Утебаева А.К.

Қостанай қаласы. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы.

МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ХАЛЫҚТЫҚ ҚОЛДАНЫСТАН АУЫТҚАМАЙ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

     Халық арасына көп тараған, жалпы тіліміздің қайнар бұлағы ретінде ұзақ өмір сүретін құрамдық бөлшегі – мақал-мәтелдер болып келеді. Мақал-мәтелдер тұрақты тіркес саласының ең көлемді, қолдану аясы кең, мазмұны тиянақты тарауы болып саналады.Мақал-мәтелдер шешендік өнермен туыстас жатқан сөз өрнегі.

Мақал-мәтелдер мен әр алуан қанатты сөздерді жан-жақты зерттеуге байланысты пайда болған тіл білімінің саласын-паремиология деп атайды.

    Ғалымдардың пікіріне қарағанда, олар ең алдымен өзінің мән-мағынасы, мазмұны мен тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты назар аудартады.

     Мақал-мәтелдер жайдан-жай айтылмайды, белгілі  мақсатты ойды жүзеге  асыру үшін қолданылады және де тыңдаушының сезіміне ерекше әсер ету үшін пайдаланылады.

      Фразеологизмдер секілді мақал-мәтелдердің де әбден қалыптасқан, орныққан орны бекем болып келеді. Мақал-мәтелдер қаншалықты ауыс мағынада айтылғанымен, құрамындағы сөздер өзінің байырғы лексикалық мағыналарынан қол үзіп, онша тасаланбайды. Мақал- мәтел мән мағынасымен қатар құрылым-құрылысы жағынан да сан түрлі болатындығы белгілі. Өзінің құрамы жағынан фразеологизмге мақалдан гөрі мәтел бір табан жақын келеді. Мақал-мәтелде ұғымнан гөрі нақтылы ойды түйіндеп айту басым келеді. Сондықтан бұлардың сыртқы құрылым-құрылысы сөйлемге ұқсайды. Ал фразеологизмдер керісінше, нақтылы бір ұғымды астарлап айтып, сыртқы тұлғасы жағынан жеке сөздерге теңесіп тұрады.

Мақалдардағы ойды басқа оймен жанастыру үшін, мақал мен басқа сөздің арасына көбінесе «де», «деп», «деген» етістігін қойып айтамыз. «Де» етістігі арқылы негізгі ойды құрап, сөйлем мен сөйлемді жалғастыру – мақал тәрізді тізбектердің «қаймағын бұзбау»  стандартты қалпын өзгерпеу керек екендігін көрсетеді.

« - Тым болмаса оң жақта дәурен сүріп, қызық көріп қалсайшы, жастық екі айналып келер деймісің ... өстіп бұлғақтап жүре берем деймісің ... Осы күні деген шағың .. Жас – жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір ... – деп сүре сөзге салып бара жатқан соң ...»

Мұндағы «оң жақта дәурен сүріп, қызық көріп қалсайшы» дегеніміз дистакт құбылысы бойынша арасына сөз енгізіліп, өзгертіліп қолданылған ФТ. Халық аузындағы дағдылы қолданыста «оң жақтың қызығын көрді» деп айтылып, « бой жеткен қыз әкесінің үйінде отырып, оң жақта өткізер қызықты күйттеді» мағынасын береді.

Осы сөйлемдегі «жас – жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір» мақалы халықтық қолданыстан өзгертілмей кейіпкер тілінде жеткізілген. Олар кейіпкер тілімен айтылғанда да белгілі бір мақсатта айтылатыны аян. Бұл келтіріп отырғанымыз Күнікейді өз дегеніне көндіре алмай жатқан Мұсатайдың аузынан айтылған сөздер. Жазушы кейіпкер тіліне жоғарыда келтірілген ТТ мен мақалды енгізу арқылы оның образын қызға айтпақ болған ойын бейнелі түрде аша түскен.

« Ажалы жеткен қарға қаршығамен ойнайды» деген осы-ау! Әбен кім? Бұл кім? Ол – арыстан да, бұл – тышқан ғой». «Деген» көмекші етістігі арқылы мақалдың негізгі нұсқасын еш өзгертпей тырнақшада берген. Бұл мақалда тұжырымда оймен қатар бейнелі ишарат жатыр. Мақалды айтқанда ажалы жетіп тұрса да қаршығамен ойнап жүрген қарғаны ойламаймыз, ең алдымен адам туралы адамның әлеуметтік іс-әрекеттері туралы ойлаймыз. Қаршыға құстардың ішіндегі ірі, жылдам, бағалы жыртқыш құстардың бірі. Ал, қарға болса қарқылдаған даусынан басқа ештеңесі жоқ кішкентай құстардың бірі. Сол сияқты, қоғамда әлсіздердің күштілерге қарсы шыға алмайтындығын ишарат түрінде осы мақалда тұжырымдайды.

