Сайлыбаева Қ.Ә.,  Тоғызбаева Г.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МЕКТЕП ҰЖЫМЫ ЖӘНЕ ОҚУШЫ ТҰЛҒАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ОНЫҢ РӨЛІ

 

Кіші мектеп жасындағы бала тұлғасының дамуында оның мектеп ұжымына енуі шешуші мәнге ие. Егер мектеп жасына дейін бала балабақшада тәрбиеленсе, ол өзі қатарлас құрбылармен бірге дамып отырады. Белгілі бір іс-әрекет негізінде қалыптасатын ұжым сипаты мен ұжымның қоғамдық өмірін құрайтын қарым-қатынас сипатына сәйкес мектеп жасына дейінгі топ оқушылар ұжымынан ерекшеленеді.

Мектепке тән жалпы оқу іс-әрекеті мен оның ұйымдастырылуы қатынас негізінде мақсаты оқу болып табылатын оқушылар ұжымына біртіндеп біріктіреді.

Бақылаулар көрсеткендей, бірінші сыныпта оқытудың соңына қарай балалар оқу тапсырмаларын бүкіл сынып алдында тұрған міндет ретінде қабылдап, өз достарының және бүкіл сыныптың оқудағы жетістіктеріне қызығушылық таныта бастайды. Оқыту әрекеті мен оқу жұмыстары мектеп ұжымын біріктіретін негіз болып табылады, бірақ мектеп ұжымының өмірі тек осы аталғандармен шектелмейді. Біртіндеп оқушылар арасында сыныптан тыс жұмыстарға, мектептің қоғамдық өміріне деген, мектеп ұжымымен арадағы өзара қарым-қатынасқа деген қызығушылықтар туындайды. Басқаша айтқанда, оқушылар ұжымы жалпы ұмтылыстар, қызығушылықтар, қуаныш, реніштерге толы көптүрлі өмір сүре бастайды.

Оқушылар ұжымының күрделі және көп түрлі өмірі оның күрделі ұйымдастырылуын талап етеді.

Мектеп жасына дейінгі балалар ұжымымен салыстырғанда оқушылар ұжымында біріккен оқу әрекетінен басқа, әр бала өзіне жүктелген негізгі міндеттерін атқаратын дамыған кең көлемдегі ұжымдық іс-әрекеттер түрі де кездеседі, яғни оқушылар ұжымында міндеттердің бөлінуі және біріктірілуі мүмкін.  

Бастауыш мектеп жасындағылардың жетекші іс-әрекеті оқу болып табылады. Бұл балаға нақты талаптар қояды, оны орындау кезінде баланың психикасының сапалы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Психологияда жаңа құрылымдар бастауыш мектеп жасындағылардың оқу іс-әрекетінің қалыптасуына байланысты пайда болады.

Мектепке келу әр баланың өміріне өзгеріс енгізеді. Мектепте оқуды бастау оның барлық өміріне үлгі. Мектепке дейінгі шақта оның өмірінде ойын маңызды болса, енді ол шектеулі және көптеген талаптар, міндеттермен толықты: енді бала күн сайын мектепке барады, жүйелі және күш сала еңбектенеді, күн режимін сақтайды, мектеп өмірінің түрлі ережелері мен нормаларына бағынуы, мұғалімнің талабын орындауы, сабақ үстінде нақты мектеп бағдарламасымен айналысуы, уақтылы үй тапсырмасын орындауы –оқу жұмысында жақсы жетістікке жеткізеді. Өмірінің бұл кезеңінде баланың психикалық тұлғасы, ақыл-ой және танымдық мүмкіндіктері, сезім және қобалжу аймағы, қарым-қатынас ортасы өзгереді. Өзінің жағдайын бала сезіне бермейді, бірақ оған қобалжиды: ол оқушы болып есейгеніне қуанады, оған жаңа жағдайы ұнайды. Көптеген «болады», «болмайды», «тиісті», «дұрыс», «дұрыс емес» деген сөздер бірінші сынып оқушысына әсер етеді. Бұл ережелер сол мектеп өмірін ұйымдастыруға, баланы жаңа оқу әрекетіне баулуға арналған. Талап және ереже кейде баланың қызығушылығын жояды. Бұл талаптарға бала бейімделуі керек. Көптеген бірінші сынып оқушылары бұл міндетті тиісті дәрежеде атқара алады.

