Млад.науч.сотрудник
Оспангазиева Н.Б.
Институт Языкознания имени А.Байтурсынова, г.Алматы
Қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыс пен
морфонологиялық құбылыстар
Тіл білімінде фонологиялық және
морфонологиялық алмасулардың арасында қандай
айырмашылық бар екендігін нақты көрсетудің маңызы
зор. Фонологиялық алмасу негізінен қай тілде болмасын
сөйлеуші ұлттың артикуляциялық мүмкіндігіне
байланысты қалыптасады да, басқаша ауытқу болмайды.
Морфонологиялық құбылыстар болса, артикуляцияның
мүмкіндігіне бағынбайды. Сондықтан морфонологиялық
құбылыстар бірыңғай қалыпта кездесе бермейді.
Фонетикалық құбылыстар көрші дыбыстардың
ілгерінді, кейінді ықпалы нәтижесіндегі өзгерістерге тәуелді
болса, морфонологиялық құбылыстар - сөйлеу кезіндегі
әртүрлі айтылу дағдысымен нормаға түскен,
артикуляциялық жағынан бағынышты болмайтын өзгерістер.
А. Айғабылов фонетика мен морфонологиялық
құбылыстарды бір-бірінен ажырата білу жөнінде
төмендегідей мысалдарға назар аудартады. Тіліміз
артикуляциялық базасының мүмкіндігінде жоқ сш, шс, нк,
ақ, нг
дыбыстар тіркесімі айтуда басшы /-башшы/, күшсіз /-күшсіз/,
түнгі /түңгү/ өзгереді.
Ал ек-ін /егін/, түп-і /түбі/, ақ-ыс
/ағыс/ деген
сөздердегі к, п, қ дыбыстарын ұяң г, б, ғ дыбыстарымен айтамыз.
Бұл өзгерістер қазіргі қазақ тілі фонетикасы
оқулықтарында кейінгі ықпал
заңымен,түсіндіріледі. Ал екі, апа, көпір, мықын деген сөздердегі к, п, қ неге ұяң
дыбыстармен айтылмайды?! Демек, А.Айғабыловтың көрсетуінше,
бұл артикуляциялық мүмкіндікке қатысы жоқ
өзгеріс дағдысына байланысты пайда болған нормалар ретінде
морфонологнялық құбылыс деп қаралуы керек екен.
Ғалым «Егер қазақ тіліндегі ілгерінді ықпал, кейінді
ықпал жолымен түсіндірілетін өзгерістерді
артикуляциялық мүмкіндікке қатысты өзгеріс пе,
әлде сөйлеу кезінде әр түрлі айтылу дағдысымен
нормаға айналып кеткен өзгеріс пе деген сұраққа
жауап алсақ, фонетика мен морфонологияның еншісін де бөлу
қиын болмайды», - дейді [1, 12].
Фонетистер тарапынан ілгерінді, кейінді,
тоғыспалы ықпалға жатқызылып жүрген
өзгерістердің бәрін фонетика заңымен түсіндіре беруге
де болмайды. Себебі А.Айғабылұлы зерттеуі нәтижесінде
фонетикалық құбылыс пен морфонологиялық
құбылыстардың ара жігін ашып, түсінуге мүмкіндік
болды. Мысалы, тарақ /тарағым/, керек /керегім/, ала кел
/алагел/ деген
сөздердегі қатаң дыбыстар өзінен кейін не бұрын
келген дауысты дыбыстар әсерінен ұяңданып алмасады деген
пікір бар. Ал шындығында, дауысты дыбыс қатаң
дыбыстардың барлығымен де тіркесе алады. Мысалы: жақын,
мықын, арқа, теке, ешкі. Сондай-ақ,
А.Айғабыловтың көрсетуі бойынша, фонетикалық дыбыс
алмасуда белгілі бір жағдайда бір ғана өзгеріс болса,
морфонологиялық дыбыс алмасуда белгілі бір жағдайда түрлі
өзгеріс болуы әбден мүмкін. Мысалы, фонетикалық
құбылыс заңы бойынша көптік жалғауының бірі
/ Мысалы: - лар/ жалғанған сөзге келесі варианты /-лер, -дар,
-дер, -тар, -тер/ жалғанбайды, ал морфонологиялық
құбылыс кезінде бір тұлғаға жататын -шік/тік,
шек/тек жұрнақтары
бір сөзге жарыса жалғана беруі мүмкін /бүр-шік,
бүр/тік/; Морфемалар
жігінде п
дыбысының
у дыбысымен алмасуы фонетика
оқулықтарында бұрын регрессивтік ассимиляция деп
түсіндіріліп келді. Енді бұл алмасу морфонологиялық
құбылысқа байланысты екендігіне көз жеткіздік. Сонымен,
А.Айғабылов п дыбысына біткен сөздерге дауысты дыбыстан басталатын
қосымша жалғанғанда п дыбысы барлық жағдайда
ұяңдап, б дыбысымен алмаса бермей, басқа да үш түрін
көрсетеді:1) сап-сары, теп-тепеңде; 2) жап-жамыл; 3) жап-жауып; «Демек, бұлайша
ауытқуға ие болып отырған п-б алмасуы фонетика еншісіне жата
алмайды»,- дейді [2, 27]. Міне, осындай толымды зерттеулер нәтижесінде
морфонологияның нысаны, оның фонетика мен морфологиядан
айырмашылығы анықталады.
