Ибраймов Қ.Ш., Тілеубердиева Г.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ФОНЕТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ФОНОЛОГИЯЛЫҚ ТІЛТАНЫМДЫҚ ҰҒЫМДАР

 

 

   «Фонетика» гректің дыбыс, дауыс деген сөздерінен шыққан термин. Дыбыс деген не? Екі заттың соқтығысынан пайда болған үн. Үн деген не? Тұрақты дірілден пайда болған дыбыс әуені. Дыбыс әуені деген не? Діріл түрлерінің, яғни негізгі тон мен көмекші тонның бірлігінен туған саз, яғни музыкалық үн. Тон дегеніміз не? Дірілден туған толқын, дауыс шымылдығынан жасалған діріл жаңғырығы. Сонда дыбыстың мәні: үн, әуен, саз, жаңғырық дегенді білдіреді. Дыбыс жасалу орнына қарай екіге бөлінеді:

1-ші, механикалық дыбыс

2-ші,тілдік дыбыс.

Тілдік дыбыс дегеніміз не? Фонациялық ауа мен сөйлеу мүшелерінің (тіл) соқтығысуынан пайда болған дыбыс. Олай болса фонетика дегеніміз не? Тіл дыбыстарының жасалымын (артикуляциясын),айтылымын (акустикасын), естілімін (перцентикасын) және жазылым (орфографиясын) белгілерін (қызметін) зерттейтін тіл білімінің саласын айтамыз [1].

   Тіл дыбыстары дегенде жалаң дауысты не дауыссыз дыбыстарын айту, тілтанымдық білімге әкелмейді. Тіл дыбыстары ұғымдары танымдық жақтан түрлі аталады. Мысалы:

1)                     тарихи жақтан:диффузды дыбыс, архетип фонема(күрделі аффиксты дыбыс), аффрикат дыбыс, фонема, аллофондар

2)                     әлемдік тілдік типологиясы жағынан: фонема, тонема, сингормасса

3)                     үндесім жаынан: сингормотип, сингормовариация, сингормавариат

4)                     морфонологиялық жақтан: қоңар дыбыс,қыстырма дыбыс,селбеспелі дыбыс, морфонема, т.б. болып түрлі айтылады.

5)                      Интонациялық жағынан:интонема.

Тіл дыбыстарын зерттейтін тіл білімінің саласы фонетика тілтанымдық жақтан екіге бөлінеді:

Біріншісі, дәстүрлі фонетика

Екіншісі, қазіргі қазақ тілі фонетикасы

Дәстүрлі фонетика деп аталуы қазақ фонетикасында қалыптасқан ұғымдар мен атаулар мен үнді-европа тілтанымына негізделген дәстүрде қалыптасқан фонетика түрін айтамыз. Мұндағы оқытылып танылатын тілдік дыбыс дәстүрлі дыбыстар делінеді. Дәстүрлі фонетикада қазақ тіліндегі дауыстылардың үндесім түрлерінің (вариант, аллофон) бәрін кіргізіп жібереді де, дауыссыздардың құрамын анықтағанда олардың тек тірек түрлері ғана жинақталады. Бұл жартылай жетімсіз түсіндіру, дауыссыздардың үндесімін мүлде ескермеу, содан келіп қазақ тілінің төл дыбыстарының ешбір қоспасыз ұлттық тіл дыбыстарын басып ашып алу міндеті қойылды.

   Қазіргі қазақ тілі фонетикасы дегеніміз не? Дыбыстық тілдің құрамды элементтерін, олардың негізгі қызметін, табиғатын, шығу жолын, даму процесін, ғылыми негізде талдайтын тіл білімінің саласы. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы зерттеу обьектісі, әдіс-тәсілі, өзіндік ерекшеліктеріне байланысты мынадай салаларға жіктеледі.

1.       Зерттеу обьектісіне қарай: жалпы және жеке фонетика.