Көптеген психологтар пікірінше, дені сау, білуге құмар, өзіне сенімді, басқа адамдармен қарым-қатынас орната алатын бала еш кедергісіз мектеп өміріне араласып кетеді. Бірақ та мектептегі оқудың бастамасы әр балаға күшті стресс.

Барлық балалар қуаныш сезіміне толқып, шаттанып немесе мектепте болғанына таңырқайды. Бірінші сыныптың бірінші күні немесе бірінші аптасында баланың организмінде өзгеріс болады; ұйқысы бұзылады, тәбеті нашарлауы, дене қызуы көтерілуі, созылмалы ауруларының асқынуы мүмкін. Бала ешқандай себепсіз қыңырлық мінез танытып жылауы мүмкін.

Физиологтардың айтуынша, 7 жасқа қарай баланың үлкен миының жартысының қабығы толысады. Бірақ та адамның бас миының бағдарламаға жауап беруші психикалық әрекеттердің қиын формаларын бақылау және реттеуші бөліктері бұл жаста қалыптасып болған жоқ. Бірінші сыныптар жеңіл ауытқиды, ұзақ тұрақты жұмысқа қабілеті төмен, тез шаршайды, эмоционалды әсершіл келеді. Қимыл дағдылары, қолдың қозғалыстары қалыптаспағандықтан жазуды меңгеруде, қағазбен және қайшымен жұмыста қиыншылықта сезінедір. Бірінші сынып оқушысының зейіні әлі нашар, еріксіз еске сақтау жақсы дамыған. Ерікті еске сақтау арнайы әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы дамиды, ойлау көрнекі-бейнелік образдық түрінде. Бұл көрнекі құралдар негізінде жүзеге асады.

Оқудың бірінші жылы мектеп өмірінің барлық кезеңін айқындайды. Осы кезеңде оқушы үлкендердің басшылығымен өз дамуында маңызды қадам жасайды. 

Соңғы жылдардағы зертеу нәтижелері көрсеткендей, кіші мектеп кезеңінде баланың тұлғалық дамуында интенсивті процесс жүреді, яғни оның өзіндік санасының қалыптасуы, өзін-өзі бағалай алу, адамгершілік сезімінің сипаты көріне бастайды.

Бастауыш сынып оқушысының өзінің жаңа әлеуметтік статусына, оқушы рөліне қатынасы оқу мотивтерінде айқын, әрі нақты көрінеді. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, мотивтер жүйесінде кіші мектеп кезеңінде баланың оқуға деген жалпы жағымды қатынасын анықтайтын әлеуметтік мотивтер басты орын алады. Берілген жас деңгейінде бұл мотивтер жауапкершілік және парыз мотивтері ретінде, екінші жағынан өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жүзеге асыру мотивтері ретінде көрінеді. Кіші мектеп кезеңінің аяғында оқудың әлеуметтік мәнділігі түсінігі әлеуметтік мотивтерді күшейтетін, оқуға деген қажеттілік себептерін саналаумен, «өзі үшін» оқудың мәнін түсінумен ауыстырылады.

Адамның басқа адамдарға деген қарым-қатынасы адамның өзіне деген қатынасымен тікелей байланысты. Өзіндік «мен» анықталатын және бағаланатын нақты сапалар жиынтығы ретінде қабылдануы мүмкін. Кіші мектеп жасындағы бала тұлғасының қалыптасуында өзін-өзі бағалау маңызды орын алады. Өзіндік сананың компоненті ретінде ол мінез-құлықты реттеудің тұлғалық фактор функциясын атқарады. Тұлға қасиеттерін бағалау және өзін-өзі бағалау таным және өзіндік танымның маңызды компоненті болып табылады.