Морфонологияның ерекшелігін жете тану бағытында
М.Жүсіпұлы зерттеуіне де назар аударайық. Қазақ
тілі аффикстері құрамында кездесетін морфонологиялық
алмасуларды да тани білу қажет. Мысалы, дауысты дыбыспен бітетін
түбірге бір жағдайда н сингармодыбыстарымен басталатын
аффикстер жалғанады да, тағы бір жағдайда д сингармодыбыстарымен
басталатын аффикстер жалғанады екен /бала-ның, бала-дан,
кеме-нің, кеме-ден/ [3, 178]. М.Жүсіпұлы қазақ
тілінің вокализм жүйесінде бір-ақ түрлі
морфонологиялық алмасу бар екенін анықтады. Ол алмасу (ы,і) дауыстылардың нөл
дыбыспен алмасуы, яғни бұл дауыстылар сөздің формасы
өзгергенде «түсіп қалады», яғни дыбысталмайды.
Алмасулар: ы/0, і/0 (нөл): ойын-ойна,
қырық-қырқыншы, ерік-еркім, көрік-көркім [3, 174]. Орыс тілінің
дауысты дыбыстар жүйесінде морфонологиялық алмасулардың
түлері көп. Альтернация мүшелері ретінде дауысты мен
нөл дыбыс та, дауысты мен дауыссыз дыбыс та алмасуда қатынасады
екен:
Алмасулар:о/0, е/0: сонь -сна, денъ- дня, пенъ -пня т.б. [4.175].
Альтернациялық алмасуға қатынасатын дауысты
дыбыстардың саны екеу, үшеу болуы мүмкін, дауысты мен
дауыссыз тіркесіп алмасуға қатынасуы мүмкін. Мысалы, Алмасулар:
ы /у/о: засыхатъ – засушитъ – засохнет;
е/о петъ – пой;
и/е битъ – бей;
ев/у ночеватъ – ночую;
ов/у соватъ – сую; т.б. [3, 175].
«Сонымен, егер орыс тілінде дауыстылардың
морфонологиялық алмасуы әрі көп, әрі сан түрлі
болса, қазақ тілінде морфонологиялық алмасуда тек дауысты [ы, і] және /нөл дыбыс/
қатынасады. Қазақ тілінде екі, үш дауыстыдан
тұратын, дауысты мен дауыссыз біріккен морфонологиялық
алмасулардың болуы мүмкін емес, ал орыс тілінде мұндай
морфонологиялық алмасулар тілдің үлкен ерекшелігі, белгілі
қасиеті болып саналады»,- дейді М.Жүсіпұлы [3, 174-175].
Дегенмен, морфонологиялық құбылыстарды тап басып
көрсетуге келгенде әлі де әртүрлі
көзқарастар бар. Мысалы, қазақ тілінің
дәстүрлі зерттеулерінде ойын-ойна, мұрын-мұрны,
ерін-ерні деген
сөздердегі ы, і қысаң дауыстылардың түсіп
қалуын, яғни қысаң дауыстылардың нөл
дыбыспен алмасуы «толық редукция» деп аталып, фонологиялық
алмасуға жатқызылған [5, 74].
