Маженова Р.Б., Конхашова У.М., Искакова М.Б., Вахабова Н.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Девиантты мінез-құлықтың пайда болу себептері және алдын алу жолдары

Қоғам өмiрiнiң барлық салалары көптеген өзгерiстерге, бұрынғы мінез-құлық нормалары құлдырауға ұшырап жатқан кезде  девиантты мінез-құлық мәселесі елiмiздегi ерекше өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан жасөспірімдердің жат мінез-құлықтарымен күресу мәселесі жас мемлекетіміздің алдында тұрған күрделі мәселе болып табылады. Мектептегі педагогтар, психологтар балаларды оқыту мен тәрбиелеуде сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, ашуланшақ, ата-аналар мен ұстаздарды тыңдамайтын, бұзақылықтар жасайтын балалармен жиі кездеседі. Көбіне зерттеушілер мұндай оқушыларды «Қиын оқушылар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар балалар», «Девиантты балалар» деп қарастырып жүр.     Жалпы девиантты мінез-құлық және қиын балалар ұғымына келетін болсақ, ол 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Бастапқыда ғылым саласында емес, күнделікті өмірде қолданылып жүрді. Біраз уақыт ұмытылып, 1950-1960 жылдардың басында қайтадан қолданысқа енді.
Ең алғаш бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізген П.П. Блонский болды, ол өз зерттеулерінде девиантты деп мінез-құлқы шамасынан ауытқыған, кәмелетке толмаған балаларды қарастырды. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықты мәселесін Қазақстандық педагог-психологтар мен әлеуметтанушылар да қарастырып жүр (А.Жұмабаев, Л.К.Керімов, Э.И.Шыныбекова, Г.А.Уманов, Ш.Е.Жаманбалаева, Д.Қазымбетова, Т.М.Шалғымбаев, А.М.Қарабаева). Бұл зерттеушілердің пікірінше девиантты сияқты жағымсыз қасиеттің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық факторлардың әсер ететінін зерттеген. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықтарын спорт, өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, бойындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге араластыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетіп берген [1, 36 б].        Девиантты мінез-құлық мәселесі психологиялық тұрғыдан Л.С.Выготскийдің еңбектерінде қарастырылады, сонымен қатар А.С.Макаренконың тәжірибелерінен де үлкен орын алады.
Девиантты мінез-құлық деп әлеуметтік нормадан ауытқуды айтады. Оны қоғамда қабылданған нормаға қарама-қайшы әрекет жүйесі ретінде анықтайды. Девиантты мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді. Біріншіден бұл психологиялық денсаулық нормасынан ауытқу. Екіншіден, бұл қандайда бір әлеуметтік-мәдени нормаларды, әсіресе құқықтық норманы бұзатын антиәлеуметтік іс-әрекет. Сондай-ақ девиантты мінез-құлық бұл “балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті әрекетткер жасауы [2, 256 б].         Дж.Смелзер девиантты мінез-құлықты изоляцияға емделуге, түрмеде қамалуына және басқада құқық бұзудың жазалауларына әкелетін топтық нормадан ауытқу деп санады. В.И.Добреньков және А.Н.Кравченко “қоғамдық көзқараста мақұлданбайтын әрбір қылықты девиантты мінез-құлық ” деп атады. Әлеуметтік-психологиялық әдебиеттерде балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін факторларды төмендегідей бөліп көрсетеді:

·        агрессивтілік;

·        өзін-өзі басқарудың төменділігі;

·        әлеуметтік нормаларды түсіну дәрежесінің төмендігі;

·        ата-аналардың бақылауының жетіспеушілігі;

·        ата-аналардың әсер етуінің тиімсіздігі;

·        физикалық жазалау;

·        жасөспірімнің отбасымен және құрдастарымен келіспеушілігі;

·        отбасының құлдырауы;

·        ерте ішімдікке салыну, таксикомания, нашақорлық;

·        әлеуметтік қанағатсыздану;

·        асоциальды топтарға қосылу.                                                     

