Мукашева Р.А.

          А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

                практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

 

 КӨРКЕМ  ПРОЗАНЫҢ ЛИНГВОСТИЛИСТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН         

                                                   ЗЕРТТЕЛУІ                  

  

     Көркем әдебиет стилистикасы қазақ филологиясында бүгінгі таңда қалыптасып, орнығып болды деп айтуға болады. Зерттеушілердің көпшілігі көркем әдебиет стилистикасын әдебиеттану мен лингвистика ғылымдарының аралығындағы жаңа ғылыми сала деп көрсетіп жүр. Шеберлік, көркемдік туралы айтқанда да, әдеби тіл проблемасы көтерілгенде де көркем шығарма тіліне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені, көркем шығарма тілінен жазушының идеясы, дүниеге көзқарасы көрінеді. Басқалай айтар болсақ, шығарманың идеясы, кейіпкерлердің мінез ерекшеліктері, әлеуметтік сипаты, өмір сүрген ортасы мен кезеңі, олардың сөйлеген сөзіне жүргізілген талдау мен оларға ( кейіпкер) жасалған сипаттама арқылы ашылады. Яғни  әдебиет тұрғысынан қарастырғанда, поэтикалық тілдің көріктеуіш-бейнелеуіш құралдары мен олардың көркем дүниенің мазмұнын ашудағы қызметі сараланса, лингвистикалық жағынан осы көріктеуіш амалдарды жасауға қатысқан тілдік бірліктердің ішкі мағыналық потенциалы, сыры басты нысанға алынады да, шығармада эстетикалық қызмет атқаратын тілге талдау жүргізу арқылы автордың жалпыхалықтық тілдің баюына қосқан үлесі анықталады.

    Шығарманың көркемдік, өзіндік бітім-болмысын айқындауда жазушы қолданған тілдік құралдың әрқайсысының орны ерекше. Көркем шығарма тілінде кез келген тілдік құрал орынсыз қоданылмайды. Ондағы синтаксистік құрылымдар мен лексемалар, фразеологизмдер, жекелеген дыбыстар – бәрі де көркемдік идеяға қызмет етуге тартылған «желілер» қатарынан орын алады. Әр сөз зергерінің өзіне тән стилі, өзіндік сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері болады. Жазушының қолындағы қуатты қаруы –тіл, шұрайлы сөз десек, ол сөз халықтың тіл байлығы болып табылады. Ал көркем туынды авторының шеберлігі айтар ойын – бейнелі,мәнерлі, айқын жеткізуінде жалпыхалықтық тіл байлығынан қажетті деген тілдік құралдарды сәтті таңдап алып, керегіне жарата білуінен көрінеді. Тілдік құралдардың стильдік жүк арқалау мүмкіндігінің дәрежесі мәтіннен, оның қолданысынан айқын аңғарылады. Әр сөздің құдіретін дұрыс танып, оған көркемдеуші қызмет арту қаламгердің шеберлігіне байланысты. Әр функционалды стильдің өзіндік ерекше стильдік қабаты болады десек, көркем шығарма- дыбыстан мәтінге дейінгі аралықтан орын алатын тілдік бірліктердің стилистикалық қызметін анықтауға жағдай туғызатын бірден бір орта.

    Көркем шығарма тілі тілдік қолданыстың ерекше бір саласын құрайды. Көркем әдебиеттегі тілдің қолданысын, қандай қызмет атқарып тұрғандығын, тілдік қолданыстың өзгеріске түсуі мен оның себептерін ашып беретін лингвостилистикалық зерттеулер болып табылады. Көркем шығарма тілінің  арқауын әдеби тіл фактілер құрайтындығы белгілі. Ендеше тілдің даму процесінде болып жатқан  барлық өзгерістердің одан көрініс тауып жатуы заңды нәрсе. Бұл тұрғыдан алғанда көркем мәтінге жүргізілген талдау әдеби  тілдің даму бағытын белгілеуге септтігін тигізеді. Бірақ көркем шығарма  әдеби тілде жазылғанымен көркем шығарма тілі мен әдеби тіл арасында ерекшеліктердің болатындығын ескерген жөн. Мәселен, күнделікті қарым-қатынас жасау қажетін өтейтін әдеби тіл көркем шығармада басқа қырынан танылады. Көркем шығармада әдеби тіл бейнелі құрал ретінде жұмсалып, сол арқылы оқушы сезіміне әсер ететін эстетикалық қызмет атқарады.Мәселен, әдеби тілде нормаға жатпайтын тіл элементі көркем шығармада автордың көздеген мақсатына жету үшін қолданылып, арнайы эстетикалық қызмет атқаруы әбден мүмкін. А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, тілді қолдану дегеніміз- айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білу және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білу [1,25].Бұл-бір. Екіншіден,көркем шығарма тіліндегі әдеби тіл нормасынан ауытқу тіл бірлігінің бойындағы   жасырын  жатқан  мағыналық  мүмкіндіктерді  ашады.     

    Лингвистикалық  талдаулар  көркем шығарманы толық түсінуге жағдай туғызады. Сонымен қатар оқырманның тіл мәдениеті мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға немесе көтеруге септігін тигізеді. Осы тұрғыдан келгенде көркем туындыға лингвостилистикалық талдау жасаудың қажеттігі талас тудырмаса керек.

