филол.ғ.к. Қансейітова Э.Ж.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДАСТАН ЖАНРЫ: ШЫҒЫСТЫҚ СЮЖЕТТЕР

 

Қазақ әдебиетіндегі дидактикалық-философиялық көзқарастарды ис­лам діні қағидалары бойынша жырлаған дастандар арқылы ұлттық поэзия­мыз­дағы халықтық эстетиканың ұлағат жолын танимыз. Ақындық поэзияның көркем туындылары арқылы адамдарды адам­гершілік жолынан ауытқы­мауға шақыру - жалпы адамзаттың гуманизм мұраттарымен үндестіктің кө­рі­нісі. Бұл - біздің әдебиетіміздің аса көркем сапаларын танытатын ерекшелік.

X-XI ғ. өнер-білім, поэзия исламдық мәдениет аңғарында дамыды. X ғ. Хорезм патшалығы, одан кейінгі Саманилер (тәжіктер) мемле­кет­терінің дәуірінде мәдениет исламдық мазмұнның ағар­тушылық, адам­гер­шілік, иман­ды­лық дәстүрлері нығайды. Хорезм, Бұхара, Отырар қалалары Орта Азиялық мәдени дамудың ірі орталықтары болды. Ақындықпен бірге өнердің басқа да салаларын (сәулет, бейнелеу, әуез, мүсін) және ғылыми таным жетістіктерінің бәрі де тұтаса келе Орта Азия Ренессаны ұғымын құрайды. Әбунәсір әл-Фараб, Әбілхасан Рудаки, Әбурайхан Биру­ни, Әбу Әли ибн Сина, Әбілқасым Фирдоуси, Омар Һайям, Әлішер Науаидың және т.б. шығармашылығы - Орта Азияның әлемдік өркениетпен таласатын нағыз өрлеу, өркендеу жемістерін таныт­қан мұ­ралар. Осы арада Орта Азия Ренессан­сы хақындағы зерттеуші Ә. Қоңы­рат­­­баев пікіріне назар аударамыз: "Сырт қарағанда мұның бәрі ислам мәдениеті сияқты болды. Ал, мазмұн жағынан соның бәрі де ренессанстық өрлеудің көрінісі болатын. Өйткені, сауда, егін, қала өнерінің дамуы үшін астрология, математи­ка­ның айрықша дамуы басты себеп болған. Мешіт, медресе салдыратын дін басыларына сәулет өнері аса қажет болған. Мәде­ни дамудың өзін бір ғана діни шеңберде түсіну сыңаржақ ұғым. Мәселе тарихи дәуірмен байланысты. Олай болса ислам мәдениетінде ешбір даму болмады деуге рет жоқ [2, 160].

Демек, біз қазақтың ақындық поэзиясындағы ислам тақырыбы аясын­дағы сөзіміздің арқауына осындай тарихи даму зандылықтарын негіз етіп аламыз. Сырдәрия өзенінің жоғары, орта және төменгі ағыстары алқапта­рын мекен­дей­тін тәжік-иран, өзбек, қырғыз, қазақ халықтарының сан ға­сырлық тарихындағы мәдени-әдеби байла­ныс­тарды жүйелі қарастыру арқылы сөз, әуез өнеріне де қатысты негізгі мәселелерді танимыз. Сыр бойы ақын-жырауларындағы шығармалар исламдық мазмұнының бастау­лары ежелгі арабтық бәдәуи ақын­дарынан, орта ғасырлардағы араб-парсы классикалық поэзиясынан, сонымен қатар Орта Азиядағы исламдық маз­мұн­дағы түркілік әдебиеттен дәстүр бастауларын алады. Ал, қазақ топы­ра­ғындағы исламдық тақырып, мазмұн жергілікті халықтың дәстүрлермен тоғыса тұтаса келе, ақын жырауларының өзіндік өнер мектебі тағылымын құрайды.