Девиантты мінез-құлықты көбіне жасөспірімдер арасында кездестіреміз. Себебі жасөспірімдік кезең - ең қиын, әр түрлі бұзақылықтардың пайда болатын және сонымен қатар достық нормаларды игеруіне сәтті кезең болып табылады. Жасөспірімге тән қасиет - өзіндік тәуелсіздік, дербестік, басқаға бағынышты болмау. Сол себептен, өзінің күш-қуатын, жеке басының мән-мағынасын түсінуге ұмтылыс жасайды. Оны ұғынуға мүмкіндіктерді мектептегі оқу-тәрбие мен еңбек процесіне қатыстарынан байқалады. Себебі, девиантты мінез-құлықты балалар типтік ерекшеліктеріне байланысты тіршілік қиыншылықтарына кезігіп, оны жеңіп шығуға ішкі жай-күйі жол таба алмай әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан қорғалынбайды. Содан девиантты мінез-құлықты бала ешкімге керегім жоқ деген сезімге беріліп кінәны үлкендерге теліп айналасымен жан-жалдасуға, ұрыс-төбелеске бейімделеді. Қажеттіліктің орнын толықтырудың жолы – бос уақытын мақсатсыз пайдалану, мектеп тәртібін ұстамау, заң нормаларын бұзу, қылмыстық істер жасау [3, 294 б]. 

Әр жас кезеңнің адамның тұлғалық қалыптасуында алатын өзіндік орны бар. Бұл баланың “мені” қайта құрылып, айналасындағыларға сыни көзқрас қалыптасатын кезең. Белгілі психолог Л.С.Выготский жасөспірім жастағы кезеңде (14-18 жас) екі үлкен өзгеріс болады: ол ағзадағы жыныстық жетілу және өзінің “Мен” мәдениетінің ашылуы, тұлғасының және дүниетанымының қалыптасуы. Жасөспірімдік кезең тек психологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік жағынан да қиын болып табылады. Дәл осы жасөспірімдік кезеңде балалардың көпшілігі “мектепке бейімделе алмауымен” ерекшеленеді, яғни мектептің талаптарына бейімделе алмау. Шарт бойынша “мектепке бейімделе алмау” жасөспірімдерде олардың үлкендермен ашық жанжалға түсуімен, құрдастарымен достық қарым-қатынасын бұзуымен, олардың нашар оқуымен, мектептегі тәртіпті бұзуға қатысуымен, оларда ата-аналарымен және оларды қоршаған үлкен адамдармен жанжалда болуымен көрініс береді [2]. Көптеген зерттеуші ғалымдардың тұжырымдамаларына жүгінсек девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерге тән ортақ қылық – ол ата-аналар мен ұстаздарға қыр көрсету, бір нәрсені өзінше жасау, үлкендердің тілін алмау, жағымсыз жандарға еліктеу, темекі тарту, біртіндеп ішкілікке үйрену, ұрлық жасау тағы сол сияқты болып табылады. Осындай жат қылықтарды елемеу – жасөспірімдерді теріс жолға түсіріп, қылмыс жасауға итермелейді, адамгершілік ардан аластатып, бара-бара қоғамға сүйкімсіз, жеккөрінішті жандар қатарына қосары сөзсіз. Жасөспірімдік шақта балалардың қызығушылығы арта түседі, әлде бірдеңеге бейімделгіш келеді, мінезі ерекшеленіп, өзінің өмір жолына көз жіберіп, ой елегінен өткізуге тырысады, оқудың мәнін, мақсатын түсініп, ұжымдағы өз орнын білгісі келеді. Жасөспірімдер мен жастардың жат қылықтарға әуестенуінің негізгі себебі: білімінің төмендігі, мәдениет деңгейінің жеткіліксіздігі, ең бастысы, қызығушылықтың шектеулілігі, қоғамдық пайдалы іске деген ниеттің жоқ болуы. Сонымен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді педагогикалық мінездемелері жағынан төрт топқа бөлеміз:                                                  

Бірінші топқа жататын девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің мінез-құлқында дөрекілік, қатігездік, мейірімсіздік, үлкен-кішіні сыйламау сияқты әдет-дағдылар толық қалыптаспағанымен, олар іштей өз жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттеріне баға бере алмайды. Бірақ өз мінез-құлқын түзетуге талаптанады.

Екінші топқа  жататындар адамгершілік қадір-қасиеттерді төмендей бастаған, әлеуметтік бағдарлары қоғамға жат сыңаймен сипатталады. Бұлар қатігездік қылықтарымен қатар, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық жасау, темекі мен наша тарту, уытты сұйық заттарды иіскеу сияқты әдеттерге икемдене бастаған. Бұл топқа тәртібі нашарлаған, құқық тәртібін бұзушы жасөспірімдер жатады, бірақ бұл балалар әлі бұзыла қоймаған, өз жүріс-тұрыстарын түзетуге мүмкіндік – қабілеті бар, тек педагог тарапынан басқаруды талап етеді.               

