінді бұрмалауға жол берілмеуі тиіс.

Діни білім - мемлекеттік оқу орындарындағы дін туралы білім немесе дін қызметкерлерін дайындауға бағытталған ілімді білдіреді және ол мемлекеттік білім беру жүйесінде бұрыннан келе жатқан маңызды фактор. Діни білім әлемнің көптеген өркениетті мемлекеттеріндегі оқу орындарында бұрыннан жүргізіліп келеді. Соңғы  жылдары «Дінтану» пәні оқытылуда, бұл діни сауаттылықты орнатуға ықпал жасайды.

Қазіргі жасарға діни сауатын ашып, діннің құндылықтары туралы ақпараттандыру басты міндет болуы қажет. Діни құндылықтар туралы мәселенің түрлі аспектілері бар. Ол әр адамның білімі мен мәдениетінің көрсеткіші болып табылатын ілім. Адамның қай дінге сенетіне немесе сенбейтіні маңызды емес, ол дін туралы  білуі тиіс. Діни білім  адамдарға қиын жағдайларда, қажет болуы мүмкін.

Белгілі бір зерттеу тақырыбына лайықты түрде дайындалған сауалнамалар дін психологиясында жиі қолданылатын мәліметтер жинау құралы болып табылады. Осыған орай  бізде қазіргі студент  жастардың дінге деген көзқарасын анықтау мақсатымен  төмендегідей сауалнама жүргіздік. «Дін» ұғымын қалай түсінесіз? Қоғамға дін не үшін қажет деп ойлайсыз? Мешітке қаншалықты жиі барасыз? Өзіңізді діни сауатты адаммын деп есептейсіз бе? Дін туралы ақпатты қайдан аласыз? Қазіргі жастар қаншалықты дінге сенеді деп ойлайсыз? Басқа діни өкілдегі адамдарға қалай қарайсыз? Жастарды дінге деген дұрыс көзқарас қалыптастыруына қандай шаралар ұйымдастыру қажет деп ойлайсыз?.

       Сауалнамаға жоғарғы оқу орнында оқитын студент жастар қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша студент жастардың көбі дінді сенім, ислам деп түсінсе, қоғамға дін не үшін керек деген сауалға қоғамды басқару мақсатында және адамдар зұлымдыққа  бармауы үшін, қоғамның аса бір қажеттілігі деп жауап берді. Жастардың мешітке немесе басқа діни орындарға көбі жиі бармайтындықтарын, тек діни мейрамдарда баратындарын айтты. Бірақ араларында діни орындарға (мешіттерге) әр жұма сайын баратындары да кездесті. Ал соңғы сауалға жастардың көп бөлігі жоғарғы оқу орындарында  діни шаралар жиі өткізіліп, діни өкілдерімен кездесулер өткізілсе және дінтану пәні енгізілсе деген жауап берді. Сауалнамадан байқалғандай, қазіргі студент-жастардың дін туралы білімдері нақты емес, өздерінің түсінігімен қабылдайды, ғылыми білімдерінің жеткіліксіздігі байқалады. Сондықтан, студент-жастардың дінге дұрыс көзқарасын, қатынасын қалыптастыру үшін нақты, мақсатты бағытта іс-шаралар ұйымдастырған дұрыс және олар жүйелі өткізілуі қажет. Мәселен: телеарналарда, дін туралы ғылыми-танымдық бағдарламаларды жетілдіру; дінге қатысты мәселелер бойынша конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинар- практикумдер, дәрістер өткізу; жастардың білімін жетілдіруге, мәдени өмірге, спортқа және бос уақытты өткізудің басқа түрлеріне баса назар аудару; жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беру; бұқаралық ақпарат беттерінде, ғаламтор желілерінде тәрбиелік материалдардың берілуіне назар аудару; дінді түсіндіру үшін және білімдерін кеңейту үшін  психология және дінтану және т.б.  сала мамандарымен кездесулер ұйымдастыру және т.б.

Өмір  көрсеткендей, бүгінде рухани тұлға болуға жоғары  талап қойылады. Жаппай автоматтандырылу  және ғаламтор кең таралған жағдайда, кең ақпараттық мүмкіндіктер жағдайында жастарға кейде діни немесе басқа қажетті идеяны дұрыс таңдау кейде қиынға соғады.

Адамның бойындағы ең басты қасиет - ол таным және сенім. Таным кез-келген заттың, құбылыстың мәнін, сипатын, ерекшелігін білу және сезіну арқылы қалыптасады. Қазіргі жастар – ақыл-ойы терең, барлық заманауи технологиялық құралдарды меңгеруге, кез-келген жаңалықтарды меңгеруге белсенді. Сондықтан, жастардың рухани-танымдық жан дүниесін байыту және тәрбиелеу үзіліссіз, жүйелі жүргізілгені дұрыс. Қоғамның діни өмірінің өзіндік ерекшеліктерін жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің  болашағы жастардың  мәдени дамуы мен біліміне  байланысты болады. Сондықтан, қоғамда тұтас халықпен, соның ішінде жастардың  діни білімдерін үнемі арттырып, дұрыс бағыт-бағдар беру бүгінгі күннің негізгі  мәселесі болып қала береді.


Қолданылған әдебиеттер:

1.       Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңы. - Астана, 2011.  

2.      Ғарифолла Е., Әбуов А.П., Бегалинова К.К., Смағұлов Е.М., Жолдыбайұлы Қ. Дінтану негіздері. – Алматы: «Білім», 2010.

3.      Артемьев А.И., Дінтану:Жалпы дінтану негіздері, діндер тарихы. –Алматы: «Бастау», 2010.

4.      Сәрсенова Ж. Философия. - Алматы, 2010.

5.      Мырзалы С., Философия. – Алматы, 2010.