    Б.Шалабай көркем шығарма тілінің негізгі үш белгісін былайша көрсетеді:Біріншіден, ол-өз дәуіріндегі әдеби тіл фактісі. Яғни, жалпы тілдің дыбыстық, лексикалық,грамматикалық материалдары.Өз дәуіріндегі әдеби тілден тыс,өзінше бір дүние емес,соның нормаларына,заңдылылықтарына бағынған тіл.Екіншіден,сонымен бірге,ол-әдеби тілден «тыс»,өз заңдылығы бар дүние.Жалпы тілдің көркемдік-эстетикалық талапқа сай қолданылуы негізінде одан (жалпы тілден)тікелей өсіп шыққан «үстеме»тіл.Бұл аспектіде алғанда көркем әдебиет тілінің спецификалық ерекшелігі, жалпы тілдің көркем тілге айналу жолдары мен тәсілдері сияқты үлкен проблематикалық мәселелер қаралады.Үшіншіден, « көркем әдебиет тілі» нақтылы бір көркем шығарманың тілі ретінде түсіндіріледі.Көркем әдебиет тілі «даралық стиль»категориясымен ұштасып жатады [2,94].Сонда көркем шығармада тіл көркемдік эстетикалық талапқа сай қолданылса,әр жазушы осы талаптың үрдісінен шығу үшін тілдік құралдарды өзінше

пайданалады.Сөйтіп,әрқайсының өзіндік дара жазу мәнері немесе стилі қалыптасады.Басқалай айтқанда,жазушының халықтың тіл байлығын қажетіне жарата білуі,сөйлем құрау барысында сөз сұрыптауы,оларды белгілі бір тәсілмен ұйымдастыра білу сияқты мәселелер сөз зергерінің өзіндік қолтаңбасын айқындайды.

   «Жеке жазушының тіл өрнегінің толып жатқан бояу-бедері,өзіндік өсу,жетілу жолдары болады.Көркем әдебиет тілінің нәзіктігі көп жағдайда жазушының белгілі бір сөздерді «мағыналық топқа иіру»,яғни сөздерді өзара мағыналық байланысқа түсіру шеберлігімен байланысты» [2,88].

    Көркем мәтінді талдаудың негізгі бағыттары Р.Сыздық пен Б.Шалабай еңбектерінде сараланып көрсетілген.Көркем мәтінді талдаудың өзіндік ерекшеліктері бар екендігін айта келіп,оның грамматикалық талдаудан өзгеше болып келетіндігін айтады.Көркем туындыға жүргізілетін тілдік талдау көркем шығарма мәтінін мәнерлеп оқудан басталатындығын пайымдаған ғалымдар тілдік талдаудың негізгі өзегі деп шығарманың сөздік құрамын таниды[3,61].

     Көркем әдебиет стилистикасының пән болып қалыптасуына өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі  Б.Шалабай осы салаға қатысты еңбегінде көркем шығарма тілін зерттеудің теориялық негіздерін белгілеп береді.Автордың айтуынша,көркем әдебиет тілін зерттеудің қырларының санатына көркем шығарманың тілі мен оның идеялық-бейнелі мазмұны,көркем шығарма тілін ұйымдастырушы тілдік бірліктер,көркем шығармадағы автор бейнесі т.б. енеді.   Б.Шалабай көркем шығарма тілін үш қырынан қарастыруға болатындығын айтады:

а)таза тілдік қырынан;

ә)стилистикалық қырынан;

б)көркемдік-эстетикалық қырынан.Бұлар көркем әдебиет стилистикасының зерттеу нысанына жатады.Зерттеу жұмысында С.Мұқанов прозасы лингвостилистикалық тұрғыдан қарастырылады.

     Көркем шығарма тілін талдауда негізінен шығарманың сөздік қоры (лексикасына)мен грамматикасына,көріктегіш құралдарға назар аударылады.

      Көркем шығарма тілін лексикалық тұрғыдан жазушының жалпыхалықтық тілді сөз мақсаттарына сай ұтымды пайдалануы,жаңа сөз қолданыстар немесе қолданыстан шығып қалған лексемамаларды қолдану мақсаты,сондай –ақ кәсіби сөздердің, фразеологизмдердің қызметі т.б. жайлар айқындалады. Жалпыхалықтық қолданыстағы фразеологиялық тіркестердің жазушы шығармасының көркем идеясына қарай өзгеріске түсу себептері қарастырылады. Шығармадағы көріктегіш құралдарға жүргізілген стилистикалық талдау көркем туындыда пайдаланылған бейнелі тәсілдер- эпитет, теңеу, т.б. жасалу жолдарын зерттеуді қажет етеді. Сонымен, көркем мәтіндегі лингвистикалық құралдардың эстетикалық мүмкіндіктерін көрсету қаламгердің біріншіден, көркем шығармасының маңызды тұстарын айқындаса, екіншіден, оның әдеби тілдің дамуына қосатын үлесін де көрсетеді. Олай болса, лингвостилистикалық зерттеулердің қаншалықты қажеттілігі мен маңыздылығы айтпаса да түсінікті болып шығады.

   Қазақ филологиясында стилистикалық зерттеулер, дәлірек айтар болсақ көркем әдебиет тілін зерттеудің жүйелі түрде қарастырыла бастауы өткен ғасырдан бастау алады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А. Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. –                 (Құрастырушылар: Шәріпов Ә., Дәуітов С) Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

2. Шалабай Б. Көркем проза тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері. Филол. Ғыл. докт.дисс.  Алматы, 1997, 346 б.

3.Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы – Алматы.«Ана тілі».1993. 320 б