Утебаева А.К.

Қостанай қ. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

              Авторлық өзгеріске түскен фразеологизмдер

      Көркем шығармаларда фразеологизмдердің авторлық өзгеріске жие ұшырайтыны белгілі. Жазушылар жалпыхалықтық қордағы фразеологизмдерді тек дайын күйінде, бүтіндей емес, сөйлемнің ішкі мазмұнына қарай өзгертіп, өңдеп те көп қолданады.

     Фразеологизмдердің өзгеріске түсіп, мағыналық жағынан дамуы, лексико-грамматикалық жағынан тұлғалық өзгерістерге ұшырауы жазушының стиліне, сөз қолдану шеберлігіне байланысты болады.

     Ә.Кекілбаев шығармаларындағы дәстүрлі фразеологизмдер мынадай тәсілдер арқылы өзгеріп қолданысқа түскен.

     1. Компоненттерін өзгертіп айтуға байланысты:

Шүмектей шапшыған қызыл қан қолдарын жуып жатты[Ә.К.,13 б.].

(шүмектеп құйды – қатты жауды, сорғалата жауды. [Ә.К.,569 б.]

Онда тағы бір зобалаң қоздады дей бер [Ә.К.,271 б.].                         

(зобалаң туды – басына қауіп төнді, қауіпті күн туды. [Ә.К.,230 б.]

Бұл сөйлемде жазушы  қоздады етістігі арқылы қауіптің болайын деп жатқандығын суреттейді.

Ата сақалы аузынан шыққанша руын білмейтін бұл қандай маубас[Ә.К.,19 б]деген сөйлемде ата сақал аузынан шыққанша тіркесіндегі ата, сақал, аузы зат есімдері сөз –образдары, өйткені бұл сөздер өздерінің тура мағынасында келмей, белгілі көркемдік жүк арқалап, образдар галлереясын жасап тұр: мұндағы ата сақал адамның жасын білдіріп, ауыспалы астарлы мәнде жұмсалып тұр. Бұл жерде ата сақал аузына біткен – ер жетіп кемеліне жеткен, ұлғайған шақтарында өз шыққан тегін білмеу ең ұят нәрсе, әсіресе ер адамға өз руын, қандай тектен шыққанын білу керек  деген мағынада жұмсалған.

  «Қап, бәлем, қолыма түстіңдер ме? Сауда дос болғыларың келсе, әуелі ақ патшаға мойын ұсыныңдар!» - деп қодыраңдайтын болса, онда мысықтабандап кері шегініп, «көрмегенім сен болсаң»  деп, сау басқа сақина салып алмай тұрғанда, аяқ-қолды тартып ала қою керек еді. [Ә.К.,151 б.]

Бұл сөйлемдегі «сау басына сақина тіледі» сөз тіркесін автор өзіне-өзі істеді, азап сұрап алды; өзін-өзі дауға іліктірді өкіну мағынасында ала отырып кейіпкердің күйініш образын беруде қолданды.

2. Қосалқы компоненттермен кеңейтілген фразеологизмдер.

     -Жездеңе айт, ұрыншылап келген күйеудей тұмшаланып жатып алғаны несі?[Ә.К.,8 б.].

Бұл жерде жазушы «ұрыншылап келген күйеудей» фразеологиялық тіркесін айттырған қызға тойдан бұрын күйеудің жеңгелеріне деген сыйлықтарын алып, қыздың аулына жасырын келу мағынасында қолданбай адамның сезімін, әсерлері мен ойларын нақтыландыру  амалы ретінде пайдаланады

3. Бір жолын түсіріп қолданылған фразеологизмдер.

    Ақыр заман боларда жер астынан шығатын жеті басты аждаһа осы шығар. Ирелеңдеп келіп қалды.[ Ә.К.,10 б.] (жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты: табан астынан бәле шықты, ойламаған жерден кісімсіп, қожасып шыға келді деген мағынаны білдіреді. Жер астынан жік шықты фразеологизмінің «жік» компонентін алып тастап, жеті басты аждаһа тіркесімен ауыстырғаннан мағына жойылмаған, экспрессивтік –эмоциялық мәні күшейген.

4. Бір компонентін жаңартып, екінші сыңарын қосып жұмсау арқылы пайда болған фразеологизмдер.

    Басында ноқта, тірсегінде тұсау жоқ бостандық [Ә.К.,14 б.].

      Бұл сөйлемде жазушы тұрақты тіркестің мағынасын жаңарта отырып, негізгі сөз бостандықтың бейнесін ашу мақсатында қолданғанын көреміз. Халықтық қолданыста берілген: басынан жүгенін сыпырды – еркіне қоя берді, басына ноқта киді – еркіндіктен айрылды. Сөйлемнің мағынасын әрі нақты, әрі әсерлі жеткізу мақсатында, автор тілдегі тіркестерді негізге ала отырып, жаңа тіркес жасауға ұмтылған.

     Жалпыхалықтық тілдегі фразеологизмдерді жазушылардың өңдеп, құбылтып, контекстегі айтылмақ идеяға сай қолданулары ең алдымен, пайдаланылып отырған фразеологизмге өзгеше түр-сипат беріп, микромәтіннің мәнділігін арттырып, экспрессиясын күшейтуге мүмкіндік туғызады.

     Жазушы фразеологизмдерді әр түрлі тәсілмен жаңғыртып, құбылтып қолдануы, біріншіден, стильдік мақсаттан туындап отырса, екіншіден, халықтың тіліндегі тұрақты тіркестердің ізімен, өз мүмкіндігінше жаңа сөз орамдарын жасап, тіліміздің фразеологиялық қорын байыта түсу мақсатынан туған деп түйіндеуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1. Кеңесбаев.І.  Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. 1977 ж. 712 б.

2. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. Алматы,1996, 128 б.

3. Кекілбаев Ә. Шыңырау. Алматы, 1982, 456 бет.

4. Кекілбайұлы  Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т.3. – 1999. –  400 бет.

5.Қоңыратбаева Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдер. Алматы. «Арыс» баспасы, 2005, 166 б.