2.       Тілдік сипатына қарай: сипаттама және тарихи фонетика

3.       Дыбыстардың жасалымына қарай: физиологиялық фонетика

4.       Дыбысталым ерекшелігіне қарай: эксперементалды фонетика

5.       Тіл мен тілді салыстыра зерттейтін: салыстырмалы фонетика

6.       Туыстығы жоқ тіл дыбыстарын зерттейтін: салғастырмалы фонетика

7.       Тіл жүйесін оның заңдылықтарын зерттейтін: фонология

8.       Дыбыстар тіркесін зерттейтін: синтагматикалық фонетика

9.       Дыбыстардың таңбалауын зерттейтін: символикалық фонетика

10.   Интеграциялық процестен туған: морфонология

11.   Дыбыстардың стильдік мәнін зерттейтін: фоностилистика т.б.

Қазіргі қзақ тілі фонетикасының ең басты зерттеу көзі:

Бірінші, қазақ тілінің төл дыбыстары

Екіншісі, үндесім дыбыстары

Қазіргі қазақ тілі фонетикасы қазақ фонетикасында қалыптасқан ұғымдар мен атаулар жүйесінде көптеген өзгерістер енгізді. Себебі үнді - европа тілтанымы негізге алынып, қазақ тілі табиғаты жартыкеш - жаңсақ түсіндіріліп келді. Қазір өзгеше болып шықты. Қазақ тілінің төл дыбыстары ешбір қоспасыз өз алдына талданды. Өз фонологиясы тұрғысынан талданғанда ғана қазақ тілінде қанша дауысты,қанша дауыссыз бар деген ары тарт,бері тарт сұрақтардан арылатын болдық. Фонетикалық ұғымдарда мүлдем өзгеше айтылып,оқылатын болды.

   Тілдің сөз құрамындағы дауысты-дауыссыз дыбыстарды ұйымдастырып бүтін бір сөз етіп тұратын лингвистикалық құбылыс-фонология деп аталады.

Дәстүрлі қазақ фонетикасы:

а) дауысты дыбыстарды үндесім (фонология) тұрғысынан

ә) дауыссыздарды әліпби-дыбыс (бейүндесім) тұрғысынан қарастырып келеді. Бүгінде «үйреншікті» дәстүр сақталып отыр.

Дәстүрлі фонетикамызда фонетикалық және фонологиялық талдау сипаттамалар жіктелмей дербес,сала ретінде сараланбай, араласып кеткен еді. Басты мақсат - қазақ тілінің «төл дыбыс құрамын анықтап, оның ішкі құрылысы сипатын айқындап, дыбыс өзгерістерін талдау, әуен түрлерін ажырату.

Қазіргі қазақ тілі фонетикасында алғаш рет қазақ тілінің дыбыс құрылымы мен жүйесі жеке-жеке талданып отыр. Олар:

- дыбыстық жасалымы (артикуляциясы), яғни дыбыс жасалуы

- дыбыстық айтылымы (акустикасы), яғни дыбыс айтылуы

- дыбыстық естілімі (перцепциясы), яғни дыбыс естілуі.

Әрқайсысының өзіне тән ұғымдары мен атаулары бар.

1. Жасалым фонетикасы(артикуляционная фонетика) – дыбыстың жасалу жолдарын анықтайтын фонетика саласы.

1.1 жасалу орны:ерін, ерін - ерінді, тіл ұшы, тіл алды, тіл ортасы, тіл арты, тілшік.

1.2 жасалу тәсілі: тоғысым, тоғысыңқы, жуысым, жуысыңқы, жинақы жуысыңқы, жайылыңқы жуысыңқы, діріл, жанама.

1.3 Дауыс қатысы:

- қатаң – тербеліссіз, дауыс желбезегі қатыспайды

-ұяң – тербеліңкі, дауыс желбезегі жартылай қатысады

- үнді – тербелімді, дауыс желбезегі мол қатысады

-дауысты – тербелмелі, дауыс желбезегі толық қатысады

2. Айтылым фонетикасы (акустическая фонетика) – дыбыстың нақты болмысын анықтайтын фонетика саласы.