Сонымен, ҮІІІ-XIX ғ. арасындағы Орта Азияға, Қазақстанға таралған ислам дінінің тарихи-мәдени кезеңдерінде халықтардың ежелден тұтын­ған Түркілік-Тәңірілік (бақсылық (шамандық) наным-сенімдері мен ислам дінінің араласу, тоғысу үдерісі жүрді. Халықтардың рухани мәдениеттік мұраларында (халық өлендерінде, дастандарында, ертегілік-аңыздық әңгі­мелерінде шешендік сөзде­рінде, айтыстарда, мақал-мәтелдерде т.б.) түркі­лік наным исламдық дүние­таным негіздері сіңісе араласты. Бұл – фольк­лор­лық және авторлық әдебиет шығар­маларының барлығына да тән ортақ мәдени құбылысқа айналды.

Қазақ әдебиетіндегі әдеби байланыстарды ежелгі замандардан бүгінгі күн­дерге дейінгі жолында негізгі дәнекершілік атқарған осындай арна­лар­дың тарихи маңызын қазіргі зерттеулерге өзек етіп аламыз. Әсіресе, эпи­ка­лық көлемдегі шығармалардың кең өрістеп дамуында жоғарыда аталған мәдени қарым-қатынастардың әсері болғандығын қазіргі заманғы өрке­ниет талаптары тұрғысынан бағалаймыз. Мысалы, қазақ поэзиясындағы діни дастан жанрының қалыптасуы мен дамуында сөз басында аталған та­ри­хи-мәдени дәнекер арналардың әсері болғандығы – тарихымыздың шындығы.

Дастан - әлем әдебиетінде, оның ішінде бүкіл Шығыс халықтары сөз өнері мұраларында ежелгі замандардан бері сақталып, қалыптасып, дамып келе жатқан жанр. Дастандардың өзегінде халықтардың тұрмыс-салтын­дағы, әдет-ғұрыптарындағы дәстүрлі көзқарастар арқау болады. Дастан­дардың идеялық-композициялық құрылымында адам­дар­дың қиял-ға­жайып тұрғысында ойлау жүйесі мен тарихи шындық оқиғалары тұтаса өріледі. Қазақтың ұлттық фольклор мен авторлық ақындық поэзиясы және жаңа жазба әдебиет мұралары сөз арқауындағы әдеби байланыстар бастаула­ры­ның ықпалдарын шығар­ма­шылықпен қабылдады. Шығыс халықтарының (Ұлы Жібек жолы), араб халифаты арқылы тараған ислам діні және т.б дә­не­кер тарихи ықпалдар жүйесіндегі қарым-қатынастары ортақтығы анық әдеби байла­ныстарды қалыптастырды. Дастандардың қазақ сөз өнеріндегі пайда болуында, қалып­та­суында ежелгі түркі өркениеті мен ислам мәдениеті тоғысуының әсері болғанды­ғы анық. Себебі, қазақ фольклорының алтын қорын­дағы батырлық және ғашықтық дастан­дардың жыршы-ақындар арқылы көп нұсқалы қалыппен жырланып келгендігі Шығыс халықтарынан ауы­сып келген сюжеттерді жатсынбай жалғастыра жырлады.

Шығыс халықтарына ортақ фольклорлық-этнографиялық туынды­лар "Мың бір түн", "Шаһнама", "Тотынама" сюжет­тері­нің Шығыс ақын­дары шығармашылығында жырлануы - тұрақты пікір­лерге арқау болып келе жатқан мәселе. Сонымен қатар ғашықтық тақыры­бындағы "Бозжігіт", "Сәйфүл-Мәлік", "Таһир-Зуһра", "Иранғайып Шаһ Ғаббас", "Жүсіп-Зылиха", "Ләйлі-Мәжнүн" және т.б. дастандардың да әдебиет тарихын­дағы маңызды екені анық. Ал, ертегілік қиял-ғажайып және батырлық оқиғаларын жырлайтын "Абу­шаһыма", "Шәкір-Шәкірат", "Рүстем-Дастан", "Ескендір", "Қисса Баһрам" және т.б. ондаған дастандар қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік бір арна ретінде бағаланады.

М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Кенжебаев, Ә. Марғұлан, З. Ахметов, Ә. Қоңырат­баев, Р. Бердібаев, Ә. Дербісәлиевтің, Ү. Сұбханбердина, Ө. Күмісбаев, А. Қыраубае­ва және т.б. ғалымдардың еңбектерінде әдеби байланыстардың ортақ арнасындағы дастан жанрына байланысты пікірлер айтылып келеді.