Жолдастық өзара қатынас сипаты кіші мектеп кезеңінің өту барысында өзгеріп отырады. Бірінші сынып оқушысында өзіне жолдас таңдауда айқын анықталған қатынас жүйесі болмайды. Жолдастық өзара қатынастар сыртқы жағдайлар негізінде құрылады: мысалы, бір орында отыратын немесе бір көшеде тұратын оқушылар өзара достасады. Кей жағдайда өзара жақын қатынастар біріккен ортақ тапсырмаларды орындау немесе ұжымдық ойын процесінде қалыптасады. Бірақ ойын немесе ортақ жұмыс аяқталғаннан кейін, осы аталғандар негізінде құрылған қатынас та бұзылады. Уақыт өте келе біртіндеп достық қатынас та тұрақтана бастайды, жолдасының тұлғалық қасиеттеріне арнайы талаптар туындайды. Жолдасының бойынан қандай қасиеттерді бағалауы, оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмысының сипатына тәуелді болады.

Е.А.Шестакова зерттеулері көрсеткендей, балалардың өз жолдасының қасиеттерін бағалауы жолдасының мектептегі жетістіктері мен өзіне тапсырылған міндеттерді орындауымен тікелей байланысты, бұл бағалау көп жағдайда мұғалім тарапынан беріледі. Бірінші сынып оқушысы үшін, «жақсы жолдас - «сабағын жақсы оқитын», «мұғалімді тыңдайтын», «сабақ үстінде тыныш отыратын» адам». Сынып жоғарылаған сайын өз жолдасын бағалауда адам бойындағы жаңа қасиеттерге көңіл аудара бастайды. Екінші және үшінші сынып оқушылары үшін, «жақсы жолдас – барлық жағдайда көмектесетін, барлығын бірге атқаратын адам». Төртінші сынып оқушысы үшін жолдасының моралдық сапаларын бағалау алғашқы орында тұрады. Яғни, жақсы жолдас әділетті, адал, батыл болуы тиіс, ол ешқашан алдамауы керек.

Олай болса, жолдасының тұлғалық қасиеттерін бағалау, ең алдымен, мұғалімнің бағалауы негізінде, сондай-ақ, оқушының мектептегі міндеттерге қатынасы негізінде құрылады. Біртіндеп жолдасына деген қатынасты бағалау негізінде тұлғаның көп түрлі моралды қасиеттеріне көңіл аударылады. Үшінші, төртінші сынып оқушылары арасында шынайы достық қалыптасады. Ол ортақ қызығушылықтар (жеке білім салаларына қызығу, мектептен тыс үйірмелер, дене шынықтырумен шұғылдану) сондай-ақ, ортақ ойлар негізінде құрылады.

Кіші мектеп жасындағы балаларда туындайтын жаңа бағыттылық ұжымда өз орнын табуға белсенді түрде талпынуында, жолдастарының алдында бедел мен құрметке ие болуға ұмтылуында айқын көрінеді.

Мектептегі тәрбие беру және оқу шарттарындағы ұжымда белгілі орын алуға ұмтылу оқу жұмысында маңызды стимул болып табылады. Бастауыш сынып оқушылары саналы түрде үздік дәрежесіне жете бастайды, дұрыс ұйымдастырылған мектеп ұжымында үздік дәрежесі бірінші кезекте жолдастарының алдында бедел мен құрметке ие болуға мүмкіндік береді.

Келтірілген мәліметтер көрсеткендей, кіші мектеп кезеңінде мұғалім жетекшілігімен ұйымдастырылған мектеп ұжымындағы баланың өмір және іс-әрекет процесінде қоршаған адамдармен қарым-қатынасынан және оның барлық мінез-құлқынан көрініс табатын тұлғаның жаңа бағыттылығы қалыптасады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.           Реан А.А. Психология подростка. М., Олма-пресс, 2005г 429с.

2.           Немов Р.С. Психология. М.,2003г 286с  2том.

3.           Березовин Н.А. Проблемы педагогического общения. Минск, 1988 г.

4.           Давыдова В.В., Фельдштейн Д.И. Психолого-педагогические проблемы обучения и воспитания. Душанбе, 1974 г.