2.1 Қуыс жүйесі ауыз қуысы, көмей қуысы

2.2 Айтылым күші нық,босаң,бос

3 Естілім фонетикасы (перцептивная фонетика) – дыбыстың естілуін анықтайтын фонетика саласы.

3.1 Түйсінім түрі қатаң, ұяң, үнді

3.2 Естілім қарқыны: күшті, лепті, бос лепті, босаң лепті

Бұдан басқа фонологиялық ұғым мен атаулар бар. Ол сингормонизм, яғни үндесім заңына лайық,қазақ тілі дыбыстары үндесім заңы тұрғысынан талданып, үндесім фонологиясы өз алдына дербес сала ретінде қаралады.

4.Үндесім фонетикасы ( сингормоническая фонетика) – дыбыстың үндесетін сипатын анықтайтын фонетика саласы 

4.1 Әуез жүйесі: езу, әуез,еркін әуез

4.2 Жасалым белгісі: езулік, еріндік, ілгерінді, кейінді

4.3 Айтылым белгісі: ауыз қуысты, көмей қуысты, ілгерінді , кейінді

4.4 Естілім белгісі: жуан,жіңішке, езулік, еріндік [1].

   Сөйлеу мүшелерінің дыбыс жасауға топтана қатысуы әр тілде түрлі болады. Сондықтан

қазақ тілінің жасалым қорының да өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ тілінің жасалым қорында 9 жасалым нүкте бар.

    1-ші нүкте: ерін қатысы: сиыр, доғал, езу, емеурін жасалымы

    2-ші нүкте: тіл ұшы қатысы: тоғысым, жинақы және жайлыңқы жуысым

    3-ші нүкте: тіл ортасы:таңдаймен тоғысымы және жуысымы

    4-ші нүкте: тілшік:тіл  түбімен жуысымы және тоғысымы

    5-ші нүкте: дауыс желбезегі: толық, мол, жартылый тербеледі не тербелмейді

    6-ші нүкте: тілдің ілгері қалпы               6-8 нүктелер: тілдің көлденең,

    7-ші нүкте: тілдің жоғарғы қалпы  7-9 нүктелер: тілдің тік қалпы қатысын    тудырады

    8-ші нүкте: тілдің кейін қалпы

    9-ші нүкте: тілдің төмен қалпы

      Әр дыбыстың жасалуына кемі үш жасалым нүктесі қатысып, олардың араласымымен қазақ тілі дыбыстары түгел түзіліп шығады.

      Қазақ тілінде дыбыстар саны шектеулі болғанмен, олардың жасалым варианттары көп.

Дыбыс пен дыбыс арасында ортақ, айырым, ақиқат және көміскі белгілері шығып, жүйе құрайды.

     Нақты санды анықтау үшін араласымды есептеп, дыбыстың үйлесім (ассимилятив) және үндесім (сингорманизм) варианттарын тауып, сипаттап, күрделі талдау жүргізу керек. Фонетикадағы жасалым, айталым,естілім,ал фонологияда үндесім сипаты анықталады,сондықтан оларды араластырмау және шатастырмау керек.

     Сөз табиғи естілу үшін дыбыс түрлерінің барлығын сақтап сөйлеу қажет. 

Дыбыстардың көмескі белгілері дыбыс пен дыбыс, буын мен буын, сөз бен сөз, сөйлем мен сөйлем арасындағы дәнекер байланыс жасап, сөздің табиғи үлгісін, яғни айтылымын саптау қызметін атқарады.

     Дыбыстар негізгі(ақиқат) және үстеме (көмескі) жасалымнан тұрады.

 

 

Әдебиет:

1.   Қазақ тілі: Энциклопедия. – Алматы: Қазақстан республикасы білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты , 1998.-509 бет.

2.    Ә. Жүніспек Қазақ фонетикасы.- Алматы: «Арыс», 2009.-312 бет.