Ал М.Жүсіпұлы мұндай алмасуларды
морфонологиялық құбылысқа жатқызады. Оның
көрсетуі бойынша, мұрын-мұрным, дарын-дарыным деген сөздердің
бірінде қысаң дауысты ноль дыбыспен алмасатын болса, екінші
дәл осындай жағдайда өзгеріс болмайды. Сондықтан бірдей
жағдайда екі түрлі алмасу болуы фонологиялық құбылысқа
жатпайды, оны морфонологиялық құбылыс деп дәлелдейді.
Фонологиялық заңдылық бірдей жағдайда екі түрлі
болуы мүмкін емес. Демек, фонологиялық алмасуларда
заңдылық толық сақталып отырса, ал
морфонологиялық құбылыстарда бір сөздерде алмасу болса,
дәл осындай жағдайдағы келесі сөздерде алмасу
кездеспейді. Мысалы, мұрын-мұрным, сабын-сабыным. Бұрын фонетика
заңымен түсіндіріліп жүрген парақ-парағым,
жүрек-жүрегім, доп-добым, мектеп-мектебім сияқты сөздердегі
қ/ғ,
к/г, п/б алмасулары
морфонологиялық алмасуға жатқызылуы тиіс екен. Мәселен,
Алмасулар:
қ/ғ: парақ-парағым-парақтар;
к/г: терек-терегім-теректер;
п/б: доп-добым-доптар;
п/т: мектеп-мектебім-мектептер [3, 181].
М.Жүсіпұлының
көрсетуі бойынша, «Орыс тілінде дәл осындай көзге іліп
аларлық морфонологиялық алмасулар кездеспейді. Ал город [т] - города, рог [к] - рога сияқты сөздердегі
алмасулар морфонологиялық алмасулар емес, фонологиялық алмасулар
екеніне ешқандай дау жоқ. Мұндай сөздерде финалды
ұяң дауыссыз дыбыс қатаңдайды, ұяң
және қатаң дауыссыз дыбыстар үшін сөздің
финалдық позициясы - әлсіз позиция. Себебі, бұл позицияда
орыс тілінің ұяң, қатаң дауыссыздары
қарама-қарсылық оппозиция, корреляция жасай алмайды:
ұяң да, қатаң да болып дыбысталады», - дейді [3, 182].
Бұл туралы Н.Оралбаева мен А.Қалыбаева еңбегінде: «Кері
ықпал тұсында түбір соңы к, қ, п қатаң
дауыссыздарға біткендерге дауыстыдан басталатын екінші морфеманың
басқы дыбысы әсер етіп, көг-і, шоғ-ы, таб-ылды,
тау-ып, т.б. құбылулар да морфонологияның еншісіне
тиеді», - деп көрсетілді [6, 77]. Морфонологиялық
құбылыстарды морфологиядан ажырату үшін төмендегі
мысалдарға назар аударайық: қызық-қызықты,
тиіс-тиісті, мынадай-мынандай, барған едім-барған е/ді/м; Осы мысалдардан сөзге
басы артық дыбыс қосылса да сөз мағынасында
өзгеріс болмағанын байқаймыз. Демек,
А.Айғабыловтың айтуы бойынша, морфология заңымен
түсіндіре алмайтын, мұндай өзгерістер морфонологиялық
құбылыстар деп түсіндірілуі керек.
М.Жүсіпұлының пікіріне тоқталатын болсақ,
фонологиялық алмасуда жеке сингармофонемалар емес, бір
сингармофонеманың позициялық түрлері қатысады,
яғни фонологиялық алмасу бір сингармофонеманың
құрамына кіретін сингармодыбыстардың көлемін
қамтиды [3, 173]. Фонологиялық алмасу тарихи алмасу емес,
бүгінгі алмасу. Фонологиялық алмасу барлық сөздерде
бірдей кездеседі. Мысалы: қазақ тілінде тіл алды /ң/, еріндік /м/, /б/-лардың
бас жағында тұрып, барлық қазақ сөздерінде
регрессивтік ассимиляцияға ұшырайды: нан ба /намба/ [3, 173]. Сонымен,
фонологиялық және морфонологиялық алмасулардың
төмендегідей ерекшеліктері бар екен: Фонологиялық
алмасу: позицияға тәуелді, позициямен анықталады,
барлық сөздерде бірдей қызмет атқарады; Морфонологиялық алмасу:
позицияға тәуелді емес, позициямен анықталмайды, барлық
сөздерде бірдей қызмет атқармайды.