«Жақсы лепес жарым ырыс» деген мәтел өте-мөте өлімге бара жатқан адамға жылы тисе керек.

Қандай бір нәрсені жақсы ырымға жору мағынасын тұспалдап тұрған мәтелді «деген» көмекші етістігін қолдана отырып сол қалпында өзгеріссіз шығарма тіліне енгізген. Сондай-ақ, «өлімге бас тікті, өлімге бас байлады» ТТ-сының негізінде «өлімге бара жатқан» ТТ-сы жасалған. Бұлар «тәуекелге кірісті, бас кетсе де аянбады» мағынасын береді.

«Жылы тиді» - көңілге ұнады, жанға жайлы болды мағынасын береді.

Халықтың жақсылыққа, ырымға деген сенімінен туынлаған жоғарыдағы мәтелдің қиындыққа бас тігіп, Ақбілекті тастап, қызылдармен соғысуға кетіп бара жатқан қара мұрт орысқа да құлағына жағымды жылы тигендігін автор әсерлі, бейнелі етіп жеткізген. ТТ-лар мен мәтелдерді қатар қолдана отырып, айтылар ойдың экспрессивті-эмоцианалды реңін арттыра түскен.

«Сендерден гөрі бір көйлекті бұрын тоздырдық қой, қазақтың жайын жақсырақ білеміз десек мақтанған болар ма екенбіз – деп, «осы сөзім қалай шығып кетті?» дегендей Тыпаң бәрінің бетіне жағалай бір қарап қалды.». Жазушы Ж.Аймауытов көмекші етістікті қолданбай-ақ, мәтел соңына сөйлеу тіліндегі «қой» шылауын тіркей отырып, мәтелдің құрылым-құрылысын  да, мағынасын да сол қалпында сақтаған. Өмірден тәжірибесі бар жасы үлкен адамның сөзін меңзеп көрсеткеен мәтел жазушы қаламында өз орнымен шебер қолданыс  тапқан.

«Ит ашуын тырнадан аладының кері» ғой,  көзіне көрінгені, әлі жеткені – Ақбілек еді».

Жалпы халықтық қолданыста мақал құрамындағы «ит» компоненті көбіне «тазы» болып айтылады. Бірақ, «ит және тазы» өзара синоним болғандықтан өте үлкен өзгеріске жата қоймайды. Мақалдың дәстүрлі номинатив тұлғасы сақталып, оған ілік септігінің жалғауы (-ның) жалғанып, көмекші етістіктің орнына «кері» сөзі мен ауызекі тілде қолданылатын «ғой» шылауы мақалдың негізгі нұсқасын өзгертпей тырнақша жабылған соң аяғына қосылған.

«Келбет көрсең, сын сорма!», «түсі игіден түңілме!» деп қазақ неге айтады? Апа кейде жоқты айтып кететінің бар-ау! Түрі шошқа кісінің сыры қай оңушы еді? – деп апасын іле түрегелді».

Жазушы халық қазынасын еркін де орында пайдалана алатыны сондай повесть кейіпкері Күнікейдің аузынан бір сөйлем құрамында жітірмелете екі мақалды қатар айтқызып, қыздың көптеген ойын қысқа да нұсқа әсерлі етіп жеткізген. Сөйтіп жазушы мақалдардың танымдық, тәрбиелік мәнін пайдалана отырып, өз ойын оқушыларына ұтымды жарасымды етіп жеткізген.

Зағипа ашуланып: «Аузында әзілі жоқтың, қолында тоқпағы бар» деген осы-ау, - деп еді.

Күнікей «өлі арыстаннан да тірі тышқан» дегендей ойға мініп, сұлу түсті тастап, жаман көрпесін сырғытып, басын көтерді.

«Адам замандасымен жасайды», деген ып-рас қой.

Бұл мәтелдердің бәрі де халықтық қолданыстан ауытқымай қолданылған мәтелдер.

     Мақал-мәтелдердің құрамы мен құрылымында тұрақтылық қасиет бар десек те, сөйлем ішінде әр компоненті түрлендіруші формаларға ие болып тұлғаланады екен.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы, 1977. – 712б.

2.     Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы, - 2006. -262б.

3.     Қайдар Ә Қазақ тілінің өзекті мәселелері: Актуальные вопросы казахского языка. Алматы: Ана тілі, 1998, 304 б.

4.     Қайыпбаева А.К. Тұрақты тіркестердің поэзия тіліндегі қолданысы. – Алматы, -2011.-30б.

5.     Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. –Алматы:Алаш, 2005.-304б.