Қазақ дала­сын­дағы Шығыс сюжеттерінің төл әдеби мұрадай болып сіңісіп кетуіне себепкер болған бірнеше жағдайларды да даралап айта аламыз. Ең бастысы - Орта Азиядағы Ташкент, Бұхара, Түркістан, Хиуа, Самар­қан қалаларындағы медреселерден білім алып, қазақ ауылдарындағы өз­дері ашқан мешіт-мектептерінде ислам діні негіздері мен Шығыстың клас­си­калық әде­биетін, фольклорын оқытқан ахун-ұстаздардың ағартушылық ықпалдары зор болды. Әдебиет­танушы-зерттеуші Т.Тебегенов былай дей­ді: "Ислам дінінің халықтық-гуманистік, эстетикалық, ғылымдық дүние­танымдық дәрежеде қалып­та­суында ахун-ұстаздар жетекші орын алды. Бұлар мұсылмандық білім негіздерін өздері ашқан мектеп-мешіттердегі шәкірттерге терең меңгерте отырып, исламдық  ойшылдық мазмұндағы араб, парсы, түркі-шағатай тілде­ріндегі жазба әдеби-фольклорлық мұра­лар­дың классикалық үлгілерін насихаттау жұмыстарын жүргізді. Бұлар - Ресей патшалығы отаршылдығына исламдық діни қарсылық танытқан ағартушылар. Мысалы, Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы (1836-1894), Қалжан ахун Бөлекбайұлы (1857-1916), Алдашбай ахун Ерназарұлы (1858-1936), Әлібай ахун Қосқұлақұлы (1835-1928) және т.б. бұлардан да басқа қазақ даласының барлық аймақтарында болған ахун-ұстаздар оқымыс­тылық-ағартушылық жұмыстары арқылы халықтың құрметіне бөленді [1, 241-242].

Ислам дінін Шығыс халықтары сөз өнері мұраларымен тұтастыра, сабақ­тастыра оқытудың нәтижесінде шәкірттер алған білім арқылы жұр­ты­мызға беймәлім сюжеттер ел аузына, ақындар жанрының арқауына ай­нал­ғаны ақиқат. Бұл орайда, әрине әр түрлі халықтар әдебиеттерінің өзара араласуында халықаралық тілдердің де шешуші дәне­кершілік жасағанын айтамыз [3, 329]. Шығыс сюжеттеріндегі дастандардың жазба ақындардың қаламгерлігі ар­қы­лы да ел ортасына мәлім болғаны анық. Ал, басым байқалатын мәсе­ле - жыршылардың сол сюжеттерді ауызша нұсқада орындаушылық өнер құдіре­тімен ел арасына кеңінен таныстыра тарататын өнері. Бұл – қазақ­тың ежелден келе жатқан эпик жыршылдық-орындаушылық өнерінің Шы­ғыс сюжеттерін жырлауға да қолданылған үлгісі. Яғни, Шығыс сюжет­терін осылайша ауызша орындаушылықпен жырлау үлгілерінің қисса-дастандар болып аталуының бір себебі осында жатыр. Әрине, Шығыс сюжеттерін жырлауда қазақ және Орта Азиядағы түркі, парсы поэзиясына ортақ тәсіл болған нәзирагөйліктің тұрақты сақталғаны - мәлім мәселе.

Әдеби байланыстар арнасы арқылы қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен тұтастығын айқындайтын дастан жанрын жан-жақты қарастырудың өзек­тілігі, зәрулігі анық. Бұл арқылы біз халықтар мәдениеттерінің өзара са­бақ­тас­қан гуманистік, эстетикалық мәнін анықтаймыз. Әлем әдебиеттері­нің шығарма­шылық байланыстары арқылы өркениетке тән биік мұрат­тар­ды игереміз.

 

Әдебиеттер:

 

1.    Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фоль­клор дәстүрі. -Алматы: Білім, 2001, 332 б.

2.    Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары, Алматы: Қазақ университеті, 1991, 400 б.

3.    Конрад Н.И. Запад и Восток. -Москва: Наука., Гл. редакция восточной литературы, 1966, 519 с.