Үшінші топқа өз мінез-құлықтарын басқара алмай, өзін-өзі тәрбиелеуге бейімділіктері жоқ жасөспірімдердің шағын тобы жатады. Қоғамға жат мінез-құлықтары қалыптаспағаны сонша, олар өздерінің теріс қылықтарына талдау бере алмайтын жасөспірімдер. Бұл топқа қатігездік, зорлық-зомбылық көрсетумен қатар ұрлық, тонау, ішімдік және наша тарту істеріне әбден машықтанған жасөспірімдер енеді.                                                          

Төртінші топқа жұйке ауруларына (невроз, неврастения, кісіні мезі қылатын әдет) шалдыға бастаған балаларды жатқызамыз. Мұндай жасөспірімдерге педагог-психологтар мен дәрігерлер тарапынан дербес қарым-қатынас, ілтипат, сый-құрмет, жылы лебіз қажет. Девиантты мінез-құлықты емдеу жалпы мемлекеттік міндет және оның тиімді дамуы педагогтар, психологтар, заңгерлер, дәрігерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, журналистердің біріккен әрекеттерінің нәтижесінде іске асуы мүмкін. Бұл жұмыс бірінен соң бірі және кезең бойынша жүргізілуі тиіс [4, 22 б].                              

Отто Рюле «аштық» тек адамның ағзасына ғана әсер етіп қоймайды, сонымен қатар оның моралдық тұрақтылығына да әсер етеді. Аштықтың нәтижесінде физикалық және моралдық тұрғыдан құлдыраған адам тұлғасын елестету өте қиын. Материалдық жағынан қамтамасыз етілмеу адамдарды ессіздендіреді, ұят деген сезімнің жоғалуына итермелейді, ар мен адамдық сезімнің жоғалуына әкеледі [5, 5 б].                            

   С.Ф.Анисимованың пікірінше “Жас ұрпақты жақын адамдарын ренжітіп алғандағы, жақсы көретін адамына қиянат жасағандағы ұят сезімі сияқты, табиғатта мақсатсыз кесілген ағашты, уланған суды, бекітілген өзенді көргенде сондай күйзеліс сезімінде болатындай етіп тәрбиелеу керек” деген. Осы мәселелерді ескере отырып біз балалар мен жасөспірімдердің тұлғасы мен мінез-құлқындағы жат қылықтардан арылту үшін төмендегідей жұмыстар жасалу керек деп ойлаймыз:

·        жасөспірімдердің бос уақыттарын ұйымдастыру;

·        оқушылардың жеке дара ерекшеліктерін ескеру;

·        әлеуметтік және психологиялық қорғалуы;

·        оқушылардың өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі;

·        маскүнемдікке, ішімдікке, нашақорлыққа, қылмыстық әрекетке

бейім балаларға үлкендер тарапынан қатал жаза қолдану [6, 238 б].

Сонымен баланың алғашқы адами құндылықтары , әрине , отбасыда қалыптасады. Алайда, қанша дегенмен ешбір ата-ана өз баласының жаман болғанын қаламайтыны анық. Егер, әртүрлі себептермен баласы тура жолдан шығып кеткеннің өзінде , ол ата-аналарды кінәләй бермей , бірлесіп жұмыс істеу үшін олармен дұрыс қарым-қатынас орнату керек, бұл біріншіден , ал, екіншіден ол отбасының барлық жағдайын зерттеу керек, “қиын” балаға айналу себептермен әртүрлі жолдармен анықтау, тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыруға оң әсерін тигізеді. Ол үшін: “Менің отбасым ”, “Мен не үшін ата-аналарымды жақсы көремін (сыйлаймын)”, “Мен бос уақытымды қалай өткіземін? ” деген тақырыптарға шығарма жаздырып, содан көп нәрсені білуге болады.Үшіншіден, істелген жұмыстың бәрі алдын-ала, терең , жан - жақты ойластырған болуы керек. Ата-аналармен,олардың тәрбиесі қиын балаларымен жүргізілетін жұмыс сол отбасының жеке ерекшіліктерін ескере отырып жоспарланған болуы керек .

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.      Кле М. Психология подростка. М.: Педагогика, 1991.

2.      Выготский Л.С. Собрание сочинений. Т. 4. Детская психология.-М.1984.

3.     Смелзер.Н. Социология. Пер. с анг. – М: Феникс, 1994.

4.     Беличева С. Дети и семьи группы риска как объекты социальной профилактики. М., 1993.

5.     Отто Рюле. Хлеб для шести миллиардов. – М, “Прогресс”. 1965.

6.     Анисимова С.Ф. Духовные ценности: производство и потребление. – М: Мысль. 1988.