М.Жүсіпұлы көрсетуіне
қарағанда, қазіргі әдеби орыс тілінде
фонологиялық және морфонологиялық алмасулар
сөздің құрамында бір дыбыстар тіркесінде кездесуі
мүмкін. Мысалы: намазать – намажу –
намажь; резать – режу – режь т.б.
Бұл мысалдарда з/ж алмасуы морфонологиялық
/бейпозициялық/, ж/ш алмасуы фонологиялық /позициялық/ болады [3,
173]. «Қазақ тілінде мұндай жағдайды кездестірмедік:
егер сөздің құрамындағы бір дыбыстар тіркесінде
морфонологиялық алмасу болса, онда фонологиялық алмасу болмайды,
егер сөздің құрамындағы бір дыбыстар тіркесінде
фонологиялық алмасу болса, онда морфонологиялық алмасу болмайды»,-
дейді М.Жүсіпұлы [3, 174].
Сонымен, мұндай алмасуларға байланысты
қазақ тілінде универсалды заңдылық жоқ, ал орыс
тілінде бар. Орыс тілінде алмасуға бір фонеманың позициялық
түрлері қатынасады, қазақ тілінде жеке
сингармофонемалар қатынасады. Сондықтан мұндай алмасулар
морфонологиялық алмасулардың құрамына жатады.
Яғни қазақ, орыс тілдері арасында сыртқы
тұлғасымен ұқсас алмасулардың ішкі жан-дүниесі
бір-біріне мүлдем ұқсамайды, сондықтан
бұлардың статусы бірдей емес: қазақ
тілінде - морфонологиялық алмасу, орыс тілінде - фонологиялық
алмасу [3]. Фонетика заңдылықтары бойынша көрші
дыбыстардың бір-біріне әсер етіп алмасуын тіл дыбыстарының
позициялық өзгерісі деп түсіндірілетіні белгілі. Ал кейінгі
кезде фонетикалық дыбыс алмасуы деп түсіндіріліп келген кейбір
алмасулар табиғаты өзгеше екендігіне назар аударылып, олардың
морфонология заңдылықтарына бағындырылатындығы
дәлелденді. Морфонологияның жеке сала ретінде бірліктері болуы
керек болса, А.Айғабылұлы морфонологияның жеке еншісіндегі
ұғымдарды да атап көрсетеді. Бұрын фонетика саласында
әңгіме болатын игерусіз өзгерістер, сөз
кұрылымының ықшамдалуы мен морфонологияда айтылып
жүрген сөз құрылымының ұлғаюы - таза
морфонология бірлігі, элизия, апокопа,
гаплология, прокопа, метатеза, синкопа, қыстырма дыбыс, селбеспелі дыбыс,
субморф дегендер морфонология ұғымдарын аңғартатын
төл терминдер дейді [7, 147]. Морфонология тіліміздегі
сөздердің түсіріліп айтылу мүмкіндігі бар
мағынасыз бөлшектерін қарастырып, түсіріліп
айтуға мүмкіндігі бар дыбыстардың сөз
құрылымын ұлғайтуға себепкер болатынына назар
аудартады. Мағынасыз бөлшектер сөз басында келуіне карай
қатар дыбыс (протеза), тұлға жігінде келуіне қарай
қыстырма дыбыс, сөз соңында келуіне қарай селбеспелі
дыбыс, мағыналы бөлшектерге (жұрнақ, жалғау)
ұқсас келуіне қарай тұлғасын (субморф) болып
төртке бөлінеді [7, 158]. Тұлға жігіндегі дауысты
дыбыстар арасына осы дауысты дыбыстарды сақтауды ғана мақсат
ететін мағынасыз қыстырма дыбыстар қойылады. Мысалы, зырылда+ық
– зырылда/ы/қ — зырылда +/у/+ық [8, 159]. Ал ықшамдалған
сөздер сөз басында, сөз ортасында, сөз
соңындағы ықшамдалу деп үш топқа бөліп
қарастырылған. Мысалы, бақыр – ақыр,
торы ала – торала, орын + ы – орны,
қайын іні – қайыныны – қайын,
аға-іні – аға-й-ыны – ағайын т.б. [7, 173]. Морфонологиялық
дыбыс алмасу, сөз құрылымының ұлғаюы,
сөз құрылымының ықшамдалуы жөніндегі
зерттеу деректері фонетика мен морфология саласына қатысты
бұрынғы қалыптасқан көзқарастар мен
танымдарды қайта қарап, морфонологияны тіл білімінің бір
саласы ретінде жете тануымызға жол ашты. Қорыта айтқанда,
“Қазақ грамматикасындағы” А.Айғабылұлы
жазған морфонология мәселелері осы саладағы ізденістерге
тірек болатын, негізгі бағдарға алатын танымдық ғылыми
ұстаным болды.
Қазақ
тілі фонетикасы мен фонологиясының теориялық жағынан
қалыптасуы мен дамуында сингармофонологиялық бағыттағы
зерттеулердің, тіліміз дыбыс жүйесін сингармотеория негізінде
қарастырудың маңызы зор болды. Қазақ тіліндегі
сингармонизмнің фонологиялық қызмет атқаратындығы
сингармонизм табиғаты, тіліміздің өн бойында сингармонизмге
қатысты туындайтын теориялық мәселелердің
заңдылықтары анықталып, жүйелі зерттеліп келеді.
Қазақ
тілі дыбыс жүйесінің жаңа бағытта зерттелуі
тіліміздің фонологиялық ерекшеліктері мен әр түрлі
кырларын терең тануға мүмкіндік беріп қана
қоймай, жаңа міндеттерді де алға тартып отыр. Соның
бірі - сингармониялық зерттеу нәтижесінде туындаған
сингармонизм фонологиясының терминологиясын жасап, қалыптастыру
қажеттігі. Бұл бағытта да Ә.Жүнісбеков,
М.Жүсіпұлы, С.Мырзабеков сияқты ғалымдардың
жүйелі ізденістерін атап көрсетпекпіз. Қазақ
терминдерін жасауда тіліміздің ішкі мүмкіншілігін пайдаланып, ал
басқа тілден термин қабылдаған жағдайда оны өз
тіліміздің заңдылығына бағындырып, дыбыстық
өзгерістерге түсірудің дұрыстығын тіл
дамуының қазіргі жағдайы айқын дәлелдегендей.
Қорыта айтқанда, қазіргі кезеңде қазақ тілі
фонологиясының зерттелуі жаңа бағытта дамып, тың
ізденістермен толығып келеді. Сондықтан тіліміздің
фонологиялық табиғатын терең тану мақсатында
сингармонизм заңдылығын жан-жақты зерттеуге назар аударамыз.
Қазақ (түркі) тілінің просодиялық доминантасы
сингармонизм екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденуі
нәтижесінде қазақ тіл білімінде сингармофонологиялық тұрғыдағы
зерттеулерге жол ашылды. Қазіргі таңда қазақ тілі дыбыс
жүйесі сингармофонологиялық бағытта жүйелі түрде
зерттеле бастады. Қазақ тілі үндесім дыбыстар қоры,
үндесім дыбыстары, дыбыс және буын үндесім бірліктері,
қазақ сөз қабылданымының сингармониялық
негіздері т.б. мәселелер ғылыми нысанаға алынды.
Әдебиет:
1.
Айғабылұлы А. Қазақ тілінің
морфонологиясы. – Алматы: Санат, 1995. – 136 б.
2.
Жанабаева С.Б. Сингармонизм и слова во фразе
(экспериментально – фонетическок исследование на материале казахского языка)
АКД. – Ленинград, 1985. – 26 с.
3.
Жүсіпұлы М. Ахмет Байтұрсынов
және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. – Алматы, 1998. –
216 б.
4.
Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы,
2001.
5.
Қалиев Б. Қазақ тіліндегі дауысты
дыбыстардың редукциясы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 116 б.
6.
Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі
қазақ тілінің морфемалар жүйесі. – Алматы: Ғылым,
1986. – 192 б.
7.
Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда, 2002.
–784 б.